Сәрсенбі күні Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Алматы облысы Іле ауданының бірқатар нысандарын аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Алматы облысы – мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына енген жобаларды ойдағыдай орындап келе жатқан аймақтың бірі. Оған дәлел 2000 жылдан бері мұнда 28,6 мың орынға арналған 68 мектеп салынған. 10 мектеп «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерсе, мектепке дейінгі 596 балалар мекемесі жұмыс істеуде. Тек соңғы жылдары Жетісуда балабақша мен шағын орталықтар орын саны 15 мыңға артып отыр. Оған қоса өңірде 2 аурухана, 2 перзентхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт және санитарлық сараптама орталығы салынды. Облыста шағын және орта бизнес қарқынды даму үстінде. Мемлекет басшысының қазақстандықтардың өмір сапасын одан әрі арттыруға, өңірлердің жүйелі экономикалық дамуына бағытталған стратегиясының Жетісуда табысты жүзеге асуына Қ.Саудабаев Іле ауданындағы жұмыс барысында танысқан жаңа нысандар айғақ бола алады.
Мемлекеттік хатшы алғаш атбасын Боралдай кентіндегі осыдан үш жыл бұрын іске қосылған үш қабатты №39 гимназиясына тіреп, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған заманауи жарақтандырылып, Еуропа елдерінің жетік оқу мекемелерімен бәсекеге түсе алатын білім ордасын аралап көрді. Гимназия директоры Гүлжан Ерубаеваның айтуынша, 94 кабинеті бар гимназияда бір ауысымда 1142 оқушы оқып, оларға 112 ұстаз дәріс береді.
Мұндағы жарық та кең сынып бөлмелері, жүзу бассейні, спорт және 450 адамға лайықталған мәжіліс залдары, 240 орындық асхана барлық талапқа сай талғаммен жабдықталған. Әсіресе, Мемхатшыны интерактивтік тақталар, информатика кабинеттері, 10 300 кітап қоры бар бай кітапхана, ондағы КАБИС бағдарламасы, яғни кітапханалардың автоматтандырылған жүйесі қызықтырды. Мәселен, мұнда жаңадан келіп түскен кітап, қажетті газет-журналдағы мақалалардың электрондық нұсқасы түсіріліп, мәліметтер қоры жинақталады екен. Газет сарғайып, жыртылуы мүмкін, ал электронды катологтағы мақаланы оқырманға қай уақытта болмасын тез арада тауып бере қояды.
Сонымен қатар, мәртебелі мейман мектептің облыс, республика көлемінде алған спорт жүлделерімен, аудандағы «Болашақ жолы» үкіметтік емес ұйымының жұмысымен де танысып, гимназияның 5-сынып оқушыларынан жасақталған «Атамекен» тобының ант беріп, «Болашақ» ұйымына қабылдауына қатысты. Мектептегі «Жасыл ел» бағдарламасына орай «Жасыл әлем» ұйымының оқушыларымен бірге ағаш отырғызды.
– Егемендік алған 20 жылғы еңбектің негізгі нәтижесі – ел өмірінің жақсарып, жағдайының түзелуі. Мына сіздердің мектептегі жағдай соның бір жарқын көрінісі. 20 жыл тарих жылнамасымен өте қысқа уақыт болуы мүмкін, бірақ елімізде жүз жылға татырлық қыруар шаруа атқарылды. Ұстаз мамандығы қашанда қадірлі. Бұл істе ең негізгі жауапкершілік, ұстаздар, сіздердің қолдарыңызда. Өйткені, елдің келешегі – жастар. Ол үшін Мемлекет басшысы барлық жағдайды жасап отыр. Бір айта кетерлігі, сіздердің ақ ниеттеріңіз сайлауда көрінді. Жетісулықтар өз сенімдерін өткен сайлауда 97,15 пайыз дауыс беру арқылы білдірді. Бұл да Елбасының халыққа жасаған еңбегінің жемісі, – деді Қанат Бекмырзаұлы мұғалімдермен қоштасарда.
Келесі тоқтаған нысан тұтынушылардың барлық талаптарына сай келетін тауарға бай «Әсем» сауда орталығы болды. Былтыр ғана пайдалануға берілген, жалпы аумағы 1000 шаршы метрді алып жатқан сауда орталығының негізгі бағыты халықтың күнделікті тұтынатын қажетті азық-түлік, тұрмыстық-шаруашылық, балалар және кеңселік тауарлары, дәрі-дәрмектер сату. Мұнда тауарлар өндірушілермен тікелей, делдалсыз байланыс жасау арқылы негізгі нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен сатылады. Мәселен, нан 35-40 теңге, қант 195 теңге. Олардың өздерінің көкөніс өнімдерін сақтайтын базасы бар.
Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Байсерке кенті аумағында орналасқан аудандағы жиырмадан астам қызмет түрін көрсететін, бүгінде мыңға жуық адам қызмет ететін 210 га жерді алып жатқан индустриялық-логистикалық «Даму» орталығының жұмысымен, сондай-ақ осы алаңқайда қойылған Іле ауданында өндірілетін өнімдер көрмесімен кеңірек танысты.
Олардың қатарында өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, екі жарым мың адамды жұмыспен қамтып отырған «БеНТ» АҚ, әлемдік стандартпен салынған «Сары-бұлақ компаниясы» құс фабрикасы, «Ремстройтехника» АҚ, әйгілі «Әсем-Ай Сарыағаш» компаниясы, Райымбек сүт өнімдерін өңдейтін зауыты, т.б. атауға болады. Солардың арасында, әсіресе, қазақтың ұлттық сусынын өндіретін, бүгінде 200 адамды жұмыспен қамтып отырған «Дәулет-Бекет» шаруа қожалығының өніміне қызығушылық білдіріп, аруананың жүнін, етін, сондай-ақ шұбатты шетелге шығару мәселесін сөз етті. Қарауында 4 мыңнан астам түйе және осынша қой бар қожалық басшысы Сыдық Дәулетов өз өнімдерін еліміздің ірі-ірі алты қаласына шығаратынын жеткізді. Кәсіпкер алдағы уақытта Новосібір, Ресейдің басқа да қалаларына шығаруды ойластырып, тапсырыс жасап қойғанын, жылына он тоннадай түйе жүнін қырқып, оны да қажетке жаратып көрпе жасап жатқанын, жақын арада түйенің шудасын целлофан қалтаға салып, дәріханаларға өткізетінін алға тартты. Ал етін 600 теңгеден консерві зауытына өткізуде екен. Биыл, амандық болса, өңдейтін цех ашып, бұқтырылған түйе етін өздері шығармақ ойлары бар көрінеді.
Сондай-ақ Қ.Саудабаев логистикалық аймақтың тыныс-тіршілігімен таныса келіп, қанша адам, қандай тәсілмен, қандай инфрақұрылымдық жұмыстар атқарып, қандай коммуникациялар жасалғанын, қандай өндірістер ашылғанын көріп, болашақ жобалар жайында ой бөлісті. Ал «Даму» индустриялық-логистикалық орталығы ЖШС-ның президенті Сәкен Тойлыбаев «қолымыздан іс келеді, оның дәлелі міне» деп кәсіпорынның жұмысын көрсетіп, Мемлекеттік хатшыға еліміздің транзиттік, логистикалық әлеуетіміз жайында, Батыс Еуропа-Батыс Қытай жобасымен салынып жатқан үлкен тасжолдың айналасындағы жұмыстарды көтеру мақсатында сол елдермен бизнестік қарым-қатынас жасауға, еліміздегі «Самұрық-Қазына» және басқа да институттарға Үкіметтің, салалық ведомстволардың оң көзқараспен қарауын жеткізді.
– Елбасымыз айтты емес пе, бізде тек жер астындағы ғана емес, жердің үстінде де байлағымыз бар деп. Ендеше, жер бетіндегі байлықтың бірі – транзиттік әлеуетіміз. Қазақстаннан дүниежүзілік транспорттық дәліздің сегіз түрі өтеді. Мұның бәрі өзекті мәселелер. Соны ілгері бастыруда бүгінгі инновациялық, т.б. бағдарламалардың ең түпкі негізі – транзит, көлік және тасымалдау жұмыстарын қолға алуымыз керек, – деді Сәкен Жарқынбекұлы бізге берген қысқаша сұхбатында.
Сондай-ақ қонақтар аталмыш орталықта орналасқан «Danone-Bercut» ЖШС-ның қуаттылығы 12 000 тонналық, жалпы құны 3 млрд. 68,2 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, ашытылған сүт өнімдерінен кәдімгі дәстүрлі айраннан еуропалық йогуртқа дейінгі сан алуан түрін шығаратын зауыт өндірісімен, «Медиатекс» бас киім фабрикасының жұмысымен танысты.
Аталған нысандарды аралау барысында жастармен, Іле ауданының еңбеккерлерімен ашық-жарқын әңгіме-сұхбат құрған Мемлекеттік хатшы Елбасының тәуелсіздіктің барлық 20 жылындағы қажырлы да жасампаз қызметінің шырқау биігі және басты мақсаты – елде татулық пен келісімді сақтау, қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру екенін айрықша атап айтты. Өз кезегінде кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысын керемет жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта Елбасымен бірге болатындарына нық сендірген сәлемдерін жеткізуді өтінді.
Алматы облысын аралаған сапары барысында облыс әкімі Ансар Мұсаханов бірге болды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Алматы облысы.
-------------------------------
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.