Таяуда облыс орталығында мектеп директорларының шұғыл қатыстырылуымен жабық есік жағдайында жиын өтті. Оған күштік құрылымдар мен білім саласының өкілдері ғана шақырылды. Олардың аяқасты жиналуына Ресейдің Барнаул қаласынан соғылған телефон шылдыры себеп болған. Көрші елден хабарласқан әйел петропавлдық оқушының өзіне өзі қол салуға оқталып жүргенін, жедел алдын алмаса, өлімге апаратын ойынның құрбанына айналатынын жеткізген. Содан кейін ғана тиісті орындар қауырт қимылға көшіп, абырой болғанда, жасөспірім ажалдан аман қалған. Оны құтқарып қалуға дәрігерлер де жұмылдырылып, психоневрологиялық диспансерге жатқызылған. Барнаулдық тұрғын дер кезінде ескертпегенде, бұл оқиғаның соңы неге соқтыратынын көзге елестетудің өзі қиын. 16 жастағы жасөспірім қызды суицидке апарар жолдан дер кезінде арашалап қалған бейтаныс жанның әлеуметтік желідегі парақшаға қалай тап болғаны әлі күнге дейін құпия.
Бүгінде жастарды интернет арқылы өмір сүруден түңілдіріп, өз-өзіне қол салуға мәжбүрлеп жүрген неше түрлі сойқан «ойындардың» жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап бара жатқаны жасырын емес. Ресейде «В контакте» әлеуметтік желісіндегі атышулы өлімге шақыру топтарына қатысты күдіктілердің ұсталғаны мәлім. Солардың бірі, «Синий кит» ойынын ойлап тапқан Филипп Будейкин кәмелетке толмаған балаларды ашық түрде өз-өзіне қол жұмсауға көндіріп отырған. Түбі суицидке әкелетін қауіпті ойындардың елімізде де етек ала бастағаны жөнінде дабыл қағушылар негізінен 9-13 жас аралығындағы жеткіншіктердің, психологиялық тұрғыдан әлсіз балалардың көбірек бейім екенін айтады.
Жасыратыны жоқ, біз әлі күнге дейін мына бір жаман әдеттен арыла алмай келеміз. Болған оқиғаны боямасыз, сол қалпында көрсетудің орнына сылап-сипап, жасыруға әуеспіз. «Бәрі жақсы» деген кейіп танытамыз. Осындай немқұрайдылық салдарынан жастарымызды тура жолға салудың орнына жарық күнде адастырып жүрміз. Ана жылдары Есіл ауданына қарасты кәсіптік-техникалық колледжде суицидке қатысты бірнеше оқыс оқиға орын алды. Сол-ақ екен, тексерушілер жан-жақтан қарақұртша қаптап, басшылық пен психологтарды мүйіздеді. Біржақты кінәлау, қаралау баса айтылып, сонымен бәрі тынышталды. Соған қарағанда, қордаланған проблемалардың салдарымен ғана күресіп жүрген тәріздіміз. Себептерін ашық айтудың, талқылаудың, алдын алудың, болдырмаудың кешенді жұмыстарын жүргізудің орнына науқаншылдықпен шектеліп жүргендей әсер қалдырады.
Былтыр Қызылжар өңірінде жастарды суицидке мәжбүрлейтін 41 сайт жабылып, 5 сайттың жұмыс істеуіне тосқауыл қойылған. Жөн-ақ. Десек те, мұндай әлеуметтік контенттерді анықтаудағы сылбырлықтың бір ұшы мектептермен, оқушылармен тығыз қарым-қатынас жасаудың, нақты жағдайды сараптап-талдап отырудың орнына қағазбастылыққа, цифрларға көбірек иек артатынымызда жатыр. Күштеу-зорлау арқылы тыйым сала алмасымыз анық. Парламент депутаттарының 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге кіруіне заң арқылы тыйым салу туралы ұсынысына байланысты нақты байлам жасайтын мезгіл жеткенін ғаламтор желілеріндегі небір сұмдық оқиғалар аңдатқандай. Осындай шешуші қадамдар қажет-ақ. Мұндай тәжірибе өркениетті елдерде бар. Екіншіден, суицидке қатысты мәселемен тікелей қай құзырлы орын айналысатынын тап басып айту қиын. Бір-біріне сілтей салу тығырықтан шығудың жолы емес.
Тағы бір мысал. Жақында жергілікті мұғалімдердің бірі 13-14 жастағы бірнеше оқушының қолындағы күретамырының жарақаттанғанын байқап қалып, дабыл қақты. Прокуратура, облыстық, қалалық білім саласының қызметкерлерінің, ата-аналардың қатысуымен өткен жиында олардың қауіпті ойындарға тартылғаны мәлім болды. Психологтың жеке қырағылығы арқасында оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдер кезекті өлім тұзағынан аман қалды. Егер аңдамаса қайтер еді деген суық ой сумаңдап қоя береді осындайда.
Бүгінде Қазақстанда өлімге жетелейтін ойындардың ағашқы құрбандары белгілі болып отыр. Қаншама жеткіншек өмірмен қоштасуға бел буып отырғанын ойлаудың өзі қорқынышты...
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы