• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2011

Ел бағына туған ер

683 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы сыр мен жыр

Бірінші сыр: Елден естіген есті әңгімелер Алла тағала мейірі түсіп терең ақыл, тегеурінді күш-қуат, парасат патшасы деуге лайық пайым берген Нұрекең – Нұрсұлтан Әбішұлы жайлы кезекті ақжарма сезімдерімді ақ қа­ғазға ақ қанатты періште көңілмен қон­ды­рар­да менің ойыма ол жайлы естіген есті әңгі­ме­лер оралады. Жақсының өзінен бұрын аты же­теді. Мен Нұрекеңнің өзін көрмей тұрып, оның жақсы атын естідім. Өткен, жиырмасыншы ғасырдың алпы­сын­шы жылдары. Ыстығы таяқ тастам жақын келгеннің өзін де шоқтай қаритын екі мың градустық от-жалында күн ұзақ тапжылмай тұрып табанды еңбек етіп жүрген, алған бетінен қайтпайтын қайсар да қайратты намыс­қой жігіт – жиырма жастағы Нұрсұлтан Н­а­зар­баевтың есімі елді елең еткізді. Басына киіз қалпақ киіп, от көсеген озат болат бал­қыту­шы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы газеттер жа­рыса жазып жатты. Сол көп мақалалардың бірінде оның киіз қалпақ киіп, от көсеп тұр­ған суреті де бар еді. Бүгінгі күннің бастыларын іздеп жүретін жаңалыққа жаным құмар жас кезім. Атағы аспандап тұрған жас болат бал­қы­тушы жайлы жазбақ болып, Ал­матыдан Те­міртауға келдім. Өкінішке қарай, сол жолы Нұрсұл­тан­мен жолығудың сәті түспеді. Әйт­се де, ол бір сәтсіз сапар болды дей алмай­мын. Жүгіргенге жөргем ілінеді деген рас. Бұл жолы мен Алматыға екі түрлі олжамен оралдым. Оның біріншісі – домна пешіндегі бет қаратпайтын ыстықты, сол қып-қызыл шоқ, қызулы өрттің өтінде тұрып болат бал­қыт­қан ерлерді өз көзіммен көрдім. Мына бір көрініс күні бүгінге дейін көз ал­дымда. Шын­жыр табанды «ДТ-54» маркалы трактор домна пешіне келіп түскенде болат тұлпар қас қағым сәтте сұп-сұйық, қып-қы­зыл от болып, таудан құлаған бұлақ суындай ағып бара жатты. Екіншісі – Нұрсұлтан жайлы оның әріп­тестері айтқан көркем шығармаға арқау болар көп әңгімелер естідім. Сол әңгімелердің бірі былай деп сыр шертіп еді. Теміртауды көгер­тіп, атымызды аспандатамыз деп асығып жеткен қазақ жастарының біразы жұмыстың ауыр­лығы мен тұрмыстағы қиындықтарға шы­да­май кері қайтып кетіпті. Сонда орыс жұмыс­шы­лары: «Қазақ жастарынан болат балқыту­шы шық­­пай­ды, бүгіннің жасы боркемік, боз­өкпе», деп келемеждесе керек. Соған намыс­тан­ған Нұр­­­сұлтан: «Қазақтардың отты қалай бұға­лық­тап, қиын­дық­ты қалай жеңетініне әлі-ақ көз­дерің жетеді», деп намысқа қамшы басыпты. Сөзі мен ісінде ал­шақ­тық жоқ жас Нұрсұлтан өр­теніп жат­қан өзге тірліктің бәрін жиып қойып, өз маман­ды­ғының қыр-сырын толық игеру үшін Украинадан бір-ақ шыққан көрінеді. Екінші бір әңгі­меде Нұр­сұл­танның: «Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ», деген сөзді жиі айтатындығы, өзі үнемі сол сөз­дің үде­сінен шығатындығы, үшін­ші бір әңгі­меде әл­сіздің қор­ғау­шысы, әділдің жақ­таушысы, төр­тін­ші, бесінші ... тамаша хас қасиет­тері жай­лы жас та, жасамыс та төгіл­діре сөйлеп берді дейсің. Оның бәрін баяндасам, әңгіме ұзай береді, онан да екінші бір есті әңгімені баяндайын. Әңгімеден ауқымы әлдеқайда үл­кен бұл оқиға 1998 жылы мамыр айы­ның 12-жұл­ды­зын­да болып еді. Сол күні мен онымен ұзақ сыр­ластым. Ай­маң­дайын терезеден қиғаш­тай құ­йылған күн сәу­лесіне сүйгізіп, баппен шерт­кен сырымен, бай­сал­ды тұлғасымен сүй­сінт­кен ақыл­ман аға Бәйкен Әшімов шерткен сырды жүрегіме сіңіре бердім. Өмірде көпті көріп, көңіліне көп ой түйген Бәй­кен аға айт­қан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні: «Мен әлем­нің көптеген қайрат­керлерін білемін! Біз­дің Нұр­сұлтан солардың бәрінен де оқ бойы озық тұрған саясаткер. Ел бағына туған ерді бағалай білейік. Жақсының жақсылығын айт, нұры та­сысын. Елбасының жақ­сылығын айту – жа­ғым­паздық емес, әділеттілік» дегенге сайып еді. Өткен ғасырдың аяғында Венаға жол түсті. Сол сапарда Венгриядағы елші Сағынбек Тоқа­байұлы Тұрсыновпен бірнеше күн бірге болып, армансыз әңгімелестім. Сонда Сағын­бек шерткен сырға құлақ түрелік. Әркімнің де өмірінде ұмытылмас сәттер бо­лады. Менің өмірімдегі сондай сәулелі сәт­тер­­дің біразы менің, менің ғана емес, хал­қы­мыздың жү­регінің төрінде тұрған, бәрімізге бір­дей қым­батты Нұрекеңнің – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баевтың есімімен тығыз бай­ла­нысты. Жақсының өзінен бұрын аты жетеді. Мен Нұрекеңнің өзін көрмей тұрып оның атына қанық болдым. Өткен, жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары. Мен Қарағанды облысының Мо­ло­деж­­ный ауданындағы Тельман совхозында парт­ком хатшысы едім. Жоғарыдағы басшылар­дың шешімімен «Көктал» совхозына директор болып та­­ғайындалдым. Жұмысқа кіріскен ал­ғаш­қы күні білгенім, бұл осы Молодежный ау­данын­да­ғы бір совхоздың үш бөлімшесі негізінде құрыл­ған жаңа совхоз, өмірбаянын енді бас­тағалы тұрған жас шаруашылық екен. Ша­руа­шылық­тың басты міндеті сүт және сүт өнімдерін мо­лай­ту­ға қызмет ету деп қадап айт­ты Қарағанды об­комының сол кездегі екінші хатшысы Әб­дуәли Сыбанов. Облыста ғана емес, республика дең­гейін­де де абыройлы, беделді басшы қажетті көмек, қолдаудың да болатындығын ескертті. Әлі отызға да жетпеген жалындап тұрған жас кезім, жұмысқа бар ынта-жігеріммен беріле кірісіп кеттім. Жұмыс қиындықсыз болушы ма еді?! Бұғанасы қатып, буыны бекімек түгіл, әлі қаз тұрып та үл­гер­ме­ген жас шаруашылықтың қиын­­дығы өзгеше бо­лып шықты. Совхоздың бас­ты бай­лығы 1200 ірі қара. Ал сүт беретін сиыр­­ларды кү­тіп-баптайтын комплекс құры­лы­сы әлі салы­нып бітпеген. Қыстың көзі қырауға қара­мастан құрылыс жұмысын жүргізейік десек, оған қажетті құрылыс материалдарының он екіде бір нұсқасы жоқ. Көмектеспек болған Әбді­уәли Сыбанов қыз­меті өсіп, аяқ астынан Ал­ма­тыға аттанып кетті. «Жыртық үйдің құдайы бар» деген рас. Қыр­сыққанда қымыран іріп тұрған шақта менің, ең бастысы енді ғана ұйымдасып жатқан жас сов­хоз, жаңа ұжымның бағына қуанышты оқиға бол­ды. Ел «Қарағанды облыстық партия коми­теті­­­нің екінші хатшысы болып Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев сайланды» деп дүр ете қалды. Бұл дүрлігу емес, дүрілдеу еді. Себебі – елге өзі­нен бұрын аты жеткен Нұрекең жа­лы­ны мол, қуа­ты зор, жас бола тұра аса пара­сат­­ты, асқан іскер басшы еді деген халық ба­ғасы ел құлағын елеңдетіп тұрған кез. «Ста­туя­­ны – тұрқы, адамды ісі сұлуландырады» демеуші ме еді Пифагор. Сол Пифагордың тағы бір тап­қыр сөзі бар: «Ба­қыт­ты іздеп арамтер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде», деген. Облысқа басшы болып келгенге дейін өмірдің сан сынағынан өткен, сын са­ғат­тарда сын­баған Нұрекең жайлы аңыз-әңгі­мелерді талай естігенбіз. Елдің ұлы, халық­тың құлы деуге лайық іргелі істерін, ірі мінездерін, ерен еңбегін елден де естіп, газеттерден де оқы­ған­быз. Нұрекеңнің жап-жас болып «Ел қамын жеген ерлігі» деген жақсы атына қанық болған­дықтан өзім­ді-өзім қамшылап, ол кісінің қа­был­дауын өтіндім. Нұ­ре­кең көп күтті­р­мей қабылдады да. Сол сол-ақ екен, түйткілі көп тү­йіндер бірінен соң бірі кезек кезегімен шешіле берді... Сүт комп­лексінің құрылысы да қанат­та­нып сала берді. Шаруашы­лығы­­мыз­дың өн бойына қан жүгіріп, жан бітті. Мен жоғарыда Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының Қарағанды сынды үлкен­ об­лысқа басшы болып келуі оқиға дегенде бір ша­руашылық көлемінде ғана емес, одан әл­де­қайда әулетті, облыс, оны айтасыз, республика ау­қы­мындағы аса ірі, іргелі өзгерістерге бай­ла­ныс­ты айттым. Оның мәнісі мы­нада: Нұрекең об­лыс­та өнеркәсіппен бірге кадр мәселесіне де жетекшілік етті, ұлттық мә­се­лелерде ұлтымыздың есесін еселеп қайтарды. Сол тұста Қарағанды қа­ласындағы қазақтың үлес салмағы бар бол­ғаны жеті дейтін жетім цифр төңірегінде еді, об­лыс­тағы қазақтың саны он екі-ақ пайыз бо­ла­тын. Ал басшылық жұмыс­тарындағы қазақ­тар саусақпен санарлық қана еді. Сонау Соломенцевтер мен кейінгі Акулинцевтер сол аз бас­шы­лардың өзін тұқыртып, ашса алақанында, жұмса жұды­ры­ғында ұстап, олар­дың еңсесін езіп тас­таған еді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қазақтың ақыл­ды, іскер, білімді жігіттерін бірінен соң бірін өсіре берді. Қазақ азамат­тарын қызмет баспалдағымен жоға­ры­латып қана қо­й­май, олардың еңсесі тік, рухы биік болуына қат­ты көңіл бөлді. Қырға шыққан соң құмырсқаға да қанат бітеді. Нұрекең тәр­бие­леп өсірген қыран тектес жігіттер қолтық­тарынан қуатты қол демегесін, беделі биік бас­шының өзі жебеген талант, қабілеттері ашы­лып, қанаттарын қатты қағып, биіктерге самғап ұшты. Н.Ә.