• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

Тамырын елден үзбеген

392 рет
көрсетілді

Мен елу жылдық мерей­тойды адамның өміріндегі ең керемет жасы деп ойлаймын. Оны алтын жас деп тегін айтпаса керек-ті. Жарты ғасырлық ғұмыр артта қалады. Өткен өмі­ріңе қарап, не істелді, неге қол жеткізілді, ең асыл арман-ниет­терің қалай іске асырылды, міне осының бәрі-бәрі тайға таңба басқандай болып көз алдыңнан өтеді. Кейбір жағдайларды қо­ры­тындылап, келешекте алдыңа жаңа мақсаттар қоя бастайсың. 50 жыл – жолдың ортасы. Адам­ның өмірден жинаған тәжіри­бесі мен білімінің кемелденген шағы, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін белестерді бағын­дыра алуға, қол жеткізілмеген армандарды іске асыруға, уақыт ағымы мен өмір өзенінде одан әрмен қарай жүзуге әлі де болса күш-қуаттың жететін кезі. Леонардо да Винчи «табандылық кез келген қиындықты жеңеді» деп өте дұрыс айқан. Менің 50 жылдық мерей­то­йым әлдеқашан өтіп кеткен, одан кейін де өмірімде жауапты әрі маңызды күндерді өткеріп жатырмын, алайда сол мәнді де жарқын кезең есте ерекше сақ­талады. Көріп отырсыздар, бү­гін менің ең жақын досым Александр Тараков өміріндегі айрық­ша күнге орайластыра, көлемі жағынан бір томдық таңдамалы шығармалар жинағын шығарып, өзінің мерейлі мерекесіне табан тіреп отыр. Автор оның ішіне бұдан бұ­рынғы кітаптарында жарық көр­ген «Век журавля», «Затмение под солнцем», «Тера террариум», «Притяжение целины», «До ­и после миллениума», «О земле, земном и земляках», «Зарубки ирокеза» әңгімелерін, сон­дай-ақ өзі сол басылымдар­дың қызметкері бола жүріп, әр жылдарда газет-журналдарда жа­риялаған материалдардың бі­разын енгізді. Дәл сол еңбектер ҚазМУ-дың кешегі жас әрі бас­та­ма­шыл түлегі Александр Та­раков­тың журналистикада шы­ғар­­ма­шылық жолын бастауына, өзін­дік стилінің қалыптасуына, ше­берлігінің шыңдалуына, тә­жі­ри­бесінің артуына, қаламы­ның ұш­талуына, әртүрлі жанрда өз күшін сынап көруіне, әр сөзді орнымен қолдануына, оқырман­ға өз ойын толық та түсінікті, мәнерлі  жеткізуіне үлкен жол ашты. Бұл үлкен мектеп болды. Александр Тараков өзін терең ойлы очеркші, өткір тілді фелье­тоншы, нағыз публицист, мағы­насы терең сараптама материалдар мен жағдаяттарға толы сұх­баттардың, көңілді марқайтатын тосын шығармалар мен эпи­грам­малардың авторы және ақын­дық жолына да бет бұрған (өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында «Нива» журналында оның лирикалық өлеңдері топтамасының жарық көргенін айта кету керек) тұлға ретінде таныта білді. Жалпы, Александр Тараковтың шығар­ма­шылық дарынының диапа­зо­ны өте кең және барлық кезеңде таңданарлық жетістіктерге жете отырып, ол өзінің сирек кездесетін дарынын көрсете білді. Осы жерде Ф.Ларошфуконың айт­қан нақылы еске түседі: «Ерек­ше қабілеттің болуы аз, оны пайдалана білу де өнер». Дегенмен, бұл А.Тараковтың қо­лынан келді, ол өзінің көпқырлы талантын аша білді, көпшілікке таныта білді. Александар Юрьевичтің өмі­рі­нің ең бір жемісті кезеңі «Казахстанская правдамен» байла­ныс­ты болды, бұл үлкен ұжымға ол әбден қалыптасқан, яғни өзінің қатал сенімімен, көзқарасымен, айқын ұстанымымен, құштарлық, ұнату-ұнатпау сезімдерімен қала­мы ұшталған мықты журналист кезінде келді. Бұл оның шығармашылық және ұйымдастырушылық қабі­лет­тері зор бағаланып, манса­бының өсуіне септігін тигізді – Александр Юрьевичтің «Казахстанская правда» РГ» акционерлік қоғамын басқарып отырғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Меніңше, А.Тараков басшы ретінде, өз қызметі барысында Кон­фуцийдің мынадай бір: «Өзіңе қа­талдық, өзгеге жұмсақтық таныт­қан орынды. Осылайша, өзіңді өзгелердің жек көрушілігінен қор­ғай аласың» деген өсиетіне ден қоюға тырысатын сияқты. Бірақ, мансаптық өсу Александар Юрьевичке тән нәрсе емес деп ойлаймын, ол үшін мансап маңызды емес. Бастысы – бұл шығармашылық табыстар, жетістіктер. Ол «Казахстанская правда» да еліміздің ал­дыңғы қатарлы журналистерінің бірі ғана болып қоймай, жазушы-до­кументалист болып та мойын­далды. Бұған дә­лел ретінде  шығармашылы­ғы­ның дамуында өзіндік орны бар, от ауызды, орақ тілді, көркем де ұш­қыр ойлы оның кітаптарын айтуға әбден болады. Александр Тараковтың жеке қасиетіне тоқталар болсам, ол ау­ылшаруашылық еңбеккерлеріне, аграрлық жұмыстарға жан-тәні­мен берілген адамдарға, ауылша­руашылық өндірісін ұйымдас­ты­ру­шыларға, тың игеруді жалғас­тырушыларға ерекше ықыласпен, аса бір құрметпен, қызы­ғушы­лық­пен, жылышыраймен қарай­ды. Бүгінгі таңда дала еңбек­керлері мен фермалар жайында, яғни «жер, жер беті мен жерлестер туралы» жазатындар жоқтың қасы. Мәселен, сансыз газет-журналдарды ақтарып көріңізші – ол беттерден ауылшаруашылық еңбеккерлері, диқандар мен мал шаруашылығын дамытып жүрген жандар жөнінде жазылған мақа­ла­ларды аз кездестіресіз. Ал А. Тараковқа келсек, ол үнемі ауылшаруашылық мәселе­лерін назардан тыс қалдыр­май­тын, өткен ғасырдың Валентин Овечкин, Ефим Дороша, Георгий Радов, Юрий Черниченко, қазақ­стандық  Вениамин Ларин, Владимир Чирков сынды кеңестік «де­ревенщик» жазушылардың ұмы­тыла бастаған дәстүрлерін жалғастыру арқылы, өзінің очерктерінде де, оның басшылығы­мен «Казахстанская правдада» да тұрақты түрде аграрлық та­қырыптарды жиі көтеріп оты­рады. Ауылшаруашылық еңбек­керлерінің көпшілігі Александр Юрьевичке және газетке олар­дың істері мен шаруаларына көңіл бөліп, көпшілікке таныс­тырып отырғандарына алғыста­рын білдіріп жатады. Біз Александр Тараков екеуміз 12 жылдан бері, «Казахстанская правда» редакциясының Алматыдан Астанаға қоныс ау­дарған кезінен доспыз. Бұл достықты мен аса қадірлеймін. Оны адамгершілігі мол, рухани бай адам және шығармашылық санаттағы әріптесім ретінде бес саусағымдай білемін. Оның абы­ройы мен адамгершілік құн­дылығын бағалаймын, сондық­тан да оның бойынан кемшіліктерді көрмейтін шығармын. Александрдың, оның екі інісі Лев пен Андрейдің де әкеле­рінің шығармашылық жолын абы­роймен жалғастырып келе жат­қандығын айтпай кетуге бол­мас. Әкесі – Қазақстанның жур­налистік цехының ақсақалы Юрий Андреевич Тараков республикада журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосқан адам және де осыдан қырық жыл бұрын менің ол тұлғамен танысу бақытына ие болғаным­ды да мақтана айтқым келеді. Барлық балалары елге танымал жандардың қатарынан орын алды. Дей тұрғанмен, меніңше, үш батырдың ішінен Александар бәрін де басып озған сияқ­ты. Олай дейтінім, Александр – еліміздің рухани-мәдени сала­сын­да үлкен беделге ие тұлға, екі шығармашылық – Журналистер мен жазушылар одақта­рының мүшесі, ҚР Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласында 2002 жылы Президенттік сыйлықтың және Қа­зақ­стан Журналистер одағының лауреаты атанды, «Құрмет» орденімен, сонымен қатар түрлі медальдармен марапатталған. Александр Юрьевич өзінің алғашқы мерейтойын айтарлық­тай шығармашылық байлықпен әрі дарынының кемеліне толған кезінде қарсы алып отыр. Бұл жол­да оның едәуір биіктерді ба­ғындырғаны белгілі, себебіне бойлар болсақ, Марк Аврелий­дің «Әрбір істі өміріңдегі соңғы жұмыс сияқты атқар» дейтін, ежел­ден келе жатқан кеңесіне сүйенетіндігін аңғартады. Міне, сондықтан да ол шығармашы­лық­­қа жан аямай беріледі, жұ­мысын бар ынта-ықыласымен атқарады. Мен тамаша журналист, очерк­­ші, публицист, дарынды жа­зушы әрі аудармашы Александр Тараковты абыройлы жар­тыға­сырлық мерейтойымен шын жү­рек­тен құттықтаймын. Оған қала­мың мұқалмасын, ша­бытың ша­рықтасын, шығарма­шы­лығың бұ­дан да зор шың­далып, тағы осынша жасты артқа тастап, талмай еңбектене бер, денсаулығың мықты болып, бақытты ғұмыр кеш және отан­дық әдебиет пен жур­налис­ти­каның игілігі үшін барлық ісіңе сәттілік тілеймін дегім келеді. Жаңа белестер мен дәуірлер – алдымызда. Владимир ГУНДАРЕВ. ___________________ «Егеменқазақстандықтар» туыстас басылым – «Казахстанская правда» газетінің тізгінін абыроймен ұстап келе жатқан майталман журналист, жанашыр дос – Александр Юрьевичті мерейлі мерекесімен құттықтап, өзіне және ол басқаратын ұжымға абырой биігінен көріне беруге тілектестік білдіреді.