• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Қазақ поэзиясы испан тілінде сөйледі

293 рет
көрсетілді

Қазақ ақындарының шығармалары испан тіліне аударылды. Әдебиет тарихында тұңғыш рет Пиреней түбегінде қазақ сөзінің рухы асқақтады. XIX ғасырдан бастап бүгінге дейінгі көрнекті ақындардың туындылары енген антологияның тұсаукесер рәсімі Испанияның Мадрид қаласында өтті. Қазақстан мен Испания арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 25 жыл толуына орайластырылған салтанатты шараға Испан Пен-клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы, аталмыш антологияның әдеби аудармасын жасаған Хусто Хорхе Падрон бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүй­сенбаев бұл жобаның екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтудағы маңызы зор екеніне тоқталды. «Антология Испаниядағы барлық кітап дүкендеріне таратылады. Бір кітаппен шектеліп қалмай, болашақта басқа да қазақ ақындарының шығармаларын аударуды, насихаттауды жоспарлап отырмыз», деді ол. Алпыстан астам қазақ ақындарының өлеңдерін испанша сөйлеткен аудармашы Хосе Хорхе Падрон баян­дама жасап, Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов, Қасым Аманжоловпен бірге Дәулеткерей Кәпұлының да туындыларын оқып берді. «Елу жылға жуық уақыт әлем ақындарының өлеңдерін аударып келемін. Осы антологиямен жұмыс істегенде жүздеген қазақ ақынының шығармашылығымен таныстым. Шұрайлы да көркем тілдері мені бірден баурап алды. Қазақ әдебиетінің көкжиегі кең, келешегі кемел», – деп атап өтті Х.Падрон. Тұсаукесер рәсіміне антологияны құрастырған ақындар Дәурен Берікқажыұлы мен Танакөз Толқынқызы арнайы барды. Сондай-ақ, өлеңдері антологияға енген Оңайгүл Тұржан, Алмас Ахметбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Сағыныш Намазшамова, Анар Шамшадинова, Жанар Әбсадық, Жанар Айлашевамен бірге осы жолдардың авторы да қатысты. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар