Қарағандыда Геннадий Головкин атындағы спорт кешені ашылады. Ондағы секциялар мен залдардың барлығы тегін жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атқарушы билік дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің есімін беру туралы шешім қабылдаған.
Бүгін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Ол жерде ауыр атлетика залы, баскетбол, волейбол, шағын-футболға арналған әмбебап спорт залы, 25 метрлік бассейн және бокс залы орналасатын болады.
«Нысанды пайдалануға берер кезде жаттықтырушылардың барлық ескертпелері мен тілектерін есепке алуды тапсырамын. Сондай-ақ, спорт залдардың халықаралық стандарттар мен талаптарға сай болуын жүктеймін. Бұл жерде түрлі деңгейдегі сайыстар өткізілетін болады», – деп мәлімдеді Асылбек Дүйсебаев
Сондай-ақ, Дүйсебаев құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жылдам жүргізуді тапсырды.
Аталмыш нысан «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Оның құрылыс жұмыстарына облыстық және қалалық бюджеттің қаржылары кезең-кезеңімен бөлініп жатыр. Спорт кешенінің ашылуы осы жылдың көктеміне жоспарланып отыр.
Өткен жылдың қыркүйек айында құрылыс алаңына боксшы Геннадий Головкин келген болатын. Ол құрылысшыларға спорт кешеніне келушілердің жағдайын жасауға және жаттығуларын ойдағыдай өткізу үшін бірқатар талап-тілектерін айтқан.