• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2017

Маңғыстауда жылдың алғашқы үшемі өмірге келді

280 рет
көрсетілді

Бір қызығы, ана құрсағындағы сәбилердің үшем екенін дәрігерлер ота жасау кезінде бір-ақ білген! Оған дейін бірнеше рет УЗИ аппаратына түсіп, құрсағында егіз сәби барын білген 34 жастағы Ақмаралға да үшемді өмірге әкелу тосын сый болса керек. Тауық жылының алғашқы үшемі өмірге осылайша ата-анасы мен бауырларын да, дәрігерлерді де таңғалдырып келді. Алдымен өмірге келген қыз баланың салмағы 2 келі 480 грамм болса, ер бала  2 келі 220 грамм салмақпен туылған, ал «жасырынып» келген үшінші сәби – қыз баланың салмағы 1 келі 950 грамм болған. -Маңғыстау облыстық перинаталдық орталыққа Маңғыстау ауданынан келген ананың қан қысымы 180/100-ге дейін көтерілді.   Жағдай қауіпті болған соң оған ота жасалды. Ота барысында үшінші баланың бар екені анықталды. Қазіргі таңда үшемнің анасының да, сәбилердің де денсаулықтары жақсы. Үшемдер екі аптадай  дәрігерлердің бақылауында болып, салмақ жинақтап, тексеруден өтті. Бүгін анасы мен үшемдерді отбасына шығарып салып жатырмыз, дейді облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жапырақ Епенова. Отасқандарына 12 жыл болған, бұған дейін отбасында 4 ұл бала тәрбиелеп отырған Жансерік Тұяқбаев пен Ақмарал Жалжанованың отбасына Мәдина, Әдина есімді қыз балалар мен Нұрислам атты ұл қосылды. Ата-ананың арманы оларды имани жолмен тәрбиелеп-өсіру. Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш орталықта жыл басынан бері 400-ге жуық бала дүние есігін ашқан. Ал, өткен жылы өңірде 20 мың сәби өмірге келген болса, оның 7650-і облыстық перинаталдық орталықта дүниеге есігін ашқан. Олардың ішінде үшеуі үшем, ал 78-і егіздер. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы