Семей қаласы бүкіл Қазақстанның мәдени-рухани орталығы болып келгені баршаға мәлім. Абай, Шәкәрім, Мұхтар мен Әмірені айтпағанда, Семей жерінде көрнекті жазушы Федор Достаевский мен қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов арасында достық байланыс орнаған. Дәл осы жерде «Алашорда» партиясының көшбасшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов бостандық пен тәуелсіздік туын желбіретті. Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан, танымал жазушылар Всеволод Иванов, Николай Анов, Галина Серебрякова, ақындар Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, зерттеуші-абайтанушы Қайым Мұхамедханов, мәдениет қайраткерлері Еркеғали Рахмадиев, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева және тағы да басқа саңлақтар Семей жерінде әр жылдарда оқыды, өмір сүрді және шығармашылықпен айналысты.
Семей Қазақстан футболының отаны болып табылады. 1913 жылы жас Мұхтар Әуезов «Ярыш» футбол командасын құрды және сол команданың мүшесі болды. 2013 жылы осы команданың 100 жылдығы атап өтілмек. Сонымен бірге, дүние жүзіне әйгілі қазақтың батыр балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов өнер көрсеткен тұңғыш ұлттық цирк те осы жерде құрылды. Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ Ғұсман Қосанов, Леонид Никитенко, Василий Ярков, Дәулет Тұрлыханов және тағы басқа көптеген спортшылар әлемдік және халықаралық жарыстардағы жетістіктерімен Қазақстан туын көкке көтерді. Олардың қатарында Жақсылық Үшкемпіров те бар, ол Семей қаласының арқасында Олимпиада жеңімпазы атанды.
Өкінішке қарай, бүгінгі күнде осы бір жақсы дәстүр бара-бара жойылып барады. Бұл таланттардың жоқтығынан емес, 350 мың тұрғыны бар қалада тиісті спорттық инфрақұрылым мен материалдық-техникалық база жоқ. Сондай-ақ, Семей студенттер қаласы болып табылады, онда 50 мыңнан астам студент жастар оқиды. Семей қаласында мәдени-сауықтыру іс-шараларын жоғары деңгейде өткізуге болатын бірде-бір спорттық ғимарат жоқ. Әмбебап мұз айдыны қарастырылған Спорт сарайы жоқ Қазақстандағы жалғыз қала Семей болып тұр.
Тұрғындарының саны Семейден әлдеқайда аз Қостанай, Орал, Атырау, Көкшетау, Рудный секілді қалаларда әмбебап мұз айдыны қарастырылған Спорт сарайы бар және осы қалалардың халқы спорттың алуан түрімен, оның ішінде қысқы спорт түрлерімен белсенді түрде айналысуға мүмкіндігі бар. Семей қаласының халқы, әсіресе, жастары әмбебап мұз айдыны қарастырылған Спорт сарайын, типтік жүзу бассейнін, қазіргі заман талабына сай стадионды армандайды.
Осы мәселе бойынша жуырда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мырзаның атына депутаттық сауал жолдадым. Келтірген мәліметтерімді негізге ала отырып, Семейде әмбебап мұз айдыны қарастырылған Спорт сарайын салу мәселесін қарауды және оның оң шешімін табуына ықпал етуі жөнінде өтініш жаздым. Айта кету керек, бұл 40 жыл ядролық жарылыстан зардап шеккен Семей қаласының халқы үшін Семей сынақ полигонының жабылуының 20 жылдығына мемлекет тарапынан үлкен сыйлық болар еді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы №409 Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылды. Бұл жабылуды 2011 жылы тамыз айында әлемдік қоғамдастық кең ауқымда атап өтпек.
Ержан РАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.