• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Мегаполисте мәселе көп

169 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тұрғындармен биылғы есепті кездесуі байырғы мәселелердің көбесін қайта сөкті. Мегаполисте әкімдердің есеп беруі үр­діске енгелі бері шешілмей келе жатқан жайттар жеткілікті. Әри­не, әкім­дердің есебінде тын­ды­рыл­­ған тірліктер шетінен тізіліп айтыл­са да, қордаланған сауалдар қозғалмай қоймайды. Әкім есеп берген сайын көлік кеп­телісі, Алматының экологиясы, базар­ларды көшіру, жұмысы сын көтер­мейтін кейбір пәтер иелері коо­пера­тивтері қызметі, айналма жол­­дардың құрылысы сөзсіз айты­­лады. Содан кейін әлмисақтан бел­гілі жайттардың барлығы Алматы­ның ажарына, туризмді дамытуға барып тіреледі. Биыл да солай болды. Мәселен, туризмді табыс көзіне айнал­дырғысы келетін шаһардың тұр­ғындары жұрттың армандап жете алмай жүрген Шымбұлағы мен Ме­деуіне бармайды. Қарағайлы орман­дары қол бұлғаған Ала­тау бөк­­тер­леріне қыдырмайды. Қыс­қасы, қаланың туристік нысандары толық әлеуетін іске қосып отырған жоқ. Есесіне, дейді әкім, қалалықтар дәрі­герге жағдайы әбден мүшкіл бол­ған­да барады. Ішуді азайту керек. Шым­бұлақты қымбат дейді. Алайда сыраның бір саптаяғына 1500 теңгені аямаймыз. Кешке қайда барсаң да орын жоқ, ал Шым­бұлаққа баруға келгенде ақша тап­пай қаламыз. Бұл әдетті өзгерту керек, деген әкімнің сөзіне көпшілік қоше­метпен келісті. Ал енді қала әкімінің айтуын­ша, тағы бірнеше жылдан кейін Алматыда көлік кептелісі деген болмайды. 2018 жылға қарай кіші көліктік айналма жолы іске қосы­ла­ды. Одан бөлек биыл Алма­ты үлкен автомобильді айнал­ма жолы­ның құрылысы басталды. Өздеріңіз білесіздер, көлік кеп­телісі көптеген мегаполистерге тән. Біз бұл мәсе­леге көлік рефор­ма­сын бас­тау ар­қылы, жүйелі түр­де келдік. Елбасының тап­сыр­масы бойын­ша соңғы 15 жыл­да тек қана Алма­ты­дағы 30 жолай­рықты салуға 300 мил­лиард теңге бөлінді. Тағы екі айналма жолдың құрылысы 2018 жылы бітеді, дейді Бауыржан Байбек. Алматының көлік кептелісін айт­қанда, айналып өтпейтін бір мәселе «Алтын Орда» базары орна­ласқан трасса. Әкім бұл мәселе биыл шешімін таба­ды дейді. Сол сияқты, Алматы үлкен авто­мо­бильді айналма жолы қаланы тран­­зит­тік көліктерден арылтып, бұл Ал­ма­тының Батыс Қытай мен Еуро­па ара­сын­дағы логистикалық хаб ре­тіндегі экономикалық әлеуе­тін кү­шейте түспек. Бұл жоба­ға 350 миллиард теңге көлемін­де инвес­тиция келеді деп күтіліп отыр. Қала әкімінің айтуынша, Алма­ты­­дағы көлік кептелісі жолай­рық, айналма жол­дармен шешіл­мей­ді. Қала әкімдігі қазір жекемен­шік емес, қоғамдық көліктерді да­мытуға басымдық беріп отыр. Қоғамдық көліктер жүретін жолақ­­тар көбейе түседі. Троллей­бус желілерін жаңалауға 5,5 мил­лиард теңге бөлінді. Бұл трам­вай жол­дарын қалпына келтір­ген­нен гөрі 3 есеге арзан. Тағы бір үлкен көлік­тік жоба – жеңіл рельсті трамвай. Биыл бұл жоба­ның мердігерлігіне бай­қау жария­ланды. Ал 2020 жылға қарай тағы 2 метро стансасы пайдалану­ға беріліп, метро тармақтары Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысына дейін жетеді. Қазір метро өзін өзі ақтай бастады. Жо­лау­­шылар саны 4 есеге көбей­ді, деді әкім. Сол сияқты, қоғам­дық көлік­терді электронды билет­тендіру де айтылмай қалған жоқ. Басында шу туғызған бұл мәсе­леде қазір іл­герілеу бар. Тұрғындар бір жолғы билет­тен гөрі, электронды би­лет­пен жүр­ген тиімді екенін түсіне бастады. Яғни, Алматыда соңғы жыл­дары көліктер саны 10 есеге көбеюі көлік кеп­телістерін көбейтіп қой­май, қаланың экологиялық ахуа­лын да нашарлатып отыр. Ауаны 80 пайызға ластап отырған да осы жайт. Сондықтан, өткен жылы түтіні будақ­таған ескі көліктерге 136 мил­лион теңге айыппұл салынған. Және бұл көлік­тердің 67 пайызы қалаға сырттан кіреді. Әкім қаланы экологиялық жағынан тиімді көлік түрлеріне көшіруге қатысты нақ­ты есеп бере келе, бұл мәселенің 2018 жылға қарай қаланы толық газбен қамтамасыз ету арқылы шешілетіндігін атады. Сол сияқты, пәтер иелері коопе­ратив­тері қызметінің сапасы тұр­ғын­дардың тұрмысының тазалық айнасы екені аян. Әкімдер есеп берген сайын халық та ПИК-тердің жұмысына көңілдері толмайтынын жылда алға тартады. Қала әкімінің айтуынша, ПИК-тердің қызметіне қоғамдық және партия­лық бақылау күшейген. 150-дей ПИК тек­серілген. Оның 86 пайызына айып­пұл­дар салынып, ескертулер жасалған. Сіздердің назарларыңызды мына мәселеге аударғым келеді. Статистика бойынша Алматыда 1,7 миллион тұрғын бар. Шын мәнін­­де қазір мегаполисте 2,2 мил­­лион халық тұрып жатыр. Бі­рақ тек оның 800 мыңы ғана қо­қыс шығару ақысын төлейді. Мұ­нан былай біз бұл мәселеде қатаң­дық танытамыз, деді қаланың қақ ор­тасында қоқысын арнайы жәшік­ке емес, далаға тастай салған тұр­ғын­дарды өз көзімен көрген әкім. Сол сияқты, әкімнің есепті кез­десуін­де Алматының базар­лары, жан-жануарлары қайта-қайта өле берген Хайуанаттар бағы­­ның мәсе­лесі қозғалып, жаңа бас­­шы­ның жос­парлық есебі тыңдал­ды. Ден­­саулық сақтау саласының қыз­меті мен жұмысынан қуылған шенеу­ніктердің жайы сөз болды. Қалалықтардың сұрақ қойып, жауап алуына ыңғайлы болу үшін есепті кездесу күні жедел телефон желісі жұмыс істеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