• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Қорғаушы ма, қорлаушы ма?

329 рет
көрсетілді

Прокурор адвокатты не үшін жазаға тартуды сұрады деген мәселе төңірегінде ойландыратын тұстар аз емес

Жаптым жала, жақтым күйе

Он екіде бір гүлі ашылмаған мек­теп оқушысын зорлау оқи­ғасы М.Жұмабаев ауданында орын алған еді. Шағын ел­ді мекенде орта мектеп бол­мағандықтан, Валяның әке-ше­шесі қыздарының оқу­ды Бу­лаево кентінде жал­ғас­ты­руын жөн деп шешкен. Осын­дағы көп ба­лалы туыс­тарында тұрудың ың­ғайы келмегендіктен, бір та­нысының үйіне ор­на­лас­тыр­ған. Табиғатынан то­маға- т­ұй­­ық қыз баланың жаңа ортаға бір­ден үйренісіп кете алмай, өзін саяқ ұста­ға­нын сот материалдары да, куә­гер­лер де ай­ғақтайды. Ауылдан ұзап шық­па­ған оны қаланың өзгеше өмір сал­ты қы­­зық­тырды ма, әл­де елік­теушілік пе, ел­­ден ерек­шеленіп, жарқырай киі­ну­ді сән көрген. Алайда, жүріс-тұрысынан, м­і­нез-құлқынан ешқандай оғаш­т­ық бай­қалмаса да, сы­нып­­тастары басқаша ой­ға жорып, бойларын аулақ салуға ты­­­ры­сқан. Мектеп мұғалімдері де, әлеу­мет­тік педагогтар да бей­та­ныс ортаға тап болған оқу­шының оқшаланудан, жа­­ты­р­қаудан арылуына, өз орнын табуы­на мүмкіндік жасап, қа­мқорлық-кө­мек көрсетудің орнына санда бар бол­ған соң са­натта жүргенін қанағат ету­мен шектелген тәрізді. Булаево – қа­ла мәртебесін иеленеді де­­­месең шағын кент­тердің бі­­­рі. Тұрғындар тонның іш­кі бауындай араласпаса да, бір-бірін жақ­сы таниды. Сол сияқ­ты Валяның ата-ана­сы да бұрыннан білетін үй ие­сінің ішім­дікке үйір екенін біл­меуі мүмкін емес. Ондай са­нат­та­ғылардың «арпа ішін­дегі бір би­дай» құсап көзге тез тү­се­ті­ні, тәр­тіп сақшылары назарына лезде ілі­гетіні бар. Жұртшылық арасында әрқилы пікір ту­дырған оқиға кәмелетке толмаған қыз­дың жанына айықпас жара салып, бұдан былайғы өмірін мүлдем өз­гертіп жіберді. Сол күні оның жас­тайынан кесел болып жабысқан де­мікпе ауруы сыр беріп, дәрігерге қарал­ған соң пәтерге оралады. Келсе, үй ие­сінің бір бейтаныс жанмен арақ ішіп отыр­ғанын көреді. Сотта 23 жастағы жі­гіт­тің өзі­нің анасындай әйелмен бір­ге тұратыны анықталады. Адам­гер­ші­лік қа­сиеттерден жұр­дай екіаяқты қор­қау­дан бә­рін күтуге болатынын оқу­шы қыз, әрине, білмейді. Бірақ аш қа­сқырша жалаңдаған нәп­сі­құ­марлық көзқарасынан сес­кеніп қалады. Есікті іштен ор­ын­дықпен тіреп қойып, көпке дей­ін елегізіп ұйықтай алмайды. Түн ортасы ауа бөтел­ке­ле­сінің ауыр ұйқыға кеткенін бі­­ліп, арам ойын іші­не бүккен за­лым көрші бөлмеге қа­рай ұм­тылады. Есікті бұзып кіріп, не керек, аққа қара дақ салып тынады. Сот-сараптама қо­ры­тындылары көр­сет­кен­дей, қар­шадай қыздың қарс­ы­лығын ба­су үшін бірнеше ауыр дене жа­ра­қатын са­лады. Бас-көз болып жүр деп сеніп тап­сырған үй иесі болған оқиғаны тиісті орындарға хабарлаудың орнына, абыройы айрандай төгілген қыздың өзін кінәлап, еш­кімге айтпауға көндіреді. Өң мен түстің арасында мең-зең қалпы қалған ол қапелімде не дей қойсын? Көңіл-күйі мен ұнжырғасының мүлдем түсіп, өңінің өліктей бозарып жүргеніне мектептегілер назар аудара қоймайды. Әке-шеше тарапынан да жылы қабақ танытылмайды. Жан азабын күшпен қанша тежесе де, ар-ұятына ие бола алмайды. Ішке шемен болып қатқан мұң-шерін немере ағасына ақтарып, көз жасын көлдей етеді. «Ауру­да шаншу жаман, сөзде қаңқу жа­ман». Жұртшылық оған дейін-ақ ел ішін алатайдай дүр­ліктірген оқиғадан құлақ­та­нып, сыпсың сөз тарап кеткен еді. Үй иесінің сөзіне алданып, жасырып келгені оның басына таяқ болып тиді.

Өлімнен ұят күшті

Зорлау фактісі бойынша Қыл­мыс­тық кодекстің 120-бабына сәйкес іс қоз­­ғалғанын біле тұра, айыпты тарап бей­біт түрде мәмілеге келудің жол­да­рын іздестіріп, алайда, бұл әре­кет­терінен түк өнбегеннен кейін «жақ­сы қорғаныс – шабуыл» дегендей, жас қыз­дың нәзік жанын жаралайтын ғай­­бат сөздерді қарша боратады. Мә­се­­лен, дене шынықтыру мұғалімімен тө­сектес екен деген сықылды әң­гі­­мелер де таралды. Валяның бұ­ған дейін пәк екенін, ешқандай жы­ныс­тық қатынаста болмағанын дә­лелдейтін психологиялық-пси­хиат­рия­лық, медициналық сараптама қо­ры­т­ын­дылары жала жабу науқанын тоқ­тата ал­мады. Жарайды, «ит үреді, керуен көше­дінің» кері делік мұны. Ал болған оқи­­ғаны боямалап көрсетіп, мек­теп оқушысын жеңілтектікке, же­ңіл­­жүрістікке телушілердің жуан орт­а­сында зорлаушының адвокаты жүр­уі ақылға сыйымсыз көрінгенімен, фактінің аты – факт! Көлденең көк аттылардың бірі адамгершілік арынан аттап жатса, «е, қойшы соны, өресі жеткені сол да», деп қолды бір сілтей салуға болар еді. Құзырлы соттың биік мінбесінен ауыр айыптардың айтылып, оның соңы неге соқтырарын сорлап қалған қыздан басқа ешкім білмеген. Жабық жағдайда өткен сотта прокурор Максим Доровик бұлтартпас айғақтар негізінде күдіктінің қылмысын дәлелдеп бергеніне қарамастан, қорғаушы, керісінше, оны зардап шегуші ретінде ақ­тап алудың, жауапкершіліктен құт­қа­рудың небір айла-шарғыларын ойлап тапты. – Ол үшін Валяны барынша жағ­ым­сыз жағынан сипаттап, сабақ үлгерімі төмен, тәртібі нашар, өтірікші, жеңілтек оқу­шы ретінде көрсетуге тырысты. Тіп­ті, оны куәгерлердің Валя жайлы айт­қан араша сөздері де еш ойландырма­ды, – деген зардап шегушінің адвока­ты Светлана Кормщикова тергеуалды шараларының әу бастан дұрыс жүр­гі­зілмегенін айтты. Қоғамдық ортадан қа­ға­жу, көзтүрткі көрген, моральдық қол­дау таппаған қызға тергеушілікке ер азаматтың белгіленуі, сұрақ-жау­ап алу про­цесіне психологтың қ­а­тыс­ты­рыл­мауы, адвокат тарапынан сот әдебінің өре­скел бұзылуы ауыр соққы болып тиген. Дәлелсіз айыптауларға прокурор да шыдай алмаса керек, Ар-намыс кодексін бұзған адвокатты жауапқа тартуды талап етіп, сотқа шағым түсірген. Біз осы мәселе бойынша облыстық прокуратураның екінші басқармасының же­текшісі Бақытжан Сәдібековпен сөйлескенімізде, адвокаттың іс-әре­ке­ті­­не байланысты сот жеке қаулы шы­ғар­­мағандықтан, шағым түсіру құқығы жоқ­тығын, тек адвокаттар алқасынан әкімшілік шара қолдану сұралғанын жет­кізді. Қылмыстық іс бірнеше мәрте қыс­қартылып, тергеушілер ауыс­ты­рылған. Мұның бәрі кәмелетке толмаған жасөспірімнің жан күйзелісіне айтар­лық­тай әсер еткені анық. Маман­дан­­ды­рылған ауданаралық соттың үкі­мі­мен күдікті кінәлі деп табылып, 13 жыл­ға бас бостандығынан айырылғанын Валя ести алған жоқ. Ары аяққа тапталып, жүй­кесі сыр берген оқушының жа­рық дүниемен қоштасудан басқа амалы қалмаған еді. Өзіне өзі қол сал­ған ол «мен бұлай өмір сүре алмаймын» деген бір жапырақ хат қалдырып, өзі­нің кіршіксіз адалдығын ажалмен дә­лелдеген. Кінәлінің адвокаты шы­ға­рылған үкіммен келіспей жоғары инс­танцияға талап арыз түсіруі заңдық тұр­ғыдан дұрыс-ау. Ал адамгершіліктің қай қалыбына сыяды деген сауал туса, кі­­бір­тіктеп қаларымыз кәдік. Жас қыз­дың ащы өлімі мұз жүректі жібіте ал­ма­ған сияқты. Жақында М.Жұмабаев ауданының про­­куроры Арман Нұртазиннен біл­ге­ні­міз­дей, қылмыстық құрамның болмау­ына байланысты іс қысқартылған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы, М.Жұмабаев ауданы