Назарбаев жайлы Сағынбек Тұрсынов­тан естіген есті әңгіме жайлы жазып отырған сәтте менің ойыма Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қыз­метіне тағайындалғаны орала кетті. «Бәріміз де Гогольдың шинелінен шықтық» дегендей, бү­гінде биліктің биік баспалдағында жүрген­дердің бәрі де Нұрекеңнің тәлім-тәрбиесімен қанат­тан­ғандар. Солардың бірі Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық­ара­лық ұйымдағы жоғары қызметке та­ғайын­далуы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік ауқым­дағы биік беделінің айқын бір айғағы. 2007 жылы Парижде, Сорбонна университетінде менің шығармашылық кешіме қатысқан фран­цуздың әйгілі ақыны Леон Робель, 2010 жылы Алматыға менің мерейтойыма келген Тә­жі­к­стан­ның халық жазушысы Момын Каноат, фран­цуздың аса көрнекті әдебиетшісі Альберт Фишлер, Өз­бек­станның атақты жазушысы На­сыр Фазылов. т.б. Н.Ә.Назарбаев жайлы сүйсіне әңгі­ме­леді. Ел ара­лағанда Елбасы жайлы халық айт­қан қасиетті сөз, киелі тілек тіптен көп. Халық айт­са, қалт айт­пай­ды. Ұлт көшбасшысы жайлы ұлағатты сөздерді жинасаң, бір емес, бірнеше том болары хақ. Нұрекең жайлы елден естіген есті әңгімелер «Елін сүйген, елі сүйген Елбасының» (М.Қасым­беков) биік тұлғасын бұрынғыдан да бетер көр­кейте түседі. Бірінші жыр: Көзбен көргенім ұлылық пен сұлулық 1987 жылдың алғашқы айында Қазақ ССР министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Ә.На­зар­баевтың қабылдауында болдым, Нұрекеңнің көмекшісі Владимир Нидің қолдауымен. Сол тұста КСРО Әдеби қоры қазақ бөлімшесінің директоры едім. Жазу­шы­лардың таудағы шығармашылық үйіне күрделі жөндеу ауадай қажет еді, қызмет көлігі, т.б. жетіс­пеу­шіліктер де көп еді. Әдеби қорының қарама­ғын­дағы шығармашылық үйдің сол кездегі директоры, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов екеуміз талай басшыға бар­сақ та күрмеуі қатты күрделі проблемаларды шешуге ешқайсысы кө­мекте­се алмады. Амал жоқ, Нұре­кең­ді мазалауға тура келді. Бұл бір қиын кезең еді. Желтоқсан кө­тері­лісінің ізі суымаған. Рес­пуб­ликаны басқару тізгінін қолына алған Колбиннің әлі аптығы басылмай, ас­панға шап­­шып тұрған шағы. Көп мәсе­ле­де келіспеген Нұре­кеңе Колбин қырын қарап жүр дегенді де ес­тиміз. Нұрекеңде жұ­мыс көп, уа­қыт аз. Соған қа­рамастан, үкімет бас­шысы мені өте жылы қа­былдады. Бұл менің Нұрекеңмен бірінші рет жүз­бе-жүз жүздесуім еді. Алғашқы әсерім – Н.Ә.На­зарбаев жүзінен нұр, сөзінен жыр төгіл­ген, сырт тұлғасы сымбатты, жан дүние байлығы аса қымбатты, жалы биік, жаны жомарт жан екен. Мені асық­пай тыңдап, мәселенің байы­бына барған соң Т.Бигелдинов екеуміздің күр­меуі қатты күрделі проблемалар дегенімізді бір-ақ сәтте шешіп берді. Арада аз уақыт өткенде Н.Ә.На­зарбаев ешкім шақырмай-ақ өз ық­тияр, ынтасымен Жазушылар од­ағы­на келіп, қаламгерлермен кездесті. Жа­нын­да бірнеше министр бар. Сол кездесуде күр­меуі күрделі мәсе­ле­лердің біразын қолма-қол шешті. Соған көп мы­салдың біреуін ғана ай­тайын. Бірінші – қаламгер аға­ларымыздың бірі пәлен мың адам тұратын «Орбита» мөлтек ауданында осы күнге дейін мектеп жоқтығын айтып еді, Нұре­кең: «Бұл мәселені тап қазір шешпесек бол­май­ды, біз шешпесек, кім шешеді», деп жанын­дағы құрылыс министріне тапсырма берді. Бір жылдан соң «Орбитада» жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. 1993 жылдың жазы. Ордабасыдағы ұлы жиын. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері Ордабасы мәлімдемесіне қол қойған соң, Н.Ә. Назарбаев Ордабасы тауының басында тұрып жазғытұрғы жасарған Жер-Ана мен жаң­бырдан кейін шайдай ашылған Аспан-Ата­ның көгілдір түсіндей көк байрағымызды зеңгір көкке көтеріп, ұлы бірлік жайлы ұлағатты сөз айтып, толымды ойлар толғаған сәтте мыңдаған халық дауылды күнгі теңіздей толқып, тебіренді. Жүректен шық­қан сөз жүрекке жетіп, жан дү­нием қатты тол­қы­ғандықтан, жанарым­нан жал­ғыз тамшы жас үзі­ліп түсті. Жалғыз мен ғана емес, Ордабасы төрін­де тұрған көрші ел­дер­дің президенттері де, Кемер облыстық кеңесінің төрағасы Аман Төлеев те, Өмірбек Байгелди, Оралбай Әбдікәрімов, Қуа­ныш Сұлтанов та – бәр-бәрінің қатты толқып тұ­р­ға­нын жасаураған жа­нарларынан анық байқадым. Өзге түгіл, өзіңе байқатпай өтіп жатқан өмір­дің естен кетпейтін елеулі сәттері де аз емес. Мен үшін сондай есте қалар елеулі сәттің бірі 1998 жылдың көк­темінде болып еді. Әлі есте, бәрі есте. Мамыр айы­­ның 28 жұлдызы, сенбі. Күндізгі 10. Дәл сол сәт­тен Н.Ә.Назарбаевтың Катар еліне ресми сапары басталды. Ауаның тем­п­ературасы 45 градус ыстық, ылғалдылығы 80 пайыз. Катар мемлекеті мен Астана қаласы­ның арасындағы ұзақ жолды Президент ұшағы төрт сағатта өтті. Президенттің жұмыс кестесі осы­дан төрт сағат бұрын Астанадан ұшып шық­­қанда басталғаны­нан хабардармыз. Жол бойы – аспанда жұмыс істеп келгеніне, жергілікті жер­дің бой үйрен­беген ауа райының жайсыздығына қара­мас­тан, Нұре­кең ұшақтан әдеттегісінше жұм­сақ жымиып, сергек түсті. Ұшақ баспал­дағында Қазақ­стан Президентін Катар елінің Әмірі Шейх Хамад бен Халип әл-Тани, тақ мұрагері Шейх Жасу бен Халиф әл-Тани, премьер-министрдің орынбасары Мұ­ха­мед бен әл-Тани қарсы алды. Қарсы алды­мызда желбіреп тұрған көк байрағымыз көзге ерекше ыстық көрінді. Еліміз­дің Әнұраны орын­дал­ған­да жанары­мыз жасаурап, қат­ты толқыдық. Екі ел ара­сындағы келіссөздер мен құ­жаттарға қол қою Катар әмірінің күміспен күпте­ліп, алтынмен апта­лып, асыл тастармен зерленген ақ мрамор сара­йы «Каср-ад-Диафта» сол күні-ақ бас­тал­ды. Катар­дағы атақты шейхтармен, әртүрлі топ, сан саладағы саясаткерлермен кездесулер, келіс­сөз­дер, баспасөз мәс­лихаты бірінен-соң бірі үзіліс­сіз, үз­дік­сіз өтіп жат­ты. Соның бәріндегі басты салмақ түн­нің бір мезгіліне дейін жұмыс істеген Президентке түсіп жатты... Катарда үш күн болғаннан кейін төртінші күні Біріккен Араб Әмірліктеріне келдік. Абу-Да­би әуе­жайында ҚР Президенті Н.Ә.Назар­баев­ты БАӘ-нің Президенті Заид бин Сұлтан әл-Нахаян қар­сы алды. Тағы да келіссөздер, кездесулер, баспасөз мәс­лихаты сынды шаралар бас­та­лып кетті. Н.Ә.На­зар­баевтың жұмыс кестесі өте тығыз, таңның аты­сынан күннің батысына дейін бір тыным жоқ. Жа­нын­да ерқара болып жүрген жолсеріктері – біздер қарадай босқа жү­ріп шар­шай­мыз. Ал Нұрекең тың, сергек. Ара-арасында әзілдеп, елдің көңілін де кө­теріп қояды. Жүріс-тұрысы сымбатты, сөй­леген сөзі тұнып тұрған ұлылық. Сұлулық пен ұлы­­лық­тың жасандылығы жоқ жара­сы­мы бізді ғана емес, Катар мен БАӘ-нің үлкен-кішісін де, шет елдердің сынап-мінеуге дайын тұратын шамшыл тілшілерін де таң қалдырып, таңдай қаққызды. Президент әдеттегісіндей бұл жолы да шап­шаңдық пен шалымдылық танытудан танған жоқ. Соған көп дәйектің біреуін ғана айтсақ, Катар елінің бір кәсіпкерінің «Өз қаржыма мешіт салып беремін», деген сөзін лезде іліп әке­тіп: «Ол мешітті халқы тығыз орналасқан, қаза­ғы көп Шымкент қаласынан тұрғызуға кеңес бе­ремін. Мешітке жер беруді осы залда оты­р­ған облыс әкіміне тапсыра­мын», деп сарт еткіз­ді. Қаржы демекші, Нұ­рекеңнің бұл жолғы сапарындағы өзіне-өзі жүктеген ауыр міндеттің бірі – ел экон­о­ми­касына қан жүгіртетін мол қаржы табу екен. Нұрекең бұл міндетті де өзіне тән туабітті дипломатиялық даналықпен мінсіз орында­ды. Қаржылық кө­мек­ті кейбіреулердей ала­қан жайып, төмен­шік­теп сұраған жоқ, төрде төбеби болып отырып-ақ қиын істің қиюын оп-оңай келтірді. Бір ғана мысал. Қазақстанға инвестиция тарту сөз бол­ғанда, елдегі тұрақ­ты­лық­ты, шетел инвести­цияларына берілетін же­ңіл­діктерді алға тарта келіп, делегация құра­мын­дағы сол кездегі геология ми­нис­трі Серікбек Дәукеевке аржағын өзің жалға деп жұмсақ жымиды. Тосыннан сөз берілсе де Серікбек ініміз тосылған жоқ, ағыл­шынша ағып ала жө­нел­ді. Қазақстанның қазба бай­лық­тары мен келешегі жайлы кең тынысты келелі сөз шетелдіктерді айрандай ұйытты. С.Дәукеевке то­сын­­нан сөз беру арқылы Нұрекең, біздіңше бір оқпен бірнеше қоян­ды атты. Оның бірі – геология министрінің аузымен Қазақ­стан­ның қазба бай­лы­ғына шетелдіктердің қызы­ғушылығын арт­тыру болса, екіншісі – өз командасындағы жі­гіттер осал еместігін, қажет болса қазақша, орыс­ша ғана емес, ағылшынша да ойын еркін жеткізетіндігін аңғарту деп топшыладық. Нұре­кең­мен екі шетелде төрт күн бойы бірге жүр­ген­де алған әсер, ол кісінің сөзімен ғана емес, ісімен, тіпті жүріс-тұрыс, әзіл-қалжыңымен берген сабағы – менің бұл өмірде тапқан ең үлкен олжаларымның бірі ғана емес, бірегейі. Арада бір жыл өткесін сәуір айының сәу­лелі күндерінің бірінде Президент Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың қабы­лдауында болу бақыты бұйырды. Алматыдағы Ақордада болған қабыл­дау кезінде радио мен теле­ви­дениенің алтын қорының бұзылып, жойылып кету қаупі туғанын, оларды тезірек қайта кө­шіру қажеттігін, ұлттық Ғы­лым академия­сын­­дағы қолжазбалар мен қол­өнеріміздің ұмы­­­тылып бара жатқаның, оның шеберлеріне қамқорлық мәселелері, т.б. ұлттық құн­ды­­лықтар мен проблемалар жайлы баянда­дым. Нұрекең ол ойларыма түсіністікпен қарап, тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Президентті ұлықтау салтанатының бә­рін­де болмаса да біразында болдым. Со­ның ерекше есте қалған біреуі жайлы жүрек­жар­ды сыр. 1999 жыл. Қаңтар айының 20-жұл­дызы. Таңертеңгі сағат 10-нан 50 минут өт­кенде Есілдің оң жаға­лауындағы Ақордадан шыққан Н.Ә.Назарбаев төсеніш кілем үстін­дегі ақ жолмен аяңдай басып, қос қапталдағы халықпен сәлемдесіп, инаугурация – ұлықтау өтетін Конгресс-холға беттеді. Президент жүріп келе жатқан жол аппақ, аспаннан ақ ұлпа қар жауып тұр. Ел назары елордада, көз біткен көгілдір экранға қадалған. «Дәл осы сәт Елбасы қандай ой мен сезім құшағында екен, – деп ойладым мен. – Жауапкершілік жүгін сезініп келе жатқан болар». Сезімім алдамапты. Елбасы Орталық сайлау комиссия­сы­ның төрайымы Зағипа Балиева­ның қолынан Президент куәлігін алып, ант бергеннен кейін сөйле­ген сөзінде былай деді: «Менің алдымда қазір сырт қарағанда қарапайым тәрізді көрінетін екі мін­дет тұр. Бірақ, олар­дың ең қиын да күрделі міндет екендігін та­рих­тың өзі үйретіп отыр. Ертеде ата-баба­лары­мыздың билеушілерге айтатын ең жақсы мақтауы «ол өз халқын тарықтырмай асы­ра­ды» деген сөз екен. Сондықтан бірінші міндет – халықтың тұр­мыс-тіршілігін жақ­сар­ту. Тасты лақтыратын да, тасты жи­найтын да кез бола­ды. Ре­фор­ма­ларды жүр­гі­зе­тін де, рефор­ма­лар­дың же­місін теретін де уа­қыт болды. Ал­да­ғы же­ті жыл­­дың ішінде халқымыз ре­фор­ма­лардың жемісін өз дас­тарқаны мен өз қалтасы ар­қы­лы көруге тиіс. Екін­ші міндет – елімізде демо­кра­тия­ны дамыту». Инаугурация сәтінде елдің ауыр жүгін арқалаған асыл азамат Нұрсұлтан Әбіш­ұлының ширыққан ширақ түрінен ел мүддесі жолындағы серт пен сенімді айқын аңғардым. Оның көңі­лінде толқу, көзінде салиқалы ой, салмақты мұң бардай көрінді маған. Сол сәт сол төрде Нұрекең болмай, өзге біреуміз болсақ, басымызға қонған бақтан көзіміз жайнап, шаттықтан шалқып, шалқақтап тұрар ма ек, кім білсін? Сәл алға озып, анығын айтсақ, Елбасы сонда айтқан сөзінде тұрды. Өмір сол кезгіден әлде­қайда алға кетті, өзгерді, өзгергенді көз көрді. Сол күні кешкісін ақ көрпеге оранған елорда­да­ғы Орталық алаң халыққа лық толды. Астана­лық­тар Алматыдан келген әншілермен бірге аспан ас­тын ән-думанға бөледі. Осы жол­дар­ды жазып отыр­ғанда менің ойыма өркениетті елу елдің қата­рында болуға нық қадам басқан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалыққа сайланып, төбеби болып қана қоймай, жетінші Саммит өткізіп, Астана дек­ларациясын қабылдап, ел та­ри­хында бұрын-соңды болмаған тарихи ұлы оқиға мен талай жұлдызды сәт, бақытты шақты бастан өткіз­геніміз оралды, Елім мен Елбасым үшін мақ­таныш сезімі кеудені кернеді. Екінші сыр: Сырт көз – сыншы Ұлылар ұлтқа бөлінбейді. Сол ұлтқа бөл­мейтін ұлылардың бірі – Сергей Владимирович Михалков 1999 жылы Мәскеуде шығар­машылық кеш өткізген мені отбасыммен үйіне шақырып, ұзақ әңгіме-дүкен құрдық. Сонда сол ұлы суреткер айтқан: «Мен қазақ­тармен құдамын. Бұл – бір. Екінші – Нұр­сұлтан Әбіш­ұлын жақсы көре­мін. Он данышпан. Құдай өзі қалаған саясаткер. Назарбаевтай Президенті бар ел  – бақытты», деген сөз көкейіме қона кетті. Сол С.В.Михалковтың 2008 жылы, нау­рыз айының 13-жұлдызында Мәс­кеудің Үлкен театрында өткен 95 жасқа тол­ған мерейтойын­да алыс-жақын шетелдерден кел­ген талай жақсы мен жайсаңның Нұрекең жай­лы аса жоғары бағасын есту көңілді көкке кө­теріп еді. Әсіресе, көрнекті мемлекет қай­рат­кері Геннадий Зюганов айтқан: «Назарбаев – кемел ойлы кемеңгер. Ол – алдына қиын асу, ұлы мін­деттер қойып, соны жүзеге асыра алатын аса та­лантты саясаткер» деген сөз жадымда жаттаулы. Жаңа – ХХІ ғасырдың басында Мәскеуде өткен ТМД елдерінің шығармашылық және ғылыми бірінші форумына қатысқанда Мәскеу универ­си­теті­нің ректоры Виктор Садовничий, академик Феликс Кузнецов, «Литературная газетаның» бас редак­торы Юрий Поляков, Украина Ғылым акаде­мия­сының президенті, әлемге әйгілі ғалым Б.Патон, т.б. талай тарландардың Елбасымыз жайлы іштен шыққан ішті сөздерін естіп, тағы бір марқайып қалып ек. Мұндай нақты деректер көп-ақ. Оның бәрін тізе берсек, сөз ұзай береді.   Екінші жыр: Абыз аға, аңыз адам аманаты Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған абыздары да бар қазақтың. Солардың бірі – өмірдің ащысын да, тұшысын да бір кісідей татқан менің қаламдас досым, қазақтың классик жазушысы, халық Әзағаң атап кеткен Әзілхан Нұршайықов. «Махаббат, қызық мол жылдар» атты бір романы қырық жыл бойы оқушының қолынан түспей, сан ұрпаққа рухани азық болған, сол қырық жылдың жүзінде он төрт рет қайта басылған Нұршайықовтай жазушы сирек. Соңғы 20 жыл бойы бір-бірімізден сыр жа­сыр­мас сырлас, мұңдас болған Әзағам 90-ға қа­ра­ған жасында пәниден бақиға аттанып кете бар­ды. Қайтыс боларынан оншақты күн бұрын ма­ған телефон шалып, Президентпен кездесуге бараты­нын айтып, сол кездесуде сөйлейтін сөзін факс арқылы жіберіп еді. Алайда, денсаулығы сыр беріп сөйлей алмапты. Ол үлкен әріптермен те­рілген бар болғаны екі беттік қана сөз бола­тын. Әлі еш жерде жарияланбаған әрі қысқа, әрі нұсқа сол сөз абыз аға, аңыз адамның соңында уақытша қалып тұрған біздерге айтқан аманаты тәрізді көрінеді де тұрады. Түйін: Абыз ақсақал Бәйкен Әшімов осы газетке берген соңғы сұхбатында айтқан бір сөз қалам ұшына оралып тұр: «Елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында барынша ұзақ болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін де жасауымыз керек». Ел бағына туған ер жасай берсін; туған халқын, тұғыры биік Елін бақытқа бастай берсін! Алла өзі жар болсын, Бақыт әр кез пар болсын! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Шолохов және В.Пикуль атындағы  халықаралық сыйлықтардың лауреаты.