• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Виртуоз

449 рет
көрсетілді

Кезінде жазушы Дүкенбай Досжан «Виртуоз» дейтін әдемі әңгіме жазды. Ауылдан Астанаға келген Қожамжар қарт баласының өнерін тамашалау үшін тұңғыш рет «Қазақстан» концерт залына барады. Сонда жалғыз ұлы Нұрасыл мосқал тартқан елге белгілі күйші, күміс саусақ Қаршығамен, көк көйлегіне жарастырып қызыл қамзол киген үлбіреген әдемі бойжеткенмен бірге өнер көрсетеді. Әңгімедегі осы виртуоз Нұрасылдың прототипі – белгілі домбырашы, күйші Нұркен Әшіров. Ол орындаушы деңгейінде қалып кетпей, өзі де күй шығарып, онысын үлкен оркестрлер орындап жүр. Нұркен Алматыдағы А.Жұ­банов атындағы музыка мектебін, Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Еңбек жолын Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінде солист қызметінен бастаған. 19 жасынан бастап сол оркестрдің бас концертмейстері әрі солисі қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде ол Жамбыл атындағы филармонияның жеке солисі, оған қоса А.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектеп-интернатында ұстаздық қызметті қатар атқарып жүр. Сон­дай-ақ, ол өз еліміздегі кон­церттерді былай қойғанда, Қазақстанның шетелдегі мәдени күндері аясында осы уақытқа дейін түрлі шет мемлекеттерде ұйымдастырылған іс-шараларда өнер көрсетіп, қазақтың домбырасын дәріптеп, күй өнерін төрткүл дүниеге танытып келеді. Нұркен қоңыр үнді домбы­раның құдіретіне тыңдаушысын еліктіріп, кеудесінен төгілген күйді саусағының шеберлігімен көрерменінің жүрегіне жеткізе біледі. Дауылпаз күйшілердің тұтас дәуірді бейнелейтін сұра­пыл күйлерін екіленбей, жау қуғандай тасыраңдамай, артық дыбыс шығармай сырбаз тартатын Нұркеннің репертуарында 200-ден аса күй бар. Ол Дәулеткерей мен Тәттім­беттің, Жетісу күй­шіле­рі Қожеке, Бестібай, Хатшы­бай, Тіленділердің, Нұрғиса Тілендиевтің, Қаршыға Ахмедия­ровтың, қазіргі заманғы ком­по­зиторлардың, сондай-ақ, қыр­ғыз, қалмақ, түрікмен күй­лерін де нәшіне келтіре, асқан шеберлікпен орындайды. Адам бойындағы сезім атаулыны қозғап, көңіл-күй ауанына бейім­деп, үндестіре қоятын жалғыз өнер музыка десек, оның ішінде күй – қазақтың болмыс бітімінің қайнар көзіндей. Оны вир­туоздың орындауында тыңдаудың әсері тағы бөлек. Айтпақшы, Нұр­кеннің өзі шығарған жиырмадан астам күй бар. «Та­раз толғауы», «Жыр қисса», «Ақ ке­ме», «Кемелер», «Шұ­­ғыла», «Аңы­рақай шай­қасы», осылайша жалғаса береді. Оң қолға көбірек күш түсі­ретін төкпе күйді де, сол қолда дыбыс шығаруға басымдық берілетін шертпе күйді де өзіндік ерекшелігімен орындайтын, үнемі ізденіспен, техникасын жетілдірумен келе жатқан Нұркен ең бастысы тоқырап қалмауға мән береді. – Отандық өнер шеберлерінің шығармаларына қоса шетел­дік композиторлардың шығар­маларын да домбыраға өңдеп, орындап жүрмін. Күйді көрер­мен­деріме жаңа бағытта, жаңа форматта ұсынып көрмек ойым бар, – дейді Нұркен. Нұркеннің ерекше қасиеттері – кеудемсоқтықтан аулақтығы, ұстаз­дарын құрметтейтін кіші­пейіл­ділігі, өнерге шын беріл­гендігі. Ұстазды құрметтеу демек­ші, ол ұстазы профессор Айтжан Тоқтағанның, сахнада үзеңгілесіп он жыл қатар жүрген дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың есімін жиі айтып отырады. Осыдан екі жыл бұрын өнер жолындағы темірқазығы іспетті Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Жыр-қисса» атты кеш өткізді. Сол концерттің басы-қасында жүріп, ұйымдастырушылық жұмыс­тарын жоғары деңгейде атқарып, өнердегі сабақтастықтың, дәстүр жалғастығының, тұлғаны ұлық­таудың үздік үлгісін көрсеткен болатын. Тілендиевке арналған «Жыр-қисса» күйі де көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Бүгінгі күні өнер әлемінде өзіндік орны бар, қазақтың күйі мен домбырасын насихаттау­да, дәріптеуде бір адамдай еңбектеніп жүрген Нұркеннің отбасы да өнерден кенде емес. Жары Әсем «Отырар сазы» оркестрінің белді әртістерінің бірі. Қызы Шұғыла музыка мектебінің фортепьяно сыныбында, ал ұлы Нұрғиса скрипка сыныбында білім алуда. – Кішкентай Иман­әлінің де музыкаға талабы бар, – дейді әкесі. Отбасының да өнерлі болуы Нұркеннің шығар­машылық болмыс-бітімін одан сайын толықтырып тұрғандай. Нұркеннің алар асуы әлі алда деген үміттеміз. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»