Әрине, ауылда малдан ауру шығып, халық алаңдап отырғаны туралы хабар біздің құлағымызға көп кешікпей-ақ шалынған. Алғашында «тараған ауру – аты жаман аусыл екен» деген қауесет шықты. Аусылдың аты жаман болатыны – осыдан бірер жыл бұрын Ақжайық ауданындағы Тінәлиев ауылынан осындай індет шыққан кезде ауылдың бүкіл малын, тіпті иті мен мысығын түгел қырып, өртеп жібергенін көргенбіз...
«Пәленің аты – пастереллез...»
«Қоскөлдегі мал індетіне себеп болған – пастереллез» деген анықтаманы Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қазбек Ташимов сәуірдің 11-і күні алғаш рет мәлімдеді. Бұған дейін осы оқиға туралы сұрау салған журналистерге еш ақпарат бермеуін «өлген малдан алынған патологиялық материалды ветеринариялық зертханадан тексеру үшін уақыт керек болды» деп түсіндірді. «Қоскөл ауылында 1 003 бас ірі қара, 4 600 қой-ешкі тіркелген. Осы кезге дейін (11 сәуірге дейін) өлген 26 малдың патматериалы Оралға әкелінді, бірінші өлген сиырдан пастереллез анықталды, қалғаны зерттелуде», деген Қазбек Қазиханұлы індет шыққан ауылға арнайы топ жіберілетінін, ауру шыққан аулаларда дезинфекциялық шаралар жасалатынын айтқан.
Ветеринария басқармасы таратқан мәліметке қарағанда, биыл Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 838,5 млн теңге қаражат бөлінген. Соның ішінде эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 744,3 млн теңге, бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен ауылшаруашылық жануарларының мал иелеріне өтемақысын төлеуге 94,2 млн теңге бөлініпті. Бірақ, Қазақстан заңдары бойынша малы пастереллезден шығын болған тұрғындарға өтемақы төлеу қарастырылмаған.
Ауру шыққан ауылға сапар
Біз мәселенің мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына арнайы бардық. Орал қаласынан 220 шақырымдай қашық жатқан шағын ауылға көгілдір отын, таза ауыз су келіп тұр. Халықаралық Самара – Шымкент автожолынан небәрі 9 шақырым қиыс жатқан елді мекен бұрын дүркіреген кеңшар орталығы болған. Ауыл әкімдігіндегі мәліметке қарасақ, округте қазір 291 үй, 1 317 адам тұрып жатыр екен.
«Ауылға тілші келді» дегенді естіген ауыл тұрғындары жинала бастады. Сөйлесе келе білгеніміз, індет ең алғаш Әділхан Жауынбаев есімді тұрғынның малына тиген.
– Сиырым 16-17 наурыздан бастап ауырды. Белгілері – жемшөп жемей, сұлқ тұрып қалды. Аузынан сілекей аға береді. Күйіс қайырмайды, − дейді Ә.Жауынбаев.
Әрине, болған оқиға жөнінде бірден ауылдағы мал дәрігеріне хабарланған. Сол күннен бастап ветеринар дәрігер Ақтілек Аманғалиевтің мазасыз тірлігі басталыпты. «Ала таңнан кешке дейін жүгіріп жүрді. Қолынан келгенді жасады, оған рахмет. Ауырған малды антибиотикпен егіп, жануардың аузын ерітіндімен шайып, сүртіп, тыным таппады», дейді ризашылықпен ауыл тұрғындары. Осы қарбаластың әсерінен болар, біз ауылға барғанда А.Аманғалиев қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсіп қалған екен. Жолыға алмадық.
Әйелі мүгедек, шаруасы шағын Әділхан Жауынбаевтың 3 сиырының біреуі, екі бұзауы өлген. «Ал қырылған қой-ешкі мен қозы-лақ саны 40-қа жетті», дейді өзі өкінішпен.
Бірер күннен кейін індет көрші үйлерге, одан әрі түгел көшеге жайыла бастады. Ауыл тұрғындары «мамандар мен ауыл әкімі дер кезінде ауру малды оқшаулап, індетті тоқтатуға шара қолданбады», деп наразы.
− Ауру алғаш шыққанда-ақ сол індет шыққан үйдің малын түгел жойып, ауласын бұқырлағанда мұндай болмас па еді?! Керек десе, малынан айырылған ауылдасымыздың шығынын ауыл болып толтырып берер едік қой. Енді міне, індет бүкіл ауылға жайылды. Өлген малдың саны 200-ден асып кетті. Өз ауламнан 5 бұзауым өлді. Тағы екеуі ауырып тұр. 12 қошақан ол өлді. Шиеттей немере бар... Шөптің әр тіркемесін 20 мың теңгеге сатып алып, алты ай қыстан аман алып шыққан малымызды ауруға бердік, − деп күйі-
неді зейнеткер Ұмсындық Сағынғалиева.
Біз кездескен Абылай Өтегеновтің 1 сиыр, 4 бұзау, 12 қозысын індет алыпты. Ауыл әкімдігінің бас маманы Бейбіт Серікұлы 1 бұзау, 5 қозы-лағынан айырылған. Ауыл әкімі Берік Жақсығалиев те 1 бұзауы өлгенін айтады. Екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Полина Жұмағазиеваның екі сиырының біреуі ауырып тұр. «Екі қой, екі қозыны бердік қой», дейді Полина апай. Біз барғанда зейнеткер Шандоз Жауынбаеваның да ауласында 4 сиыры қатар ауырып тұр екен. «Уақ жандығымыздың 15-і қырылды», деді бізге.
«Бәрі құжат бойынша...»
Біз, әрине, ауыл әкімдігіне кіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап сұрадық. Әкімдіктің бас маманы Бейбіт Жұмақай осы оқиғаға байланысты толтырылған бірнеше құжатты көрсетті.
− Ауыл тұрғындарының індетке дер кезінде шара қолданбады деп жазғыруы орынсыз, − дейді Бейбіт Серікұлы. – Қоскөл ауылдық округінің тұрғыны Қ.Мұқановтың сиыры 20 наурыз күні күйіс қайырмай ауырып, дене қызуы 40,5 градус болған. Ауырған мал 24-і күні өлді. Оны мал моласына апарып, патматериал (өкпе, бауыр,
талақ, жүрек, тіл, ерін ұрты т.б.) алынған соң өртеп жіберді. Арнайы зертхананың сараптамасынан кейін ғана індеттің аты анықталып, нақты шаралар ұйымдастырылды.
Қаратөбе ауданының ветеринария бөлімінің басшысы Кенжебек Аймашев қол қойған №16 эпизоотологиялық зерттеу актісінде «Қ.Мұқановтың ауырып өлген малының патологиялық сынамалары 27 наурыз күні Қаратөбе аудандық ветеринариялық зертханасына зерттеуге жеткізілді. ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК БҚО филиалының 2017 жылғы 7 сәуір-
дегі №SO-17-L08(6)-00023/L-00497-А-D сараптау актісінің қорытындысы бойынша пастереллез ауруының қоздырғышы анықталды», делінген.
Осыдан кейін ғана Қаратөбе ауданының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Қ.Батырханов Қоскөл ауылдық округінің әкімі Б.Жақсығалиевке ұсынба жолдап, «Қоскөл ауылының тұрғыны Қ.Мұқановтың жеке қосалқы шаруашылығына мал әкеліп-әкетуге 2017 жылдың 7 сәуірінен бастап 30 күндік шектеу режімін енгізуді» тапсырған.
Ауыл әкімі Б.Жақсығалиевтің «Қ.Мұқановтың жеке қосалқы шаруашылығына белгіленген шектеу режімін белгілеу туралы» шешімі 10 сәуір күні шығарылған. Бұқырлау жұмыстары да енді қолға алынып жатыр екен.
Ауылға кіретін-шығатын жолдарға дезинфекциялық баръер 13 сәуір күні орнатылды. Пастерел-
лез ауруына қарсы шаралардың тәртібіне сәйкес, малды, оның өнімдерін сату, пайдалануға шектеу мерзімі бір айға созылады екен.
