Республикалық олимпиадаға еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 11-сыныптың 7 мыңға жуық оқушысы қатысты. Бітіруші түлектер 11 пән бойынша білімдерін сарапқа салып, тек үздіктері жеңіске жетті.
Олимпиаданы қорытындылаған университет ректоры, профессор У.Әбдібеков жеңімпаздарға 1, 2, 3 дәрежелі Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің білім гранты дипломын табыстады. Жоғары көрсеткішке қол жеткізген 81 грант иегеріне ҰБТ-дан 50 баллдан жоғары жинау шартымен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде тегін білім алу құқығы берілді.
Бүгінгі бәсекеден университет грантына ілікпей қалған қатысушыларға да үлкен жеңілдіктер қарастырылып отыр. Егер сіз мемлекеттік грантты иелене алмасаңыз, ҰБТ-да жинаған 50 ұпаймен осы сертификатпен ақылы негізде 25 пайыздық жеңілдікпен білім ала аласыздар. Сондай-ақ, 10-23 тамыз аралығында қосымша 500 грант орындары бөлінеді», – деген профессор У.Әбдібеков барлық жеңімпаздарды құттықтады.
Грант жүлдегерлері білім додасының әділ нәтижесіне ризашылықтарын білдіріп, ерекше қуаныштарын жеткізді. Университеттің жетістіктері мен кампусының салтанатына қаныққан оқушылар, оқу орнының студенті болуды өздеріне мақсат ететіндіктерін де жасырмады.
Айта кетейік, үш айға жалғасқан олимпиаданың 1-ші іріктеу кезеңі – online түрде 2017 жылдың 1-4 наурыз күндері өткізіліп, жалпы, 7000-ға жуық оқушы қатысқан болатын. ХҚТУ базасындағы 2-ші кезеңге 2351 оқушы өтіп, қорытынды білім сайысында 1205 оқушы, оның ішінде, Ақмола облысынан – 75, Ақтөбе облысынан – 76, Алматы облысынан – 39, Атырау облысынан – 29, Батыс Қазақстан облысынан – 73, Жамбыл облысынан – 63, Қарағанды облысынан – 89, Қостанай облысынан – 28, Қызылорда облысынан – 144, Маңғыстау облысынан – 44, Оңтүстік Қазақстан облысынан – 478, Солтүстік Қазақстан облысынан – 14, Павлодар облысынан – 18, Шығыс Қазақстан облысынан 35 мектеп бітіруші түлек бақ сынады.