• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2011

«...Жақсы журналист зорға бітеді» деп біз Нұртөре Жүсіп бастаған мақалдың екінші бөлігін жалғастырдық

953 рет
көрсетілді

Егер біздің қоғамда жебей білетін жандар жолықпаса, Нұртөренің жақ­сы журналист болмасына біз кепіл. Қару да, күрек те емес қалам ұстаған мына тірлікте қатар самғаған – бақыт. Нұртөремен қатарласқан – тіпті, тамаша. Ал Нұртөре Жүсіп бұл жарысқа қалай баулынды? Оны кімдер самғатты? Жетпісінші жылдары Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев білім берудің өзгеше жүйесін жасап еді. Сонда «Қазіргі қазақ тілі», «Ежелгі, орта ғасырлардағы һәм қазіргі әлем әдебиеті», «Әдебиет тео­рия­сы», «Психология» сынды журналистке қажет пәндер қатарына «Әлем эконо­ми­ка­сын» қосқан. Леонид Горенман деген ғұла­ма сабақ берді. Сол тұста оны Израильге шақырып жатқанын ескерсек, шынында марғасқаның өзі болғаны. Сол Леонид Бо­ри­севичтің орыс тілінде өтетін күрделі пә­ні­не кейбіреулер немқұрайды қараса, Нұр­төре тура түбін түсіре оқыды. Яғни, бола­шақта экономика тақырыбына еркін сам­ғатар зымыранның алғашқы сатысына жанармай құйылды. Жалпы, декан ретінде Қо­жекеевтің көрегендігін қараңыз: мына студенттер мығым маманға айналған тұста Қа­зақстан әлемдік экономикаға дербес ел ретінде қосылды. Топырағың торқа болғыр, Темеке! Қожакеев армансыз ширатқан жас маман туған аймағы оңтүстікке қарайламай қазақ даласының солтүстік-шығысына бет алды. Павлодар – онда өте өндірісті облыс. «Богатырь» деген алып көмір жармасы жаңа іске қосылған. Кезек «Северный» деген кезекті жармаға келген. Одақ энерге­ти­касында үлкен орны бар Екібастұз ГРЭС-інде Кеңес Одағы бойынша теңдессіз қуат кешендері бой көтеруде. Ермакта (кейін Ақсу аталған қала) ферроқорытпа зауыты салынуда. Майқайыңда алтын алынады. Павлодарда трактор шығарылады. Кейін та­лай­дың шашын ағартатын химия зауыты­ның онда жаманаты шықпаған. Міне, осы Павлодар-Екібастұз аймағына журналист болып аттану – «Нұртөре» атты ғарыш кемесін орбитаға шығарған алып зымыран­ның екінші қозғағыш сатысы болды. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газе­ті­нің (ол кейін «Сарыарқа самалы» атанса керек) өз дәстүрі қалыптасқан. Талай «мен атай­ын, сен тұр» дейтін сөз мергендері шық­қан шаңырақ. Басқасын айтпағанда Әзілхан Нұршайықовтың ізі сайрап жатқан жер. Сол газетте Нұртөре жедел жазғыш, терең қазғыш тілшіге айналды. Бірде ыстық отты көрікке, бірде қатты балға мен төске түсіп шыңдалған шағында Шерхан Мұртаза «Егеменді Қазақстанға» алды. Ол тұста аймақта танылған журналисті астанаға алдырту үрдісі бар. Өте қажет іс еді. Басын Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов бастаған. Шерағаң сол жақсы мектепті дамытты. Шығыстан – Ермұрат Бапи, Орталықтан – Мағауия Сембай, Солтүстіктен – Нұртөре Жүсіп келгенде бұл газет қалай құлпырды дейсің. Міне, сол кезден бері Нұртөремен жарысып келеміз. Рахат! Журналист үшін самғаудың үшінші, соңғы сатысы бар. Нұртөре жайшылықта көпке жария ете қомайтын құпия еді. Сондықтан үшінші сатыны да сипаттай кетейік. Нұр­төре – өзін оқитын аз ғана қаламгердің бірі. Иә, алдымен ақ қағазға жаңа түскен ма­қа­ласын қайта оқиды. Бөлім меңгерушісінің көзімен. Үтір мен нүкте орнына келіп, ар­тық-ауыс сөздер түзеледі. Адамдардың аты-жөні тексеріледі. Қыс­қартылады. Болды ма? Жоқ! Сәл суып барып, тағы оқиды. Енді Шерхан Мұр­тазаның көзімен. Бас редактор болып. Бұл жолы мақала мәтіні тақырыппен қиыса ма, басы сәтті басталып, аяғы қи­сын­ды біте ме, бәрі айтылды ма, әйтпесе артық кеткен жері жоқ па, осының бәрін қамтып оқиды. Сосын тағы қысқартады. Міне, өз мақаласын өзі үш рет түзеп, үш рет күзеп барып Нұртөре оны бастыққа ұсынатын. Бұл үшін үш күн емес, үш сағат та жетеді. Жедел. Бірақ жауапты. Сосын мақала газетке шығады. Енді Нұртөре өз мақаласын ...тағы оқиды. «Мына жерін одан да ширатып жазу керек еді», деп түйеді. Келесі жолы солай ширата жазады. Одан тағы шира­тыла­ды. Ақыры небір асаудың өзінің мойнына түскенде тырп еткізбес қыл арқан есетін шеберге айналып шықты. «Бір ауыз сөз» жанр ретінде «Егемен Қа­зақ­станда» Шерағаң, Нұртөре, Темірхан, Әмір­хан арқылы қалыптасты. Сосын Нұр­тө­ре мен Әмір­хан ол жанрды «Жас Алашта» жал­ғас­тырды. Қазір бұл жанр Нұртөренің қанжы­ға­сын­да бөктеріліп, «Айқынның» беттеріне шығады. Осылай қапысыз жазылған мақала­лар­дың мәні жылдар өткен сайын жарқырай беретіні ғажап. Сонау тоқсаныншы жыл­дар­дың басында Жаңаарқадағы «Жеңіс» шаруашылығына барған журналист жергілікті мамандар мен малшылар арасында апталап жүрді. Жекешеленген жағдайда көп малға жемшөп пен су, малшыларға көшіп жүрер көлік пен баспана қиынға соғарын сол кезде қапысыз байқапты. Арқадағы кең жерде жаппай жекеше кеткеннен гөрі ферма-ферма болып бөлінгеннің қолайлы екенін қапысыз тап басты. Арада он-он бес жылдан соң, титықтаған ауыл шаруашылық саласы Нұртөре мегзеген жолдың дұрыс­тығына көз жеткізді. Көп нәрсе көңілде сайрап тұрады. Кейде бір жәйт бұрынғы бір жәйтті түртіп кетеді. Әлгі, «ақынды ақын оятпаса болмайды, ақынды ақын таяқтаса сол қайғы» деп классиктеріміз тегін жазбаса керек. «Хабарда» жүргенде Амангелді Сейітхан мен Дана Нұр­жігітті бір жұп етіп тікелей эфирде жұ­мыс істеттік. «Жалықтырмайтын жаңалық­тар» атты интерактивті бағдарлама. Көрер­мен­дер телефон шалып, пікір қосып жа­та­ды. Сонда біреу «мен меломан едім» деп телефон шалды. Кезінде айтысқа қатысқан, әділ бағаламаған жюридегі үлкен ағалардың өзін әжептәуір қорқытқан Амангелді сонда қиыстыра қойып «ел аман болса, меломан болғанға не жетсін» деді. Мақалға бергісіз сол сөзді естіп отырғанда он жыл бұрынғы Нұртөренің әлгі «Жеңіс» ауылынан жазған мақаласы санамызға сап ете қалсын. «Мал аман болса – ел аман» еді оның тақырыбы. Енді міне «ел аман болса – меломан». Қалай-қалай дамисың, қазақ журналисти­ка­сы! Тек оқитын көз, тыңдайтын құлақпен бірге саралайтын зерде болса, шіркін. Жалпы, Нұртөре Жүсіптің тақырыптары мақалға сұранып тұрады. Бірде «Жақсылық Жарлықпен келмейді» деп жазды. Мақал ма? Осы заманда туған мақал! «Өніміңді өт­кізу де – бір өнер». «Достастық қажет, Тәуелсіздік қымбат». Мұның бәрі – қатар жарысқан жылдары көз алдымызда қалған Нұртөренің