Қарғын мен Жайықтың тасуынан болған апаттан зардап шеккен батысқазақстандықтардың жағдайын Қостанай жұрты күнделікті ақпараттардан қадағалап отырды. Табиғи апаттың қайсысына болса да қарсы тұруға адамның қолынан келер күш аз екен. Қаншама отбасы көктемнің салқын күндерінде бар жиған-тергені мен баспанасын суда қалдырып зардап шекті. Мектептер жарамсыз болып, суда қалғандықтан балалардың оқуына да кері әсері бар екені анық. Осының барлығын ойлаған қостанайлықтар қарап отыра алмады. Облыстық мәслихат депутаттары бас қосып, облыс бюджетінен 100 миллион теңгені Батыс Қазақстандағы су тасқынынан болған апаттың зардаптарын жоюға бөлуге бәтуаласты. Оның сыртында ірілі-уақты кәсіпорындар, кәсіпкерлер және жалпы Қостанай жұртшылығы ақшалай қаржыларын екінші дәрежелі банк филиалдары мен «Казпошта» арқылы аударып жатыр. Бүгінге дейін жиналған қаржы 5 миллион 300 мың теңгеден асты.
Тасқын судан зардап шеккендерге қостанайлықтар көрсеткен көмек мұнымен шектелмейді. «Садовод» және «Терро» ЖШС 34 тонна картоп, «ДЕП» фирмасы 8 тонна сүт өнімдерін, «Стофарм» дәрі-дәрмек, өзге де сауда орындары, кәсіпорындар төсек-жабдықтар, киімдер артқан керуен Батыс Қазақстанға аттанды. Осы азық-түлік пен киім-кешектің өзі он бір миллион теңге шамасында болады.
Апатты аймаққа көмек ретінде қаржы жинау ісі облыста әлі де жалғасады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.