Өнер адамы туралы сөз қозғап, ол жайында оқырмандарға айтпақ ойыңды жеткізу үшін, сол өнер иесінің жан дүниесін толық түсінбей, оның өскен ортасын, ұстаздарын білмей қалам тербеу қиынның қиыны. Ал мен сазгер Бақытжан Сәуекенов жайлы ойымды қағаз бетіне жеп-жеңіл-ақ түсіріп отырмын. Өйткені, мен балалық шағымды онымен Торғай өңірінде бірге өткізіп, оның өмірде қол жеткізген жетістіктерін өз көзіммен көрдім. Талай тұлғаларды түлетіп тау асырған Торғай өңірі таланттарға бай өлке. Басқаларын былай қойғанда, осы өңірден бүкіл елімізге “Ұлт ұстазы” болып танылған Ахмет Байтұрсынов, қазақтың ұлттық музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті композитор Бақытжан Байқадамов, атақты қобызшы Қазыбек Әбенов сияқты кісілердің өзі неге тұрады? Бұл Торғай өңірінің қашаннан өнерге құштарлығын, жерінің құнарлылығын білдірсе керек. Осыны меңзеп кезінде жерлес ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз “Торғай топырағының құрамын білу үшін оған химиялық сараптама жасау керек” деп тамсаныпты.
Өткен ғасырдың 50-жылдарының аяғында Торғайдағы біз оқыған Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепке Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп келген жерлес Болат Хамзин ағайымыз ән сабағынан дәріс берді. Бұл кісі торғайлықтардың арасынан саз саласынан жоғары кәсіби білім алған алғашқы адам болатын. Болат ағай мереке күндері ұлт аспаптары оркестріне немесе сахнадағы 60-70 адамнан құралған үлкен хорға жетекшілік еткенде, үстіне киген қара фрагының етегінің тілігі біздерге аспандағы қарлығашты елестетін. Оның оңды-солды сермеп, сырлы әлемге шақырған “сиқырлы” таяқшасы талай жасқа қозғау салып, Торғайдың өнер аспанына көптеген жас қарлығаштар қанат қағып көтерілді. Солардың бірі бала күннен бірге өскен Бақытжан досым еді. Болар бала болмысынан. Бір сынып жоғары оқыған Бақытжан Болат ағайдың ән сабағынан “до, ре, ми, фа, соль, ля, си” ноталарын бірден санасына сіңіріп, ағайдың алғыр шәкірттерінің бірі атанды. Сол кезден бастап Торғай аспанында Серік Тұрғынбековтің он бес жасында жазған “Торғай қызы” (әні Б.Хамзиндікі), ақын Серіғали Серіковтің “Қайдасың, шолпан-жұлдызым” (әні Б.Хамзиндікі), Бақытжан Сәуекеновтің әні “Анама” (сөзі Б.Әбдіковтікі) және Қонысбай Әбілдің “Бала махаббаты” (сөзі Т. Жетесовтікі) атты әуезді әндері шыға бастады. Сол кездері елге келіп кеткен бір қонақтың “Торғайлықтар, сендер өкіметтің өлеңін айтпайды екенсіңдер” деген сөзі де ел аралап кетіп еді. Араласқан ортасының ықпалынан Бақытжан сол кезеңнен бастап өз-өзінен ыңылдап жүретін “дертке” душар болды. Ондайда ол кеуделері алтын сандық, өнерпаз ағаларының алдына барып, “дертіне” дауа іздейтін. Ағалардың өмірде адастырмайтын ақ баталары Бақытжанға үлкен шипа болды. Бақытжан кез келген саз аспабында еркін ойнап, сахна төрінде оркестр құрамынан көрінді. Саз аспаптарының ішінен баянға ерекше бауыр басты. Күні бүгінге дейін сол баянын сахнада сенімді серігі қылып келеді. 1968 жылы орта мектепті ойдағыдай бітірген Бақытжан 7-8 жыл елде болды. Ұлттық өнеріміздің нағыз жанашыры болған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың бастамасымен, халық аспаптарының білгір маманы Болат Сарыбаев ағамыздың қамқорлығымен, ұстазы – ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Болат Хамзиннің қолымен құрған “Ғасырлар пернесі” фольклорлық ансамблінің уығын қадасты. Кейінірек осы ансамбльге жетекшілік етті. Адам баласының өмірден өз бақытын табуына кейде бақытсыздық көмектеседі деп жатады өмір көргендер. Бақытжан осы “Ғасырлар пернесі” ансамблінің құрамында жұрттың ықыласына бөленіп жүре берер ме еді, қайтер еді, егер бірде мерекелік концерт алдында бір “білгір” көкесі оның арнайы музыкалық білімі жоқ екенін бетіне басып қызартпаса. Табиғатынан жаны талғампаз, жүрегі сезімтал Бақытжанға “көп білетін” көкесінің бұл сөзі кеудесіне көк сүңгірді сұғып алғандай әсер етті. Үнемі көтеріңкі жүретін көңілі құлазып сала берді. Сүйікті шәкіртінің көңіл-күйін күндік жерден жазбай танитын ұстазы Болат Хамзин оның осы күйін қалт жібермей танып, жанына келіп не болғанын сұрайды. Ішкі дүниесінің дүмпуіне ие бола алмай тұрған Бақытжан ұстазының алдында болған жайды жайып салады. Болат ағайы жаны қиналып тұрған шәкіртіне “Бақытжан, мен осы жайлы көптен бері сенімен сөйлесейін деп жүр едім. Қолымызбен құрған “Ғасырлар пернесінің” аяғынан тік тұрып кеткенін күткенмін. Сен енді ештеңеге алаңдама, уақытты оздырмай Ақтөбе қаласының мәдени-ағарту училищесіне оқуға бар. Сол саз училищесінде директор болып менің консерваторияда бірге оқыған Қайырғали Қожанбаев деген досым істейді. Музыкадан бір сазгердей хабарың бар екенін білемін. Сонда да сынақ кезінде “сырғанап” кетпеуің үшін сол досыма барып, менің атымды атасаң қолынан келер қайырын жасар” деп ақылын айтады. Сөйтіп, ұстазының қосқан ақылымен Бақытжан 1976 жылы Ақтөбе қаласына барып, жоғарыда аталған оқу орнына түседі. Ол 1979 жылы осы училищенің қазақ оркестрі бөлімін ойдағыдай аяқтап, туған еліне оралады. Бұл кезде Торғай өңірінің өнері өрге өрлеп, өсу мен өркендеудің үстінде болатын. Қыран баласының алысқа қарайтыны сияқты, кемеліне келген өнерпаз торғайлықтар алысқа көздерін тіккен кез еді. Бақытының бастауын тұма бұлақтардай бұғып жатқан әрідегі халық таланттарынан алған олар республика, бұрынғы Одақ орталығы Мәскеуде ғана емес, Африка құрлығындағы Сирия, Иордания, Мозамбик республикаларында болып, өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Бұл сапар шежірелі өлкенің жыр қылып айтатын жылнамасына жазылып қалды...
2002 жылы кең-байтақ елімізге тарыдай шашылып кеткен Торғай таланттары Астанаға келіп, Күләш Байсейітова атындағы театрда қала тұрғындарына концерт берді. Халықтың көп жиналғаны соншалық, жартысы ішке кіре алмай, сыртта қалды. Осы концертте Бақытжан өзінің “Туған жер – Торғайым,” “Қазақ қызы” әндерін орындағанда залдағы жұрт оған қосылып кетті. Концерт жүргізуші концерттің аяқталғанын хабарлағанда жиналған жұрт орындарынан қозғала қоймады. Бақытжан досым сол жолы жан-жақтан келген қонақтардың алдында өзінің Алаш асылдарына арнаған “Киелі топырақ” әнін орындап, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Астана қаласында өткен үлкен концерттен кейін жиналған жұрт атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнеріміздің өлкесіне, өшпесіне көздерін жеткізіп қайтты.
Биыл асқаралы алпыс жастың төріне шығып отырған Бақытжан еліне тамаша тартулар жасаған сазгер. Ол еліміздің белгілі ақындары Ғ.Қайырбеков, С.Оспанов, С.Тұрғынбеков, А.Шаяхмет т.б. көптеген ақындардың өлеңдеріне 80-нен астам әндер жазды. Азды-көпті еңбегі еленіп, оған 1987 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” атағы берілді. 1988 жылы Қазақстан композиторларының VIII съезіне делегат болып қатынасты. Бірнеше рет облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. 2006 жылы Қостанай облысы бойынша өнер иелеріне берілетін “Қазына” сыйлығын иеленді. Бақытжан 2009 жылы Қостанай қаласында, 2010 жылы Астанада шәкірті Абай Әмірхановтың ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайында жеке авторлық концерттерін берді. Қазіргі тілмен айтсақ, екі концерті де үлкен аншлагпен өтті. Бұл Бақытжанның талғамы жоғары көрермендері мен тыңдармандарының қатары күн санап өсіп келе жатқанын білдірсе керек. Ол сондай-ақ Қостанай облысына қарасты Жангелдин, Таран аудандарының, Ақмола облысының Жақсы ауданына қарасты Қима ауылының өнерлерінің өрге жүзуіне өз үлесін қосып келеді. Бақытжан Дәуренұлы қазір Меңдіқара ауданында аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейді. “Домбыра сазы” халық ансамблін басқарады. Қазіргі мына өнер адамдарының өрісін тарылтып, бүйірлерінен қысып тұрған заманда, өнер иелерінің жанашырсыз, демеушісіз биік белестерден көрінулері екіталай. Бақытжанның Қостанай, Астана қалаларында өткен концерттеріне Меңдіқара ауданының әкімі Базыл Жақыпов демеушілік жасаса, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов та оған үнемі демеушілік қолын созып келеді. Құдай қосқан қосағы Қуаныш Торғайқызымен бірге 6 бала өсірген Бақытжан шын мәнінде бақытты жан.
Асқарбек БЕКТЕМІСОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана қаласы.