Немесе ауылшаруашылық кооперативтеріне қатысты бірер сөз
Мал шаруашылығының ел экономикасындағы маңыздылығы туралы Әлихан Бөкейханұлы сонау 1915 жылы нақты деректермен дәлелдеп айтыпты. Алаш қайраткері қазақтың кең даласы малды асырайды, мал қазақты асырайды, әлемдік нарықта мал өнімдеріне еш уақытта сұраныс толастамайтынын сол кездің өзінде болжап, байтақ жерде шалқып жатып мал басын қосып еңбек ете алмай отырсыңдар деп қандастарымызға қынжылыс білдірген екен.
«Игілік іс» атты еңбегінде қазақтың бұрынғы игі істерінің тоза бастағанын, соған орай заманына қарай өз амалы, өмір салтына қарай өз игілік ісі болады деп, кооператив сөзі атауына «бірігіп әдіс қылу , бір одақтас, бір қостас, бір оттас, құрдас болу» деп анықтама берген. Сондай-ақ, мал шаруашылығы ғылыми жұмыстарының маңыздылығын айта келе, ғылымның міндеті өндірістің бір саласының өзіне тән заңдылықтарын зерттеу, шаруашылық жүргізудің, еңбек өнімділігін арттырудың мейлінше тиімді әдістері мен тәсілдерін анықтау деп атаған. Былайша айтқанда, дана бабамыздың айтқандарының бәрі бүгінде де елімізде мал шаруашылығы саласын өркендетуде негізгі ұстанымға лайықты бағдарлама сияқты...
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде маңыздылығы күмән келтірмейтін нақты да әлеуетті меншік иелерін қалыптастыру мақсатында мемлекеттік ауылшаруашылық құрылымдарын жекешелендіру шаралары атқарылды. Нәтижесінде, ірілі-ұсақты жеке меншік ауылшаруашылық құрлымдарынан тұратын, көп тарапты ауыл шаруашылығының экономикалық жүйесі қалыптасты. Сонымен қатар, өтпелі кезең қиындықтары мен зардаптарын мейлінше жеңілдету мақсатында ауқымды іс-шаралар да атқарылды. Атап айтқанда, ауылдық округтер көлемінде шаруа қожалықтары ассоциациясы, түрлі ауылшаруашылық кооперативтері құрылды, жекелеген ауылдық елді мекендерге мемлекеттің, бірқатар ірі өндіріс орындарының қаржылай қолдауларымен ауылшаруашылық өнімдерін қабылдап, сақтайтын, жартылай өңдейтін шағын отандық, шетелдік қондырғылар, шаруашылық құрылымдары өздігінен бірлесіп пайдаланады деген сеніммен орнатылды. Дегенмен де, бұл іс-шаралар бәлендей нәтижелі болған жоқ деп айтуға болады.
Өкінішке қарай, бүгінде бұл бағытта жаңадан қабылданған «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңның аясында ауылшаруашылық кооперативтерін құруда барлық іс-шараларды ауылдағы орта, шағын шаруашылық құрылымдары өздігінен ымыра, бірлік, түсіністік негізінде атқарады деген сеніммен қатар, өткен қателіктерді қайталау болмай ма деген қауіп те жоқ емес. Бұған нақты уәжім де бар.
Біріншіден, біз ауыл тұрғындарының мемлекеттік ұйымдастыру, реттеу тетіктеріне дағдыланған менталитеттерін әлі де болса ескеруіміз керек. Кешегі жекешелендіру кезінде бірлесіп шаруашылық жүргізеді деген болжаммен үлеске берілген ауылшаруашылық техникаларының қалай пайдаланылғаны әлі ұмыт бола қойған жоқ деп ойлаймын.
Екіншіден, бүгінде қай өнім түрі болмасын оларды өндіруден гөрі, пұлдап өткізу қиын болып тұрған заманда ауылдық елді мекендерді мал өнімдерін қабылдап, сақтайтын қондырғылармен жабдықтау жеткіліксіз, яғни құрылғалы жатқан ауылшаруашылық кооперативтері ауыл тұрғындарын мал өнімдерін өндірумен айналысуға ынталандыратын кешенді жағдайды, атап айтқанда, өндірістік инфрақұрылымды қамтамасыз ететін болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, бәсекелестікке лайықты өнімдер өндіруге тікелей қатысы бар, жекелеген шаруашылық үшін шығынды, жайылымдық жерлердің құнарлылығын арттыру, құнарлы мал азығын дайындау, мал басы өнімділігін арттыру және материалдық-техникалық жабдықтау іс-шараларын шағын ауылшаруашылық құрылымдарымен ұжымдаса атқару керек.
Ауылшаруашылық кооперативтерін құру, біріншіден, ауылдық елді мекен тұрғындарының басым бөлігін жаңа жұмыс орындарымен қамтиды, екіншіден, экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін арттырады, үшіншіден, ауылдан қалаға бет түзеген көші-қон легіне де тосқауыл болады. Бірақ, біздің жобалық есебімізге сай орта деңгейдегі ауылдық округте бұл іс-шараны игеруге 250-300 млн теңге қаржы керек екен. Менің ойымша, ауылдық елді мекен аумағында тұрғындарының басым бөлігінің әлеуметтік жағдайларының жақсаруына әсер ететін мұндай іс-шара үшін аталған қаржы көп деп айтуға болмайтын сияқты. Дегенмен де, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында мақсатты, жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бар болғанымен, оларда кепілдік, несие көлемі және қайтарым мерзімдері сияқты сәйкеспеушіліктер бар, сондықтан жоғарыда аталған ауылшаруашылық кооперативтерін құру үшін қажетті қаржыны иелену мүмкін емес. Мысалы, ауылшаруашылық кооперативтері жоғары деңгейде дамыған Батыс елдерінің қайсысында болса да бұл шаруашылық құрылымының бастапқы қалыптасу кезеңі нақты мемлекеттік қолдау мен реттеу тетіктерінсіз атқарылмаған екен. Осыған орай, ауылшаруашылық кооперативтерін мемлекет-жекеменшіктік әріптестігі негізінде құру тиімді болатын сияқты. Атап айтқанда, мемлекет екі жақты тиімді несиелеу, субсидиялау тетіктері негізінде қаржыландыруды, шағын шаруашылық құрлымдары өнімдер өндіруді, кооператив жарғысына сай іс-шараларды атқаруды міндеттенсе және мемлекет несие толықтай қайтарылғанда өкілеттілігін тоқтататын болса, бұл шараның тиімділігіне әу бастан ауыл тұрғындары тарапынан сенімділік арта түсер еді.
Елімізде ауылдық елді мекендер тұрғындары үшін ортақ жайылымдық жерлер көлемі 21,5 млн гектар екен. Бұл бүгінде нақты ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың отбасы шаруашылықтары үшін аз жер емес, бірақ малазықтық өнімділік көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендігі (2-3 ц/га) күрделі қиындықтарды тудырып отыр. Бұл жерлердің жайылымдық құндылығын орта есеппен екі-үш есеге арттырғанның өзінде, жеке қосалқы шаруашылықтардың бүгінгі қолда бар мал басы санының өнімділігін кем дегенде 10-15 пайызға көтеруге болар еді. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендер жайылымдық жерлерінің пайдалану тиімділігін арттыруда жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары мәртебесі мен ерекшеліктері туралы ғылыми-тәжірибелік тұрғыда негізделген құжат жобасын дайындап өкілетті органдар қарауына ұсынудың да маңызы зор.
Қай елде болмасын, ауылшаруашылық өндірісі мемлекеттік бюджет есебінен субсидияланады. Мысалы, ауыл шаруашылығы дамыған елдерде мал басы өнімділігі жоғары болған сайын, субсидия сомасы да арта береді екен, яғни шығындар көлемінің де артатындығы ескеріледі деген сөз. Демек, мемлекеттік бюджет есебінен ауылшаруашылық өндірісін субсидиялау сыйақы емес, атауына сай ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге байланысты емес өндірістік шығындарды жабу мен олардың ішкі нарықта бәсекелестікке лайықты өнімдер көлемін арттыруға ынталандыратын экономикалық тетік деп түсінген жөн. Дегенмен де, біздің елімізде ауыл шаруашылығы саласына шет елдердегідей қомақты субсидия бөлінбейді дегенімізбен, соңғы жылдардағы оның сомасы өндіріп жатқан өнімдер көлемі мен сапалық көрсеткіштерін ескергенде шетелдіктерден аз деп айтуға да болмайды. Мәселе, мемлекеттік қолдау жүйесінің тиімді тетіктерін қалыптастыруда. Мысалы, әзірге елдің ішкі нарығында отандық өнімдер көлемінің айтарлықтай өсімі мен сату бағасының тұрақтануы байқалмайды.
«Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» деп Абай атамыз айтқандай, ата-бабаларымыз сонау көшпелі кезеңнің өзінде мал өнімдерін негізгі күнкөріс көзіне айналдыру арқылы осыншама кең-байтақ жерімізді қорғап қалғанда, бүгінде осы ата кәсіпті ел экономикасының негізгі тірегіне айналдыру біздің де міндетіміз болуы керек.
Кәкімжан Сарханов,
Қазақ ауыл шаруашылығы
экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты
Астана филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы