• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Сурет сыры

681 рет
көрсетілді

Орыстың ұлы жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың Қазақстанға жаз айларында отбасымен жиі келіп, аңшылық құрып, балық аулап, дем алғандығы, қазақтарды жақсы көріп, құрметтегендігі белгілі. Сол сапарларында: «Донда жүрсем – казакпын, Оралға келсем – қазақпын», деп айтқаны, Қазақстанды жақсы көргені халық арасында тарап кеткен. Оның үстіне студент кезімізде ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың бізге сабақ беріп тұрып: «Шолохов Алматыға келіп, дүйім жұрттың алдында сөз сөйлеген кезінде «ұлы қазақ халқы» дегенді сөзінің арасында екі үш рет қайталап айтты. Сонда дуалы ауыздардан мұндайды естіп көрмеген біз әлемге мәшһүр жазушының аузымен айтылған осы сөзден өзіміз қысылып, іштей әбігерге түскеніміз бар, тіпті кейбір жолдастарымыз «мына шал не деп тұр, алжыған ба» деп күңкілдеп те қалып еді», деп айтқан әңгімесі есте қалып қойыпты. Әрине, аса ірі қоғамдық тұлғаны былай қойып, қарапайым адамдардың өзі көпшілік ал­дындағы әр сөзін есеппен айтатын сол кезде Шолоховтың халқымызды бұлайша жоғары бағалауы таң­ғаларлық болып көрінетіні де рас. Сондықтан осы мақаланы жазу барысында Шолохов бұл сөзді қашан айтты екен деп интернеттен біраз іздестіріп едік, нақты бір деректі кездестіре алмадық. Бірақ 1954 жылы Алматыда өткен Қазақстан Жазу­шылар ода­ғы­ның үшінші съезіне қатысып, сөз сөй­легендігін білдік. Сөйлеген сөзінің тексі де сақ­талған және ол баспасөз беттерінде жарық көрген. Ша­масы атақты жазушы «ұлы қазақ халқы» деген сөзді осы съезде айтуы әбден мүмкін-ау және оны айтқан кезде ең алдымен халқы­мыздың гүндер мен көне түр­кілерден бастала­тын ежелгі тарихын есіне түсіріп, осының негізінде қазақстандықтарға деген өзінің риза­шы­лығы мен жоғары пікірін жеткізгісі келген болар деген ойымызды жасыр­маймыз. Алайда ол кез – цензураның мықты кезі ғой, жазушының сөз арасында айтылған бұл жеке пікірі сол сәт­тің өзінде-ақ стенографиядан  қиылып қалуы ғажап емес, немесе Шолохов бұл сөзді басқа бір жағдайда, мәселен съезден кейінгі қонақ­тарға берілетін қонақасы кезінде айтуы да әбден мүмкін ғой. Жалпы, Шолоховтың Қазақстанға келгені, қа­зақ­стандықтармен жақсы қарым-қатынаста бол­ған­­дығы, хат-хабар алмасып тұрғандығы жай­лы бас­пасөз беттерінде жазылып та жүр. Тіпті ол өзінің Нобель сыйлығына ие болғанын да Батыс Қазақ­стан даласындағы көл жаға­сында естіпті. Тағы бір ойға оралатыны – аталған облыста Шолоховтың мұражай үйінің көп жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқандығы. Жазушы туралы біраз деректер сонда жинақталған кө­рі­неді. Сон­дай-ақ батысқазақстандықтар мен Шо­лохов өмір сүрген Дондағы Вешенск стан­са­сы тұрғын­дарының ара­сын­дағы кезінде қа­лыптасқан қарым қатынас әлі күнге дейін жал­ғасып келе жат­қандығын интернет материал­да­рынан білдік. Осы­ның барлығы қазақ­стандық­тардың жазушыға деген құрметін білдіреді. Ал біздің төмендегі айтпақ әңгімеміз әлі айналымға қосылмаған тың деректерге негізделіп отырғандықтан, есімі Александр Пушкин, Лев Толстой секілді әдебиеттің мәңгілік алып­та­рымен қатар аталатын, жиырмасыншы ға­сыр­дың әлем­дік көркем әдеби кеңістігінің үл­кен бір құбылысы ретінде бағаланған «Тынық Дон» секілді дәуірдің шынайы эпопеясын дү­ниеге әкеліп, көзінің тірі­сінде-ақ «ұлы» деген атқа ие болған жазушының біздің елімізге келген әрбір сапарының әрбір сәті еске алуға лайық деген оймен мақаламызда беріліп отыр­ған мына суреттің тарихы туралы сыр шерткенді жөн көрдік. Сонымен суреттегі екі адамның бірі Михаил Шолохов екендігін көзі қарақты оқырман жазбай таныған болар. Ал екіншісі кім? Сурет қан­дай жағдайда және қашан түсірілген? Осын­дай сұрақ­тарды алға тарта отырып, екінші адамның кезінде Батыс Қазақстан облы­сы­ның Жәнібек ауданында басшылық қызметтер атқарған Мырзаш Исма­ғұлов екендігін білдік. Өкінішке қарай, Мырзаш ағамыз осыдан он жылдан астам уақыт бұрын қайтыс болып кеткен екен. Ақырында ол кісінің зайыбы Сара Шә­мілқызын тауып, телефон арқылы сөйле­су­дің сәті түсті. Қазір апамыз Орал қаласында тұрып жатыр екен. «Бұл сурет 1972 жылдың маусым, шілде айлары күндерінің бірінде түсірілген. Көп жыл өтіп кеткен соң нақты қай күні екендігін ұмы­тып қалыппын. Мырзаштың өзі осы Жәнібек ауда­нының тумасы. Ол  қазақ мектебінде, мен орыс мектебінде қатар оқыдық. Яғни, бір-бі­рімізді бала шақтан танып білдік. Осы таныс­тық махаббатқа ұласып, ол Ленинградтағы қар­жы-экономикалық институтын­да, мен Орал­да­ғы жоғары оқу орнында оқып жатқан 1961 жылы үйленіп, отау құрдық. Сол кезде оның жасы 24-те, менің жасым 21-де еді. Мырзаш оқуға түспес бұрын әскерде болып келген-тін. Үйленгеннен кейін оқуымызды аяқтап, ба­сында Орал қаласында қызмет істедік. Мыр­заш өте ұлтжанды, елім дегенде қабырғасын сөгіп беретін азамат еді. Сондықтан алған білімімді алдымен туған жеріме арнаймын деп Орал механика зауы­тында инженер-экономист болып, жақсы қызмет істеп жүрген жерінен Жәнібек ауданының «Таловка» кеңшарына жоспарлаушы экономист болып елге келді. Одан көп кешікпей аудандық комсомол коми­тетінің бірінші хатшы­сына сайланып, қызметі жоғарылады. Алматы­дағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, екі жылдай уақыт астанада тұрдық. 1972 жылдың сәуір айында Жә­нібек аудандық партия коми­тетінің хатшысы қызметіне жіберіліп, қайтадан елге келдік. Сурет міне, осы жылдың жаз айларында түсі­рілген», – деп еске алды Сара апай. – Ал енді осы фотоның түсірілу тарихын айтып берсеңіз, – деген өтініш жасадық. – Ауданға қайта келген кезімізде біз пәтерде тұрдық. Сонан кейін бұрынғы көпестерден қал­ған ескі үйлердің бірі берілді. Жәнібек кен­ті­нің Московская 90 мекен-жайында орна­ласқан бұл үй қос қабатты деп аталғаны болмаса, үстінде үш бөлмесі ғана бар, бірінші қабаты подвал тектес тарлау қоныс екен. Бір жақсысы ауламыз кең болып шықты да, соған қуандық. Осы үйді біраз жыл мекен еттік, артынан өзіміз еңбектеніп жүріп, қасынан іргелес бөлмелер қосып, жағдайды жақсарттық. Ол кезде Мырзаш үй таңдап, жағдай күйт­тейтін азамат емес, үнемі жұмыс жағдайын ой­лай­ды. Қолы бір босамайды. Мен де аудандық ауыл шаруа­шылығы басқармасына қызметке орналастым. Негізгі міндетім, шаруашы­лық­тар­ға телефон соғып, астықтың егілуі, оры­луы, бастырылуы туралы мәліметтер жинай­мын. Ауыл шаруашылығындағы жұмыстың жайы белгілі ғой. Сенбі, жексенбі демейміз, көбінесе