• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2011

Көк шыққанға бір қуанып...

513 рет
көрсетілді

Астана қаласының балалар пси­хоневрологиялық меди­ци­на­­лық-әлеуметтік мекемесі республика көлемінде алғашқы бо­лып өз аумағында қысқы оранжерея аш­қан болатын. Енді жал­пы ау­мағы 52 шаршы метр­ді құрайтын жылыжайдан балалар өз қол­да­рымен отырғыз­ған алғашқы өнім­дерді жинай бастады. Мүмкіндігі шектеулі бала­лар­ға арналған бұл жоба «Эксон Мобил Казахстан Инк» корпора­ция­сының демеушілік қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Әсі­ресе, бұл жерде компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнар Нұғманның осы оранжереяны ашуға көп еңбегі сіңгенге ұқсайды. Балалар өткен жылдың желтоқсан айында мұнда қызанақ, қияр, сәбіз, ақжелкек, укроп, шалған, бұршақ отырғыз­са, биылғы жылдың наурыз айы­нан бастап өнімдерін жинауға кірісіп кеткен. «Бұл, бір жағынан, балаларға «біздің де қолымыздан еңбек ету келеді екен-ау» деген сенім ұялатса, екіншіден, олар­дың еңбек дағдыларын қалыптас­тырып, қоғамға бейімделуіне жол ашады. Осы орайда оранжереяны ашуға қолұшын беріп, қаржылай демеушілік жасаған корпорацияға алғысымыз шексіз», – дейді мү­гедек балалар мекемесінің дирек­торы Серік Бөпежанов. Мүмкіндігі шектеулі балалар­дың осылай өз бетінше еңбек­те­нуін медицинада агротерапия дей­ді. Бұл – олардың бұлшық еттерін қатайтуға, буындарында қи­мыл-әрекетті көбейтуге бағыт­тал­ған жаңа әдіс. Сондай-ақ, таби­ғат­пен етене болу жасөспірім­дер­дің өмірге деген құлшынысын арт­тырып, тазалықты, әсемдікті сезіндіретіні де анық. Сондықтан қысқы бақты ашудағы түпкі мақ­сат – жылыжайдан тек өнім жинау ғана емес, сәби жүздерін ертерек мұң шалған балаларды қо­ғамдық өмірге бейімдеу, сол ар­қылы денсаулықтарының, көңіл-күйлерінің түзелуіне ықпал жасау. «Қысқы оранжереяның ашыл­ғаны балалар үшін қуаныш, дей тұра, бұл жерде мына бір мә­се­лені айтпай кетуге болмас. Қазіргі күні мүгедек балаларды еңбекке баулу, олардың қоғамдық ортада еңбек етуіне мүмкіндік жасау жа­ғы кемшін. Біз үшін көбінесе олардың әлемі құпия әрі «жабық» күйінде қалып келеді. Мәселенің бұл тұ­сын анық аңғарған Астана қала­сының әкімдігі 2000 жылы жұмыс берушілерді мүмкіндігі шек­теулі жандарға 3 пайыздық кво­та беруге міндеттегені де есте. Бірақ жұмыс берушілердің мүд­делі болмағаны­мен қоймай, мүге­д­ек балалардың еңбек етуге қа­білеттері төменді­гінен де бұл норма орындалып отырған жоқ», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әл­еуметтік бағдарламалар депар­та­ментінің бастығы Қайни Манабаева. Оның айтуынша, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінің бірлесіп осындай әл­еу­меттік жобаларды іске асыруы өз­ге­лерге үлгі болуы тиіс. Өйт­кені, елімізде мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың мекемесі біреу ғана емес, сон­дай-ақ, азаматтық таны­татын кор­порация басшылары да жетерлік. Айгүл СЕЙІЛОВА.