• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2011

Мойнақ су электр стансасы – энергетикалық тәуелсіздікке жасалған нық қадам

559 рет
көрсетілді

Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында еліміздің оңтүстік өңіріндегі энергетикалық тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ететін ауқымды жобалардың бірі – Мойнақ су электр стансасы. Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде салынып жатқан бұл жоба 2006 жылы құрылыс жұмысын бастап, ел игілігіне биылғы жылдың желтоқсан айында беріледі деп күтілуде. Парламент Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат бөлімінің бір топ депутаттары жуырда Мойнақ ГЭС-іне барып жобаның инфрақұрылымдық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығын көріп, атқарылған шаруалардың жай-күйімен танысты. Алдағы күндері Парламентте «Қазақстан электрэнергетика­сы­ның ахуалы мен даму болашағы» атты дөңгелек үстел өткізілмек. Осы тақырып аясында Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрағасы Т.Абайділдин бастаған, құрамында Қ.Ома­ров, А.Савченко, М.Бортник, Н.Сүлейменов секілді бір­қа­тар халық қалаулылары бар топ­ты Мойнақ ГЭС құрылысының басында аталған әлеуетті жоба­ның жауапты тұлғалары О.Қан­таев, Б.Жаңабаев, С.Белғожаев қарсы алды. Еліміздегі қуат көзі ең қымбат өңір осы Алматы облысы болып есептеледі. Жетісу өңіріндегі тұтынушыларға қажет­ті электр қуатының 50 пайызы Екібастұз, Жамбыл ГЭС-терінен және көршілес Қырғызстаннан алынатын болғандықтан, бағасы да қымбат. Мысал үшін, әлемде 1 мың киловатт электр қуатының бағасы 1 500 АҚШ доллары болса, ол өте арзан деп саналады. Бү­гінгі әлемдік нарықтағы электр қуаты­ның бағасы – 2,2 цент. Ал осы Мойнақ ГЭС-і іске қосыл­ғаннан соң электр қуатының 1 мың кило­ва­ты 1 138 АҚШ дол­ларынан боса­тылатын болады. Қысқартып айтқанда, су – тегін қуат көзі. Мойнақ ГЭС-інің бас су то­ра­бы – Бестөбе су қоймасының құ­ры­лысы аяқталуға жақын. Еңбек майданында 800 адам 10 бағытта тынбай жұмыс істеуде. Тауды дерривациялық әдіспен бұрғылап тесіп, ұзындығы 9 шақырымнан асатын 500 метрлік биіктіктен элек­тр қуатын өндіретін генера­тор­ларға су жеткізетін қос құбыр бетондалып жатыр. Бұған дейін 20 млн. текше тас пен құмнан су тоқ­тататын алып бөгет тұрғы­зыл­ған. Бұйыртса, 15 тамыздан бастап су жинау жұмысы жүргі­зі­леді. Мамандар бұл тоғанға орта есеппен секундына 28 текше су жиналатындығын айтып отыр. Мұндай суы аз жиналатын жерге бөгет тұрғызылмайды. Алайда жи­ылған суды дерривациялық ұң­ғы арқылы биіктен төменге сорғалата отырып электр қуатын өндіруші генераторлар көмегімен 300 МВт қуат көзін жинақтау мүм­кіндігіне қол жеткізуге бола­ды. Жапсарлас жатқан екі таудың ортасындағы айдынның ұзын­ды­ғы 16 шақырым, ені кей жерлерде 500 метр, кей жері бір шақы­рым­ды құрайды. Бөгетке таяу маңда арнайы қауіпсіздік су тасымалдау құрылғысы орнатылған. Бұл көк­темгі тасқын кезінде көп мөл­шер­де жиналған судың ағысын реттеп отыру үшін, бөгет ернеуінен асып кету қаупінің алдын алу мақсатында тұрғызылған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, апат бола қалған жағдайда немесе негізгі ұңғы жөндеуге қой­ыл­ғанда, жиналған су қосалқы ұңғымен төмендегі өзенге құйы­лып, үлкен селдің болмауын қам­тамасыз етеді. Бөгет құрылысы 9-10 баллдық жер сілкінісіне төтеп беретін беріктікпен есептеліп соғылған. Төтенше жағдай болса, төрт бірдей тұтқыр автоматты түрде іске қосылып, су жолы