жұмыста боламыз. Осындай демалыс күндерінің бірінде өзінің отбасы мүшелерімен және қасында Финляндия­дан келген жазушылары бар Михаил Александрович Шолохов өзінің Орал жағасындағы аңшылық үйіне өтіп бара жатып, жолда біздің Жәнібек ауылына тоқтап, аудандық партия комитетіне кіреді. Ол кезде ауданның басшы­ла­ры Мақсұт Қажығалиұлы Ба­тыров пен Юрий Александрович Черекаев екеуі де іссапармен бірі об­лыс орта­лы­ғы­на, екіншісі шаруашылықтарға шығып кетсе керек. Содан кабинетінде отыр­ған Мырзашқа келіп, тамақ­та­нып, тынығып алуларына бола­тындай орынның бар-жоғын сұрайды. Жолдан шаршап келе жатқандарын айтады. Кабинетте саңқылдап сөйлеп тұрған радионы көріп: «Радио мұнда жексенбі күні де жұмыс істейді екен ғой, жақсы екен», дейді. Ол кезде аудан орталығында құрметті қонақтарды қабыл­дауға лайық қай бір дайын тұр­ған орын бар. Содан Мырзаш Шо­лоховты қасындағы адам­дары­мен бірге қолайсыз­да­нып, бас тартқанына қарамастан, қояр­да қоймай үйге ертіп келді. Алдымен маған телефон ша­лып, дереу үйге жетіп, ас қам­да­уымды сұрады. Сәлден кейін өзде­рі де жетті. Шолоховтар бір үлкен жүк мәши­несі, екі-үш жеңіл мәшинемен жүр екен. Жүк мәши­несінің қорабына суда жүзетін қайық­тары, палатка, қа­зан-ошақ, тағы да басқа заттары бар. Ұмыт­пасам қасын­д­а – өзімен қосқан­да он бір-он екі адам. Шолоховтың өзі, за­йыбы Мария Петровна, қызы мен ұлы, немересі, Финляндиядан келген ерлі-зайыпты екі қонағы, үш-төрт жүргізуші және бір аспаздары бар. Өте қарапа­й­ым адам екен. «Бізге тамақ жасап әуре бол­маң­ыз­дар, өзі­міздің дайын тамағымыз бар, со­ны жеп демала­мыз. Сіздер мазасыздан­ба­ңыз­дар», деп қояды. Халқымыздың салты­мен өзіміздің жергілікті қазақы қойды әкеліп, атақ­ты жазушының ал­дына тартып, союға келісімін сұрадық. Біз­дің риясыз көңі­лімізді байқап, қо­лай­сызданса да, келісімін берді. Жол­дастарымен бірге аула­мыздағы себезгі-душ­қа түсіп: «Қандай тамаша, рахат болды, жақсы сергіп қалдым», деп рахметін жаудырып жатыр. Етті былқытып асып, үстел үстіне бар мәзіріміз­ді қойдық. Жалпы Мыр­заштың үйге қонақ ертіп әкелгені бір бұл емес. Біздің дастарқанымыздан осы оқи­ғадан ілгерілі-кейінді уа­қыт­тары қазақтың атақты адамдары Роза Бағланова, Ришад Абдуллин баласы Зауыр­­мен, ақын-жазушылар Қайрат Жұмағалиев, Ға­лым Ахметов және басқа да халыққа белгілі азаматтар да дәм татқан. Сондықтан келімді-кетімді қо­нақтардың ыңғайына, Мырзаштың қызмет ретіне байланысты мұндай жағдайға өзім де әзірленіп жүретінмін. Шолоховтың өзі мен адамдары аяқ астынан жедел әзірленген дастарқанымызға, ыстық ықы­ласты көңілімізге риза болды. «Біздің қо­лымыздағы барымыздан да дәм татыңыздар», деп зайыбы Мария Петровнаға айтып, «Наполеон» коньягын, жолға дайындап алып шыққан тағамдарын алдыға келтірді. Қасындағы адамдар ашық-жарқын кісілер екен, атақтарынан ат үркетіндей қонақтар бол­ғанымен еркін әңгі­мелесіп, біздің қысыл­ға­нымызды өздері жуып-шайып дегендей отырыс жеңіл өтті. Кеш бата сапардан оралған Мақсұт Қажығалиұлы мен Юрий Александрович те қонақтарға сә­лем беру үшін біздің үйге келіп, жү­гіміз тіпті жеңілдегендей болды. Сонымен ал­дында көп бөгелмейміз деген қонақтар біздің үйде қонып, ертеңінде риза