• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

Әлихан Досаханов: Әр адам жауапкершілікті өзінен бастауы тиіс

784 рет
көрсетілді

Қан айналымы  жүйесі ауруларының ішінде жүрек-қан тамырлары дерттерінің  кең тарағаны, әрі өлім-жітімнің молдығы қазақ қоғамын алаңдатып отырғаны белгілі. Десе де, соңғы жылдары жаңа технологияларды  енгізу, білікті мамандар даярлау барысында бұл аурулармен күрестің де  қарқын ала бастағаны байқалады. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде нөмірі бірінші мекеме саналатын елордадағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» акционерлік қоғамындағы ілгерілеу туралы айтпауға болмайды. Осы орайда біз аталмыш орталықтың бас директорының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы,  профессор Әлихан Досахановты әңгімеге тартқан болатынбыз. – Әлихан Хамзаұлы, жү­­рек-қан тамырлары ау­ру­ларының ең көп тарал­ған түрлері мен ауру­лар­дың неден пайда болатыны жөнінде кеңірек әңгімеле­сеңіз. – Жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде қоға­мы­мызда ең көп кездесетін ауру түрі стенокардия (жүрек қыс­па­сы) болып табылады. Жү­рек­ті қоректендіретін күре та­мыр­дағы қан айналымының бұзы­луы­нан жүрек өзіне қа­жетті қорек пен оттегі ала алмай зардап шегеді. Нәтиже­сінде, қан тамырлары тары­лады. Сол секілді атеросклероз ауруы да жиі кездесетін аурулардың қатарында. Адам ол дертке душар болғанда артерияның ішкі қабырғасына холестерин жиналып, қатпарлы табақша пай­да болады. Табақша ақырындап өсіп, жү­рек тамыры­ның ішкі жолын бітей береді. Содан барып әртүрлі ишемиялық аурулар пайда болады. Сондай-ақ, миокард инфарктісі де қазіргі ең көп таралған жүрек ауру­лары­ның бірі. Миокард инфарктісінде та­мыр­дың қысылған жерінде қан ұйып қалып, жүрек өліеттенеді. Мұндай жағдайда жүрек етінің жыртылып кетуі де мүмкін. Міне, осындай жүрек-қан та­мырлары аурулары қоғамды дендеп тұр. Бұл жалпы алғанда қан айналымы жүйе­сі­нің аурулары деп айтылады. Осы аурулар бой­ынша елімізде өлім-жітім өте көп. Са­лыстыра айтсақ, Қа­зақ­станда осы дерт бой­ын­ша болатын өлім-жітім ТМД елдерінің арасында бірінші орында. Мәселен, 100 мың адамға шаққанда 800-ден артығы өлім-жітімге тіреледі екен. Бұл басқа Еуропа елдеріне шаққанда 4-5 есе артық дегенді білдіреді. ТМД елдерінің ішінде бізден сәл төменгі орында Ресей тұр. Жалпы, респуб­ликадағы өлім-жітімнің 50 пайыздан аста­мын осы аурулар, екінші онкологиялық, үшін­ші жарақаттан болатын аурулар құрай­ды. Содан ары өкпе, тыныс жүйелері ауру­лары деп төмендеп кете береді. Ал енді осы аурулардың пайда болуы­ның себептері де өте көп. Біріншіден, қазір көбінесе отырып жұмыс істейміз, соның салдарынан аз қозғаламыз. Бұл жүректегі түрлі аурулардың бірден-бір себебі. Екін­шіден,  әлемдік проблемаға айналған семіз­дік­тің де жүрек-қан тамыр­лары ауруларын тудыратыны белгілі. Белгілі бір деңгейде бұған стрестің де әсері бар. Сондықтан са­ламатты өмір салтын ұста­нып, жаттығулар жасап, ішімдік пен темекіден бойды