Кеше Президенттік мәдениет орталығында ІV құрылтайдың аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған шет елде тұратын және елімізге сырттан көшіп келген қазақтар арасында «Жырым саған, Атажұрт» атты жыр мүшәйрасы өтті. Мүшәйрада беташар сөз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевқа берілді. Ол осы додаға 35 жасқа дейінгі жас ақындар қатысқанын, жалпы, құрылтайды өткізуде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген жастарға баса мән берілгенін, соған орай, келген қонақтардың 60 пайызы жастар екенін, жас буыннан көпшіліктің үлкен үміт күтетінін тілге тиек етті. «Ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – тілді сақтау. Ана тілімен жазылатын жырды сақтау. Сондықтан поэзия әрқашан өзінің мәртебелі орнында қалады» – деген ол жас ақындарға сәттілік тіледі. Одан кейін іле-шала сахнаға көтерілген ақын Оразақын Асқар «Күй тойы» деген өлеңімен алыстан сағынып жеткен қандас бауырларымызға шашу шашты.
Жыр бәйгесіне негізінен атамекенге деген сағыныш, шетелдегі қандас бауырлардың көші-қон мәселесі арқау болған екен. Бұл додаға алыс-жақын шетелдерден және өз еліміздегі қандастардан 40 ақын қатысыпты. Кеше сол қырықтан іріктелген оншақты жас талап өлең оқыды. Бұл ретте қазылар алқасының құрамын да айта кеткеніміз жөн сияқты десек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет бастаған қазылар алқасының құрамында Сұлтанәлі Балғабаев, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ақсұңқар Ақынбаба, Әкім Сәдуақасұлы сынды көпшілікке таныс ақын-жазушылар болды.
Іс-шара тек мүшәйрамен, өлең оқумен шектелген жоқ. Шетте жүрген қандас бауырларымыздың арасында да талай-талай мықты өнерпаздар бар екен. Бұл кеште олар да өз өнерлерін паш етіп, туған жұртына ән-күйімен, биімен сыйлық жасады. Оның ішінде Алтай Республикасының халық әртістері Еркін Ажмұхан мен Жанарбек Рысәлиев, Қытай Халық Республикасының бірінші дәрежелі әртісі Әділхан Жұмген, халықаралық конкурстардың лауреаты, Моңғолиядан келген бауырымыз Айған Бәдел, өзбекстандық әнші Сержан Жанахмет сынды қандастарымыз көрермендерді ән-күйлерімен тәнті етті. Алтай мен Атыраудың арасында айтылмаған ән, тартылмаған күй қалмаған шығар десек те, «Шіңгілдің мөлдір суындай» боп мөлдіреген Сұлубайдың әні, бізге таңсық ырғақпен, өзгеше әуенмен құлпырған «Ер қазақ», «Көшпенділер», «Ел көшкенде» әндері талантты өнерпаздардың орындауында өте әсерлі шықты.
Мүшәйраға қайта оралсақ, осы күні қауымдастық ұйымдастырған мүшәйраларға көбінше Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, ара-тұра Қырғызстаннан келген немесе сол жақта тұратын қандастарымыздың қатысатынын байқап жүрміз. Бұл жолы да солай болды. Өкініштісі, Ресейде, Түркияда, басқа да алыс шет елдерде тұратын қазақтар бұл топтың ішінен көрінбеді. Бұл – осы мемлекеттерде қазақ тілінің аясы тар екенін, қазақ баласының ұлттық болмыстан кенжелегенін байқататын фактілер. Әйтсе де, сөздің қуаты кеміп, салмағы азайған заманда тіршіліктің тұтқынына айналмай, тәуекелмен өлең жазатын ақындардың әлі де бар екендігі, солардың әдемі лирикалары арқылы тыныстаудың жанға шуақ себетіні бізді қуантады. Сондай әдемі жырлардың иелері, кешегі суырылып шыққан он ақын көрерменге бір-бір өлеңнен оқыды. Содан кейін мүшәйраның қорытындысы жарияланды.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен 3-ші жүлделі орын Төлеген Мәлік пен Қайрат Кәмейге, 2-ші жүлделі орын Тоқтарәлі Таңжарық пен Жанат Боқашқа, 1-ші орын Қуаныш Дәлейге, ал бас жүлде Бауыржан Қарағызұлына бұйырды.
Айгүл СЕЙІЛОВА.