• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2011

Елінің Есағасы

441 рет
көрсетілді

Өз заманының озығы болған алдыңғы толқын ағалар туралы айтып отыру, бүгінгі буынға олардың қайраткерлік істерін үлгі ету біздің міндетіміз. Педагогикада мұны жалпы ұғымға түсінікті тілде тәрбие деп атайды. Еліміздің егемендігіне ие болатын жас ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен ісі мен сөзі, кісілігі мен кішілігі жарасқан тұлға туралы сөз қозғауды азаматтық парыз санадық. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының басында дүниеге келіп, өмір-дарияның қандай дауылында да тағдыр кемесі бағытынан ауытқымаған, қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсеткен Есболай Мусин қазір көзі тірі болғанда 90-ның тұғырына шығар еді... Халқымыз үшін тым сүреңсіздеу болған 30-шы жылдардың аяқ шенінде бозбала жастағы Есағаң қазіргі Алға ауданының орталығындағы қазақ орта мектебіне мұғалім болып орналасты. Ол уақыттары орталау ғана білімі бар, сауатты жастардың мектепте сабақ беруі таңсық болмаған. Өз қатары арасында зеректігі жағынан ерекшеленіп тұратын жас жігіт екі жыл ішінде педагогиканың алғашқы әліпбиін игеріп алады. Облысымыздың Алға, Бестамақ елді мекендеріндегі мектептерде мұғалім болып және директорлық қызмет атқарған Есағаң аудандық білім бөліміне де басшылық жасады. Неміс басқыншыларын ұясында талқандап, жеңіс орна­ған­нан кейінгі он жылдан астам уақыт бойы ол өзінің педагогтық қызметінен тайған жоқ. Бұл кезең фашистік Германиямен соғыста еліміз бас көтерер азаматынан айырылып сансыраған, ал соғыстан аман қайтқандары жараланып қансыраған уақыт еді. Халық шаруашылығын көтеруге жұмылды­ратын адам табу ауыр, ал ұрпақ тәрбиесімен айна­лысатын маман тіпті қиын болатын. Сондықтан Есболай Мусин орда бұзар отыз бен қамал бұзар қырықтың арасында ғана мектептен шаруашылық саласына жіберілді. Әрине, мұндағы қызметі де тікелей педагогикаға қатысты болатын. «Қазақ КСР-іне 20 жыл» ұжымшары бастауыш партия ұйымының жалпы жиналысында ол ұйым хатшысы болып сайланды. Есболай аға бастауыш партия ұйымына үш жыл бойы басшылық жасап, бұрын мектеп жасындағы балалармен, педагогтармен жұмыс істеген болса, енді ұжымшар еңбеккерлерімен қоян-қолтық араласты. Ол кезең партиялық жүйенің дәуірлеп тұрған уақыты. Ұжымшар шағын болғанмен оның әрбір мүшесімен байланыс орнату, олардың еңбек жағдайы ғана емес жеке басы туралы мәліметтер де партия ұйымы жетекшісінің тартпасынан табылады. Соған қарай ол өз жұмысын жүргізіп отырады. Партия ұйымына басшылық жасай жүріп, шаруа­шылықтың қыр-сырын да игерген Есболай Мусин уақыт өте келе осы ұжымшардың басқарма төрағасы болып бірауыздан сайланды. Шаруашылықтың жай-күйі оған бес саусақтай таныс. Адамдарды жетік біледі. Бір жағынан өзінің білімін жетілдіріп, Оралдағы педагогика институтында сырттай оқып бітірді. Екі жеңді түріп, бел шешіп, басқарма төрағасы қызметіне кіріскен Есболай аға шаруашылықта бұған дейін орын алып келген олқылықтардың орнын тол­тыруды мақсат етті. Соңғы уақыттары шаруа­шылық экономикасы тұралай бастаған еді. Алғашқы күннен-ақ еңбек тәртібі жолға қойылып, еңбеккерлер белсенділігін арттыру қолға алынды. Теңгермешілік емес, әр адам еңбегіне қарай бағалануы тиіс. Материалдық ынталандыруды бірден байқаған кейбір кержалқаулар сілкінді. Бейнетіне қарай зейнеті де бар екендігіне көздері жетті. Шаруашылықтағы ахуал баршаның көз алдында өзгеріп сала берді. Нағыз ұжымдасудың, бірліктің, мүдде ортақтастығының қандай шыңға шығара­ты­нына елдің көзі жетті. Нәтижесінде аудан шаруашы­лық­тары арасында «Қазақ КСР-іне 20 жыл» ұжым­шары мемлекетке астық, сүт, ет, жүн және жұмыртқа тапсыру жоспарын елден бұрын орындады. Ауылдың абыройы асқақтап шыға келді. Мал қыстатуға әзірлік, жем-шөп дайындау шаруалары, күзгі жиын-терім уа­қы­тында жүргізілді. Жұмыс алға жылжып жатқан соң адамдардың көңіл-күйі де өзгерді. Басқарма төр­аға­сының абырой-беделі бұрынғыдан да өрлей берді. Республикада 1961 жылы ауыл шаруашылығында түбегейлі реформалар жүргізілді. Қазақстан Компар­тиясының, республика Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысымен Алға ауданында да шағын ұжымшарлар ірілендіріліп, М.