• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

Ерсейіттің жүрегі енді ауырмайды

360 рет
көрсетілді

Ерсейіт екі жасқа толғанда ғана ау­руы білінген. Басқалардың мұндай ба­ла­лары томпаңдап, күннен күнге сал­мақ қосып, ата-анасының көз қуанышы болып жүрсе, Ерсейіт ет ала алмай қой­ған. Кей-кейде әке-шешесінің үрейін ұшы­рып көгеріп талып қалады. Қағаз­дай аппақ. Мамықтай жеңіл. Сөйтсе, жүрегінің ақауы бар екен. Алғашқыда ата-анасы шет елде, яғни Израильде емдету мәселесін ойластырыпты. Сұрас­ты­рып көрсе, орташа операция 50-70 мың доллар шамасында екен. Ондай қар­жы жас отбасыда қайдан болсын. Алматыны жағалайды. Жүрегі ауы­ратын тек бұлардың ғана баласы емес болып шықты. Кезекке тұрасыз дейді. Онысы ең жақын болғанда 2013 жылы, болмаса 2014 жылы келеді. Бастары салбырап Шымкентке қайт­қан. Жеті жасқа келген Ерсейіттің да­ла­ға шыққысы келеді. Балалармен футбол ойнағысы келеді. Сәл жүгірсе алқынып, жүрегі аузына тығылып, қалжырап қа­лады. “Әже” деп анасының шешесін құ­шақтап жылағанда кейуананың жана­ры жасқа малшынатын. “Құлыным-ай, қа­шан сен қатарыңа қосылып, шауып кетер екенсің” дейтін әжесі күбірлей күйініп. Ерсейіт расында жазылып кетті. Қап-қап долларды қажет ететін Из­раильға барған жоқ. “Кезек күт” деген Алматыға да жо­лы түспеген. Жеті жыл мазалаған дерт­тің дауасын Шымкенттің дәрігерлері-ақ тапты. Жүрек қан-тамырындағы тесікті операция жолымен бітеді. Балалар кардиохирургиялық бөлім­ше­сінің ашылуына барғанымызда Ерсейіт шыққалы жатыр екен. Әжесі күндей жайнайды. Аузын ашса айтар сөзі рахмет. Дәрігерлердің қызметінде мін жоқ. Ерсейіт баяғыдай емес, жеңіл дем­алады. Көңілді. “Ешкімге бір тиын төлемедік. Тіпті санаторияда жатқандаймыз. Осындай жағдайды тудырған мемлекетіміздің бас­шыларына, Президентімізге рахмет” дейді Зағира Пірімқұлқызы. Сол күні көп палаталарды араладық. Жүрекке опе­рация жасалған балалардың кіш­кентайы 2,5 жаста екен. Жүрек ауруы түрліше ғой. Соның көп тараған түрі –тамыр жарығы. Атқақтап тұрған қан тесіктен сыртқа ағады да баланың ты­нысы тарылып, әлжуаз  қалыпқа түседі. Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының бастығы, құрғақ сөзден нақты істі жақсы көретін, сондықтан да қыз­меттестеріне, сыртқы жұртқа суық кө­рінетін Жұмағали Исмаилов журна­листердің сұрақтарына жауап берді. Ең қиыны үш жыл бұрын осындай дерті бар балалардың жетпіс пайызы ажал құрығына ілініп келіпті. Оңтүс­тікке келген сапарында Елбасы жақын жылдарда түзеуге тиіс төрт мәселені қойғанда жүрек-қан тамырлары ауру­лары мен бала өлімін азайтуды тап­сырған. Мемлекеттен айтулы көмек болатындығын ескерткен. Елбасы ең үлкен байлығы халқы бо­лып табылатын Оңтүстіктің медицина­сы­на қыруар қаржы бөлгізді. ТМД-да баламасы жоқ орталықтар бой көтерді. Шетелдегі ең озық технологиялар алын­ды. Оған облыс дәрігерлерінің шеберлігі үндесті. Бүгінгі таңда орталықтың кардио­хи­рургиялық бөлімшесі заманауи жоғары тех­нологиялық құралдармен жарақтан­ды­рылған. 2 ангиограф жұмыс істейді. Операциялық блок ламинарлық ағын жүйесімен және «Таза бөлмелер кешені» жүйесімен қамтамасыз етілген. Алыс және жақын шет елдердің жетекші кардиохирургиялық орталықтары­нан мамандар тартылып мастер-кластар ұйымдастырылды. Кардиохирургия бөлімшесі жұмыс істеген уақыттан бері ашық жүрекке 511 операция жасалды. Оның ішінде 395-і аорто-коронарлық шунттау опера­циясы, 79 ересек адамға жүректің туа біткен және жүре пайда болған кемістігін түзету операциялары жасалды. Статистикалық мәліметтер бой­ын­ша, Оңтүстік Қазақстан облысында 2010 жылы 2009 жылмен салыс­тыр­ғанда, аурушаңдық 19,1%-ға, жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлім-жітім 20,8%-ға, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруларынан болатын өлім-жітім 38,9%-ға төмендеді. Бүгінгі таңда облыста дамудың туа біткен, оның ішінде балалардағы жү­ректің туа біткен кемістігін емдеу өзек­ті мәселе болып отыр. 2011 жылғы 1 қаң­тарға дейінгі жағдай бойынша «Жүректің туа біткен кемістігі» диаг­но­зымен 15 жасқа дейінгі 2802 бала диспансерлік есепте тұрады. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар – 415. Шымкент қаласындағы облыстық кардиология орталығының базасында 2010 жылы облыста алғаш рет Польшадан келген мамандардың қаты­суы­мен 25 балаға жүректің туа біткен кемістігін түзету операциялары жасалды. 2011 жылы облыс деңгейінде бала­лар­ға ашық жүрекке 100 операция және 100-150 эндоваскулярлық хирур­гия­лық шара қолданылды. Балалар кардиохирургиясын дамы­ту үшін облыс әкімдігі балалар кар­дио­хирургиялық бөлімшесін жабдықтауға 130224,0 мың теңге, сондай-ақ балалар кар­диохирургиялық және реанимация­лық төсек-орындарға қызмет көрсету үшін қосымша штаттарды ұстауға қаражат бөлді. Облыста балалар және жаңа туған балалар хирургиясын, оның ішінде ас­қазан-ішек жолдарының хирургиясын, нейрохирургияны, кардиохирургияны да­мыту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бұл балалар өлімі мен мүгедектігін одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді. Астана мен Алматыға жалтақтамай, өз бетімен жол іздеген Жұмағали Қа­зы­байұлы облыс әкімі Асқар Мырзах­метовпен кеңесе отырып, кешенді бағ­дарламалар түзді. Аймақтардың да көп жағдайда көшбасшы болатындай жағ­дайы барлығын ұқтырды. Медицина саласынан халықаралық стандарттарға өтіп кеткен мемлекеттермен іскерлік байланысқа түсіп, атақты дәрігерлерді тартты. Солардың тәжірибесі, оқытуы негізінде өз кадрларының біліктілігін көтерді. Балалар кардиохирургиясында алғашқы 25 операция Польша дәрі­герлерінің көмегімен жасалса, соңғы 17 операцияны облыстың өз кардио­хирургтары жасаған. Жас мамандар жетілді. Жаңа буын қалыптасты. Жүрегі ауыратын жұрт алысқа шапқыламайтын болды. Шет елде қыруар қаржыға жасалатын ота өз жерінде, үйінің іргесінде тегін жа­салып жатыр. Кешегі дертті жан­ның, бүгін ауруынан құ­лан-таза айыққан ағайын­ның жү­зі­нен осыны ұқтық. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент.