Ғасыр басына қарай біздің елімізде 22 пайыз халық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Сол кезде БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметі бойынша Қазақстанның экономикасы 50 пайыз өсті, оның 9 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі болды.
Ол көрсеткіштер бүгінге дейін сол деңгейден астық өндірісіне қатысты ғана аздап өсті, басқалары сол деңгейде қалып тұр. Ауылдағы шаруаның табысы қала тұрғындарының табысынан екі есеге жуық аз. Осы мәліметте барлық жұмыссыздардың 23 пайызы ауыл үлесінде екені де көрсетілген.
Осы мәселені жекелген аймақтың мысалында айтып көрсек. Мәселен, еліміздің ең бір шұрайлы өлкесі саналатын оңтүстік өңірінің табиғи және адам факторына қатысты ерекшеліктері сөзімізге дәлел бола алады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллион тұрғын бар, өңірде суармалы жер көлемі 516 мың гектар. Халық көп жерде проблема да жетіп-артылады. Әлеуметтік қорғау шараларына қаржы жеткізу көп күшті талап етеді. Сондықтан, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция көлемін арттыруға, жаңа технология енгізуге тырысуымыз қажет десек, бізде алдағы уақытта суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға жеткізу мүмкіндігі бар. Ол үшін істен шығып жарамсызданып, сорланып, батпақтанып, су тапшылығын көріп пайдаланудан тыс қалған 1 миллион гектарды қалпына келтірумен бірге, жаңа суармалы алқаптар ашуымыз қажет. Осыны жүзеге асыра алсақ, үлкен жетістік осында. Атқарылып жатқан істер баршылық: тамшылатып суару, жылыжайлар арқылы өнімді тұрақты түрде арттыру жақсы жүруде.
Кейбір суармалы жерлерде қолдан жасалған кемшілік орын алған, базбіреулер ірі көлемде жер алып, игермей, жыңғыл басып жатыр. Мұны көргенде жүрегіміз ауырады. Осыны ретке келтіру шараларын тез арада қарап, қалпына келтіруді қатаң түрде талап етуіміз керек.
Сырдария өзенінің сол жағалауын бойлап, 70-80 мың гектар жаңа суармалы жер ашу мәселесі әр кезде айтылып қалып жүрген. Соны жүзеге асырсақ, 200 мың адам жұмыспен қамтылады, әр гектар орта есеппен 1,5-2 мың доллардан табыс әкелсе, облыс бюджетінің бүйірі шығады. Жалпы, облыстағы суармалы жерді 1 миллион гектарға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл жоспарымызды «2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасына» енгізіп, бастап жіберуге жабыла күш салуымыз керек. Тұрғындары мол, қазағы көп оңтүстіктің бақыты мен бағы осында.
Осы орайда тағы бір мәселені айта кетелік. Ауылда бұрынғыдай еңбек ете беруге бейім жұмысшылар, малшылар, қойшылар, тракторшылар, т.с.с ауыл еңбеккерлері өте азайып кетті. Бұрыннан жалдамалы адамдарды жұмсауға бейім қазағымыз әлі де солай, асырмаса азайтқан жоқ. Алматыда, Астанада, облыс орталықтарында тұрып ірі жерлерді иеленіп отырғандар бар. Оны қызғануға болмайды, егер жерді азғындатпай, оңды еңбек етіп жатқандардың ақысын жемей, кәсіпкерлікті адал ұйымдастырса. Қорғансыздығын пайдаланып, ақысын бермей, зар еңіретіп кететіндер бар.
Оңтүстік өңірде мемлекеттен үлес ретінде алған немесе ұзақ мерзімге жалға алған жеріндегі жұмыстарды өздері атқармай, көрші елдерден келгендерді ауызша келісіммен пайдалану әрекеттері бар. Мақталы өңірлерде күні кешеге дейін мақта терімі кезінде үйлерінде қол күші бар адамдардың өзі туысқан өзбек елінің азаматтарын жасырын түрде пайдаланып келді. Терімшілерді шекарадан өткізу қиындаған соңғы жылы ғана терім техникасын пайдалану жолға қойыла бастады.
Статистика мәселесінде де абай болуға тиіспіз. Құжатта бар, өмірде жоқ өнім мен мал саланы бағдарлауға, болжауға залалын тигізеді. Осындай жағдайды қолымызбен ұстап алмағанымызбен, бар екенін ішіміз сезіп сыпайылап отырмыз.
Елбасы өзінің 1997 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады» деген Шекспирдің сөздерін мысалға келтірген еді. Бүгінгі дағдарыс кезінде бұл сөздер есімізге қайта-қайта түсе береді...
Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы