• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Сәуір, 2011

Алаштану мәселесі қалай, қай деңгейде жүзеге асуда?

897 рет
көрсетілді

Этностың даралық сипатын айқындайтын негізгі фактор оның мәдениеті екені ғылымда неше мәрте дәлелденген. Ал мәдениет болса, өз тарапынан сол халықтың ғасырлардан екшеліп келген жауһарларын ғана бойына қабылдайтын феномен. Бүгінгі ғылымның өзекті мә­селесі – аксиденциялық қауыз­дан, субстанциялық дәнді ажырата біліп, қазақтың асыл мә­дениетін егеменді ел жағдайында барлық қазақстандықтарды ұйыстыратын мәйек ретінде олардың бо­йы­на сіңіру болып отыр. Яғни, қазақ мә­дениетінің мемлекеттілік статусын ізгілікпен насихаттау. Қазақ елінің мәде­ние­тін осы контексте зерт­теу­дің ме­то­до­логия­сын іздестіру әрқа­шан аса жа­уап­ты про­блема ретінде сақта­лып оты­рары хақ. Осыдан жиырма жыл бұрын елдік сана еркін енгеннен бас­тап елде ғылым мен мәдениет саласы ізденістер жолына қадам басты. Сондай ізденістердің іргелісі – «Қазақ­стан» ұлттық энциклопедиясы» болды. ТМД елдерінде осындай ұлттық танымдағы энциклопе­дия­ны бастаған екі елдің бірі – Қазақстан болса, екіншісі – Ук­раина еді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы» 1998-2007 жыл­дар аралығында, яғни он жылда 10 томы толық жарық көрді. Бү­гінде «Қазақстан» ұлттық энцик­ло­педиясы мәдениет құндылығы ретінде ел тарихына енді. Осыдан он жыл бұрын Шә­кәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанынан Алаштану және Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталықтары ашы­лып, соған басшылық жа­сау­ға шақырылдым. Өзіме үл­кен сенім артылып отырғанын үлкен жауапкершілікпен сезіндім. Орталықтың қазіргі за­ман­ғы білімге негізделген ауқымды бағдарламасы айқындалып, оның ғылыми концепциясы дайын­дал­ды. Шәкәрімтану ғылым­и-зерт­теу орталығының жүйелі жұ­мы­сы­ның нәтижесі отандық мәде­ниет­тің құндылығы ретінде  қа­былданып отыр. Орталықтың жеті жыл бойы жүйелі түрде зерттеп, да­йындаған іргелі ең­бегі – «Шә­кәрім» тұлғалық эн­ци­клопе­дия­сы – қазақ мәде­ние­тіндегі феномендік құбылыс, ру­хани құн­ды­лық саналады. Бұл данышпан Шә­кәрімнің 150 жыл­дық мерей­то­йы­на шын мағына­сын­дағы сый болды. Мерзімді баспасөзде елі­міздің рухани өмі­ріндегі елеулі жаңалық ретінде аталып өтті. Энцикл­опе­дия­ға Шәкәрім әле­мі­не қатысы бар 2000-ға жуық ғылыми ма­қала енген, жүзге жуық отандық ғалымдар ат­са­лысқан. «Шәкә­рім» тұлға­лық энцик­лопе­дия­сына енген та­ным­дық ұғымдар қазақ хал­қы­ның дүниета­ным­дық байлы­ғы­ның мәнін ашып отыр­ғанын отан­дық ғалымдар мен зия­лы қауым өкілдері атап көр­сетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шәкәрім» тұлғалық энци­к­ло­педиясына үлкен еңбек деп өз бағасын берді. Бұл – Ш­ә­кә­рім мұрасының қазақ мәде­ние­ті­нің алтын қорына энци­кло­­пе­диялық масштабта енгені­нің, көп жыл­дар атаусыз қалған асыл есімнің абыройлы орнына субстанция­лық құндылық ретінде келгені­нің көрінісі. Қазіргі таң­да «Шә­кәрім» тұлғалық энци­к­лопедия­сына көрші халықтар­дың мәд­е­ниет өкілдері тарапы­нан қызы­ғу­шылық