аулақ салып, күнделікті нормаға сәйкес тамақтан­бай­ынша бұл ауруларды құ­рықтау оңайға түсейін деп тұрған жоқ. Оның үстіне қазір халықты осы мәселе бой­ынша сауаттан­ды­ру жағы, сондай-ақ өз ден­саулығына көңіл бөлгізу үшін істеліп жат­қан шаралар жеткіліксіз. Рас саламатты өмір салтын насихаттайтын республикалық, об­лыс­тық орталықтар бар. Бірақ бұқарамен жұмыс істей алмай жа­тыр. Халқымыз осы мәселеде сауатсыз екенін жасырмауымыз керек. Бұл аурулар­дың өршіп тұруының тағы бір себебі, кардиолог мамандардың жан басына шаққан­дағы үлес салмағы жеткіліксіз. Кезінде КСРО-ның Денсаулық сақтау министрі, отыз жылдай одақтың бас кардиологы бол­ған, Мәскеудегі кардиология ғылыми-зерт­теу орталығының директоры қыз­метін осы күнге дейін атқарып келе жат­қан, академик Евгений Чазовтың арқасында одақ бойынша кардиологиялық диспансерлер ашылып, мамандар даярлау ісі жолға қойылған болатын. Кеңес үкіметі құлаған соң кардиология саласы да құлдырап кетті. Тәуелсіздік алған өз елімізде бұл салаға жан бітіп, қан жүгіре бастағалы аз ғана мерзім өтті. Сондықтан нәтижесін күту керек деп ойлаймын. – Соңғы деректер бойынша, өз елімізде осы аурулардан болатын өлім-жітім азайып келеді деген жақсы хабар бар. Бұған не айтасыз? – Біздің орталық республика бойынша кардио­ло­гия­лық жұмыстарды үйлесті­ру­ші мекеме болғандықтан, еліміздегі салаға қатысты мәлі­мет­терді түгел біліп отыра­мыз. Иә, жүрек-қан тамыр­ла­ры ауруларының ішін­де жү­ректің ишемиялық аурулары бой­ынша Қостанай, Қара­ған­ды, Шығыс Қазақ­стан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Аты­рау облыстарында өлім-жітім төмендеді. Республика бой­ын­ша бұл төмендеу тенден­ция­сы 2009-2010 жылдары 24,4 пайызды көрсетсе, бұ­ның ішінде Қарағанды 42,5, Атырау 30,5, Шығыс Қазақстан облысы 22,3 пайызбен алдыңғы қатарда тұр. Жалпы, қан айналы­мы ауруларының өз басы республика бой­ын­ша 2,3 пайызға төмендеді. Осы қан айна­лымы жүйесі дерттерінен болатын өлім-жітім 3,01 пайызға төмендеді. Ал енді осы­лардың ішінде Қарағанды облысына ай­рықша тоқталып өтуді жөн санап отырмын. Жалпы, облыс жүрек-қан тамырлары ауру­ла­рының өлім-жітімі бойынша алдыңғы қатарларда тұратын аймақ. Бірақ, сол өлім-жітімді азайтуда да алдыңғы орынға шық­ты. Бір жылда 42,5 пайызға дейін азайту ғажап емес пе? Қалай деген сұрақ туын­дайды. Республика бойынша жүрекке біздің орталықта ең көп операция жасалады. Бізден кейінгі орында Қарағанды облысы тұр. Бұл облыстағы кардиология орталығы жаңа за­манғы аппараттарды қолдану мен маман дайындауда өзге облыстардағы әріптестері­нен әлдеқайда ілгерілеп кетті. Тіпті, Алма­ты­дағы А.Сыз­га­нов атындағы Ұлттық ғы­лы­ми хирургия орталығымен салыстырған­да да бұл ор­та­лық­та жүрекке жасалатын операциялар саны асып түсті. Орталықта соңғы бір жыл­дың ішінде қолданып жүрген ең тиімді әдіс­тердің бірі – тәж арте­риа­ларына стент қою. Жүректің жіңішкерген тамырына қойы­ла­тын түтікшені стент дейді. Бұны қоймай тұ­рып, жүрек ауруларының дертін анықтауға қолданып жүрген соңғы әрі тиімді әдістің бірі – коронарография (жү­рек тамырларына контраст қолданып, рент­генмен зерттеу). Со­дан қолдың не шап­тың тамыры арқылы сым сияқты өткізгіш жүргізіп, қолқа тамы­ры­мен жүрекке жеткізеді. Алдымен дәрі (кон­траст) жіберіп, жі­ңіш­керген жерді ре­зең­ке тәріздес балонмен кеңейтеді де, стент қояды. Сосын тамыр қуысы қалпына келіп, науқас дертінен айы­ғады. Қазіргі заманда осы әдіспен инфарк­тың де алдын алуға болады. Тіпті, инфаркт бол­ған күнде де стент қойылып, кейіннен қо­сымша емделсе, науқас дертінен айы­ға­ды. Қазір меди­ци­на­ның дамығаны сонша­лық, қатерлі ісіктің де, инфарктың да емі бар. Халық тіпті осыдан оншақты жыл бұ­рын да екі рет инфаркт алған адам өледі деп жорамалдайтын. Нау­қастың өзі де іштей өлімге дайындалатын. Олай жорамалдауға да негіз бар еді. Қазір жағдай өзгерді. Инфаркт алса да, қатерлі ісікпен ауырса да заманауи медицина жазып шығарады деп ай­туға толық мүмкіндік бар. Бұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, Қарағанды облысы кардиохирургтары жаңа инновациялық технологияларды қол­да­ну арқасында соңғы 3-4 жылда жүрек ауру­ларын емдеуде айтар­лықтай жетістіктерге жетті. Ондағы қон­дыр­ғылар да жаңа, маман­дары да білікті, кардиохирургиялық, интервентті кардиоло­гиялық әдістері де тиімді. – Ал, өз орталықтарыңызда жүрек-қан тамырлары ауруларына қандай-қан­дай күрделі операциялар жасалуда? Бұл операциялардың деңгейі дамыған шет мем­лекеттердікімен салыстырғанда қан­дай дәрежеде? – Біздің елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларына осыдан елу жыл бұрын операциялар жасала бастады. Бірақ, ол кезде технология дамымағандықтан, операциялар­дың бәрі айтарлықтай сәтті болды дей ал­май­мыз. Ал енді озық амалдардың дамыған заманында қандай операцияны да игеруге мүмкіндік бар. Біздің мекеме Елбасының бастамасымен 2004 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» боп қайта құрылған соң, осында жүрекке алғашқы операциялар жасала бастады. Содан бері жеті жыл өтіпті. Жеті жылда жақсы жетістіктерге жеттік. Бұ­ған бас директорымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абай Байгенжиннің тікелей ықпалы бар. Ол халықаралық дең­гейдегі үйлестіруші болғандықтан, орталық прогрессивті жолмен дамып келе жатыр. Бейнелеп айтқанда, еліміз осы салада соң­ғы елу жылда жете алмаған жетістікке жеті жылда жеттік деуге болады. Операцияның бар­лық түрі жасалады. Бізде осы күні бір операция – жүректі ауыстыру ғана жа­сал­майды. Оның өзіне осы жылы қол жеткіземіз деп отырмыз. Сондықтан шет мемле­кет­тердің қазынасына ақша құйып, одан жол азабын тартудың ешқандай қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең басты айта кететін жәйт – екі түрлі жолмен орталыққа мамандар жи­нақтадық. Біріншіден, шет елдердегі білікті майталман мамандарды, ғалымдарды Аста­на­ға шақырып, жас дәрігерлерді оқыттық. Екіншіден, өз мамандарымызды шет мемлекеттерде оқыттық. Мәселен, орталық тұң­ғыш рет операция жасай бастағанда Түр­киядан шақыртқан Пя Юрий Владимирович жалғыз өзі ота жасайтын. Қазір кардио­хирург­тардың саны 20 шақты. Серік Меңді­құлов, Дмитрий Горбунов, Әділжан Әлбаза­ров, Мақсат Жантұрғанов, Тимур Лесбеков сынды мықты-мықты кардиохирургтары­мыз бар. Бұлар өз саласы бойынша жылына орта есеппен екі мыңнан астам операция жасайды. Яғни, еліміздегі сала бойынша ең көп операция деген сөз. Ал, кардиология, интервенттік кардиология бойынша 40-қа жуық мамандар жұмыс істеп жатыр. Интервенттік кардиологтар Беглан Стамбол мен Қадырбек Рамазан бауырларымыз Қытай­дан келген, Үрімжіде, Бейжіңде оқыған, білікті, «қолдары жеңіл» мамандар. Біздің орталықтың шақыруымен осында келіп жұ­мыс істеп жатыр. Сондай-ақ, аритмолог Ұлан Қабаев, кардиолог Әлия Жолдасбекова, Сәуле Әбсеитова, Болат Көпенов сынды мықты мамандарды атап айтуға болады. Бұлардың барлығы да профессорлар. Біздің байлығымыз – біздің мамандарымыз. Емдеу, дерттерді анықтау, операция жасау жө­ні­нен еуропалық деңгейге жеттік деп ойлай­мыз. Өйткені, соңғы үлгідегі тамыр арқылы операция жасау (бұрын кеудені кесіп тас­тайтын), стент, амплатцер жамауын қою, коронарография, қолқа мен тәж тамырлары ара­сын жалғау (шунт қою) мұның бәрі еу­ропалық деңгейдегі емдеулер. Сөзіміз жа­лаң болмасын, 2008 жылы Қазақстанның және Германияның жоғары сапа серти­фи­­ка­тын алдық. 2010 жылы Еуропа қорының ма­ман­да­ры Брюссельден келіп, істеп жатқан қадамдарымызды оң бағалап, жоғары дә­ре­­желі төрт жұл­дыз­ды сертификатпен мара­пат­тады. Бұл Қа­зақстанда ешбір салада жоқ! Сондай-ақ, былтыр «Еуропадағы ең жақ­сы емхана» атағына лайық деп таныл­дық. – Кез келген науқастың осы орталық­та емделуге мүмкіндігі бар ма? Квота қа­лай шешілген? Ақылы емделушілер ту­ра­лы не айтасыз? Бір операцияның құны қанша? – Елбасының да, үкіметтің де меди­ци­на­ға деген көзқарасы өте жақсы. Сондықтан ор­талыққа қаржы негізінен бюджеттен құй­ы­лады. Медицинаға бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын құрайды екен. Сондықтан осы уақытқа дейін квотамен емдеп келдік. Енді квота болмайды. Денсау­лық сақтау министрлігі енгізген «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» бойынша медициналық көмектердің жаңа әдістеріне көштік. Әрбір науқастың өз емханасын, ауру­ханасын таңдауына құқы бар. Науқас шал­ғайдағы ауданнан келіп те біздің орта­лықта тегін емделе алады. Ол үшін жергілікті емхана арқылы порталға шығып, ал­дын-ала мамандарымызбен келісіп алулары қажет. Сол жергілікті емхана орталыққа ба­ғыттай алады. Сосын осында науқасының тарихымен қоса УДЗ, ЭКГ және т.б. дәрі­гер­лердің қорытындыларымен келуі керек. Яғни, «осы мекемені таңдаймын» деп үйден шығып келе салуға болмайды. Ал, ақылы емдеулерге келсек, несін жасырайық, жүрек ауруларына шалдыққан науқастарға ол қым­бат тұрады. Мысалы, жүректің бір тамы­рына стент қою 3 мың АҚШ доллары. Үш тамырына стент қойғызса – 9 мың доллар. Басқа да дәрі-дәрмегі, жататын орнын қос­қан­да науқастың қалтасына салмақ түседі. Кардиохирургиялық операциялар орта есеппен 1,5 миллион теңге. Науқастың дертіне байланысты одан төмендеу де, жоғарылау да болуы мүмкін. Интервенциялық кардиология бойынша ем алу 1 миллион теңгенің көлемінде. Бірақ, бұл қаржы шет мемлекеттерде емделумен салыстырғанда, әлдеқайда аз екенін халық қаперінде ұстауы тиіс. Ең бастысы, қаржылық ауырлықты үкімет өзі көтеріп отыр, сондықтан ақылы емделу-емделмеу науқастың өзінің таңдауы. – Сонда Бірыңғай ұлттық денсаулық сақ­тау жүйесі бойынша емдеудің бұрын­ғы квота берумен салыстырғанда ерекшелігі неде? Өз ақыларымен емделетіндер көп пе? Үкімет тегін емделуге жағдай жасап отырғанда ақылы негізде емделу не үшін қажет? – Бірінші осыдан бастайық. Ақылы ем­делетіндердің санын көп деп айтуға бол­май­ды. Бірақ ел іші болған соң, әрі қазақ­стан­дықтардың қалталары бос деп айтуға келмейтіндіктен, ақылы негізде емделетіндер бар. Негізінен уақытты үнемдегісі келетіндер осылай жасайды. Олар тегін емделуге қол жеткізу үшін бір ай күткісі келмейді. Ал, жүйеге келсек, бұл біз үшін тиімді бо­лып тұр. Бұрын квотамен келген жүрек ау­руы­на шалдыққан әрбір науқасқа ауруының түріне, қандай операция жасалатынына қа­рамай бюджеттен 600-700 мың теңге бөлі­нетін. Қазір ондай емес. Біз енді әрбір нау­қасқа қанша қаржы кеткенін есептеп, министрліктегі арнайы комитетке жібереміз. Олар соған сай қаржы аударып отыр. Әрине, жүйенің кемшіліктері де жоқ емес. Бірақ, «көш жүре түзеледі» дейді халқымыз. – Жоғарыда бір сөзіңізде халықтың бұл тұрғыда хабары аз екенін айтып қал­ды­ңыз. Бұл неден білінеді? Ха­лықтың денсаулығы үшін үкімет қаржы бөліп жатқан жоқ па? Жұртшылық оны неге тиімді пайдаланбайды? – Халқымыздың денсаулық мәселесі ту­ра­лы хабары аз екені шындық. Мүмкін мұны немқұрайлылық деген жөн шығар. Өйт­кені, бізде әрбір жеке тұлға өз ден­сау­лы­ғына көңіл бөлмейді. Жыл сайын тексеріліп тұрмайды. Қай жерің ауырады, қай ағ­заңда дерттің белгілері бар. Ол ары қарай үдемей тұрғанда, қайтып емделуге болады, кімдер емдейді деген мәселені бүге-ші­ге­сі­не дейін білмесе, бұл немқұрайлылық емей немене? Адам түгілі, мәшиненің өзін қо­жайы­ны жыл сайын техосмотрдан өткізбей ме? Мысалы, кейбір деректерге қарағанда, елі­мізде 20 мыңға жуық адам аяқ астынан жү­ректің тоқтап қалуынан қайтыс болады екен. Мұны қазақы тілмен «арам өлу» дейді, яғни иманы үйірілмей кетеді. Сондықтан, бұл жағдайға тап келмес үшін әр адам өз өмірі үшін күресуі тиіс. Үкімет қаржыны салаға бөле отырып, «ден­сау­лықтарыңды түзеңдер, тегін емделіңдер» деп мүмкіндік беріп отыр. Осы жылы құрылған мемлекеттік бағдарлама­ның аты да «Саламатты Қазақстан» аталады. Бұл орайда әрбір жеке адам өз денсаулығы үшін жауапты болса, екіншіден, мемлекет те, жұмыс берушілер де сол адамның денсау­лығы үшін жауапты. Біз осы үш жақты жауап­кершілікті, әсіресе, әрбір адам өз ден­сау­лы­ғының жауапкершілігін сезінер болса, қоғам­ның денсаулығы жақсарады деп ойлаймын. Са­ламатты Қазақстанға қадам басайық, ағайын! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА.