Кеше Сенаттың жаңа Төрағасы палатаның кезекті жалпы отырысында сөйлеген сөзінде алдағы міндеттердің маңызын ашып көрсетті. Қ.Мәми қос палаталы Парламент мемлекеттік билік тармақтарының бірі ретінде Қазақстанның өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқандығын ерекше атады.
– 2007 жылғы конституциялық реформаға сәйкес, жоғары заң шығару органының өкілеттілігі едәуір кеңейіп, мемлекеттік басқарудың президенттік-парламенттік нысаны анықталғаны белгілі. Жақында Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде мемлекетіміздің саяси жүйесі Парламент құзыретін кеңейту арқылы одан әрі жетілдірілетінін айтты. Бұл – Парламенттің екі палатасына да қатысты, – деді Қайрат Әбдіразақұлы. – Қазақстан халқына Жолдауында, ұлықтау рәсіміндегі сөзінде және 17 сәуірдегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ұлттық экономиканың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мен халықтың әл-ауқатын көтеруге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге қатысты үлкен мақсаттарды айқындап берді. Сондықтан, депутаттық корпус биліктің барлық деңгейдегі атқарушы және басқа да өкілді тармақтарымен тығыз ықпалдаса отырып, Елбасы көрсеткен айқындықтарға ерекше назар аударады деп сенемін.
Сонымен бірге, Төраға қазіргі уақытта экономиканың индустриялық-инновациялық дамуы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелер екенін атап көрсетті. Әлеуметтік сала да қашанда Парламенттің айрықша назарында болуы тиіс. Құқықтық-қорғау, сот жүйесін одан әрі дамыту үрдісін жалғастыру – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі болып қала береді, деді ол.
Күн тәртібіне сәйкес депутаттар бірқатар халықаралық келісімдерді қарап, ратификациялады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапония Үкіметі арасындағы ОАӨЭЫ Көлік дәлізін қайта жаңарту жобасын (Жамбыл облысы) жүзеге асыру үшін қарыз тарту туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» және «Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы ОАӨЭЫ Көлік дәлізін қайта жаңарту жобасы (Жамбыл облысы) бойынша Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қабылданды. Сонымен қатар, осы мақсаттағы «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы учаскелер] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама – 3-жоба) ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды.
Қаралған үш заң жобасы бойынша Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушы Е.Дүйсенбаев баяндама жасады. Оның сөзінен белгілі болғандай, Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінен алынатын қаржы сомасы 6 миллиард 361 миллион жапон йенін құраса, қарыз 7 жылдық жеңілдікті қосқанда 25 жыл ішінде өтелуі тиіс екен және 1,7 пайыздық ставкамен жарты жылда бір рет төлеу көзделеді. Ал қазақстандық тараптың қоса қаржыландыруы 40 миллион доллар шамасында. Азия Даму банкі жай капитал ресурстарынан елімізге 173 миллион АҚШ доллары сомасында қарыз беретіні белгілі болып отыр. Қарызды өтеу 4 жеңілдік жылын қоса алғанда 19 жылды құрамақ. Пайыздық ставка әрбір кезеңге есептегенде LIBOR+0,2 пайызға тең. Комиссия міндеттеме үшін 0,15 пайыздық ставкамен алынады. Депутаттар өз сөздерінде қарызды алудағы жауапкершілік туралы мәселені өткір қойды. Өйткені, алғанды қайтару мәселесі жан-жақты пысықталуы қажет.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.