• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

«Дала әуені» жаныңды тербейді

1109 рет
көрсетілді

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен қалған «Шаянға барсаң – әншімін деме, Созаққа барсаң – күйшімін деме»... деген ғибратты сөз бүгінде халық мәтеліне айналғаны белгілі. Егер сол кезде ұлы жазушының жолы Төле би ауданына түсіп, Диханкөлдің сары қымызын ішіп, Қасқасудың жасыл жайлауында Аққұм ауылы шеберлерінің қолынан шыққан текеметі мен төрт қабатты құрақ көрпелердің үстінде оюланған құс жастықтарды жастанып жатып, табиғатына тамсанып, бір сәттік демалыс бұйырғанда... жоғарыда айтылған екі сөйлемнің міндетті түрде жалғасы болар еді деп ойлаймын. Жарықтық, «Төле биге барсаң... суретшімін деме!» деп тайға таңба басқандай етіп айтып кетер ме еді, кім білсін?! Өткен ғасырдың өзінде Төле би ауданынан отызға жуық елге танымал суретші шықты. Олар қазақ өнерін әлемге паш етті. Таулы өлкеден шыққан танымал суретші Тоқболат Тоғысбаев осы елдің тумасы. Әуесқой суретші, туындылары Лондонның төріне шыққан Молдағали Қалдыбаев та осы ауданның перзенті. «Ұлы көшімен» тарихта қалған Бексейіт Түлкиев те суретшілер мекенінің ұлы. Әлем мойындаған талантты суретші Ерболат Төлепбай да Төле бидің ұрпағы. Бір отбасынан шыққан ағайынды суретшілер Мұрат пен Қанат Қалбаевтар да осы киелі өлкеде туып-өскен. Бір мақалада, құдай-ау, бәрін тү­гел­деп шығу, әсте мүмкін емес... Суретшілер мекенінде жа­рық жұлдыздай жарқырап шыққан тағы бір тума талант Құрасбек Тыныбеков еді. Қысқа ғана ғұмырында гобелен өнерінің негізін қалап, сурет өнерінде жаңалық ашып, өшпес мұра қалдырды халқына. Құрасбек Тыныбекұлының өмірі шығармашылығының нағыз толысқан кезінде, 33 жасында күрт үзілді. Суретшінің қолтаңбасы қалған құлпырған бояудың өзі әлі де толық зерт­телмеген бір әлем дерсіз. Құрасбек алуан түрлі бояу­ларды «сөйлету» арқылы Ұлы Даланың жылнамасын мәңгілікке жазып кеткендей. Ә дегенде «Дала әуеніне»(1970) елтітіп, одан туған жердің «Ас­паны»(1973) бейнеленген текеметтерге көз тастай отырып, шексіз кеңістікке бойлайсыз да, тоғызыншы территорияның ұлылығына тағы бір тәнті боласыз. Енді бір кезде гобелен өнерінің құдіретіне құлай берілгеніңіз соншалықты, «Тау мен дала аңызы» (1975) рухыңды асқақ­татып, бір сәт «Байқоңыр ыр­ғақтарында»(1977) тер­бе­ліп, «Теңіз симфония­сы»(1979) жаныңды кере­меттей баурап алады. Осы­ның барлығы жинақтала келіп, талантты суретші Ұлы Дала туралы асқақ ойын гобелен өнері арқылы өрнек­тегенін көрсетеді. Ал 1981 жылы Ш.Уәли­ханов атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген «Қазақстан шұғыласы» ат­ты топтық мону­ментал­ды гобе­лені қыл­қалам шебе­рінің туған жерге деген толғанысынан туған шедевр дүниесіне айналды. Орта бұзар жастан асқанда қайтпас сапарға аттанғанымен, Құ­расбек Ты­ны­бекұлының өнерді баға­лай білетін халқы бар да, өзінің «Мәңгілік»(1975) туындысындай елімен бірге жасай беретіні анық. Күлия АЙДАРБЕКОВА, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Оңтүстік Қазақстан облысы