• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Тұрмыстық мәдениет деңгейі қандай?

669 рет
көрсетілді

«Театр киім ілгіштен басталады» деп өнердің қасиетті ордасындағылар киім ілгішке дейін мән бәреді. Сол тәрізді жалпы қоғам мәдениетінің деңгейін көрсететін, былай қарағанда онша мән беріле бермейтін, ал сырт көзге тым оғаш, көзге ұратын жайт­тар көп-ақ. Мемлекет және қоғам қайраткері, абыз ақсақал Өмірбек Байгелдіден алған «...Бесгіңді түзе» атты сұхбатта ол кісінің Токиода бұрын біздің елімізде оқыған жапон қызының айтқанын келтіргені бар. Сонда шетелдік «Бірінші, сіздердің қонақжайлылықтарыңыздың арқасында көп үйлерден дәм таттым. Біздің жапондардың ең байы үй ішіндегі дүние-бұйымдарды ондай жинамайды. Сонда көріп, ой өте бай тұрады екен ғой, керемет қой деп ойлайсың. Ал сол пәтерге көтерілерде баспалдақпен өрлеп келе жатқаныңызда сызып, ши­май­ланған, шашылып, шаң басқан ыңғайсыз көрініске кез боласыз. Сосын сіздердегі бір ұят мәселе дәрет алып, жуынатын жерлеріңіз екен. Жапондар оны жалтыратып қояды, күніге бәлен рет жуылып, орамалдарын сайлап, жуы­натын сабынын дайындап, оның тазалығына үлкен мән береді, ең күтіп ұстайтын жерінің бірі сол. Ал сіздерде қаладағы қоғамдық, әсіресе, сырттағы, жол бойындағы әжетханалардың ішіне кірмек түгіл, маңайынан жүре алмай­сыз. Оған аяқ аттап басуға мүмкін емес», деді. Содан, мен елге оралған соң, жол бойындағыларына әдейі барып көр­дім. Көргенім ол айтқаннан да жа­ман болып шықты. Қазір жолаушы көбейді, адам тоқтамай тұрмайды, ал оның арасында шетелдік туристер, іскерлер қарасы молайды. Мұндай әжетханаларды көріп тұрып олардың біздің елді мақтай қоймайтыны айдан анық. Сондықтан бұл бүгін демей, ертең демей тезірек қолға алып, тәртіпке келтіретін жұмыс екен», дегені бар. Жуырда Жетісайда (Оңтүстік Қазақ­стан облысы) құны 3 миллион теңгелік қоғамдық дәретхана салыныпты. Сол сан-саққа жүгірген әңгіменің тақы­рыбына айналды. Жақтағандар да бар, даттағандар да бар. Мәселен, әлеуметтік желі белсендісі Дәулет Серікбайдың «Әсіресе, көшеде жүргенде қиын, қайда барарыңды білмейсің, ақылы ондай орындар көбейсін, бағасы тым қымбаттамасын», дегенін жур­налист Жомартбек Нұрманов қол­дап, «Дәретха­на – ағзадағы ас қоры­тудан қалған қалдықтарды, бүйректен сүзілген зәрді шығаратын орын ғана емес, дәрет ала­тын, жеңіл-жел­пі жуы­нып, үсті-басыңды ретке кел­тіретін, айнасы мен суы бар таза орын болуы керек. Қазір ауыл мәде­ниеті де жаңа деңгейге көтерілді. Ауыл­дықтар да септик орнатып, оны үйдің ішіне кіргізіп жатыр. Дәретхана да монша сияқты, тазалану нысаны болуы керек. Сондықтан, бұл күлкіге айналдыратын тақырып емес. Дәулет Серікбай соны басқа қырынан сынға алып отыр. Көшелерде, көпшілік көп шоғырланатын орындарда, дәмхана, асханаларда дәретхана (әжетхана емес) болуы міндетті. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпайық. Ауыл мек­­теп­теріндегі дәретханаларды ішке ен­гізу қажет. Және ол суы бар, таза бо­луы керек», дейді. Қарсыластар да бар, ондайлар септикке кеткен қайран ақша-ай, сол ақшаны шын мұқтаждарға берсейші одан да, деп ақшаның тым көп жұмсалуына күмәнмен қарайды. Қаражаттың жұмсалуына қатысты Астанада жабық аялдамалар салынғанда да біраз сөз болған. Осы күнге дейін 30 шақтысы пайдалануға беріліп, қала тұрғындарына Арқаның суық қысында тамаша ық, пана болуда. Әрқайсысының орнауына шамамен 7 миллион теңге жұмсалыпты. Бір қарасаң, қыруар ақша. Бірақ, жаурап, суыққа ұрынып, қаншама адамның денсаулығына келетін зиянын ойласаң, кеткен қаражат дәл өз орнына жұмсалғандай көрінеді. Дәретхана да сондай қажеттілік. Ол –тазалық, ол – денсаулық. Дәрігерлер түрлі жұқпалы аурлардың басым бөлі­гінің санитарлық-гигиеналық таза­лықты сақтамаудан болатынын айтады. Және ол – мәдениет. Неше жерден асыл тас тағынып, қымбат киім киіп, неше түрлі ілім-білімді игер, өнерлі бол, ал барар жерің жиіркенішті болса, онда сенің мәдениетіңнің деңгейі де сондай болғаны. Жоғарыда айтқандай, әсіресе, жолға шыққан жолаушыға өте қиын. Аяқ басар жер таппай, иісі әлемді алған дәретханаға әзер кіресің. Қанша жерден сүртініп-қағынып шықсаң да әлгі иіс сенімен еріп шыққандай өз-өзіңнен жи­ре­несің. Тазалығын, мәдениетін айт­­па­ғанда, мұсылманшылық жолда сондай лас жерлерде жын-пері атаулы орнығады дейді. Бойыңа жабысып шықса қалай құтыларсың. Бағасы қым­баттау екен демесе, Жетісай жұрты үлгі көрсетіпті. Желге ұшпай, шекарадан асырылып қымқырылмай, ел ақшасы өз кәдесіне жараса, кәне. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»