Бүгінгі біздің кездесуіміз Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының жүзеге асырыла бастаған кезеңімен сәйкес келді. Ұсынылған ұтқыр саяси, экономикалық реформалар мемлекетіміздің жарқын болашағын қамтамасыз етуге арналған. Осы кезеңде облыс халқы 300 мыңнан астам адамға көбейіп, екі миллионға жақындады, деп көзайым хабарды айтудан бастаған есепті баяндамасын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов одан әрі сала-сала бойынша атқарылған жұмыстар дерегіне дәйектеме келтірумен жалғады.
Талдықорған қаласы Алматы облысының орталығы болып белгіленгелі 15 жылдан астам уақыт өтсе де, халықтың сұранысына орай тұрғын үй салу мәселесі мысықтабандап қана жүрген еді. Шыны керек, алғашқы жылдары сапасыз құрылыс материалдарынан көп қабатты үйлер бой көтеріп, жең ұшынан үлестірілген де болатын. Ал соңғы 3 жылда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысында санмен қатар, сапаға баса назар аударылды. Дәл Талдықорғандағыдай бір жазда екі шағын аудан республикамызда бой көтерген жоқ. Сондықтан да, облыс әкімінің есебіне келген халық әңгімелерін атқарылған жұмысқа жақсы баға беруден бастап, одан әрі өз қажеттіліктері тұрғын үй мәселесін көтерді. Былтырғы жылы Жетісу жерінде 8 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, 700-ге жуық әлеуметтік нысан жаңадан іске қосылғаны соның жарқын дәлелі болса керек.
Шекаралық облыс болғандықтан шығыстағы көршімізден қалыспай күн санап өркендеп өсу уақыт талабы. Есепті кезеңде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» автомагистральдары, «Жетіген – Қорғас» темір жолы салынды. Қытаймен шекарада Қазақстанның жалғыз құрғақ порты бар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл мықты экономикалық өсім нүктесі болып саналады. Келешекте 100 мың халқы бар жаңа қала ел шекарасында орналасқан Панфилов ауданы аумағынан бой көтермек. Осындай ірі жобаларды жүзеге асыру, экономикада тұрақты өсімді сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыру «Нұрлы жол» бағдарламасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының арқасында мүмкін болғанын Амандық Баталов баса айтты.
Былтыр Елбасы тапсырмасына орай Алматы облысына 529 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, өңір экономикасын өркендете түсуге септігі тигенін атап өткен жөн. Әрине, бұл ретте екі рет халықаралық инвестициялық форум өткізіліп нәтижесінде құны 983 млрд теңге болатын 39 жобаны жүзеге асыруға келісімшарт жасалғаны мәлім. Айталық, «Империя Фуд» атты ирандық компания қуаттылығы жыл сайын 8 мың тонна ірі қара етін қайта өңдейтін зауыт құрылысын аяқтап қалды. Ал «Марвен Фуд Тянь-Шань» компаниясы тәулігіне 90 тонна макарон өнімдерін өңдейтін зауыт құрылысын жүргізуде. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында кен өңдеп, шойын өнімдерін шығару бойынша Текелі қаласында «Bapy Mining» ЖШС 500 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.
Біздің алдымызға Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген міндет қойды. Республикада облысымыз ең ірі аграрлық өңірлердің бірі болып саналады. Ауыл шаруашылығы өніміндегі үлесіміз 16%-дан асады. 1 млн тоннадан астам дәнді дақыл, 275 мың тонна майлы дақыл, 1 млн 662 мың тонна картоп пен көкөніс жиналды. Екі жылда қант қызылшасының егістігі 6,5 мың гектарға жеткізілді. 10 сервистік дайындау орталықтары құрылды. Биыл Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандары мен Қапшағай қаласында тағы 4 орталық құрылады. Қызылшаны сатып алу бағасын бір тоннасына 13 мыңнан 17 мың теңгеге дейін көтердік. Нәтижесінде, қызылша өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының саны 470-ке дейін көбейді. Қант қызылшасын жинау маусымында 11 мыңнан астам ауыл тұрғындары жұмыс істеді. Сөйтіп, 241 мың тонна өнім алып, 25 мың тонна қант өндірдік, деді облыс әкімі.
Биылғы жылы қант қызылшасының егістік алқабын 9 мың гектарға дейін ұлғайтып, 300 мың тоннадан астам өнім жинап, 30 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр. Өткен жылғы қызылша қабылдаудағы қиындықтарды болдырмау үшін қант қызылшасын қабылдап, жинайтын екі алаң қосымша салынатын болды.
Жүгері егістігі үш жылда 9 мың гектарға артып, биылғы жылы 78 мыңнан астам алаңға себіліп 507 мың тонна астық жиналады. Кезінде екі астық қырманы салынып, шаруа қожалықтарының жүгеріні кептіру және сақтау мәселелерін шешкенін, ағымдағы жылы тағы екеуі салынатынын да облыс әкімі мәлім етті. Екінші крахмал-сірне зауытын жаңғырту Қарасай ауданында «АзияАгроФуд» ұжымында жүргізіліп, жүгеріні өңдеу деңгейін 45-тен 60%-ға дейін арттыруға мүмкіндік тудырылатын болады.
Панфилов ауданында «Жаркент Фрукт», Еңбекшіқазақ ауданында «Apple World» сияқты ірі инвесторлар Жетісудың төл өнімі алма бақтарын өркендетуге тартылды.
Облыстағы өзекті мәселе тұрғын үймен қамту «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ және Қазақстандық ипотекалық компания арқылы шешімін табуда. Былтыр 1 млн 253 мың шаршы метр тұрғын үй салынып пайдалануға берілген. Әлеуметтік тұрғыда кезекте тұрған жандарға 442 пәтер берілсе, ағымдағы жылы 1256 пәтерден тұратын 98 үй тағы да ел қажетін өтейтін болады. Алайда, осыдан екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда осы жылдың 1 қаңтарында тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар саны 35 мың адамнан асып отыр.
Сонымен қатар, жер телімін алуға, туризмді дамытуға, балабақшаларды көптеп салып, үш ауысымдағы оқу және апатты мектептерді жоюға, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлерді өңірге тарту мәселесіне байланысты ойлар айтылды.
Амандық Баталов тұрғындар алдында есеп берумен қатар, өзі көріп жүрген бірқатар проблемаларды да айтып, оны шешу жолдарын ұсынды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы саласында кооперация бойынша жұмыс тым баяу жүруде. Екіншіден, Алматы және Талдықорған қалаларының айналасында азық-түлік белдеуі тиісті деңгейде құрылмаған. Жекелеген аудандарда орта және шағын бизнесті дамыту субъектілері көңіл толтырмайды. Жаңа форматтағы рынок жоқ. Облыс аумағында күн сайын 800 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады. Алайда, күл-қоқысты қайта өңдейтін зауыт салынбаған.
Қорыта келгенде, алда атқарылар жұмыстар әлі де аз емес. Сондықтан, қолда бар мүмкіндікті ұтымды пайдалану баршаның төл міндеті болып саналады.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы