ОЛ БІЗБЕН БІРГЕ, ХАЛҚЫМЕН БІРГЕ
Түн ортасындағы мезгілсіз телефон қоңырауынан секем алған жүрегім арғы жақтан: «Аға-ау, папамнан айырылып қалдық қой», деген Сейіттің кенжесі Зейіннің өксікті дауысын естігенде атқақтап алқымыма тығылып, тынысымды тарылтып жіберді. Мәңгіріп отырып қалдым. Жандүниемнің түпкірінде әлдене үзіліп түскендей, көкірегім удай ашып, көзіме жас үйірілді. Туралап келген ажалдың бұлтартпай салған бұғалығына бой бермей, апта бойы асаудай арпалысып, бұлқына соққан алып жүректі тоқтады дегенге сенгім келмейді. «Қой, мүмкін емес», деймін іштей күбірлеп. Көз алдыма тел қозыдай тең өскен құрдасымның, сыралғы дос аяулы Сейітімнің жарқын бейнесі көлбеңдейді. Әне, қашанғы әдеттегісіндей, мені көрген сәтте түр-түсін тез құбылтып, әлденеден үріккендей, екі құлағын кезек қозғап, қас-қабағын қайшылай керіп, едірейіп қалт тұра қалып, сәлден кейін «ә, сен екенсің ғой» деп, танымай қалып, жаңа танығандай жадырай күліп, жарқын амандасатын көңілді қалпы. Баяғы бала кезінде осылай еді, қазір де солай. Оның болмысы сондай. Өзгеше болуы мүмкін емес-тін. Өйтпесе, Ол – сатираның сардары бола ма! Өйтпесе, Ол – ата-бабамыздың салт-дәстүрінің шырақшысы атана ма! Өйтпесе, Ол – Кенжеахметтің Сейіті болып таныла ма! Иә, солай! Нанбасаңыз, «Тамаша» ойын-сауық отауының кешіне барыңыз, алдыңыздан күлімдеп Сейіт шығады. Әр қазақтың үйіне кіріңіз, «Қазақтың салт-дәстүрі» атты ұлдың еншісіне берер, қыздың жасауына қосар құнды қазынасын жайып алдыңыздан тағы да Сейіт шығады. Солай, Сейіт үнемі бізбен бірге, халқымен бірге! Лайым, қашанда солай бола бергей! Басқаша ойлай да, елестете де алар емеспін. Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ.* * *
ЕЛ ҮШІН ЖАРАЛҒАН ЖАН ЕДІ
Мірдің оғындай, сексеуілдің шоғындай, семсер тілді Сейіт ағам бесінші мүшел жасында: «Беу, дүние!» деп жарық дүниемен қоштасты. Ерте ме, кеш пе – жұмыр басты пенденің көз жұматыны хақ. Ізгілік іздеп өткен адамдардың артында иманы қалады, жұрттың игілігі үшін жиғаны қалады. Басқа не қалады? «Дүние – жалған», деген осы. Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай, Жасаулы жаудан бұрылмай, Жау жүрек жомарт құбылмай... Жайдары жүзің жабылмай, Жайдақтап қашып сабылмай, Жан біткенге жалынбай, Жақсы өліпсің, япырмай! – деп Абай атам Оспанның қазасына қайғырғандай қайғырып отырмын. Ештеңеден жасқанбай, дүниеге тік қарап, тік өткен Сейіт ағам артына мол мұра қалдырды. Сынадай қағылған сықақ өлеңдері мен әзіл әңгімелері оспақ сүйгіш оқырмандар үшін баға жетпес қазына. Қазақтың әдет-ғұрып-салт-дәстүрлері туралы 3 томдық кітабы – алтын көмбе. Ағам алпысқа таяғанда: «Сіз неге салт-дәстүр саласына ойысып, ғылыми жұмыспен айналысып кеттіңіз?» – деп сұрадым. Сонда ағамның ағынан жарылып: «Қазақтың қанына сіңген ұлттық дәстүрге бойлай енуіме ең бірінші Өзбекәлі Жәнібековпен етене жақын араласуым себеп болды. Өзекең 70-жылдары Торғай обкомының идеология хатшысы болып келген күннен осы бір әрі ғажайып, әрі тұңғиық іспен қалай айналысып кеткенімді өзім де білмей қалдым!» деген сөзі жадымда жаттаулы. Сейіт ағам не істесе де шырайын шығарып істейтін. Бастаған ісін тастамайтын. Ел үшін жаралған есіл ағам-ай! Жатқан жеріңіз жәннатта болсын! Көпен ӘМІРБЕК.* * *
ҰРПАҚТАР РАХМЕТ АЙТАТЫН БОЛАДЫ
Кеңес өкіметі кезінде ұмыт бола бастаған ұлттық салт-сана, дәстүрлерімізді тәуелсіздік алғаннан кейін қайта дәріптеп, әспеттеп, әрлендіріп, жалпақ елдің жадын жаңғыртып, жандандыруға қосқан Сейіт Кенжеахметұлының ересен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол ұлт рәсімдерін реттеп, бір жүйеге салып, оны ғылыми айналымға түсіріп, бірнеше мәрте кітап етіп шығарып, төрткүл дүниеге таратты. Бұған себеп, Сейіт сол ұлттық дәстүрлердің ұйып-ұйысқан жері Торғай даласында туып өсті. Сол кездегі көзі тірі көреген, шешен кісілер Ахметхан Әбіқаев атай мен Күләнда Бөкешева апайдан көп тәлім-тәрбие алды. Сейіттің өз анасы да көзі ашық, көкірегі ояу, ел басқарған кісі еді. Осындай ортада өскен ол Торғай елінің тұнып тұрған қазынасынан қанып ішіп, өзінің жиған-тергенін халықтың кәдесіне жарата білді. Қазақ сатирасында өзіндік орны бар Сейіт өмірінің соңғы жылдарында ұлттық дәстүр-салт тақырыбына бел шеше кірісіп, белсенді еңбек етті. Ел этнографиясына елеулі үлес қосты. Сейіттің бұл еңбегін бұл күнде біреу біліп, біреу білмей, өз бағасын ала алмай жатса да, болашақ ұрпақ оған ұлт қазынасын ұлықтағаны үшін рахмет айтары хақ. Жүруші ең көп ішінде дара жандай, Қолыңа отырмаушы ең қалам алмай... Халықтың қазынасын тиеп алып, Көтеріп келе жатқан қара нардай. Үзгенде ажал жетіп сол ғұмырды, Бұл күнде біздің көңіл болды мұңды. Апарып болашаққа тапсыратын, Апыр-ай, кім көтерер сол жүгіңді! Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ. * * * ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҚОРМАЛЫ Қазақ елінің өңіріне ұлтының ырыс түймесі болып қадалған тағы бір нысаналы тұлғаның өмірі үзіліп түсті. Сейіт Кенжеахметұлы – халқының бойындағы қарапайымдылық атты ұлы қасиетті табиғи түрде сіңірген, сол қасиетті өмір сүрудің өзегіне айналдырған, тіршіліктің бар тауқыметі мен қуанышын бастан кешіріп, әр адамның бойынан ізгілікті ғана іздеген ағамыз еді. Ол елінің ұмытқанын еске салып, халық жадының қормалына айналған, ағаларын – алақанында ұстаған, інілерін – ағаларынан да бетер құрмет тұтқан, әпке-қарындастарын қызындай сыйлаған, жабығып жүргенде – жаныңды жадырататын, қуанышыңа қуанышын үстеп қосатын, еліне деген езіліп тұратын ет жүрегіне шемен бітпеген, ешкімді жұмсамай – соның орнына өзін өзі жұмсайтын, ғұмыр бойы туған жері – Торғайына тамсанып, тауыса алмай өмір сүрген жан болатын. Елінің алдындағы парызын толық өтеген, табиғат сыйлаған бар қасиетін халқы үшін несиесіз атқарған, дүниеге қарапайым қалпында келіп, қарапайым ғана қалпында ешкімге базына артпай өмірден өткен аяулы арысын – ағайын-жұрты, өзі жеті жыл қызмет істеп, қазақ этнография ғылымын әлемге танытқан «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының алдына аза тұтып, асыл ұлды еліне – Торғайына, мәңгілік бақи сапарына аттандырып салды. Артында – жазылмаған «Торғай» атты энциклопедияның беті ашық қалды. Ол арманды, сол жазылмаған тарихты соңында қалған жанкүйер достары қаперінде ұстап, ұлағат алған інілері мен шәкірттері жүзеге асырады деген сенімдеміз. Оның айту мен жазуға таусылып бітпейтін мінезі мен ұстыны туралы жақсы сөздердің алдағы уақытта айтылары анық. Осындай аяулы азаматты өмірге әкеліп, халқына қалтқысыз қызмет етуге мүмкіндік берген Торғай еліне мың да бір тағзым. Мәңгілік сапарыңда жаратқан Алла тағала алдыңа жарығын түсіріп отырсын. Қадірлес інілерің: Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Тұрсын ЖҰРТБАЙ, Несіпбек АЙТҰЛЫ.* * *
ЖАН АҒА
Бағаңды білген еліңе, Адалдығыңмен жағып ең. Өнердің биік өріне, Қызбелден қанат қағып ең. Дос көріп қазақ баласын, Қараушы едің күлімдей. Күлкің де сыңғыр қағатын, Қоңыраулының үніндей. Жырлаған жырын халықтың, Бағылан ұлдың бірі едің, Міржақып сынды алыптың, Ізіне шыққан гүл едің. Тізгіндеп шабыт тарланды, Ақындық жолды қуғансың. Жабығып жүрген жандарды, Жұбату үшін туғансың. Соқпақты жолды кешкенсің, Жазылмай соғыс жарасы. Жетімдік көріп өскенсің, Қара кемпірдің баласы. Кезің жоқ сөзден дес берген, Қол создың биік асқарға. Әкесіз өзің өскенмен, Әке боп өттің жастарға. Атақ та, бақ та бір сенде, Сақтадың таза арыңды. Торғайда өмір сүрсең де, Алашқа атың танылды. Бет бұрған көптің көшімен, Астанаға да сия алмай. Қайыра көшіп кетіп ең, Туған жеріңді қия алмай. Кейбіреу жанын түсінбей, Қадірін кештеу білсе де. Сықақшылардың ішінде, Сейіттің орны бір төбе. Асқар тауыма балаған, Әке орнына санаған, Арқа сүйеуге жараған, Бақұл бол, қайран жан ағам! Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны.