• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2011

Қол жұмсама өзіңе, айналайын!

484 рет
көрсетілді

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

Бүгінгі таңда біздің қоғамды өз-өзіне қол жұмсайтын жастардың көбейіп бара жатқаны толғандырып отыр. Бұл тақырып – адамзат баласы үшін өте өзекті. Біз үшін әрбір адамның тағдыры қымбат. Кейде біздің суицидке қатысты көзқара­сы­мыз да дұрыс емес сияқты көрінеді. Айталық, бір адам өзіне өзі қол жұмсаса, оған аяу­шы­лық білдіріп жатамыз. Ал Англияда мүлдем басқаша. Олар өзіне өзі қол жұмсаған адамды аямайды. Ұлыбританияның заңы бойынша, бір бала сондай қа­дамға барса, қылмысқа барды, әке-шешесіне ұят келтірді деп есептейді. Яғни, өзін өзі өлтіру – қылмыс. Бірақ кейбір балалар өзіне қол жұмсауы арқылы ата-анамды жазаладым деген қате түсінікте болады. Сондықтан Англияда баланы кішкентай кезінен ондай қылмысқа бармау үшін тәрбиелейді. Әңгімелесіп отырып түсін­ді­реді. Соның оң нәтижесі де бар. Англияда өзіне өзі қол жұмсайтын адамдардың саны өте аз. Кейде мұндай қадам жасағандарды айт­қан­да ауа райына, табиғатқа байланысты бо­ла­ды деп жатады. Айталық, Англияның ауа райы үнемі түнеріп тұрады емес пе? Бұл мә­селенің мәні өте тереңде жатыр. Біз балаларды тыңдап тұрсақ та, кейде олардың дауысын естімей қаламыз. Сондық­тан әр баламен пікірлесіп, оны не мазалап жүргенін білуіміз керек. Әлеуметтік саланың қызметкерлері балалармен жүйелі жұмыс жасағандары дұрыс. Психологтар қандай дең­гейде жұмыс істейді, әдіс-тәсілдері бар ма? Мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі мең­геру­ші­лер қандай қызмет атқаруда? Бүгінгі таңда мектеп инспекторлары қалай жұмыс істеуде? Олардың барлығы жалпылама тәрбие беруге баса көңіл бөледі де, ал өзіне өзі қол жұмсау мәселесіне жеткілікті деңгейде назар аударып жүрмеген сияқты. Өздері жасаған жұмыс­та­ры­на есеп берулері керек. Өмірден түңіліп жүрген балаларды ерте анықтау қажет. Көп­те­ген зерттеулерге қарасақ, өз-өзіне қол жұм­саған балалар тірі кезінде «Өмір сүргім келмейді» деген сияқты әйтеуір бір адамға өзінің жағдайын айтады екен. Оған көп жағдайда дер кезінде мән берілмей қалатыны анық. Қай уақытта да әрбір қатерлі жағдайдың алдын алу керек деп жатамыз. Өз-өзіне қол жұмсаудың да алдын алуымыз қажет. Егер бір бала немесе ересек адам қабағы түсіп, көңілі құлазып жүрсе, оған қолұшын беруге, жанын емдеуге ұмтылғанымыз абзал. Әр адам дә­рігер секілді ауруды емдей алмаса да, жақсы сөзімен, ақыл-кеңесімен адам жанын емдей алады. Біз осыған терең мән бермей жүрміз. Көп мәселе тәрбиеге байланысты. Біздер – ересек адамдар осыған аса жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Ата-бабамыздан келе жат­қан салт-дәстүріміз, діни ұстанымдарымыз арқылы балалардың санасына кішкентай кезінен бастап өз-өзіне қол жұмсаудың қылмыс екенін, өз ғұмырын ғана қиып қоймай, ата-анасын орны толмас өкінішке қалдыратынын айтып түсіндіруіміз қажет. Сонымен бірге, бүкіл әулетіне қара дақ келтіретінін жеткізуіміз керек. Әдетте жергілікті жерде жұ­мыс орындарын ашуымыз керек деп жатамыз. Бүгінгі таң­да әлеуметтік саланың мамандары жетіспейтін тұстары бар. Ай­та­лық, ауылдық жерлерде де, қалаларда да баламен отырған аналар жеткілікті. Соларды кү­ніне екі-үш сағаттық әлеу­мет­тік жұмыстарға тартса, орынды болар еді. Мәселен, түстен кейін мектепке барып, балалармен айналысуға болады. Бір­қа­тар шет елдерде сондай тәжі­ри­бе оң нәтижесін беріп келеді. Кей­біреулер ерікті түрде жұмыс істейді. Бұ­ған үкіметтік емес ұйымдар қатысса да артық емес. Бізге кәсіби әлеуметтанушы қажет. Ол, біріншіден, балалар психологы болуы тиіс. Балалар үйде қалай өмір сүріп жатқанын, жағ­дайы қалай екенін білуі керек. Бұл тәсіл тек суицид мәселесіне қатысты ғана емес, есірт­кіге қарсы күресте де өз нәтижесін бермек. Кейбір балалар үйінен қашып кетеді. Оның себебі не? Әр отбасының тағдыры алуан түрлі ғой. Мүмкін оның өгей шешесі, немесе өгей әкесі бар шығар. Парламент депу­тат­­тарына әр түрлі тағдырларды баяндайтын хаттар келіп жатады. Соның бірінде өгей шешесі оқтаумен соғып, бір баланың аяғын сын­дырғаны жазылған еді. Кейін ол бала емделді, аяғы жазылды, қазір мектебіне барып жүр. Балалардың өз үйінен кетіп қалуының ал­дын алмағандықтан, көп проблемалар туын­дап жүр. Бізде ондай жасөспірім бұзақыларға қо­сылып, екі-үш айдан соң, немесе бір жыл­дан кейін қандай да бір қылмысқа байла­ныс­ты полицияға ұсталған кезде барып ол бала­ны анықтап жатамыз. Ол кезде бәрі кеш бо­ла­ды. Ал ертерек білгенде, бала ондай жолға түспес еді. Әлеуметтанушылар мектеппен тығыз бай­ланыста жұмыс істеуі керек. Мектепте ата-аналар кеңесі бар емес пе? Соның құрамында балалармен жұмыс істейтін адамның болғаны жөн. Және де ол ана болғаны дұрыс. Мұсылман діні де, христиан діні де өз-өзіне қол жұмсаған адамды жақтамайды. Бұл дінге де қайшы келеді. Біздің діни ұйым­дар­дың жетекшілері, имамдар, олардың шәкірт­тері діннің қағидаларын түсіндіргенде осы мәселеге де баса назар аударып, адам бала­сы­ның өзіне өзі қол жұмсауын Алланың өзі қош көрмейтінін үнемі айтып жүруі тиіс деп ойлаймын. Кейде «Осыншама мешіттер салынып жа­тыр» деп қуана хабарлаймыз. Ол – өте жа­ғым­ды жаңалық. Мешіттерде отырған имамдар уағыз айтады. Әсіресе, ораза айында та­рау­ық намазының алдында уағыз айтылады. Олар да балалардың өзіне өзі қол жұмсауына ислам дінінің қарсы екенін түсіндіріп, осы мәселеге терең мән берсе, сауапты іс болар еді. Бұған өзге діни ұйымдар да атсалысқаны жөн. Өздеріңізге белгілі, бұрын өз-өзіне қол жұмсаған адамды үлкен қорымнан бөлек, айдалаға, жеке жерлеген. Бұрын қазақтың да, балқардың да отба­сын­да асырап алған балалар көп болғаны мә­лім. Көптеген діндер, соның ішінде ислам да ересек адамдарды балаларға қамқорлық жа­сауға міндеттейді. Ол өзіңнен туған болса да, өзгенікі болса да, барлық балаларға сүйіс­пеншілікпен қарауымыз керек. Көшеде балалар төбелесіп жатса, біреулер «Оның ішінде менің балам жоқ», деп кетіп қалуы мүмкін. Ондай өзімшілдік көзқарастан арылатын кез келді. Өйткені, біз оған бөтен адам емеспіз. Басқа балалар да бізге жат емес. Елімізде өсіп келе жатқан әрбір жас – мемлекетіміздің болашағы. Осы тұрғыда қарауымыз керек. Балалардың өмірлік тәжірибесі аз екені белгілі. Олар кейбір күрделі мәселелерді өз­де­рі шеше алмай, тығырыққа тіреліп жатады. Сондықтан олардың өз сырларын айтатын, оның құпия түрде сақтайтынына сене алатын адамы болуы керек. Германияға барған сапа­ры­мызда «бізде балаларға арналған мынадай мультфильмдер бар» деп көрсетті. Онда ба­ла­лар­ға не істеуге болады, не істеуге бол­май­тыны түсіндірілген. Мен алып келдім. Сондай мультфильмдер қазақ, орыс тілдеріне аудары­лып, біздің балаларға да көрсетілсе, жақсы болар еді. Кеңестік кезеңде де тәрбиелік мәні зор мультфильмдер көп еді ғой. Ата-ана да, қоғамдық ортадағы қызмет­кер­лер де «Менің айтқаным орындалуы тиіс!» деген ұғымнан арылуы керек. Әр бала­ның абыройын сақтай отырып, оның бой­ын­дағы дарынын аша білуіміз қажет! Әр бала­ның ішінде әйтеуір бір дарын бұғып жатады. Біз бұйрық берумен тәрбиелеуді жөн кө­ре­тін сияқтымыз. Жоқ, балаларға дос ретінде қараған ұтымды болмақ. Балалардың өз-өзіне баға беруін көтеруіміз керек. Көптеген ата-ана­лар балаларына: «Сен тентексің, саба­ғың­ды оқымайсың! Басқаларды қарашы, әне!» деп ұрысады. Ал жапон секілді халықтар балаларына олай ұрыспайды екен. «Сен ең ақылдысың, өскенде ел сыйлайтын азамат бо­ласың!» деп тәрбиелейтін көрінеді. Осы жа­ғын барлық ата-ана ұғынғаны абзал. Тәрбие бергенде тым босаңсытып жібермей, әр қимылына рет-ретімен қарап, баланың мінез-құлқын оң бағалап, үнемі түзу жолға ақылмен салып отырған жөн. Бала ата-анасымен сөзге келіп қалғанда, немесе мұғалімнен сөгіс естісе, кездейсоқ қылмыстық іс жасап алса, өмірлік тәжірибесі болмағандықтан, бұл дүниеден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылады. Сондай-ақ мен ұлтына қарамай, барша өскелең ұрпақ өкіліне «Қол жұмсама өзіңе, айналайын!» деп айтар едім. Менің осы сөзім естір құлақтың бәріне жетсе екен деп тілеймін. Людмила ХОЧИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.