Ұлтымыздың ұлағатты ұлы, дана перзенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Жезқазған жерінен, киелі Ұлытаудың кең даласынан самғап ұшып, Қазақстан ғылымының дарабоз ұйымдастырушысы, геология ғылымының атасы атанды. Қанекеңнің қолында өсіп, өз өнерін танытқан, Еңбек Ері Мұхит Құлжанұлы Бөпежанов Қазақстан кеншілерінің кемеңгері болды. Қаныш ағаның сүйікті шәкірттерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген кен инженері, Еңбек Ері Ғазиз Омарұлы Омаров Қазақстандағы алып шахта орнатушылардың ең көрнекті көсемі еді. Өйткені ол кісі орнатқан алып шахталардай кереметтер Қазақстанның еш жерінде жоқ. Ол шахталарды көрмегендер қалқанына қарап көп қабатты ғимарат деп те қалып жүрді. Бойлары тоқсан метрлік алып бағанды-қалқандар қолмен орнатқан жартастардай Сарыарқаға ерекше сән беріп тұр.
Аттары аңызға айналған ағаларымызға қарап өсіп, өз өнерлерін биік дәрежеде көрсеткен Далабай Ешпанов, Темеш Садуақасов, Әмірхан Байқоңыров, Атабек Арыстанов, Садық Асатов, Балғабай Сейсембеков секілді арыстарымыздың өмірлері де ерлікке толы. Олардан кейінгі буында қаулап өскен жастар да айта қаларлықтай қызмет көрсетіп келеді. Ал, атын ерекше атап, Қаныш ағаның асыл шәкірті деуге тұратын Қазақстандағы кен геологиясының алып тұлғаларының бірі, Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен металлургиялық комбинатының және «Қазақмыс» корпорациясының бас геологы болып көп жылдар қызмет атқарған Төреқасым Ілиясұлы Тәненовтің дүниеден озғанына бір жылдай уақыт зымырап өтіп кетіпті.
Т.Тәненов 1940 жылдың 2 маусымында, Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. Алматының политехникалық, қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің геология факультетін тәмамдап, 1964 жылы инженер-геолог мамандығы бойынша Жезқазғанға келеді. 1964 жылдың 19 мамырында Жезқазған кен басқармасының «Покро-15» атты шахтасына жер астында қызмет атқаратын учаскелік геолог ретінде жұмысқа алынады. Екі жылдан кейін осы шахтаның аға геологы қызметіне жоғарылатылды. Батыр тұлғалы, бойшаң келген көркем жігіт екен. Өзі өте сабырлы, жасына қарамай байыпты да жинақы, мамандық мәдениеті өте жоғары, ынталы геолог болып шықты.
Ол кезде Жезқазғанда жоғары білімі бар кен инженерлері көп болатын, ал кенші-геологтардың көбі техникумды бітіргендер еді. Мен сол кезде «Покро-15» шахтасының бастығы едім. Бұл шахтаның өзгелерден ерекшелігі Жезқазған кен орнындағы ең металға бай бөлшек екен. Комбинат орта есеппен 1,07 пайыз мысы бар кенді қазып алып жатса, бұл шахтаның көрсеткіші үш есе көп болатын. «Покро» шахтасы мыс кенін берсе, №15 шахта оқпаны арқылы қорғасын, мырышқа бай кенді беріп, жылына 1,5 млн. тонна кен жөнелтіп тұрдық. Кеншілер үшін зор байлық мақтаныш болса кендегі металдардың көптігі және сапасының жоғарылығы геологтар үшін оңайға соқпайтын. Біздің кеніміздің ішінен әлемге әйгілі бетехтенит табылды, ондағы металдардың байлығы 99%-ға жетеді. Рений пен осмий сияқты өте сирек металдар да біздің кеннен шығып, кеншілер жағынан да, геологтар жағынан да зерттеу жұмыстары геологтардың мойнында.
Жұмысымыз сәтті жүріп жатқан кезде №45 шахтадағы геология бөлімінде жоғары білімі бар геологтар болмағандықтан Төреқасымды кен басқармасы арқылы сұрап алды. Біздің бас геологымыз Жезқазғанның белгілі ардагері, Ғариф Галимович Сафарғалиев ағамыз болатын. Төреқасымның алғашқы еңбек жолы құтты өтуінің бір себебі осы кісі. Оған қоса, қызметтес досы Г.Младенцев институтта сырттан оқып жүретін, өте алғыр, іскер және ынталы жігіт болатын. Оны оқуын бітіргесін Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының бас геологы қызметіне алды. Бұл тәжірибесі мол, ғылымға құмар жігітпен қызметтес болу да Төреқасым үшін үлкен сабақ болды. Бір қызығы, геологтардың талас-тартыстары таусылмайтын, қорыта келгенде Т.Тәненовтің мамандық дәрежесі жоғары, және өзінің терең ойлап қорыта білетін сабырлы да байыпты мінезімен жеңіп шығатын.
1979 жылы Жезқазғанда ең ірі жаңа алып шахта іске қосылды. «Батыс руднигі» құрылды. Бұл үлкен кенішке бас геолог болып Т.Тәненов бекітілді. Қарамағына №55 шахта, «Покро-15», №32-31 шахталары бар бұл кеніш өзінің 5 млн. тонна кен беретін алып шахтасымен әлемге әйгілі кеніш болып шыға келді. Әрине Төреқасым үшін бұл үлкен биіктеу, беделін өсірер қызмет болды. 1971 жылы талантты маман ретінде Алжирге көмек ретінде іссапарға жіберілді. Одан төрт жылдан кейін оралып, бұрынғы өз орнына барды. Тағы үш жыл өткесін комбинаттың геология бөліміне бас геологтың орынбасары қызметіне жоғарылатылды. 1982 жылдың 30 тамызында Төреқасым Ілиясұлы Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен металлургия комбинатының бас геологы болып бекітілді. Он жеті жыл тапжылмай осы кеніштік геологияның төбе төрінде асқан іскерлік көрсетіп, ел құрметіне бөленді. 1999 жылы бас геологтың орынбасары болып бекітілді. Осы орында дүниеден озғанша қызмет атқарды. Ауыр науқас шырмауықтай жабысып 2010 жылдың 9 маусымында, жетпіс жасқа толғанына жеті күн өткенде, қазақтың асыл азаматы, кеніштік геологияның аса көрнекті ұйымдастырушысы, бар өмірін Жезқазған үшін, туған елі үшін сарп еткен асыл тұлға, ардагер кенші-геолог Төреқасым Ілиясұлы Тәненов бұл фәнимен қоштасып, бақиға аттанды.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Жезқазған кен байлығын ысырапсыз пайдаланып, оның ішінде бар әртүрлі металды толық пайдалануды көздеп, арттағы шәкірттеріне өмірлік асыл тілегіндей айтып кетсе, дананың сол аманатын орындау жолындағы ең көрнекті шәкірттерінің бірі Төреқасым Тәненов болды. Ол бүкіл саналы өмірін осы жолға арнап, үш жыл учаскелік және аға геолог қызметін атқарса, 8 жыл кеніштің бас геологы, 11 жыл комбинаттың бас геологының орынбасары, 17 жыл Жезқазғанның Қ.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинатында және «Қазақмыс» корпорациясында табандылық көрсетіп, 46 жыл шахталық геологияны басқарыпты. Жезқазған секілді алып өндіріс орны әлемде көшбасшы болып жүргенде жарты ғасырға жуық бұл өте күрделі һәм жауапты қызметті атқару кенші-геолог Төреқасым Ілиясұлы Тәненов үшін үлкен еңбек ерлігі, нағыз майталман ардагердің ісі деп білемін. Өзінің мінезі де шыдамдылық пен ар-намыстан тұратын. Қашан көрсең қынжылуды білмей, жымиып күліп қана жүреді. Қаныш ағамызға тартқан асыл мінезі оны қай қызметте жүрсе де сүйкімді, қадірлі етті.
Данышпан Эзоптың «Қара күшпен емес, таза мейірімділікпен мол табысқа тездеу жетесің» деген сөзі біздің Төреқасым Ілиясұлына арналған секілді. Қай жұмыста жүрсе де сол жеткен өресі мен құтты орнына дән риза болды. Талай жыл бас геолог болғанда ол өзгелерден өзгешелігін білдіріп, асқақ сөйлеп төс қаққан емес. Қатты ауырып жүргенде де сыр бермей жұмысын жалғастыра беріп, емделуге де кештеу кірісті ме деп қаламын. Ол нағыз ер мінезді қайсар жан болатын, беделімен сұлу сәулет, еңбегімен үлкен дәулет құрды.
Шахтаның, кеніштің, комбинаттың өндірістік жоспарларын мүлтіксіз орындау үшін қашан, қай жердегі кенді қазбалау жоспар-графиктерін жасауға әрі жүйрік, әрі өте қатал тәртіпті ұйымдастырушы болды. Кеншілік геология шахтаның астынан шығатын суды игеру үшін де Төреқасым кеніштік үлкен гидро-геолог екенін көрсете білді. Бұрынғы үлкен комбинаттың директоры, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты В.Гурба кісі тани білетін білгір басшылық танытқан ірі тұлға еді. Төреқасымды да ол ешкімнің ұсынысынсыз өзі ұзақ зерттеп, үнсіз ғана жоғарылата қойғаны еңбекқор, тапжылмас қайраткерді дәл тапқаны деп білемін.
Төреқасым Ілиясұлы ғылымда да үлкен із тастап кетті. Ол жалпы Жезқазған кен орнына жататын шағын бөліктерге дейін кеңінен зерттеп, геологиялық барлау жұмыстарының кешегісі мен өз уақытысындағы жағдайын терең барлап, табысты ізденістерін геология ғылымының докторы Мейіз Қанышқызы Сәтбаевамен бірлесіп, үлкен еңбектеніп жеке кітап етіп шығарды. Бұл кітаптарын Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының және «Ақ Жезқазған-түстіметалл» ұжымының қолдауымен «минералогия руд и зональность залежей Жезказганского месторождения» (Алматы. Ғылым, 1995) деп атап Анненский кенішінің негізінде үлкен білімдарлық танытып, тартымды һәм ұтымды шығарманы тарту етті.
Төреқасым Ілиясұлы Кентауда туса да негізгі атамекені Ұлытау екен, өйткені аталары ертеде қоныс аударған найман руының ішіндегі Жұмық тармағынан шыққан әйгілі Ақтаз бабаның кейінгі ұрпақтарына жатады екен. Бұл дегенің атақты Ахмет Ишан, Мұхаметжан Қаратаев, Оразай Батырбеков, Әбікен Мамахов сияқты өрелі, текті жерден шыққандығын білдіреді. Кентауда туса да ақырғы жатар жері өзінің негізгі атамекенінде бұйырды. Тәненовтер үлкен әулет, олардың бірсыпырасы Жезқазған шахталарында кен қазып жүр. Ұлағатты еңбек жолын өткеріп, өз шаңырағын да шалқыта біліп, ағайын-жұрттың ардақтысы болды. Төреқасым жан жары Күлбәрам екеуі арыс тұлғалы екі ұл өсірді, әзірше төрт немелері бар. Үлкен ұлы Арман Төреқасымұлы Тәненов – Байыту фабрикасының кен ұсақтау корпусының бас инженері, кіші ұлы Бағлан Жезқазған мыс зауытының бас инженері.
Төреқасым Ілиясұлы Тәненов кенші-геолог, кеніштік геолог ретінде үлкен із тастап кеткен, 46 жыл өмірін осы жолға сарп еткен ардақты азамат. Оның есімін мәңгі сақтау жолындағы жұмыстарды Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдері мен «Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды мен Жезқазғандағы өкілетті бөліктерінің басшылары аяқсыз қалдырмас деп сенемін. Ол туған елінің, Жезқазғанның, туған ата-анасының алдында өзінің азаматтық парызын адал еңбегімен үлкен дәрежеде ақтап өтті.
Кәкімбек САЛЫҚОВ. Астана.