Төлемдер қаржылық қызметтердің халық пен бизнес-қоғамдастықтың күнделікті қызметіне берік енген негізгі құраушысы болып табылады және оның маңыздылық деңгейін қоғамның электр энергиясын тұтыну, интернет пен мобильдік байланысты пайдалану сияқты базалық қажеттіліктерімен салыстыруға болады. Бәсекелестік, жаңа технологиялардың пайда болуы және клиенттер тарапынан сұратулар көрсетілетін төлем қызметтері нарығының тұрақты дамуы үшін ынталандыру болып табылады. Қазақстандықтарға қазіргі кезде қандай сервистердің қолжетімді екенін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері департаменті түсіндірді.
Қазіргі кезде Қазақстанның нарығында тұтынушыларға банк шотын ашу мен жүргізуді, оған қашықтан кіруді, төлем карталарын шығару мен оларға қызмет көрсетуді, шот ашпай ақша аударуды, қолма-қол төлемдер қабылдауды, электронды ақша шығаруды және өзге инновациялық қызметтерді қоса алғанда, көрсетілетін төлем қызметтерінің ауқымды аясы ұсынылады. Көрсетілетін төлем қызметтерін негізгі жеткізушілер Қазақстанның банктері, «Қазпошта» АҚ және Ұлттық Банкте есептік тіркеуден өткен банктік емес төлем ұйымдары болып табылады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде 19 төлем ұйымы тіркелген.
Рәсімдер жеңілдетілуде
Банк шотын жүргізу клиентке шот ашу және банк осы шот бойынша дәстүрлі төлем құжаттарын пайдалана отырып бөлімшелер арқылы, сондай-ақ, интернет-банкинг сияқты қашықтағы байланыс арналары арқылы және төлемдерді жүзеге асырудың өзге тәсілдерімен қабылдаған төлемдік нұсқауларды орындау қамтылатын банктік базалық қызметті білдіреді.
Қолданыстағы заңнамаға соңғы енгізілген өзгерістер банк шотын ашу рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік берді. Мәселен, банк шотын электронды нысанда ашуға өтініш беру мүмкіндігі көзделді, банк шоты шартын жасау және банк шотын ашу кезінде банкке заңды тұлғаның ұсынуы қажет болатын құжаттардың, оның ішінде электронды түрдегі құжаттардың саны қысқартылды, сондай-ақ, банкке қол қою және мөр бедерінің үлгілері бар құжатты, шот бойынша операцияларды жүзеге асыру үшін одан әрі банкке өтініш жасаған кезде кейбір құжаттардың көшірмелерін ұсыну мүмкіндігі көзделді. Сонымен қатар, кәсіпорынды тіркеу кезінде заңды тұлғаларға электронды тәсілмен банк шотын ашу рәсімін ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Төлемдер онлайнға өтеді
Сонымен бірге, төлем индустриясындағы инновациялық цифрлы технологиялардың белсенді дамуымен және қолданылуымен сипатталатын ауқымды өзгерістер отандық төлем нарығына да айтарлықтай әсер етті – қашықтағы арналарды пайдалану үлесінің кеңеюі байқалуда.
Мәселен, соңғы бес жылда қашықтағы байланыс арналары және электронды терминалдар арқылы жүргізілген операциялардың көлемі 2016 жылы 12,4 трлн теңге сомадағы 474,7 млн транзакцияны құрай отырып, 2 еседен астам өсті.
Банктер интернет және мобильдік банкинг сервистерін жақсарту бойынша жұмысты тұрақты негізде жүзеге асырады, банк шотын қашықтан басқару бойынша қызметтерді көрсету аясы кеңеюде. Цифрлы технологиялардың көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығына үдемелі ықпал етуі кейінгі жылдары интернет/ мобильді банкинг арқылы жүргізілген операциялар көлемінің ұлғаюына әсер етті, операциялар көлемі 2016 жылы 934,0 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 2,3 есе артық. Жеке тұлғалардың қашықтан тәсілімен жүзеге асырылатын әрбір үшінші қолма-қол төлемі интернет- және мобильді банкинг арқылы жүргізіледі.
Төлем карталары: пайдалану белсенділігі өсуде
Халықтың қолындағы негізгі электронды төлем құралы төлем карточкалары болып отыр, олар сату нүктелерінде POS-терминалдарды қолдана отырып төлемдер төлеу кезінде, интернет-сайттарда тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде, банктік қызметтерді интернет- және мобильді банкинг арқылы алу кезінде, сондай-ақ, жеке тұлғалар арасында аударымдар (P2P аударымдар) жасау кезінде және қолма-қол ақша алу және банкоматтар мен банк дүңгіршектері арқылы өзге операцияларды жүзеге асыру кезінде пайдаланылады.
Төлем карточкалары нарығында 25 банк және «Қазпошта» АҚ, сондай-ақ, төлем карточкаларымен операциялар жүргізу бойынша процессингтік қызметтер көрсететін арнайы компаниялар жұмыс істейді.
2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша айналыста 16,1 млн төлем карточкасы бар, олардың ұстаушылары 14,4 млн адам. Нарықтың даму көрсеткіштері төлем карточкаларын пайдалану белсенділігі артуының оң серпінін көрсетіп отыр. Мәселен, үш жыл бұрын ғана айналыстағы төлем карточкаларының 40%-ға жуығы пайдаланылды, 2017 жылға қарай бұл көрсеткіш 8,2 млн бірлікті құрай отырып, 50%-дан асты.
Қызмет көрсету желісінің жаппай таралуы халыққа төлем сервисінің қажетті орында және талап етілген уақытта қолжетімді болатынына кепілдік береді. Бұл ретте төлем инфрақұрылымының банкоматтар санының аздап өсуімен (6,6%) салыстырғанда POS-терминалдар желісінің соңғы үш жылда едәуір (2,3 есе) өскенін көрсетіп отырған статистикалық көрсеткіштері қолма-қол емес төлемдерді кеңейту бойынша банктер жүргізіп отырған саясатты сипаттайды.
POS-терминалдар желісінің дамуы, сондай-ақ, ақы төлеуге төлем карточкаларын қабылдайтын кәсіпкерлер санының байқалып отырған өсуі (соңғы үш жылда 2,9 есе) карточкаларды пайдалана отырып, сатып алынатын тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысу кезінде клиенттер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға ықпал етті. Төлем карточкаларын пайдалана отырып, қолма-қол емес төлемдер сомасы 2015 жылмен салыстырғанда 57,2%-ға ұлғайып, 2016 жылы 1 620,2 млрд теңге болды.
Нарықта жаңа төлем құралдарының пайда болуы және жабдықтың жұмысына жоғары талаптар қою қолданылатын инфрақұрылымды жетілдіруге ықпал етеді. POS-терминалдардың басым бөлігі ұялы байланыс стандарттарын қолдайды және мобильді болып табылады, сондай-ақ, байланыссыз төлем құралдарына қызмет көрсете алады. Шағын сауда және/немесе қызмет көрсету кәсіпорындары үшін смартфонға қосылу арқылы mPOS-ты пайдалану мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, операция жасау кезінде төлемдерді төлем карточкасының және электронды терминалдардың немесе өзге құрылғылардың жанаспай жүзеге асыруына мүмкіндік беретін байланыссыз технологиялар дамуда. Мәселен, сауда және қызмет көрсету ұйымдарында орнатылған POS-терминалдардың 30%-ға жуығы байланыссыз төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нарықта тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу мақсатында кәсіпкерлердің шифрланған деректемелерімен QR-кодтарын пайдалану бойынша шешімдер ұсынылған.
Халық төлем терминалдары арқылы қолма-қол ақшаны енгізу арқылы жүзеге асыратын төлемдерді қабылдау және өңдеу жөніндегі төлем қызметтері сегментіне банктер мен жеке төлем ұйымдары қызмет көрсетеді. Қазақстан нарығында 2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 66 мыңнан астам төлем терминалы орнатылған. Бұл ретте төлем терминалдары желісінің белсенді дамуы «cash-in» функциясын іске асыру арқылы банкоматтарды жетілдіруге ықпал етті. Банкоматтардың жалпы санының 17%-да осы функция бар.
Халықтың халықаралық ақша аударымдары: теріс сальдо
Золотая корона, Western Union, Unistream, Contact, Лидер, Анелик, Дүниежүзілік пошта одағының Жүйесі, Жедел Пошта, MoneyGram, Faster және өзгелер сияқты халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы ақша аударымдары жөніндегі төлем қызметтерін банктер мен «Қазпошта» АҚ көрсетеді. Осы жүйелер арқылы жүргізілген ақша аударымдарының көлемі қолма-қол емес төлемдердің жалпы ағындарымен (2016 жылы 405,3 млрд теңге сомасына 2,4 млн транзакция жасалды) салыстырғанда шамалы ғана болды, бірақ халықтың шұғыл, әдеттегідей, өтеусіз аударымдарды жүзеге асыруының қажеттіліктерін өтейді. Аталған жүйелер арқылы ақша аударымдарының негізгі ағыны Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға, Қырғызстанға және Түркияға жіберілген. Бұл ретте Қазақстаннан ақша аударымдары жүйелері арқылы жіберілген аударымдар түсімдерден айтарлықтай асып түседі. Мәселен, 2016 жылы шет елге жіберілген аударымдар 382,2 млрд теңгені құрады, ал шет елден келіп түскен аударымдар 248,5 млрд теңге (теріс сальдо 133,7 млрд. теңге) болды.
Клиенттерге ыңғайлы болуы үшін
2013 жылдан бастап электронды ақша нарығы белсенді дамыды. 2017 жылғы 1 қаңтарда электронды ақша шығаруды республиканың 11 банкі жүзеге асырды, бұл ретте халық үшін нарықта 16 электронды ақша жүйесі ұсынылды. Осы инновациялық құралдарды пайдалана отырып жасалған операциялар көлемінің өсуі 2015 жылмен салыстырғанда соңғы жылы 3,5 есе болып, 154,2 млрд теңге деңгейіне жетті.
Төлем қызметтері нарығын дамыту кезінде басты назар халықтың жүйелі негізде төлеуіне жататын коммуналдық төлемдер, бюджетке және жекелеген қызметтер провайдерлерінің пайдасына төлемдер сияқты мерзімді төлемдерді жүзеге асыру талаптарын және тәсілдерін жетілдіруге аударылады.
Бюджетке төлемдерді ұйымдастыру саласында банктер төлеуші банктен мемлекеттік органның жүйесіне жүргізген төлем туралы ақпаратты бір сәтте беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа режімге көшуде, бұл төлеушінің орындалған міндеттемелерін есепке алуды оңтайландыруға, төлеушілерді борышкерлер тізімінен алып тастау процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету процесін жылдамдатуға бағытталған.
Кадрдан тыс
Клиенттерден алынған нұсқаулар бойынша басқа банктердің және олардың клиенттерінің пайдасына төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін (банкаралық есеп айырысулар) банктер Ұлттық Банктің Банкаралық ақша аударымдары жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі сияқты төлем жүйелері арқылы көрсетілетін төлемдік-есеп айрысу қызметтерін пайдаланады. 2016 жылы Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы 590,7 трлн теңге сомасына 35,3 млн транзакция жүргізілген. Қазақстан экономикасы үшін төлем жүйелерінің маңыздылығын ескере отырып, жүйелердің жұмысында басты назар жүйе жұмысының тиімділігі (үзіліссіз жұмыс істеуі) және қолжетімділігі деңгейіне аударылады.
Сондай-ақ, төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операцияларды есептеу кезінде банкаралық төлемдер үшін жеке карточкалық жүйелердің сервистері, ақша аударымдары жүйелері, не банктер арасында ашылған корреспонденттік шоттар пайдаланылады.