Қазақ пен жапон ертеден етене туыс халық-ау... Біз олардың елдігіне сүйсінсек, олар біздің кеңдігімізге алғыс жаудырады. Екі үлкен халықтың қойлары қоралас болмаса да, ойлары аралас. Оған кескін-келбетіміз бен түр-тұрпатымыздан бастап бірнеше тарихи оқиғаны куәлікке тартуға болады. Мәселен, Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары ел басына қиын-қыстау заман орнаған шақта жапондықтардың «Мэйдзи жаңғыруын» негізге ала отырып, жапон үлгісіндегі ұлттық мемлекет орнатуға жоспар жасады. Бұл – бір.
Екіншісі – Ақтас пен Ахико.
Ахикомыз – Ақтасқа жер аударылып келген жапон. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Жапония парламентінде сөйлеген сөзінде Қазақстанда тұрып жатқан жапон әскери тұтқыны – Ахико Тэцуроның тағдыры туралы баяндады. Осы – Ахико Тэцуро жайлы. Онда Елбасы «Қарағанды қаласының іргесіндегі Ақтас кентінде ҚарЛаг қасіреті мен екінші дүниежүзілік соғысты көрген қария тұрады. Жасы сексеннен асып кеткен. Он бес жасында императорлық әскери оқуға қабылданып, соғыс уақытында кеңес еліне тұтқынға түскен. Оған жергілікті қазақтар қолдарынан келген жәрдемін көрсетіп, соңғы нанын бөліп берген. Сондықтан да ол Қазақстанды өзінің екінші Отаны есебінде қабылдап, осы өлкеде қала береді», деді.
Ахико туралы былтыр М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Арқа төрінде «Ақтастағы Ахико» атты үш эпизодты драманың тұсауын кесті. Не керек, аңыз Ахиконы алты Алаш алақанына салып аялады, сонда. Аялайтындай-ақ. Қаншама қиындықтарды басынан өткеріп, ҚарЛагтың қапасында қан жұтқан шақтардың тұманы сейілген уақытта ол туған еліне көшу туралы шешім қабылдап, көшіп кеткенімен, Жапонияда ұзақ тұра алмай, араға біраз уақыт салып, Ақтасына, Арқасына,
Қазақстанына қайтып оралады.
Оны Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жапон парламентіндегі сөзінде:
– Ол өзінің тарихи Отанына оралса да, бәрібір біздің елімізге қайтып келді. Қазір отбасымен бірге Қазақстанда тұрып жатыр, – деген болатын.
Елбасының ерекше ықыласы ауған ақсақалды жоғарыда аталған драманың тұсаукесерінде алғаш жолықтырдық. Сұхбаттасудың онда сәті түспеген. Шындығында, қаумалаған жұрт мүмкіндік берген жоқ-ты...
Алайда, жақын күндерде Ақтасқа арнайы ат басын бұрып, ақсақалға сәлемдесуге бардық. Барсақ, Ақтастың кішкене көшесінде өзі қатарлас корейі бар, неміс-орысы бар, бірнеше қария шекілдеуік шағып (өзі ұнатады екен), әңгіме-дүкен құрып отыр. Орайлы сәтті оңтайлы пайдаланып, Ахико ақсақалды әңгімеге тарттық. Атамыз сұхбатқа сараң болғанымен, алғысқа жомарт екен. Алғы сөзі алғыстан басталды.
«Білесіздер, Елбасы жапон парламентінде менің есімімді бірнеше рет атап өтті. Алғашында мені қайдан біледі деп таң болдым... Қилы тағдырымды жапониялықтарға қисынын келтіріп жеткізген уақытта көзіме еріксіз жас алдым... Кейінде көркем туынды дүниеге келіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде сахналана бастаған тұста жас-кәрінің бірі қалмай бүкіл қазақ театрға ағылды. Елбасының зор шарапаты мен мол шапағатын сонда қатты сезіндім. Елбасынан бастап, Алты Алашқа алғысым шексіз!», дейді Ахико Тэцуро ақсақал.
«Ақтастағы Ахико» драмасының шарықтау шегіндегі сөз – менің көкейімдегі сөз. Алғыс жырымды актер «Мен өзіңе қайтып оралдым, Қазақстаным! Өз Отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан. Төсі – шалқақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат Қазақ елі – енді менің елім; ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен – енді менің Отаным!» деп тура жеткізді», дейді Ахико.
Ақсақал және алғысын тар тауқыметті өзімен бірге тартқан қазақ достарына айтады. Тұтқыннан босатылғаннан соң, 122-ші кеніште еңбек ете бастаған тұста, жаңа өмірде шахтерлердің достығы мен бауырмалдығы қатты көмектескен. «Кейін темір-бетон зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп, сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Тағдырымның Қазақстандай бірлігі жарасқан елмен тоғысқанына ризашылық етемін», дейді.
Сөз арасында Ахико Тэцуро өзі жайлы толық ақпараттың алғаш рет 2011 жылы ҚарЛаг тақырыбын зерттеуші Нұрлан Дулатбеков бастаған бір топ ғалымдар құрастырған «Қарағанды облысындағы жапон тұтқындары» кітабында үш тілде жарық көргендігін айтты. Аталмыш спектакль де сол кітап желісі негізінде дүниеге келген екен. Автор мен басты кейіпкер кейінде бір-бірімен туыстай болып кеткені де рас.
Аңыз қария 1930 жылы Оңтүстік Сахалинде дүниеге келіп, он бес жасында тұтқынға түскен. Небір қиындықтарды бастан өткеріп, 1954 жылы ақталып шығады. «Сол жылдары Ақтас кентінде отандастарымның саны әжептеуір болатын. Олардың барлығы елге қайтты, ал мен қазақ жерінде отбасын құрып қалып қойдым», дейді.
Зайыбы Елена Тэцуро да өз кезегінде:
– Жапониядағы туыстарымызға барып тұрамыз. Бірақ ол жақтың ауа райы Ахиконың денсаулығына жақпайды. Отбасымызбен осында тұрып жатырмыз. Кезіндегі таңдауымыз да осы болды. Ахико Қазақстанды Отаным деп санайды. Бүгінде 11 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасымыз. Қазақ жерінде өзімізді еркін сезінеміз. Жапонияға барсақ өзімізді қонақ сезінеміз де, Қазақстанды үйіміз деп есептейміз. Қазақтың даласынан бастап баласына дейін кең. Біз сол кеңдікке алғыс айтамыз, – деп қазақтарға деген ризашылығын білдірді.
Біз сұхбат алуға емес, алғыс естуге барғандай күй кешірдік. Ахиконың ақиқатындағы алғыс феномені осылай тарқатылды. Ахико қазаққа алғыс айтып отырды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