• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2017

Көктемді сездірген керім кеш

369 рет
көрсетілді

Елордаға көктемнің ерте келгенін осы концерт үстінде сезінгендей болдық. Күйсандықтан төгілген әуезді саз әсем үнмен үйлесіп, ішкі әлемді мақпалдай жұмсақ әуенімен әлдиледі. Көктемнің өзі іштей ыңылдай айтқан, көкейде бұлбұлдан бұққан ән екен ғой деген байламды ойға берілесің. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде болған "Көктем сезім" атты концертте дәл осындай сезімді бастан кешіргеніміз рас еді. Бұл кеште жеке концерт иесі, опе­ра әншісі Кенжеғали Мыр­жық­ба­ев қазақ, шетел ком­по­зи­тор­ла­ры­ның көктем, махаббат, əйел­дер­ге арнап жазылған во­кал­дық шы­ғармаларын орындады. Зал толы жасы, жасамысы бар кө­­­­рер­мен бұл жолы әнмен ғана су­сын­дамай, әншінің жарасымды әзі­лі мен табан астында суы­рып айт­қан тап­қыр шумақтарына езу тар­тып, жа­ды­­рап отырды. «Әзіл түбі – зіл» де­мек­ші, әнші атақ­ты «Қар­лығаш» әнін орындағаннан кейін, көкейіндегі мұ­ңы­мен де бөлісуді ұмытпады. «Мысалы, – деді профессор Кенжеғали Тұр­сын­бекұлы, – әнеубір төрт қыз осыны Ахаңның – Ахмет Жұбановтың кө­зін­ше айтса, автор өз әнін өзі танымай қалар еді-ау...». Фонограмма мен жанды жеп ай­татын жанды дауыс арасындағы жер мен көктей алшақтық жайы да сөз болды бұл кеште... Әнші мен әнсүйер қау­ым ара­сын­­да әдемі бай­­ланыс орнаған еді. Автор концертте əр орындаған шы­­­­ғар­маның атауын, қай ком­­­по­зи­­­тор­­­дікі жə­­не сөзі кім­­дікі еке­нін ата­­­ған адамға өзінің CD күй­та­ба­ғын сыйға тартып отырды. Көрермен қауымның періште пейілінен қуат алған әнші әрбір әнін аруларға деген ізетпен, аналарға деген құрметпен әспеттей ұсынды. Содан болар, дегдар тыңдарман маэстроның жанды дауыспен нақышына келтіре орындаған дү­ние­лерді жүрек қақпасын айқара ашып қабыл алды. Ықыласпен соғылған алақан, рояльдің үстін жау­­ып кеткен құшақ-құшақ гүл­дес­­­те осының айғағы еді. Бұл кеш­­­те Сыдық Мұхамеджановтың «Қыр­­­манға кел, қал­қатайынан» бас­тап отызға жуық ән орын­далды. Кон­­церттің соңғы нүктесі, әри­не, «Нұр­икамалмен» қойылды. Рояль де­мекші, әншіні сырлы сазбен сүйе­­мелдеген Любовь Глинканың да сау­сағынан айналдық. Көзді ашып-жұмғанша өте шық­қан керім концерттің со­ңын­да сахна төріне аталған оқу ор­нының проректоры Дихан Қам­забекұлы, профессорлар На­ма­залы Омаш, Тұрсын Жұртбай жә­­не Қаржаубай Сартқожаұлы кө­теріліп, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген әртісі, аталған оқу орнындағы «Кәу­сар» мәдени-танымдық бір­лес­тігінің жетекшісі Кенжеғали Мыр­жықбайға асыл өнері үшін ал­ғыс айтты. Әйдік әнші үшін ЕҰУ-дің құс­тың ұясындай ғана залы тарлық ете­тіндей көрінді. Құлашты кеңге сер­мейтіндей кеңдеу зал, биік сах­наға шығатын кез жеткен сия­қты. Өй­ткені, классикалық дүние сұ­ра­ныс­тан кенде болған емес. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА