• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2011

Дүбірге толы дүние

386 рет
көрсетілді

БОСҚЫНДАРҒА ЕУРОПАДА ТОСҚЫН ҚОЙЫЛА МА? Буырқанған араб елдері басқаларға да проблемалар ту­дырып отыр. Атыс-шабыстан шаршаған халық өздерінің диктаторлары құтырған елдерінде қалғысы жоқ, шамасы келгендер Еуропаға барып паналағысы келеді және барған жерлерінде қиындықтар тудырады. Бір үйге қо­нақ келсе, әсі­ре­се, ол шақы­рыл­май келсе, біршама проб­лема туады. Іше­тін та­мақ керек, жа­татын орын керек. Бар болса жақ­сы-ау, жоқ болса ше? Ал бір елді мекен, аймақ, тұтастай ел сондай жағдайға ұшыраса ше? Проблема ауқымдала түседі. Еуропа елдері сондай про­блемаларға кезігіп отыр. Сол­түс­тік Африкадан ағылған иммигранттар біраз елдердің бас ауруына айналды. Алдымен бұл проблемаға Сол­түстік Африкаға, алғаш бү­лінген Туниске жақын жат­қан Италия кезікті. Тунистің мәңгіліктей саналған басшысы Бен Али Сауд Арабиясына қашса да, одан құтылған ха­лық бұл жерде жағдай бұдан кейін де оңала қоймасын аң­ғарып, Еуропаға қарай қозға­луды ойлады. Нысана – Ита­лияның ең жақын жатқан Лампедуза аралы. Одан әрі құр­лыққа жету қиын емес. Соғыс болып жатқан жақтан келгендерге, босқын халыққа есік ашық. Халықаралық талап солай. Италия оларды қабыл­дауға мәжбүр. Әп-сәтте шағын аралдың халқы бес-алты есеге өсті. Осылайша басқаларға проб­лема туады. Шенген виза ай­мағы туралы заң бойынша, Италияға келген адам, иммигранттар бүкіл Еуропаға ор­тақ, яғни олар Еуропаның қай еліне барамын десе де құқығы бар. Бұл тәртіп 1985 жылдан бері қолданы­лады. Алайда Еу­ропаның Франция, Германия, Ұлыбритания сияқты елдері аң­сап келген араб­тарды қа­был­­да­­ғы­сы жоқ. Ал олар­дың басқа елдерге, әсіресе, Шы­­ғыс Еуро­па­дағы қоңыртөбел тіршілігі бар елдерге барғысы кел­мейді. Көбі­не­се Фран­ция­ға аңсары ауады. Онда бұры­нырақ барып орныққан туыстары бар, ең бастысы – африкалық­тар­дың көпшілігі француз тілін өз ана тіліндей меңгерген. Ал Франция оларды ел ішіне кіргізбейді, Италия шек­арасында пойыз­дан түсіріп тастайды. Алда не болмақ? Дөп басып айту қиын. Босқындар тек Африкадан ғана емес, Азиядан да есік қағып тұр. Әсі­ресе, Ауғанстан, Пәкстан, Үндістан, тіпті дағдарысқа ұшы­ра­маған деген Қытайдан да, сондай-ақ кешегі кеңестік аймақтан бос­қын­дардың қара­сы көптеу. Дамыған Еуропа ғана емес, Ресейден Польшаға, Өзбекстан мен Түркіменстан­нан сонау солтүстіктегі Швеция мен Норвегияға барғысы келетіндер көптігі таңдан­дырады. Әлемде босқын көп. Өз елдерінде жайы болмаған соң босады да жұрт. Бірақ өз елдерінде жағдай жасалмағандарға өзге елдер неге жағдай жасауы керек деген де сұрақ туын­дайды. Екіншіден, отансүйгіш­тік дегенді қайда қалдырамыз? * * * ЫНТЫМАҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ Әлем ақпарат құралдары Иран Ислам Республикасы басшылығы арасында соңғы кезде айтарлықтай қайшылық барлығын хабарлап жатыр. Сондай бір хабарға қарағанда, елдің рухани басшысы аятолла Хаменеи президент Махмұд Ахмадинежадқа қызметтен кетуді ұсынған көрінеді. Әсіресе араб телеарналары бұл тақырыпқа көбірек барады. Олардың ха­бар­ларын шын­дық­қа да балау қи­ын. Сондай-ақ жел тұрмаса, шөп­­тің басы қи­мыл­да­ма­сы да белгілі. Қалай болғанда да, бұл елдің жетекші екі бас­шысы арасында келіспеушілік барлығы шындыққа жа­қын. Ол әркез аңғарылып қа­лады, әртүрлі тұрғыда көрініс табады. Елдегі үлкен биліктік шешімдерді президент әдетте рухани басшымен келісе отырып жасауға тиіс. Келіспесе, жү­зеге аспай­тыны бар. Жақында президент Ахмадинежад барлау істері жөніндегі министр Гейдар Мослехиді орнынан алмақ болған екен, оған аятолла Хаменеи жол бермепті. Мұның өзі олардың арасында ынтымақтың жоқты­ғын, бір-бірінің беделін түсіруге құш­тарлығын аңғартады. Бұлардың арасындағы қа­ра­­ма-қайшылық Ахма­ди­не­жад­­тың президент болып сай­лануынан бері жалғасып келеді. Сая­сат­шылардың пайым­дауын­ша, пре­зиденттің беделі біршама артып, рухани бас­шының ықпалы төмен­дегенге ұқсайды. Мұның өзі аятолла тарапынан батыл әрекет жа­сауға мәжбүрлеген көрінеді. Оның салдары – Ах­мади­нежад­тың жақын адамы, оның құдасы және президенттіктен үміткер Исфандияр Рахим Машаидің тұтқындалуы. Тұтқындауға себеп те, аза­маттық қағидат тұрғысынан алып қа­раған­да, оншалықты дә­лелді емес, сиқырлық, дуагерлік жасады дейді. Оны дә­лел­деу, негіздеу қиын. Содан да бұл айып­тау­дың ақыры бейберекет әрекеттерге соқтыруы мүмкін. Иран – исламға негізделген мемлекет. Оның басшылары­ның барынша діндар болуы да ықти­малды. Президент Ахмадинежад Исламның шииттік бағытын ұстанғандықтан, имам Магдидің (қазақша Мә­ді) қайта шығаты­нына сенуі де таңдандырмайды. Бірақ бұған дейінгі билік үшін күресте нақты саяси құрал­дарды пай­даланып келген адам­дардың сиқырлау, дуалау жөнін­де бірін-бірі айыптап жатуын қи­сынға сыйдыра алмайсың. Бұл елде билік үшін күрес­тің жаңа кезеңі басталды. Екі жылдан кейін – президенттік сайлау. Ахмадинежад өз ор­ны­на құдасы Исфандияр Машаиді сайлату үшін күресін бастап кетті. Машаи – белгілі ұлтшыл қайраткер, аятолла Хаменеимен күні қарсы адам. Атқару­шы билікке ол келетін болса, аятолла Хаменеиге, бәлкім, бүкіл діни билік негізіне соқ­қы болуы мүмкін. Аятолланың оған жол бергісі жоқ. Иран – мұсылман әлемін­дегі үлкен ел, аймаққа ықпалы бар ел. Сол ел өзінің беделінен айырылмай, күш-қуатын ортайтпас үшін, берекесін арт­тыру үшін оның басшылығы бір-бірімен ынтымақта болса екен дейсің. Мамадияр ЖАҚЫП.