• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2017

Мамандар сұранысқа сай даярланады

182 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жол­дауында еліміздің өнді­ріс орындарына техника­лық кадрлар әзірлеу мәселесіне айрықша маңыз берілген. Мұның өзі Ақтөбе секілді рес­пуб­ликамыздың өндірістік өңір­леріне тың міндеттер жүктей­ді. Біз қазіргі кезде Жолдау­да айтылған мәселелерге орай кешенді іс-шаралар жобасын жасақтауға ден қойып отырмыз. «Бұл ән бұрынғы әннен өзге­рек» дегендей, жобаның бұған дейінгі осы тектес жоспар­лар­мен салыстырғанда түбегейлі өзгешелігі бар. Басты сипаты жаңа өндірістерге кәсіби маман­дар әзірлеуге бағытталған. Осы арқылы кәсіби білім беру жү­йесіне соны серпін беруге бағ­дар ұстаудамыз. Техникалық арнаулы оқу орнын бітірушілер нәтижелі жұмыспен қамтылмаса, есіл еңбек пен уақыт, мемлекет қаражаты босқа кетті дей беріңіз. Мақсатымыз – мұндай жағдайға жол бермеу. Жұмыспен қамту ұғымының ауқымы кең. Әрі осы арқылы жұмыссыз азаматтар­дың табысын молайтуға мүмкін­дік туады. Өңірде бұл бағытта қолға алынған бағдарламаны екі бірдей өте қажетті жағдайда жүзеге асырғанды жөн көреміз. Мұның біріншісі – еңбек нарығы мен тиісті сұраныстарға қажетті мамандарды даярлауды көздесе, екіншісі жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өткізуді мұрат тұтады. Бұған өңір­дегі арнаулы кәсіптік білім беру орындарының мүмкіндігі мен материалдық-техникалық жағдайы жеткілікті. Олар әр­түрлі кәсіби мамандықтар мен біліктілік талаптары бойын­ша әзірленеді. Оның ішінде Прези­дент Жолдауында айтылған жаңа кезең талаптарына орай 24 мамандықты екі деңгейлі оқыту модуліне ауыстыруды ойластырып отырмыз. Мұның мәнісі – оқушы-студент жұмыс­шы мамандығын екі немесе одан да жоғары біліктілік бойынша тегін оқи алады. Бұдан әрі не істеу керектігін өзінің қалауы біледі. Тіпті, конкурстық негізде орта буын маман ретінде оқуын одан әрі жалғастыруға да то­лық еркі мен құқы бар. Сөзіміз жалаң әрі құрғақ болмас үшін, бұған бір мысал келтіре кетуге болады. Айталық, Ақтөбе өнер­кә­сіптік технологиялар мен бас­қару колледжінде токарьлық іс пен металл өңдеу мамандығы бойынша токарь мен станокшы да­йындалады. Яғни, алдағы кезде модульді бағдарлама бойынша мұндай мамандықтардың өрісі одан әрі өсе түседі. Алдымызда тұрған міндет ауқымды да күрделі. Осыған орай бейінді бағдарламаларды өндіріс орындарымен бірлесіп әрі кеңесе отырып талдауға баса мән берудеміз. Облыста экономика мен жаңа бизнес жобаларының кеңінен қанат қағуына орай, кадрлар ресурсының қажеттілігі туындауда. Кәсіптік білім беру­дің өзектілігі осы арқылы тағы да айқын көрінеді. Қажетті­лік­терді өтеуді үш дерек бойын­ша жүргізгенді қолайлы көре­міз. Оның біріншісі бейінді бағдар­ламалар деректеріне негізделсе, екіншісі әлеуметтік әріптестер мен оқу орындарынан алынған ақпараттарды қамтиды. Ал үшін­шісі «Атамекен» кәсіпкер­лік палатасының дереккөздері­не арқа сүйейді. Әңгіменің ашы­ғын айтқанда, биылғы жыл жаңа мамандықтарды игеретін жыл болмақ. Бұл бағытта ма­те­риалдық-техникалық база­ның деңгейін көтеру үшін облыстық бюджеттен қосым­ша 250 миллион теңге қарас­ты­­рыл­ған. Бүгінде тегін кәсіп­­тік-техникалық білімді ен­гізу бойынша жоспарымыз да­йын. Мұнда бірінші кезекте оқу орындарының тізімі мен бі­лік­тілік бойынша бері­летін ма­ман­дық түрлері сара­лан­ған. Жоспар, кестеге сәйкес жо­ға­ры­да аталған екі деңгей­лі оқы­ту мо­дулі бойынша өнді­ріс­тің әр са­ла­сынан 4600 адамды оқу­мен қам­ту белгіленген. Түйіп айт­қан­да, Елбасының бас­та­ма­сы бойынша іске асырыла бас­та­ған баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру жобасының ертеңі жарқын. Оны енгізу бағ­дар­ламасына ынта қоя білсек, айтар­лықтай қиындық кел­тір­мейді деген ойдамын. Тек барлық тетік­тері мұқият зерделеуді қажет етеді. Аталған жобада мемлекеттік тапсырысты бөлу деген арнайы тапсырма бар. Айқын ұстаным таныта білудің қажетті бір тұсы да осы мәселе болып табылады. Әрине, бірінші кезекте жұмысшы мамандығының үлесі қомақты болуы керек. Біз мұндай топтағы оқушыларды жатақханамен, стипендиямен және ыстық тамақпен қамту бағдарламасын жасадық. Ең күрделісі, жатақхана мәсе­лесін шешу екені белгілі. Бұл істі аяғына дейін жеткізу үшін өңірдегі байланыс және поли­техника колледждерінің жатақ­ханаларына күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Қандыағаш пен Шалқар колледждері жатақханаларын кеңейту шаралары белгіленді. Дегенмен, бұл мәселеде бәрі бірдей өз шешімін тапты деген ойдан аулақпыз. Әлі де атқар­ы­лар жұмыстар аз емес. Сәуле ӨМІРБЕКОВА, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ақтөбе облысы