Бәсекелі бәйге шымылдығын Орталық кеңес төрағасының орынбасары, генерал Бекболат Мұқышев құттықтау сөзбен ашты.
Бұдан 30 жыл бұрын, яғни 1987 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы құрылған болатын. Осы уақыт аралығында Ардагерлер ұйымы халықпен бірге, Елбасымен бірге талай «тар жол тайғақ кешулер» мен көптеген мерекелі-мерейлі жарқын күндерді артқа тастады. Салтанатты мерейтойымызды республикалық деңгейде ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Ардагерлер ұйымының атқарған еңбегін қорытындылап, ел алдында және өзімізге есеп беріп, ертеңгі күндерге жоспарлар құру мақсатында атап өтіп жатырмыз. Мереке қарсаңында республика көлемінде әр облыс, әр аудан орталықтарында дойбыдан, шахматтан, тоғызқұмалақтан, бильярдтан спорттық-мәдени сайыстар өткізіп, қорытындысы ретінде Астанада бильярдтан республикалық біріншілік өткізуді бірауыздан құптап, шешім қабылдаған болатынбыз», деді ол.
Ойын барысында, біз тартысты бәсекенің шашбауын көтеріп, жанашыр болып жүрген біраз көрерменді сөзге тартқан едік.
Сайыстың ұйымдастырушысы ҚР ІІМ Құрметті ардагері, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің жауапты хатшысы Көпболсын Бекмағанбетов былай деді:
– Бұл сайыс ақсақалдарымыздың саламатты өмір сүрудегі тәжірибесін жастарға үлгі-өнеге ретінде насихаттау мен қарттарды спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жарысқа Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан келуге тиісті жеңімпаз спортшы-ардагерлер келе алмады. Орталық кеңес атынан тарихшы, жазушы Қойшығара Салғара қосылып, 14 бильярдшы додаға түсті.
Жеті жұп бәйгеге түскен жарыс нәтижесінде Ақмола облысының бильярд шебері Марат Досқожин (73 жаста) I дәрежелі дипломның және қомақты жүлде – түрлі-түсті теледидардың иегері атанды. Сондай-ақ, М. Досқожин бір кездесуде ең көп шар соққанға белгіленген жүлде – украин шеберлерінің қолынан шыққан, құны 70 мың теңгелік бильярд киін жеңіп алды. Екінші орынды астаналық Боранбай Жарылқағанов (70 жаста) жеңіп алса, қола жүлдені Оңтүстік Қазақстаннан келген Абдугай Бекжанов пен Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданынан келген Төлеубек Қасенов (70 жас) иеленді.
Астанадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдың директоры Әділхан Абдулин мекеме атынан тағайындаған арнайы жүлде – «Көрермен көзайымы» сыйлығы алматылық Тоқтар Есімовке (70 жаста) бұйырды. Арнайы жүлде иегерлері қатарында жолды көктемгі қар суы шайып, апатты жағдай орын алып жатқанына қарамай Қарағандыдан жеткен Оңғар Аяпбергенов, алматылық Қабиболла Сейітов және қостанайлық Анатолий Кудрявцев (72 жас) сынды ақсақалдар танылды. Өнегелі өнерімен көзге түскен жамбылдық ардагер Бағдат Дауылбаев, парасаттылығы және мәдениеттілігімен көзге түскен павлодарлық Ерсайын Шұғабаев және ақтөбелік Виктор Горбенко жастарға бар жағынан да үлгі-өнеге боларлық ақсақалдар ретінде марапатталды.
Салтанатты рәсім барысында сайыстың жоғары деңгейде өтуіне жанашырлық танытқан С.Мұқанов, О.Аяпбергенов, Қ.Сейітов және ШҚО Жарма аудандық кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есболов сынды ақсақалдар Орталық кеңес басшыларына, ұйымдастыру жұмыстарына бас болып жүрген Көпболсын Бекмағанбетовке бірауыздан ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
АСТАНА