тақырыптары. Кейде бұрыннан бар тұрақты тіркестен жаңа мағына тудырып кетер еді. Ұмыт­па­сақ бірде «Күлтөбенің түбінде күнде кү­зет» деп жазды. Риза болдық. Қадыр аға­мыздың «ауырлығы табыттай, жеңілдігі кө­біктей» дей салған Жұмекенге риза болғанындай бұл. Енді кезекті тақырып: «Капитализмнің құлағы керең». Қазақтың әлгі: «Мылқаудың астына түспе, кереңнің қолына түспе», дегені қалай ойнап шыға келді?! Егер тоқсаныншы жылдар естеліктерін асықпай парақтасақ, Нұртөре достың небір мақалалары мен тақырыптары андағайлап алдан шығар еді. Осымен тоқтайық десек, ...тағы бір мақаланы, оның тақырыбын аттап кету обал. «Сауатсыз әкім сорға бітеді». Осы заманның және бір мақалы ғой. Онда Нұртөре Шығыс Қазақстан облысын­дағы аудан мен ауыл әкімдері шешімдерінде заңға қайшы тұстар өріп жүргенін ерінбей теріп алып еді. Бір әкім жеке кәсіп­кер­лердің жұмыс күнін ұзартып тастайды. Енді бірі шаруа қожалығының басшысын өз бұйрығымен босатады. Екеуінің де әрекеті – заңға томпақ. «Кейде әкімдердің көбісі Президент Назарбаевтың жүргізіп отырған реформасын, оның мәні мен мәнісін жете түсінбейді-ау деп ойлаймын». Осыны Нұр­тө­ре бұдан он бес жыл бұрын жазып кеткен еді. Ал біз жаңа ғана оқығандаймыз. Кейбір әкімдер әлі де оқымаған сияқты. Осы: «Сауатсыз әкім сорға бітеді», деген тір­кес қазақтың тармақты мақалының бірінші жолындай болып көрінді. Сосын бір екінші тармағын тауып, оны мақаламызға тақырып еттік. Қатар самғайтынымызға бір белгі болсын! Егер біздің қоғамда өзекті өртер жағдайлар көлденең кезікпесе, Нұр­төренің жақсы журналист бол­ма­сына біз кепіл. «Өзін қайта-қайта кепілдікке қоятын бұл кім?» деген сұрақ туар. Оған жауап бере кетейік. Нұртөре Жүсіптің әлгі Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінен «Егеменді Қазақстан» газетінің бұрынғы өнер­кәсіп, кейінгі экономика бөліміне ауысар тұсы еді. Бізді аяқ астынан Шерағаң шақырды. Шұғыл тапсырма берді. Жарты сағатта жазып тастайтын нәрсе. Шыға бергенімізде Шерағаң: «тоқта!» деп саңқ етті. «Мына журналисті танисың ба?» Кабинетте екеуміз ғана. Елесті емес, алдындағы қағазды нұсқап тұр екен. Оқыдық. Нұр­тө­ре­нің «Егеменді Қазақстанға» жұмысқа алу туралы өтініші. Бірден: «Егер Нұртөре жақсы журналист болмаса, онда біз журналистикадан кетеміз», деппіз. Шерағаң: «Тура осылай жаз», деп әлгі өтініш жазыл­ған парақты алдымызға тастасын. Тура солай жаздық. Жалғанда ең қиыны кепіл болған еді, Шерағаңның құзырымен өз ғұмырымызда жалғыз рет кепілге айналдық. «Нұртөре жақсы журналист», деп. Досымыздың «Еге­мен Қазақстандағы», «Жас Алаш­та­ғы», «Ақжол Қазақстандағы», «Астана ха­барындағы», енді бүгін «Айқындағы» қыз­меттері – біздің кепілдігімізді мерейге ай­налдырды! Ал бұқаралық ақпарат құрал­да­ры саласындағы Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Президенті сыйлығын, Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығын, «Алтын адам» сый­лы­ғын сыпырып алғанында, Қазақстан Гуманитар­лық академиясы мен Журналистер акаде­миясына мүше болғанында – кепіл болған не, Нұртөренің зекетіне кетуге әзір едік! Қайнар ОЛЖАЙ, журналист.