Горький атындағы кеңшар құрылды. Тамды өзенін қуалай орналаса жаңадан құрылған шаруашылықтың басшылығына жалындап тұрған, қайратты, іскер Есболай Мусин тағайындалды. Ау­парт­комның Есағаңды М.Горький атындағы кеңшар­дың директорлығына ұсыну жөніндегі қаулысын облыстық партия комитеті, одан әрі Орталық Комитет ешқандай талқылауға салмай-ақ қолдады. Есболай аға өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен алып шықты. Ұжымның да, жоғарғы жақтың да өзіне көрсетілген сенімін ақтады. М.Горький атындағы кеңшар келесі жылы ұлан-ғайыр табыстарға қол жеткізді. Облыс бойынша егіннің шығымы өте жақсы болып, мемлекетке тапсырмадағы 27 млн. пұт орнына 40 млн. пұт астық өткізді. Соның 12 млн. пұтқа жуығы Алға аумақтық басқармасы шаруашылықтарының үлесіне тиді. Есболай Мусин басқарған шаруашылық 144,5 мың центнер астық жинап, төрт жылдың тапсырмасын бір жылда-ақ орындап шықты. Мал шаруашылығын дамытуда, ет, сүт, жұмыртқа, жүн және басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде қол жеткізген жетістіктері үшін алғашқы наградасы – Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болды. Сонымен бірге, шаруашылықтың бірқатар жетекші мамандары мен қатардағы еңбеккерлер де мемлекеттік наградалармен марапатталды. Есболай Мусин шаруашылық еңбеккерлерінің жұмыс және тұрмыс жағдайын тең ұстауды үнемі мақсат етуші еді. Шаруашылықты дөңгелентіп алып кеткен оның ұйымдастыру қабілеті өте шебер болатын. Ол бірыңғай шаруашылықпен айналысып кетпей, кеңшар еңбеккерлерінің тұрмысын жақсарту, ауылды көріктендіруді де ұмытпады. Сол жылдары жазғы кезеңдерде сонау Ресейдің Мәскеуінен, Туладан құрылысшы-студенттер әкеліп, солардың көме­гімен кеңшар орталығында 30-ға тарта тұрғын үй бой көтерді. Жаңадан кеңсе, орта мектеп ғимараты, әрқай­сысы 250-275 басқа арналған 6 механикаландырылған ферма, автожөндеу базасы салынып, пайдалануға берілді. Шаруашылық орталығында жаңадан әп-әсем үш көше пайда болы. Соның арқасында кеңшар орта­лығы мәдениетті, үлгілі селоға айналды. Шаруа­шылықты Есағаң басқарған 14 жылға жуық уақыт ішінде жаңа үлгідегі бала бақша, асхана, екі дүкен, мектеп-интернат, медпункт, жатақхана, автопарк, монша, басқа да әлеуметтік нысандар салынды. Бұл уақыттары Есболай Мусин ел ағасы жасында еді. Ал, жігері мен қайраты қылшылдаған жігіттердей болатын. Ол М.Горький атындағы кеңшар директор­лығынан облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының басшылығына келді. Ол кезде бұл сала өз алдына басқарма болды, кәсіптік-техникалық білім беру ісіне айрықша көңіл бөлінді. Одақтас республикалармен тәжірибе алмасу жоғары деңгейде жүргізілді. Өйткені, орта буындағы кәсіпқой мамандарсыз халық шаруашылығын тиімді жүргізу мүмкін емес еді. Есболай Мусин облыстық басқарма басшылығына келгенде мен Қарулы Күштер қатарынан оралып, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде қызмет етіп жүрген болатынмын. Бұл сала маған бұрыннан таныс. Әскер қатарына дейін училище, сосын техникумда жинақтаған тәжірибем бар. Сондықтан бұл жұмыс маған қиынға соққан жоқ. Міне, осы уақытта Есболай ағамен тізе қосып еңбек етудің сәті түсті. Бір адамның тағдырына екінші бір адамның түбегейлі әсер ететініне сонда көз жеткіздім. Мен ол кезде темір жол техникумында қызмет жасап жүргенмін. Жұмысым жақсы, әбден игеріп алғанмын. Атқарып жатқан ісіме басқарма бас­тығы – Есболай Мусин­нің өзі жоғары баға берді. Бірақ, тұрмыс жағ­дайы қиын болды. Басымда баспанам жоқ. Отба­сы­м­мен пәтерден пәтерге көшіп жүрген уақыт. Осы тұста Есболай аға асқан мейірімділікпен әкелік қамқорлық көрсетті. Құрылыс техникумына ауысты­рып, пәтер алуыма жол ашты. Мен жұмысыма бұрын­ғыдан да құлшына кірістім. Ағаның қайырымды­лығына ісіммен жауап беруім керек. Үлкен қызметте жүрсе де, уақытының тапшылы­ғы­на қарамастан, ол кісі өзінің назарына іліккен жастарды қағыс қалдырмай жүреді екен. Екі жылдан соң облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқар­масына өзінің орынбасарлығына қызметке алды. Бұл – мен үшін үлкен құрмет қана емес, сенім және жауапкершілік болатын. Есболай Мусиннің облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасын басқарған жеті жыл ішінде Шал­қар, Қобда, Хромтау, Алға аудандарының орталықта­рында, Ақтөбе қаласында №№ 107, 24, 6 КТУ оқу кешендері, Әлімбетов ауылында оқу корпустары салынды. Мұның алдында кеңшарларда да училищелер болатын, олар ірілендірілді. Бұрынғы МТС база­сында жасақталған училищелер шағын елді мекендерден аудан орталықтарына көшірілді. Жаңа оқу кешендерінде оқушылар үшін барлық жағдайлар жасалды. Оқу-тәрбие ісіне айрықша маңыз беріліп, оқушылар ерекше қамқорлыққа алынды. Олардың арасында шынында да орта мектеп мұғалімдері әрең құтылғандай, оқу үлгерімі төмен, тентек, ата-ана тәрбиесінен тыс қалған балалар көп болатын. Есболай аға жаратылысы педагог адам ғой, солардың әрқайсысымен дербес жұмыс жүргізіп, оқу орнынан кәсібін шебер меңгерген орта буын мамандар шығаруға ұмтылды. Есағаң мақсатына жетті. Кәсіптік білім берудің жаңа әдістемесін қолдана отырып, саланың мәрте­бесін көтерді. Салалық техникумдар мен кәсіптік-техникалық училищелердің абыройы асқақтағаны сонша, оған орта мектептің үздік түлектерінің ықы­ласы ауып, көптеп келе бастады. Біз талапкерлерді оқу орнына конкурспен қабылдайтындай дәрежеге қол жеткіздік. Өйткені, орта арнаулы оқу орын­да­рының оқу-тәрбие беру сапасы да, материалдық-техникалық базасы да бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге көтерілді. Осы бағытта Одақ бойынша бірінші орынға шықтық. Техникум, училищелердің өз алдына қосалқы шаруашылықтары ашылып, оларда мыңдаған гектар егіс алқаптары, отар-отар қой болды. Мен басқарма бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары болсам да кез келген іс-шараларға қатысып жүрдім. Есболай аға жұмысты еркін жасауға мүмкіндік беретін. Сондықтан мен де тәрбие ісімен шектеліп қалғаным жоқ. Қажет болған жағдайда оқушылармен бірге оқу корпустарында, енді бірде жатақханада, тағы бірде шаруашылықтың ортасында жүреміз. Мұндай тәжірибенің бергені көп болды. Мен жас ұрпаққа кәсіптік-техникалық білім берудің бүге-шү­гесіне дейін танып, білдім. Ақтөбе облыстық партия комитеті 1980 жылы мені нұсқаушылық қызметке алды. Есболай аға ақ батасын беріп, ағалық ақылын айтып, шығарып салды. Әлі есімде, сонда: «Сенің болашағыңның жаңа жолы ашылды!» дегені бар. ...Араға бес жыл салып, мен облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасына қайта оралдым. Бұл жолы маған басқармаға басшылық жасау жауапкершілігі жүктелді. Есболай Мусин зейнеткерлік демалыста. Халыққа білім беру жүйесіне, ауыл ша­руа­шылығына, кәсіптік-техникалық білім беру сала­сына сіңірген еңбегі үшін республикалық маңыз­дағы дербес зейнеткер дәрежесі берілді. Ол сонымен бірге Еңбек Қызыл Ту орденін үш мәрте иеленді. «Құрмет Белгісі» ордені, «Ауыл ша­руашылығына еңбегі сіңген қызметкер» құрметті атағы, бірнеше рет Бүкілодақтық және республи­ка­лық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмелерінің алтын медаліне ие болды. Сонымен қатар, басқа да жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Есаға демалыста болса да кей уақыттары қария­ның ақылына жүгініп отырған кездерім болды. Ол кісі де іркіліп қалмайды. Білгенінен аянған емес. Есболай аға еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көріп кетті. Бірақ, Отанымыздың, Қазақ елінің аузын айға білеген елдермен терезесі теңескенін, олардың ал­дында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрелік айтып, төрде отырғанын көре алмады. Ол оның арманы еді. Қазақтың тұлғалы азаматына лайықты жар, қатарынан озған ұл-қызға ана болған Дәден ана Есболай ағамыздың сенімді серігі, отбасындағы тірегі бола білді. Бір-бірімен жарасқан абзал әке мен әзіз анадан ұлтының сәнін, жұртының қамын ойлаған ұрпақ қалды. Шүкір, жаратылыс жалғасы дегеніміз осы болар! Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Ақтөбе облысының әкімі.