жабылады. Со­ны­мен қатар, құрылысты са­лу­шы қытайлық мердігер компания да нысанның сенімділігіне 20 жылдық кепілдік беріп отыр. Әлемде ешбір құрылыс компа­ния­сы мұндай кепілдікке тәуекел етпейді. Әу баста су шайып кететін елді мекен немесе страте­гия­лық нысан болмағандықтан да осы жер таңдап алынған. Есесіне судың төменге құлау биіктігі 500 метр. Судың ағысын тиімді пайдалана отырып 300 МВт электр қуатын өндіруге өте қолайлы. Бұдан өзге ГЭС ғимараты, стан­салық алаң, қызметтік-тұрмыс­тық корпус және станса қызмет­кер­­леріне арналған тұрғын үй ке­ше­нінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Күзге салым мектеп, балабақша, мешіт секілді тұр­мысқа қажетті бірқатар нысандар пайдалануға беріледі екен. Кеңес өкіметі тұсында мұндай су электр стансасы тек Осетия мен Арменияда ғана болған көрі­неді. Жалпы, Мойнақ ГЭС-і Қа­зақ­стандағы бірден-бір қайталан­бас жоба. 1961 жылы осы құрыл­ғыны қолға алу туралы ұсыныс көтеріліп, 1985 жылы Мосгидропроект мекемесі жобасын жасап шыққан соң, алғашқы қазығы қа­ғыл­ған еді. Бір­ақ тоқсаныншы жылдардың басын­дағы Кеңес Ода­ғының ыдырауы кезінде құр­ылыс жұмысы тоқтап қал­ды. Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың ма­құл­дауы­мен ел экономикасына пайдалы жоба қайта пысықталып, 2006 жыл­дан бері жүріп жатқан құ­ры­лыс жұмысы көп шаруаны тын­ды­рып тастағанын айту парыз. – Болашақта бұл жерде 127 адам жұмыс істейтін болады. Қазір солардың алаңсыз еңбек етулері үшін инфрақұрылымдық нысандар соғылып жатыр. Айта кету керек, бүгінгі жас мамандармен мынадай алып жобаны бірден игеріп кету мүмкін емес. Сол себепті Шардарадан, Шығыс Қазақ­стан­нан тиісті мамандарды отба­сы­мен жұмысқа шақырып отыр­мыз. Келешекте бір ғана Жетісу аймағының халқы емес, еліміздің барлық өңірінен энергетика са­ла­сында тәжірибесі бар мамандар жұмысқа тартылады, дейді ГЭС-тің бас директоры Оразалы Қантаев. Бір күндік жұмыс сапарымен келіп Мойнақ ГЭС-інің құрылыс жұ­мы­сымен жан-жақты танысқан парламентшілер жобаның жүзеге асы­рылу барысында кездесіп жат­қан кедергілер, шешілуі қиын мә­се­лелер бар ма деген сұрау қойды. Станса құрылысына жауапты тұл­ғалар негізгі кедергі еліміздің кедендік қыз­ме­тінен туындап отыр­ғанын айтты. Халық қалаулылары кедендік заң жүйесінде «жасыл дәліз» секілді жеңілдіктердің бар екендігін, дегенмен оның жекелеген та­лаптарын, амал-шарттарын жау­ап­ты тұлғалардың қатысуымен бір­лесе отырып қараған жөн екенін және Үкімет басшысына өз тараптарынан осы мәселелерге байланысты депутаттық сауал жол­дайтындарын жеткізді. Сонымен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойында Мой­нақ су электр стансасының бірінші агрегаты іске қосылады. Ал екінші агрегат желтоқсан айының аяғында жұмыс істей бастайды деп жоспарланған. Келер жылдың мамыр айынан бастап Мойнақ ГЭС-і 300 МВт электр қуатын өн­ді­ру мүмкіндігіне толығымен қол жеткізеді. Болашақта ГЭС маңын­да шаңғы базасы соғылып, дем­алыс үйлері тұрғызыла бастайды. Тоғанда өмір сүруге бейімделген балықтар су қоймасына жіберіліп, бұл тек электр қуатын өндіретін экономикалық маңызды нысан ғана емес, ел тынығатын кішігірім туристік аймақ та болады. Осындай әлеуетті жобалар нә­тижесінде энергетикалық тәуел­сіз­дікке толықтай қол жеткізетін күн де жақындай түсетіні анық. Қанат ЕСКЕНДІР, журналист. Алматы облысы. ------------------------------------- Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.