Ауыл әкімі Берік Нұржанұлы бізге сәуірдің 13-іне дейін ауылда 6 бас ірі қара, 27 бұзау, 100-ге жуық ұсақ мал өлгенін айтты.
Аудан әкімі көмек беруге уәде еткен
Оқырман өзі байқағандай, індеттен негізінен жас төл – бұзау мен қозы-лақ жаппай қырылып жатыр екен. Бәрінің ауру белгісі бірдей – дене қызуы қатты көтеріліп, өліп кетеді.
− Осы кезге дейін көргеніміз бар, мал баққан тәжірибеміз бар ғой. Бұл індет аусылға ұқсайды. Сиырдың аузынан сілекей шұбырады, аузы көпіреді. Бірақ мамандар «пастереллез» деп отыр ғой, − дейді Ұмсындық Сағынғалиева.
− Осы індет басталғалы ауданнан да әкімдер келіп, халықпен кездесіп, тыныштандырып-ақ жатыр. Ел ішінде «Аусыл деп айтуға болмайды екен, олай болса өңірдің малын сатуға тыйым салынып, экономикаға зиян келеді-мыс», деген қауесет кеулеп жүр. Аудан әкімі Асхат Шахаров өзі келіп, «Мемлекет пастереллезден өлген малға өтемақы төлемесе де ауданның мүмкіндігін пайдаланып, малы өлген тұрғындарға барынша көмек көрсетеміз. Тек аспандағы айды сұрап жүрмеңіздер», деп уәде берді, − дейді ауыл тұрғыны Ерлен Жәметов.
Біз жолыққан кезде Ерленнің де көңілінде үлкен алаң тұрды: 7 жасар қызы Фариза Жолдығали 10 сәуір күні мектептен келісімен әкесіне екі аяғын көрсетіп, әлдебір жара шыққанын айтқан. Қос тірсегі түгел қызарып, бөртіп кеткен бүлдіршін бірден аудандық ауруханаға жеткізіліпті. Қаратөбе дәрігерлері «рожа» деген диагноз қойыпты. Қазір кішкентай Фариза Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Бұл жердегі мамандар «Ешқандай «рожа» емес, суықтан болған. Қоскөлдегі мал ауруына да еш қатысы жоқ», деп отыр екен.
−Қоскөлден шыққан бұл не індет?! Оның адамға жұғу қаупі бар ма? Неге мамандар ауру шыққан бойда дабыл қақпайды? Індет шыққанына бір ай өткенде ғана бұқырлау жұмыстарын бастап жатыр. Расын айтсақ, балалар үшін алаңдап отырмыз,− дейді ашынған әке.
Ауыл тұрғындарының қай-қайсымен сөйлессек те қиын жағдайда қалғанын айтып отыр. Өйткені, ауыл тұрғынының бар күнкөрісі осы төрт түлік малға тікелей байланысты. Міне, бір айға таяды, Қоскөл ауылының малын союға, етін пайдалануға, сүтін ішуге болмайды. Сауын сиырдың көбінің бұзауы өліп қалған. «Желіні сыздап тұрған соң бейшараны аяп, сауып аламыз, шелек-шелек сүтті адам аяғы баспайтын жерге, күлге төгеміз. Обал-ақ... Ауырып жазылған мал да бізге түлік болып жарытпайтын түрі бар. «Бұлар енді мал болмайды. Түгел көзін құртыңдар», деп ақыл айтады білетіндер... Ауру малды бұлдап сата да алмайсың ғой. Ең арзан бағаға кететін шығар», деп уайымдайды тұрғындар.
...Ауылда ауру әлі жалғасып жатыр. Қаратөбе аудандық ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының мамандары ауыл малын жаппай егіп жатқанына куә болдық. Өлген малды арнайы көлікпен жинап, ауыл сыртындағы мал моласына апарып өртейді екен. Жалғыз көлік жинап үлгермей, аулада бірнеше күн жатып қалған өліктер де байқалды. Мал моласына апарылған мал сүйегі де шала өртеліп, шұңқырға сыймай жатыр...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы