Өңірдегі этномәдени бірлестік мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының жетекшілері, қоғамдық келісім және аналар кеңестерінің мүшелері қатысқан жиында Елбасы мақаласынан туындайтын мақсат-міндеттер жайында айтылды. Республикалық бірыңғай күн аясында ұйымдастырылған шараны облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Тамара Амантурлина ашып, мәңгілік ел болу жолындағы игі істер жаңа белестерге жол ашатынына тоқталды.
Ғылыми сараптама тобының аға сарапшысы Салтанат Әбілова «Мемлекет басшысының біртұтас ұлт болуымыз үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы ойы көптің көкейінде жүрген мәселелердің күрмеуін шешіп берді», – деген пікірін ортаға салды.
«ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың басты шарты – ұлттық құндылықты сақтау. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Президенттің бұл идеясы еліміздегі конституциялық, экономикалық реформалардың заңды жалғасы. Мақалада жаңа заман көшіне ілесіп, өркениетті ел болу үшін сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдары ұсынылған. Көрсетілген алты жоба жалпы халықтың, оның ішінде жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті дамытуға оң ықпалын тигізері анық», – деді С.Әбілова.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.