− Ескі суреттер болса, оларды өңдеп, көбейтіп, үлкейтіп, портрет жасатамыз. Астына майдангердің аты-жөнін, туған, қаза тапқан жылын көрсетеміз. Осыған кеткен қаржының барлығын партия филиалы өзі көтереді, − дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Олжас Дүйсеков.
Қостанайлықтар тек өмірден өткен аталарының ғана емес, қазір арамызда селеудей селдіреп, сыртқа шыға алмай үйде отырып қалған соғыс ардагерлерінің де суреттерін әкеледі. Қарт майдангер өзін әлі қатарда санайды, шеруге шыққысы, мәңгілік алау қасында Жеңіс күніне жете алмаған қанды көйлек достарының рухына бас иіп, гүл шоқтарын қойғысы келеді. Сондықтан олардың портреттерін мерекелік шеру кезінде партия филиалының волонтерлері немесе әлеуметтік қызметкерлер ұстап шығатын болады.
Жыл сайын акция жаңалықтармен, қызықты істермен толығып келеді.
− Осыдан екі жыл бұрын бірнеше адам бір ардагердің суретін әкелді. Сөйтсек, соғыста қаза тапқан боздақ әлгі кісілердің барлығына ортақ туыс екен, олар бір қалада тұрып, бірін-бірі білмеген. Олар акция арқылы туыстарын тауып, арқа-жарқа болды. Ал биыл бір әжей соғыстан қайтпаған, хабарсыз кеткен ағасының хатын әкелді. Көмек сұрады. Біз әскери комиссариаттар, архивтер арқылы әжейдің ағасының Батыс Еуропада жерленгенін анықтадық, − дейді Олжас Дүйсеков.
Қостанайлық нұротандықтар акция басталғалы бері бір мыңнан аса соғыс ардагерінің портреттерін жасапты. Жеңіс күні мерекелік шеруге қарттар, жастар – барлығы қатысады. Біреу әкесінің, біреу ағасының, нағашысының, атасының, бабасының портреттерін алып шығады. Жеңіс туының желбірегеніне 70 жылдан асса да, ерлікке тағзым ескірген жоқ, аталар рухы асқақтап, туған елге, туған жерге деген перзенттік сезім әр жүректі атша тулатады. Қостанайлықтар Жеңіс күнін қасиеттеп, қадірлеп қарсы алады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