Биыл Қазақстанның әлемдегі ең беделді құрылым – Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Дәлірегі, еліміз 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ға мүшелікке өткен-ді. Міне, осы атаулы күн қарсаңында Қазақстан делегациясы Женевада (Швейцария) болған БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (БҰҰ АҚК) мен Қарусыздану жөніндегі конференциясының жоғары деңгейдегі отырыстарына қатысты.
Үстіміздегі жылғы 28 ақпан – 1 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Жоғары деңгейдегі сегментінің және Қарусыздану жөніндегі конференцияның жұмысына қатысу мақсатында Женевада болды. Қ.Әбдірахманов 28 ақпан күні БҰҰ АҚК-нің отырысында қатысушылардың алдында сөз сөйлеп, адам құқықтары саласындағы Қазақстанның басымдықтары мен мақсаттарын атап көрсетті. Нақтылай айтқанда, Қазақстан Сыртқы істер министрі қатысушылардың назарын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес елімізде орын алып жатқан демократияландыру үдерістеріне аударды.
Сонымен қатар, министр Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қызметі туралы баяндай келіп, Елбасы ұсынып отырған Президент өкілеттіктерінің бірқатарын Парламент пен Үкіметке беру «Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруда және оны қазіргі заманның талаптарына сай бейімдеуде маңызды қадам» болуы тиіс екенін баса айтты. «Бейбітшілікті, қауіпсіздікті және дамуды қамтамасыз етпей, адам құқықтарын қорғау мүмкін емес. БҰҰ қызметі осы үш маңызды ұстынға негізделген, олар өзара байланысты және бір-бірін толықтырады», – деді министр.
Қайрат Әбдірахманов жиын барысында еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып қабылдануы жоғары жауапкершілік жүктейтінін, сондай-ақ, жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі БҰҰ-ның рөлін күшейту бағытындағы қазақстандық бастамалар мен ұсыныстарға әлемдік қоғамдастықтың зор сенімін көрсететінін жеткізді. Осы арада айта кетейік, Қазақстан-БҰҰ қарым-қатынасының 25 жылында тараптар өзара ынтымақтастықты жоғары деңгейде дамыта білді. Демократия жолын ұстанып келе жатқанын еліміз адам құқықтары саласындағы негізгі әмбебап құжаттарды ратификациялады және ұлттық заңнаманы олардың ережелеріне сәйкестендіру мәселесін үнемі назарда ұстап келеді.
Сонымен қатар, басқосуда Қазақстанның жаһандық тұрақты дамуға қол жеткізу ісіне өз үлесін қоса беретіндігі айтылды. Осы ретте, баламалы энергияны дамыту мен климат өзгеруінің салдарларын азайтуға бағытталған «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмеcінің 2017 жылдың жазында Астанада өткізілетіні атап көрсетілді.
Осы күні Қ.Әбдірахманов БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясында сөз сөйледі. Ол өз кезегінде халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымдарын жеткізді. Бұдан бөлек, министр аталған форумның қарусыздану үдерісіне елеулі үлес қосуға қабілетті екенін атап өтті. Министр ядролық қарусыздану ісі бойынша Астананың ұстанған бағытын айта келіп, аталған мәселе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси Үндеуінде айқын көрсетілгенін көлденең тартты. Сондай-ақ, министр қатысушылар назарын Президент Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің негізгі қағидаларына аударды.
Сапар барысында, Сыртқы істер министрі БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Зейд Раад Әл-Хусейнмен, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Михаэл Мёллермен, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Кристиан Фриис Бахоммен, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведомен және Дүниежүзілік экономикалық форумның атқарушы төрағасы Клаус Швабпен екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан Де Мистурамен кездесуі барысында сұхбаттасушылар Сириядағы ахуалды реттеу бойынша осы күндері Женевада өтіп жатқан келіссөздердің барысын талқылады. Тараптар Сирия дағдарысын келіссөздер арқылы шешу ісінде Астана процесінің маңыздылығын сөз етті. Бұлардан бөлек, Қ.Әбдірахманов Швеция, Украина, Испания, Моңғолия, Венгрия, Латвия, Бельгия, Словения, Непал, Австралия, Албания сыртқы саясат ведомстволарының басшыларымен және Уругвай мен Кипр сыртқы істер министрлерінің орынбасарларымен жүздесті. Бұл кездесулерде екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі, сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі ескеріле отырып, әлемнің күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелер талқыланды.
Қорыта айтқанда, бұл жолғы сапар барысында Женевадағы беделді үнқатысу алаңдарында адам құқықтарын тиімді жүзеге асыру бойынша Қазақстанның кешенді қызметі мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық бітімгерлік бастамалары жан-жақты сөз болды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ұстанымдарын халықаралық қоғамдастықтың жете түсуіне мүмкіндік берді.