бар. Қытай және орыс тілдеріне аударылуы мәселесі төңірегінде келіссөз­дер жүргі­зілуде. Этносаралық мә­де­ниет­тер байланысында субс­тан­ция­лық құндылықтар алдыңғы қа­тар­ға шығатынының бірден-бір көрінісі осы болса керек. Шәкәрімтану ғылыми-зерт­теу орталығының ғылым сала­сын­дағы ірі жетістігі – шәкәрім­танудың арналы ғылым саласы ретінде қалыптасуында жетекші рөл атқаруы дер едік. Бұған нақтылы дәлел, осы орталықта дайындалған ұжымдық «Шә­кәрім­тану мәселелері» серия­лық ғылыми жинағы. Шәкәрім­тану мәселесіне арналған жүз елудей іргелі ғылыми-зерттеу еңбектер бүгінде жарық көрген ғылыми серияның 6 томында жи­нақталған. Сериялық ғылыми жи­нақтың ғылым салаларын қамту аясы да аса ауқымды. Мә­селен, сериялық ғылыми жи­нақтың жа­рық көрген том­да­рында Шә­кәрім мұрасы жан-жақ­ты қам­тылған. Филология, философия, тарих, мә­дениеттану, өнер­тану, дінтану, музыка, т.б. салаларда Шәкәрім мұ­расын зерттеп жүр­­ген ғалым­дар­дың ең­­­бектері осы се­рия­­лық жинаққа ен­ген. Бұл жинақ­тың ғылыми құн­ды­­лығы сонда, бар­лық ғылым сала­сын­дағы Шәкәрім мұ­ра­сын зерттеушілер бір контекст ая­сында бауырдай бо­лып бірігуге мүм­кін­дік алды. Отан­дық ғылымдағы жеке тұл­ғаға арнал­ған тұңғыш сериялық ғылыми жи­нақ жаңа методо­ло­гиялық ізде­ністің жемісі. Бұл ғы­лыми серия болашақта жалға­сын таба бермек. Алаштану ғылыми-зерттеу ор­та­лығы да он жылға жоспар­лан­ған ғылыми концепция аясында еңбек етуде. Ғылыми концепцияда онжылдық жоспар кездейсоқ алынып отырған жоқ. Ол Алаш қозғалысының 100 жылдық ме­рейтойына орайластырылған десек, Семей қаласының ХХ ға­сырдың басында Алаш қаласы атанып, Алашорда үкіметі ту тігіп халық тағдырына қатысты үлкен-үлкен харакеттер бастау алған шаһар екенін бәрімізде білеміз. Тарихи таным деген ұғым бар, біз алаш алыптарына жүйелі түрде құрмет көрсетіп, жалпы қазақ­стан­дықтар алдында насихаттап отырғанымыз абзал. Семей мемлекеттік педагогикалық инсти­туты­ның ректоры Мейір Ес­кендіровтің бастамасымен осы жоғары оқу орнының алдына Әли­хан Бөкейханға ескерткіш ор­на­тылды. Соның ашылуына сонау Еуропадан Хасен Оралтай келіп қатысты. Биыл өмірден озған (жа­ны жәннатта болсын) сол ағамыз­дан кейіннен хат алған едік, онда ол кісі былай депті: «Қадірлі Шаңбай, осы биыл қарашаның басында Алаш қаласынан (өздері­ңізден) Алматыға оралып, әкем­нің 100 жылдығын атап өтіп, Түркия-Германияға қайтар кезімде, Қазақстан теледидарының «Қол­таңба» деген бағдарламасы «...Бұл жолы Қазақстаннан қандай бір әсер олжамен қайтып барасыз?» деп сұрады. Мен дереу Алаш қа­ласында Әлекеңнің ескерткішін ашқанда қиып алған көк лентаны жанқалтамнан шығарып, «Бұл жолы және бұдан бұрын Қазақ­станға келген сапарларымның бә­рін­дегі ең ардақты олжам мы­нау», деп Алаш қаласында ашыл­ған ескерткіш туралы айттым. Ра­сын­да, Әлекеңнің ескерткішінің ашы­луын көру, оның лентасын қию мен үшін өмірімдегі ең үлкен қуанышты оқиға болды. Сол сәтті сонау жылдар шет елдерде Қазақ деп, Алаш деп зарлап жүргенде өмірде көреміз деп ойламаған едік. Бұл үшін Алаш қала­сын­дағы барлық алашшыларға, қиыр шет елдерден алғысымды қайта­лап ұсынамын. Алаш қаласында мен дидарласқан барлық мақ­сат­тас нағыз алашшыларға сіз ар­қы­лы дұғай сәлем ұсынамын, келе жатқан жаңа жыл иісі қазақ ба­ла­сына қайырлы жыл болсын». Туы­с­тық сәлемдемемен, Хасен Орал­тай. 28.12.2008. Германия. Берлин.». Біздер үшін, Алаш қа­ласының тұрғын­дары үшін жауапкершіліктің үл­кен екенін осы хаттың өзі көр­сетіп отыр. Қазіргі таңда Алаштану ғылы­ми-зерттеу орталығы өзінің ғылы­ми концепциясы аясында еңбек ету­де. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев­тың «Тарих толқынында» ат­ты ең­бегінің бір тарауы «Алаш мұрасы және осы заман» деп ата­лады. Осы еңбекте Алаш қай­рат­керлері туралы автор: «Олар өз қызметінің басты мұраты қазақ халқының ұлттық төлтумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлт­тық санасын шыңдау деп сана­ған» деп атап көрсетті. Ендеше, елдік сана орталықтың басты ұс­та­нымы. Орталықтан қандай да бір еңбек жарық көрмесін, ол – елдігімізге қызмет етуі тиіс. Бұл жай ғана қа­нат­ты сөз емес, са­нат­ты сөз. Алаштану ғылыми-зерт­теу орталы­ғы­­ның «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақ­стан» деген ұстанымы Елбасы­ның жоғарыда айтқан мәнді тұ­жы­рымынан бастау алып отыр. Енді осы орта­лық­та дайындалып жатқан еңбек­тер­дің ең іргелісі – «Алаш» мәдени-таным­дық энци­кло­педиясы бол­мақ. Бұл энцик­ло­пе­дия Алаш алып­тарының арман-мұратын жан-жақты ашып көр­се­туді мақсат етіп отыр. Со­ны­мен қатар, «Алаш қа­ла­сының кі­тап­­хана­сы» серия­сы­мен Алаш алып­­тары еңбектері мен шығарма­ла­ры­ның жүз томдығы жоспар­лан­ған. Биыл алғашқы он томы жа­рық көрмек. Он жылға он томнан жоспарланған. Атап өтетін мәсе­ле, Алаштану ғылыми-зерт­теу ор­та­лы­ғы Семейде орналас­қа­ны­мен, осы аталған жұмыстарға еліміздегі бар­лық алаштанушы ға­­лымдар тар­тыл­­ған. Ор­та­лық­тың ғылыми кон­цепциясы аясын­да он томдық «Алаш­тану мәсе­ле­лері» сериялық ғы­лыми жинағын шы­ға­ру көздел­ген. Алғашқы, бірінші томы биыл жа­рық көрді. Жылда дәстүрлі «Алаш оқулары» мен «Шәкәрім оқу­лары» өтіп тұ­рады. Яғни, ғылы­ми-теориялық конференция, дөңге­лек үстел, ма­гис­транттар мен студенттер зерттеуі, тағысын тағылар. Ал, нақты атайтын болсақ, Алаштану ғы­лы­ми-зерттеу орталы­ғы­нан бү­гін­ге дейін он еңбек жа­рық көр­ді. Аса маңыздысы ретінде «Күн­шығыс Алашорда» де­ген атпен жа­рыққа шыққан құжат­тар жи­на­ғын айтуға бо­лады. Бұл алаштану ғылымы­ның алтын қоры­на кірген еңбек болды. Аталған жинаққа Алаш­орданың түпнегіз құжат­тары жинақтал­ған. Сондай-ақ, «Алаш қаласы» құжаттар жи­нағы жа­рық көрді. Семейдің сол жаға­лауы он жыл Алаш қала­сы атан­ғаны белгілі. Бұл жинақтағы құ­жаттар Алаш алыптарының ең­бектерінен нақ­ты­лы хабар береді. Осы орта­лық­тарды ұйым­дас­тыру­шы, Шә­­кәрім атындағы Семей мемлекеттік универси­теті­нің ректоры Ерлан Сы­дықов­тың «Алаш қаласының тарихы» ат­ты еңбегі жарық көрді. Алаш идеясы деген ұғым­ның бар болуы мәдени фило­софиялық алаш танымының қа­зақ санасындағы қасиетті ұғым екенін көрсетеді. «Алаш алаш болғанда...» деп басталатын мың­­даған мәдениет құндылық­тары соның айғағы. Алаш – әлем қазақтарын тұтастанды­р­а­тын ұлттық сана негізі. Бейнелеп айтсақ, Конституцияны Ата Заң дейміз, сол сияқты Алаш ұғы­мы қазақ үшін Ата ұғым бо­лып қала бермек. Алаш мәсе­ле­сін деректану аясында ғана қарастыру түбінде бірезулікке апарады, Алаштану ғылымын «инвентаризациялық» деңгейге түсіреді. Ал Алаш идеясы мәсе­ле­сіне келсек, қандай да бір идея мәйектенеді, мәнге ие бо­ла­ды. Сондықтан танымдық ізденісті талап етеді. Шынды­ғын­да, Алаш түсінік деңгейіндегі ұғым емес, таным деңгейіндегі ұғым. Алаш танымы – тарихи та­ным, әлеуметтік таным, саяси таным болып салаланып қарас­тырыла бастады. Осы танымдар жүйесі мәдени философиялық метатанымға өріс ашып отыр. Алаш ұғымы қазақ таны­мын­дағы ең қасиетті метаұғым екенін оның этимологиясы айқын­дайтынын, ежелгі түркі сөзі «бауырластар, қандастар, туыс­тар» деген мағынада екені, «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының баламасы ретінде айтылатыны кең насихатталуы қажет. Алаш­тың ұранға айналған дәуірлі кезеңі тарихи санада сақталған. Ал ұран дегеніміз рухқа негізделеді. Хакім Абайдың «Адам­зат­тың бәрін сүй, бауырым деп...» дегені алаштық идеядағы нағыз мұсылманның сөзі. Алаш­тық та­нымның әлем қазақтарын рухани тұтастыққа шақырудағы мәні зор. Түпнегіз Қазақстан жетпіс жыл­дық ұлтсыздандыру идео­логия­сының шырмауында бол­ған­да Шығыс Түркістан, Түр­кия, Еуропа қазақтары Алаш та­ны­мының шырақшысына айнал­ды. Алаш танымында қандас­тары­мызды тұ­тас қамтитын бір­тұтас­тық бар дейтініміз сондық­тан. Осы бір­тұтастық танымды бүгін­де қазақ мәдени филосо­фия­лық ме­та­тағылымы көтеруі қа­жет. Оның байыпты методо­л­гия­лық ғылыми концепциясын жаңа та­нымдағы ғылыми-зерт­теу орта­лық­тары ай­қындауы қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде оқыған лек­ция­сында: «Данышпан ақын Шә­кәрім бабаларың «Құбылған әлем жарысы. Ақылды жанның табы­сы» деп бекер айтпаған. Ен­­деше, жастарға жүктелетін мін­­дет те үлкен. Бүгінде еліміздің даму са­тысы маңызы үлкен межелі тұс­та тұр. Алдымызда Қазақстан тәуел­сіздігінің 20 жылдығы мерекесі ке­ле жатыр. Біз қазір бұл межеге іргемізді нығайтып, күш-қуаты­мызды арт­тырып, жетілген мемлекет ретінде келіп тұрмыз. Алыс­­тан ойла­маған жақыннан уайым таба­ды деген бар. Біз болаша­ғымызды болжап отырған елміз. Енді тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабі­лет керек, ең бастысы Отанға деген шексіз сүйіспен­ші­лі­гіміз керек» деп атап көрсетті. Шындығында, алысымызды тереңнен ойламасақ, жақыннан уайым табарымыз анық. Мынау құбылған әлемнің жарысында ақылды жан, мәдениеті зор ха­лық қана алдыға шығары хақ. Сондықтан, отандық рухани ғы­лым саласының әлем мен адамзат алдындағы ең басты міндеті халқымыздың мәдениетін зерттеу ғана емес, ізгілікпен наси­хаттауы деп білемін. Тұрдықұл ШАҢБАЙ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанындағы Алаштану және Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталықтарының директоры. Семей.