көңілмен аттанды. Мырзаштың өзі де сол кезде Қазақстанның оңтүстік облыстарына сапарға шы­ғуға қамданып жүрген. Өйт­кені сол жылы ауданымызда қуаң­шы­лық болып, басқа өңірлерден жемшөп дайындатып, жеткізу қажет болып еді. Жазушы бізбен қоштасып тұрып, Мыр­заш­тың сол сапарына сәттілік, қызметі­не табыс тіледі. Шынымды айтсам, мен ас қамдап жүріп, дастарқан басындағы көп әңгі­ме­ге қатысқаным жоқ. Әрі көп жыл өтіп кеткен соң естігенімнің өзі ұмы­ты­ла бастапты», – деген Сара апай болған оқиғаның жай-жапсарын бізге осы­лайша баяндап берді. Апайдан тағы бір білгеніміз, үй иелерінің қонақжайлылығына қонақ­тар­дың әбден риза болғандығының белгісі болар, Шолоховтың қасындағы Фин­ляндиядан келген Валентина және Алексей Бородавкиндер өздерінің тұр­ғылықты жеріне жеткеннен кейін Мыр­заш­қа хат жолдап, алғыстарын жеткізген екен. Бұл хаттың көшірмесін және Мырзаш Исмағұловтың жеке түскен суретін біз электрондық поштамен жеделдетіп алдырдық. Хельсинкиден 1972 жылдың 11 қыркүйегі күні орыс тілінде жол­данған хатта біздің тәр­жі­малауымыз бойынша былай делінген: «Құрметті Мырзаш Исмағұлұлы! Сізге және сіздің зайыбыңызға бізге көрсе­тілген ықыласты көңіл мен қонақжайлылық үшін шын жүректен алғысымызды  білдіреміз. Алыстағы Финляндиядан жалынды сәлеммен Валентина және Алексей Бородавкиндер». Валентина және Алексей Бородавкиндер дегеніміз кімдер? Интернет арқылы оның да жауабын жедел таптық. 1961 жылы бұрынғы Кеңес Одағында Совинформбюроның базасын­да АПН («Жаңалықтар» баспасөз агенттігі») атты ақпарат алыбының құрылғандығы белгілі. Ол Кеңес Одағының саяси билігіне тәуелсіз жұ­мыс істейді деп есептелгендіктен («АПН-нің қызметі мен қаржылай жағдайы үшін Кеңес Одағы жауап бермейді, Кеңес Одағының саяси көзқарасы үшін АПН жауап бермейді деген қағидат бойынша») және болашақта өзін өзі қаржыландыруға негізделген үлкен қаржы көзімен қамтамасыз етілгендіктен Кеңес Ода­ғында және халықаралық аренада үлкен беделге ие болды. 7 мың­нан астам ав­тор­лық құрам­мен әлемінің 110 еліне хабарлар таратты. АПН редакциясы 120 елде өкілдік пен тілшілер қосынын ұстап, әлемнің 45 тілінде 4,3 миллион данамен 60-тан астам түрлі-түсті безендірілген газеттер мен журналдар, ал баспалары жылына 20 миллион тиражбен 200-ден астам кітаптар шығарып отырды. Алексей Бородавкин алып агенттіктің Хельсинкидегі тілшісі ретінде Шолоховтың Финляндияда жиі барған сапарларында сол елдің атақ­­ты жа­зу­шы­ла­ры­мен кездесуінде аудар­машы­лық жасап, фин тілінде кітап­та­рының шы­ғу­ына қолға­бы­сын тигізген екен. «Сыйға-сый, сыраға-бал» дегендей, осы еңбегіне сай Шолоховтың құрметіне бөленіп, оның үйінде зайыбымен бірнеше рет қонақта да болыпты. Алексей Бородавкин ту­ралы деректер жи­настыру барысында оның Михаил Шоло­хов­тың 100 жылдық мерейтойына орай атақты жазушымен бірге болған сәт­терін еске алып жаз­ған үлкен мақаласын интернеттен тауып алдық. Сол мақаласының бір жерінде Шоло­ховтың шақы­руымен зайыбы Валентинамен бірге екі рет Батыс Қазақстанда болып, балық аулағандарын айтады. «Дважды Шолоховы приглашали нас поехать с ними на охоту и рыбалку в Казахстан в Братановский Яр, где у них была небольшая дача, и оба раза поездки едва не обернулись трагедией. К счастью, все обошлось благополучно. В первую чуть не погиб малолетний внук Андрюша, сын младшей дочери Шоло­ховых, Маши. Его сбила на абсолютно прямом пустынном казахском тракте грузовая военная автомашина. Наша небольшая автоколонна (две «Волги» и один «козел») остановилась на обочине для короткой пере­дышки. Мы уже были готовы двинуться дальше в путь. Головная машина с Михаилом Александровичем и Марией Петровной только успела отъе­хать, как вдруг большой военный грузовик, шедший навстречу, на полном ходу свернул прямо на нас, стоявших кучкой на обочине. Все бросились врассы­п­ную, и толь­ко Андрюша не успел укрыться. Его, чудом уцелевшего, вытащили из-под заднего моста грузовика и доставили самолетом в госпиталь. Как принято говорить в таких случаях – «родился в сорочке». Остальные отделались ушибами и синяками», – дейді. Бородавкин осы естелігінің тағы бір жерінде: «Для нас с женой поездка в Казахстан была неза­бываемой. Ехали мы из Вешек проселоч­ными дорогами, наслаждаясь бескрайними просторами и запахами степей, ночевками под открытым небом, удивительной тишиной. Особенно запомнились необы­чайно яркое звездное небо у озера Эльтон, летящие спутники, забавно прыгающие с расто­пыренными ногами антилопы-сайгаки. Время, проведенное в Братановском с Михаилом Александровичем, Марией Петровной, Михаилом Михайловичем, внуками и друзьями Шолоховых, их теплота и радушие оставили у нас неизгладимое впечатление», дейді. Алексей Бородавкин, бәлкім осы жолдарды жаза отырып, Мырзаш аға мен Сара апайдың үйле­рінде болған сәттерін де еске алған болар, тіпті бәлкім, осындай жолдардың жазылуына Исма­ғұлов­тардың қонақжай көңілдері де аз да болса ықпалы тиген шығар. Әрине, қалам иесінің көңі­лінде дәл сол сәтте қандай көрі­ністер тұрғандығын біз қазір тап басып айта алмаймыз. Бірақ Бородавкиндердің ризашылық көңілмен жол­данған жоғарыдағы хаты осылай деп ойлауға итермелейтіндей. Қазақ халқының «түйе аунаған жерде түк қалады» деп айтқанындай ұлы жазушымен бол­ған осы кездесудің пайдасы Жәнібек ауда­нына да тигендігін білдік. Осы оқиғадан кейінгі бір жылдары Жәнібек ауданындағы астық­тың шығымдылығы жақсы болып, қырманға сыймай кетеді. Орылған астық қос басында далаға үйіле бастайды. Ең қиыны жиналған астық­ты тасымалдап әкету көп күшке түседі. Осы іске вагондар жетіспейді. Бұл кезде Мыр­заш Исмағұлов аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеп жүреді. Былайша айтқанда, ел байлығы саналатын алтын дәннің ысырап болмауына тікелей жауап беретін аудандағы бірден бір лауазым иесі. Осындайда қысылғанда еске Михаил Шолохов түседі. Ол кісі даңқты жа­зушы бо­луы­мен қатар КСРО Жо­ғары Кеңесінің де­пу­таты. Бы­лайша айт­қанда, одақ­тық дә­ре­же­де мәселеге араласа ала­ды. Сөйтіп жазушыға өтініш жасауға тура келеді. Сөйтіп, Жәнібек ауданында орылған ас­тықты тасып әкетуге вагондар эшалон-эша­ло­нымен ағы­лады. Жәнібек ауданымен көр­шілес орналас­қан Ресейдің Саратов, Волгоград облыстары­ның ша­руашылықтары жақсы өс­кен астықтарын жеткізе алмай біраз әуреге түсіп жатқан осы кезде жәнібектіктер өздеріне жүктелген міндеттемені аброймен орындап шығады. Міне, жақсы адамның пайдасы дегеніңіз қайда жатыр. Мырзаш Исмағұловтың мұнан кейінгі өмір жолына үңі­ле­тін болсақ, Жә­нібек аудандық партия коми­те­тінің хатшысы, екінші хат­шы­сы, аудандық ат­қару коми­те­тінің төрағасы қыз­мет­терінде он екі жылдан астам уақыт абы­роймен қызмет еткеннен кейін облыстық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орын­басары-облыстық дайын­дау мекемесінің бас­ты­ғы болып тағайындалып, қайтадан Орал қаласына келеді. Осы кезде Оралға келген М. Шолоховпен тағы бір рет жолығады. Өмірінің соңына таман жаңадан құрылған облыстық қаржы-бақылау басқармасының бастығы болып бірнеше жыл қызмет атқарып, 1994 жылдың 16 қазаны күні 58 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болады. «Қай жерде жұмыс істесе де қызметіне өте адал әрі патриот болды. Дүние-байлық жина­ған жоқ. Қайтыс боларының алдында қызыл пүліш материал сатып алып келіп, үйдегі диванға жауып жатыр едім. – Осыны жаппай-ақ қойшы, кейін бір керегі болар, – деді. – Неменеге керегі болады, одан да диван жаңарып тұрсын, жабайын, – деп айтқан сөзінен секем алып, таңғалдым. – Мен олай-бұлай болып кетсем, тым құрыса, үйден алып шығатын табытымды орайсындар ғой, – деп еді сонда мені шошытып. Айтқаны дәл келіп, осыдан кейін көп өтпей, өзі де келмес сапарына аттанды. Мәйітін кілемге орап үйден шығарайық деп жатқаны­мыз­да облысы­мыздың сол кездегі басшысы Қа­би­болла Кәбенұлы Жақыпов: «Елге танымал еңбегі бар азамат еді, халықпен қоштастыру үшін мәйітін Островский атындағы драма теа­трына апарып қояйық, мәңгілік мекеніне сол жерден шығарайық деп келісімізді сұратты. Сол жерге табытпен апарып қойдық», деген Сара апай босап кеткен көңілін жасыра алмай, телефонның ар жағынан жылап та алды. Бүгінде Мырзаш аға мен Сара апайдың ба­лалары Амангелді мен Лаура қоғамнан лайықты орындарын алып, ата-аналарының адал жолын абыроймен жалғастыруда екен, өздері де немерелі болған екен. Сонымен бір суреттің тарихынан бастау алып кеткен әңгімеміздің негізгі сүресіне қайта түсіп қорытындылар кезде айтарымыз, ғасыр­лар бойы іргелес келе жатқан, соңғы жүз жыл­дықта әртүрлі объективті, субъективті себеп­тер­дің ықпалымен майлы ішектей араласып кеткен қазақ халқы мен орыс халқының достығы ертеден бекіп, адамдар арасындағы шынайы қарам-қатынас арқылы тамыр жайып келе жатыр. Қазақ жерінде болған Александр Пушкин, Михаил Шолохов, Владимир Вернадский секілді орыстың ұлы гуманист ақын-жазушы, ғалымдары мұны адамгершілік тұр­ғы­сынан болса да, тарихи шындық тұрғысынан болса да шынайы жүрекпен қабылдап, біздің халқы­мыздың өнері мен мәдениетіне ынта та­ныт­ты, халқымыз туралы елмен елді жақын­дас­тыратындай жақсы лебіздерін білдірді. Өзі ұлтжанды бола тұра халықтар ара­­сындағы осы достыққа қарлығаштың қана­ты­мен су сепкендей дә­некерші болған Мырзаш Исмағұловтай азамат­тардың өмірдегі жүріп өткен жолдары мен жасаған әрекеттері осы­ны­сымен де құнды және үлгілі. Шын мәнінде келгенде, әрбір шынайы ұлтжанды адам нағыз интернационалист те бола алады. Өйткені ұлт­жан­дылық дегеніміз өз халқын жүрегімен сүю деген сөз. Ал жылы жүректі адам сол ет жүректің ішінен басқа халықтар үшін де орын таба алатындығы анық. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.