• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2011

Орталық Азиядағы қауіпсіздік ұйымның басты назарында

515 рет
көрсетілді

Алматыда өткен сенбіде Шанхай ын­ты­мақ­тастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеңейтілген іс-шараның алдында жиынға қатысушыларды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Кеңес отырысы қазақстандық тараптың төрағалығымен өтті. Жиынды Сыртқы істер министр Ержан Қазыханов кіріспе сөз сөйлеп ашқаннан кейін, делегация мүшелері сөз алды. ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұрат­бек Имана­лиев­тің ұйымның 2010-2011 жыл­дар­дағы жұмысы ту­ралы баянда­масы тыңдалып, қол­дау тапты. Ержан Қазыханов отырыс ая­сында бірқатар шетелдік әріп­тес­терімен екіжақты кездесулер өт­кіз­ді. Олардың арасында Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан сырт­­қы саясат ведомстволарының бас­шы­лары болды. Кездесу кезінде министрлер екіжақты ын­ты­мақ­тастықтың бүгінгі ахуалы мен келешегі төңірегінде пікір ал­мас­ты. Сондай-ақ, Астанада өткі­зі­летін ШЫҰ-ның мерейтойлық Саммитіне дайындық мәселелерімен қатар, халықаралық ұйымдар мен бірлестіктер аясындағы өзара іс-әрекеттің өзекті қырлары бой­ын­ша ортақ келісім түйінделді. Күн тәртібіне аймақтық қауіпсіздік мәселесі де шығарылып, ол да кеңінен талқыланды. Әсіресе, Сол­түстік Африка мен Таяу Шы­ғыс және Ауғанстандағы жағ­дай­ларға баса назар аударылды. Сөз реті келгенде атап өтетін жәйт, биылғы жылдың маусым айында, анығырақ айтқанда, ШЫҰ Саммиті қарсаңында ҚХР Төр­аға­сы Ху Цзиньтао Қа­зақ­стан­ға ресми сапармен келмек. Мі­не, осы жоғары деңгейдегі ресми са­пар­ға дайындық барысы туралы да екі елдің министрлері пікір алмасты. Осы орайда Ислам кон­фе­ренциясы ұйымына біз­дің еліміз­дің алдағы төр­аға­лығы жөнінде де әңгіме қозғалды. Биылғы жылдың 15 маусы­мында Астанада өткізілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының он жылдығына арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті жиынында, негізінен алғанда, ШЫҰ-ның әлем­дік және аймақтық деңгейдегі рөлін одан әрі арттыру мәсе­л­е­ле­рі кеңінен сөз болмақ. Әрине, бұл орайда, ШЫҰ аясындағы көп тармақты өзара тиімді әрі ық­пал­ды ынтымақтастықты нығай­ту­дың қажеттігі туралы ортақ пікір көрініс табады деп күтілуде және де кездесуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының өткен жылдың 10-11 маусымында Ташкент қаласында ұйымдастырыл­ған басқосуынан кейін бірқатар жұ­мыстар атқарылғаны атап көрсетілді. – Көпшілікке белгілі, бұдан он жыл бұрын Шанхай ынты­мақтастық ұйымын құру туралы қабылданған шешім шын мә­нінде ең маңызды  стратегиялық таңдау болып табылады. Ал бұл таңдаудың басты мақсаты ШЫҰ аймағындағы тұрақтылық және бейбітшілікті сақтауға, өзара тиімді ынтымақтастық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстан туындап отыр. Бір жағынан қарағанда, он жыл тарихи өлшем бойынша тым көп мерзім емес. Дегенмен де, осы уа­қыт ішінде Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы тұтастай алғанда ынтымақтастықтың  қалыптасуы мен орнығуының табысты жол­дары­нан өтті. Анығырақ айт­қанда, қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық салаларда саяси-дипломатиялық өзара әре­кет­тестікке арналған мықты кө­пір салынды. Ең бастысы, ШЫҰ аймақтық қауіпсіздікті қамтама­сыз ету ісіне үлкен үлес қосып отырған маңызды форумға ай­налды, – деді министр өз сөзінде. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының бұл пікірін Сыртқы істер министрлері кеңесіне келген делегация бас­шылары да қызу қолдады. Мә­селен, делегация басшыларының есептеуінше, «қазіргі жағдайда ұйымға мүше мемлекеттердің қыс­қа және ұзақ мерзімді түп­кілікті мүдделерін түбегейлі түрде қамтамасыз ету аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты, бей­бітшілік пен түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл ұйым аумағында туын­даған алуан түрлі қауіп-қатер­лерге қарсы уақытында әрекет етуге мүмкіндік береді». Кеңейтілген жиында, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының Қырғызстанға қаржылай және гуманитарлық көмек көр­сетудегі ауқымды үлесі мен бұл елде орын алған күрделі жағ­дайларды қалпына келтірудегі рөлі де назардан тыс қалмады. «Қазақстанның пікірінше, бү­гінде және келешекте ШЫҰ өз жұмысын негізгі үш түрлі бағыт – қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық бағытында жүргізетін болады», деп атап көрсеткен Ержан Қазы­ханов ШЫҰ-ның әскери блокқа айналмауы қажеттігін де ескере кетті. Мұндай нәтижеге жету үшін, деді өз сөзін одан әрі жал­ғастырған министр, оның қыз­меті үшінші елдерге және де өзге ұйымдарға бағытталмауы тиіс. Бірақ, лаңкестік ағымдар, яғни терроризм, экстремизм, сепаратизм мен ұйымдасқан қылмыс, есірт­кі мен қару-жарақтың заң­сыз айналымы сияқты қатерлер мен күрестегі ынтымақ­тас­тық­ты қолдау өзекті күйінде қала береді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңе­сін­де, әсіресе,  есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қыл­мысқа қарсы күрес мәcелесіне баса назар аударылып, оның қар­қы­нын күшейтудің өзектілігіне екпін түсірілді. Министрлер кеңесінің отыры­сында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы М.Иманалиев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлер ке­ңесі құптаған ұйым хатшылығы жұмысының өткен жылғы есебін жиналғандарға ұсынды. Министрлер басшылары  кеңесі жиы­нын­да ШЫҰ-ға мүше ел мәрте­бесін алу мақсатында өтініш білдіруші мемлекеттің міндеттемелері меморандумының жобасы да қолдау тапты. Мұнымен қоса делегация басшылары БҰҰ Бас Ас­самблеясының БҰҰ мен ШЫҰ-ның ынтымақтастығы туралы қау­лысы қабылдануын да қызу құптады. Қорытындысында бір­қа­тар маңызды құжаттарға қол қой­ылды. Олардың арасында ШЫҰ онжылдығының Астана дек­ла­ра­ция­сы, 2011-2016 жыл­дар­дағы есірт­кіге қарсы стратегия мен оны жүзеге асырудың іс-шаралары бағ­дарламасы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі оты­рысының күн тәртібі жобасы және басқа да бірқатар құжаттар бар. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте келелі басқосу қорытын­ды­ларын тілге тиек еткен Е.Қа­зы­ханов пен М.Иманалиев «Қа­зақ­станның ШЫҰ аясындағы іс-қимылын  сыртқы саясаттағы бас­ты басымдықтың бірі» деп есептейтіндіктерін атап айтты. Е.Қазыханов Қазақстанның ұйым төрағасы ретіндегі қызметін өз әріптестерінің жоғары бағала­ға­ны­нан да хабардар етті. ШЫҰ Бас хатшысы М.Иманалиев өз кезегінде ұйымның өзінің мерекелік Саммитіне толысқан және беделді халықаралық құры­лым ретінде келіп отырғанын жеткізді. Қорыта айтқанда, Астана Саммитінде маңызды шешімдер қабылданатындығына сенім мол, ал мұның өзі ШЫҰ дамуы жаңа кезеңінің негізін қаламақ. Әрине, бұл орайда ШЫҰ-ға мүше елдердің мәдени құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап қа­лу болашақ ұрпақ мүддесі үшін өте маңызды. Басты тұжырым да осы. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.