Тарихты – Қалихан Ысқақ пен Шахимарденнің екі бөлімді «Қазақтар» тарихи драмасы, тағдырды – қырғыз қаламгері Бексұлтан Жәкиевтің Әшірбек Сығай аудармасымен сахналанған «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклі, қазақтың бас ақыны жайында М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы арқылы танып-білуімізге мүмкіндік туғызған Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының гастрольдік сапары ойдағыдай өтіп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне ұсынылған сахналық туындылар көрермен көңілінен шықты деуге толық негіз бар.
Шыққан тегіңді, тарихыңды, түбіңді түгендеудің қашанда орны бөлек. Қазақ елі байтақ жерінде көк байрағын желбіретіп, еркіндік рухымен тыныстағалы 20 жылға жуықтаса, осы кезеңдер әдебиет әлемінде бірталай тың дүниелердің тууына, тарихи-деректі, ғұмырнамалық көркем шығармалардың жазылуына тамызық болар тағылымды ізденістерге толы екені тағы аян. Соның бірі – әңгімемізге арқау болып отырған – «Қазақтар» драмасы. «Өткеніңді, өткеліңді құрметтемесең, өшкенің» деп білетін қазақы санада еркіндік таңымен таласа туған шығарма бұл. Қазақ қағанаты қалай құрылды? Бұрынғы ата-бабаларымыздың о бастағы тұрмыс-тіршілігі жайында не білеміз? Қазақ өзі қайдан шыққан? Жәнібек хан мен Керей сұлтан кезеңі жайында тарих тартпасынан табылған қандай құнды құжаттар бар? «Қасым ханның қасқа жолы» деген қанатты ұғым қалай, қашан пайда болған? Азаттықтың арайлы таңында рухани байлығымызға қосылып жатқан сахналық туындылардың көздеген басты мұраты не? Осы және спектакльдің мұнан басқа да кейбір тұстары жайында айтып беруі үшін қойылымның режиссері, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Әл-Таразидің өзін әңгімеге тартқанбыз.
«Қ.Ысқақов пен Шахимарденнің «Қазақтар» драмасындағы оқиғалар қаншалықты тарихи шындыққа жанасады?» деген сұраққа ол:
– Тарихи тақырыпқа арналған драмалық шығарма белгілі бір тарихи кезеңді негізге ала отырып, ойдан шығарылған сюжеттер, оқиғаларға құрылады. Алайда, бұл сюжет сол заманның әлеуметтік, саяси жағдайына, тарихи кезеңіне сай келуге тиіс. Мәселен, өзбек пен қазақ болып жүрген бір атаның балалары біреуі Өзбек ханға қызмет етсе, екіншісі өзге ханның қол астында болғаны туралы оқиғаны «жоқ, тіпті де олай болған емес» деп қалай айта аласыз? Қазіргі Өзбекстанда тұрып жатқан халықтың ішінде қоңырат, найман, т.с.с қазақ рулары кездесуін қалай бағамдайсыз? Сол себепті де драматургтердің Қойгелді мен Тойгелдіні бір ата, бір шешенің балалары етіп жазып отырғаны, меніңше, тарихи шындыққа әбден жанасады. Өйткені, ол кезде заманның өзі солай болды, Әбілқайыр ханның Мұхаммад Шайбани сұлтандары елді биледі, одан кейін Өзбек хан таққа отырды. Оған қызмет еткен біраз қазақ өздерін өзбекпіз деп атады. Одан да өзге қаншама тарихи шежіренің қатпарларына үңіліп қарасаңыз, өзбек, қазақ деген рулар кездеспейді. Тек жалайыр, керей, найман, арғын, т.б. ру-тайпалар тарихи деректерде молынан ұшырасады. Мына тарихи драма осындай сәттерді қалт жібермей, қалың жұртқа жеткізу мақсатында драматургтер қиялынан туып отыр. Олар Қасым хан кезеңінің сырын ашуға талпыныс жасайды, – деп жауап берген.
«Драмалық шығарманың режиссер шешімімен өзгеріске ұшыраған тұстары бар ма?» деп сұрадық одан.
– Шынтуайтына келер болсақ, бұл шығарма режиссердің драматургтерге берген тапсырысымен жазылды. Идея мен өтініш – менен. Қазақтың басынан неше түрлі тарихи оқиғалар өткен, олардың біразы тарихи-деректемелік шығармаларға арқау болып үлгерсе, енді бір қалың қабаты әлі де қарт тарихтың сарғайған беттерінен бері шыға алмай жатқан жайы бар. Жәнібек пен Керей хан туралы, қазақ халқының Шу бойындағы тұрмыс-тіршілігі хақында баяндайтын көркем дүниені кезіктіре алмауыңыз сол тұстарға тарихшы-мамандар мен әдебиетшілердің зерде-зейінін аудара түсуді қажет етеді. Қазақ хандығы жайында І.Есенберлиннің кейбір шығармаларында кездесетіні болмаса, жалпы, ол кезеңдер жайында тарихта нақты деректердің табылуы екіталай. Мысалы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген сөздер қайдан шықты? Не себепті халық осы кезеңдерге солай ат қойды? Соның да себептерін табуға драматургтер барынша тырысып бақты. Ал өз басым олардың ойына жанымнан ештеңе қосқан жоқпын.
Тарих бойынша сөйлейтін болсақ, алдымен Жәнібек хан айтылады. Кейін Жәнібек өлген соң Керей хан таққа отырады. Керей ханнан кейін оның баласы Мұрындық мұрагер жалғастырады. Одан тақ тізгінін Жәнібектің баласы Қасым хан тартып алады. Тарих сыры осылай ашылады. Дәл осы оқиға болып жатқан кезде Керей хан емес, сұлтан болатын. Бұл екеуінің жұптаса аталып, тарихта қалу себебі, қазақтың бірінші хандығы солардан басталады. Ен даланы жайлаған қазақтың қалай ел боламыз деп еңіреген ерлікке толы шежіресі сол замандар қатпарынан ақырындап алға оза бастайды. Сондықтан драманың бірінші актісі өте тез, бір деммен жазылып шықты да, ал, екінші актіге келгенде драматургтер сәл баяулап қалған. Өйткені, «Қасым ханның қасқа жолы» туралы көсіле пайдаланып, сәтті түйін табуға нақты дерек жоқтың қасы. Жалпы, бұл ұғымдар заңдар мен басқа да мемлекеттік құқықтық құжаттар қабылданар кезде құлағымызға жиі шалына бастады. Енді жаңадан тағы бір хабарды естіп, ертеңге үмітпен иек артудамыз. Ираннан осы Қасым ханның кезіндегі құжаттар табылып жатқан көрінеді. Осы деректер қолымызға тиіп жатқандай болса, мұнымен шектелмей, келешекте бұл тақырыпты әрмен қарай жетілдіре түсуге ниеттіміз. Сахналық шығарманың мақсаты тарихта болған оқиғаны тап сол қалпында өзгертпей, айна-қатесіз көшіріп шығу емес, ол сол кезеңдер бояуын көз алдыңа елестетіп, осы замандар бейнесін көркем оймен тұлғалау болып табылады, – деді режиссер тарихқа қатысты алда мұнан да басқа көптеген ізденістер тұрғанын мәлімдеп.
Қазақ ұлттық сахна өнеріндегі тарихи жанрды байыту жағынан алып қараған кезде, әрине, «Қазақтар» драмасының тың туынды екендігінде дау жоқ. Ал енді оның таза көркемдік деңгейіне, режиссерлік шешімі мен әртістер шеберлігіне, музыкасы мен пластикасына, сахналық безендірілуі мен киім, декорациясына тоқталсақ, көрерменді жалықтырмай, өзімен бірге ілестіріп әкететін ілкімді бедерлері жетерлік. Мәселен, Қасым хан (Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Асылбек Боранбай) мен Мұхаммад Шайбанидің (Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл), Қасым мен Нагир ханумның (Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Дария Жүсіп) ұшырасар тұстары тарихи желіден сәл көркем шуаққа ауысып, тағдырлар бейнесінің тұшымды тұлғалануына мүмкіндік туғызады. Композитор Әділ Бестібаев музыкасы шығыстың майда мамық сазымен махаббат отын маздата түседі. Шайбани жүзінен айлакер амалының табы менмұндалайды. Сахналық шығарма сәттілігінің жартысы әртістер ойынының шынайылығына байланысты десек, көркем образдар орамындағы орындаушылар сол тапсырманы мүлтіксіз атқарғанына көз жеткізеді. Жалпы, қандай да көркем туынды болсын, көрермен не оқырман әуелі ондағы басты кейіпкерлердің ұстаным, ұлағатына қарап қабылдары сөзсіз. Осы жағынан Қасым хан рөлін ойнаған әртіс өзінің иығына артылған жүкті биікке көтеріп шыға алды деп айта аламыз. Жұртшылыққа көбіне әзіл-оспақ отауларынан сайқымазақ бейнесінде танылған Асылбек Боранбайдың хан образын сомдауына, тарихи тұлғаның көркем бейнесін ойдағыдай көрсетуіне алғашқыда сәл күмәнмен қарағанымыз рас. Кейде театрда комедиялық актер, драмалық актер деген тіркестер жиі алдан шығып жатады. Оған себеп жоқ емес. Мұндай мысалды барлық жерден кездестіруге болады. Комедиялық актер драмалық әртістің шеберлігін меңгеріп кете алмай жатса, драмалық сахнада өнер көрсетіп жүрген өнерпаз комедиялық жанрдың иірімдерін толық игермей қалатын «әттеген-айлар» да кездеседі. Ал трагедия мен комедияның бір актердің оң жамбасына қатар келуі өте сирек құбылыс. Сол некен-саяқ кездесетін тұшымды ойынды «Қазақтарда» басты рөлді сомдаған Асылбек Боранбайдың ойынынан танып, табыс тіледік. Тарихты, тарихи тұлғаларды тұспалдап та болса жеткізуге әрекет еткен сахналық қойылым қазақ мемлекетін құру дәуіріне алғаш салынған соқпақ болғандықтан, кейбір олқылау тұстарын әңгімелеуді мақсат тұтпадық. Мұны «Көш жүре түзеледі» демекші, орта тұсы біртіндеп толатын айдынға баладық.
Екінші күнгі кештің әсері алғашқысына қарағанда сәл жеңілдеу, ара-тұра езу тартқызар дүние сияқты көрінгенмен бұл да тағдыр, қазіргі заманғы адамдар арасындағы қарым-қатынастың қатпарларынан сыр суыртпақтайтын қойылым. Қырғыз драматургі Бексұлтан Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасы. Сахналаған – театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев.
Бұл туынды несімен көрерменді баурап алады десеңіз, қазіргі кейбір жүрегіндегі мейірім оты көмескі тартқан, кеудесінен қайырымдылық қарлығашы ұшып кеткен безбүйрек, тасбауыр ұл мен келіндерді сын тезіне алады. Ауылда тұратын Қарияны қаладағы ұлы мен келіні үй-жайын түгел сатып, өз қамқорлықтарына алған сыңай танытады. Ата-бабадан қалған ескі қоныс сатылып кетеді. Осы арқылы қазіргі кей жастардың дүние-байлық жолында атақоныстың қадірін ұмытып кетіп жататындығын, кіндік қаны тамған ауылына деген перзенттік сүйіспеншілігі азайған ұрпақты, ар-намыстан ащы суды артық санайтын пенделерді түйрейді. Қызмет пен өздерінің қарақан бастары үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасайтын жағымпаздықтың жампоздарын жапыра сөгеді. Түбі бір түркіде, мұқым мұсылманда ата-ана, әке-шеше қасиетті есімдер болып саналса, тәрбиенің сол бесігі соңғы уақытта солғын тартып барады. Жетімдер үйі жеті атасына сын айтылар жетесіз ұл мен қыздың жат қылығынан ашылған қамкөңіл жандар ұясы. Әке-шешесін көзі тірісінде жетімсіреткен тасбауыр жандардан не үміт, не қайыр? Алайда, жаман әдеттің бойды біртіндеп жеңетіні сияқты, мұндай сұмдыққа жұрттың бірте-бірте еті үйреніп бара жатқаны қандай өкінішті. Қарияны Қарттар үйіне өткізерде ез ұлдың әйелінің бетіне қарап, сөз айтуға дәрмені жетпей, дәлізде дірдек қағып қала беретін сәті аянышты. Боркемік ұлдың болашағынан ештеңе күтуге болмайды. Отанды, ошақты кекшіл келін басқарады. Әртістердің осы оқиғаны шебер орындауы арқылы қойылым өзінің өміршеңдігін дәлелдегендей. Қарияны сомдаған Сәбит Оразбаев бұл рөлді шынайы болмысымен, қоңыр дауысымен жұртты тұшынта орындады. Кей тұста езуге күлкі үйіртеді. Бірақ бұл жан марқайтып, көңіл өсірер күлкі емес. Оның астарында зіл, қоғамға наз бар. Ол не ұлға, не келінге кінә артпайды. Тек немересінен үміт күтеді. Адамның ең соңғы тіреніші мен сүйеніші – үміт үйі. Осы үйден небір жандар пана тауып, өмір жібін ұзартуда. Сол жіпке Қарияның да тағдыры байланған. Кеудесін білім дәніне толтырып келген ұлы әлі-ақ оның шаң қапқан жүзіне шаттық күлкісін үйіреді. Спектакль оптимистік сарында аяқталады. Көрермен жүрегіне ертеңгі күнге сенім дәнін егеді. Жабырқап қалған көңілге сәуле түседі. Ақ көйлекпен, ақ жаулықпен кездескен Бәйбіше сол бозарып атқан аппақ таңы секілді ой қалдырады. Жетімдер үйінен қонаққа келген жандардың әрқайсысының ішін толқытқан сел сыртқа шер болып төгіледі. Күлегеш әйел (Қазақстанның халық әртісі Т.Тасыбекова), Сыпайы әйел (Ш.Меңдиярова), Саңырау шал (О. Қиқымов) рөлдері арқылы қайғы мен мұң, дерт мен запыран қапысыз жеткізіледі. Әрқайсысы өздерінің бастарындағы оқиғаны ет-жүректері езіле, қайғыдан өртене баяндайды. Соңғы жылдары аналар бейнесін сахнаға көбірек шығарып жүрген Торғын Тасыбекованың рөлі кез келген адамның көзіне жас үйіртер еді. Жалғыз ұлының күйігінен тағдыр тауқыметіне ұшыраған ананың жүрек шерін мұңлы сарынмен дәл осылай жеткізе білу нағыз сахна иесінің ғана қолынан келеді десек, осы міндетті әртіс мінсіз орындап берді.
Спектакльдегі кейіпкерлер соншалық көп те емес. Бірақ оқиға бірінен соң бірі жүйелі жалғасады. Көрерменді жалықтырмайды. Қария мен Бәйбіше бір-бірімен телефон арқылы сырласатын сәттер сахнада жарықты тек кейіпкерге ғана түсіру арқылы әсерлі өрілген. Қос диалогтан көркемсөз оқу шеберлігін байқайсыз. Жадыңыздың жақпарында қалар екі үн. Таныс дауыс. Әдетте сахналық туындыны ұжымдық өнер деп есептегенімізбен, мұнда әрбір әртістің кәсіби шеберлігі маңызды рөл атқарады. Кейде бір спектакльдің бағын бір әртістің шеберлігі жандырып жіберетін тұстар да кездеседі. Осының бәрі «әкемтеатрдың» ежелден қалыптасқан мектебінің арқасы екені даусыз. Еріксіз еске түсіп отыратын кейіпкердің бірі – Келін (Ш.Жанысбекова) бейнесі. «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» демекші, өкінішке орай, қоғамымызда мұндай қарақан басының қамын ғана күйттейтін, ата-енесінен тірідей безген келіндер кездесіп қалады. Өлмеген Қарияның жаназасына күйеуі екеуінің тізім жасаған кездегі аш көздерінен жалын ұшады. Ол жалын әулеттің барлық қадір-қасиетін түгін қоймай жалмаған қатыгездік пен мейірімсіз жүректен тұтанып тұр. Мұны енді кері қайтарып, қалыпқа түсіру өте қиын. Ол әрі-беріден соң өзінің туған қызына жақсылық тілей алмай, сыртынан орынсыз балағаттайды. Баласы (Е.Біләл) үшін әкесі өзін бағып-қаққан, дүниедегі жалғыз жанашыр адамы бола тұрса да, жеме-жемге келгенде адуын Келіннің айдауынан шыға алмай, алдында құрдай жорғалайды. Жылайды, жүзін төмен үйіреді. Бірақ әкеге қорған бола алмайды. «Әке – асқар тауың, шеше – етегіндегі бұлақ, ал бала жағасындағы құрақ» демей ме халық даналығы. Сол жарасымды үш тағанды халқымыздың салт-дәстүрінде жоқ дерт шалды. Мұндай мейірімсіздікті, баланың ата-анадан безуін, әке-шешенің баласынан бас тартуын қазақтың қай дағдысынан естідіңіз. Далаға қартын қаңғыртқан қай қазақтың баласын көріп едіңіз. Міне, бүгін сол Қарттар үйіне өткізілген қариялар жетіп артылады. Мейірімсіздік қайдан пайда болады өзі? Қатыгездік қайдан келеді? Тәрбие басы – бесіктен демекші, шет елдің киносын, шет елдің мультфильмін көріп өсіп жатқан балғынның ертең өскенде қай елдің тағылымымен өмір сүрері белгілі ғой. Жүрекке мейірім дәні себілмеген сәбидің бос кеудесінен не іздейсіз? «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасы кісіні осындай ойларға жетелейтін, әр отбасыға балаңның тәрбиесіне абай бол дейтін, «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген қағиданы қайталайтын, әлеуметке әріректен ой тастайтын көкейкесті тақырып. Театр сол тақырыпты орынды қозғап, санаға сахнадан тағылым түюдің дәстүрін тамаша жалғастырған.
Гастрольдік сапардың соңғы күні Мұхтар Әуезовтің драмалық шығармасы бойынша Есмұхан Обаев сахналаған «Абай» трагедиясымен қорытындыланды. Әр кезеңде жаңарып, жаңғырып көрерменге ұдайы ұсынылатын спектакльден Абай дәуірінің үні ұрпақтан ұрпаққа мүлтіксіз жете береді. Өнер ұжымының өсу деңгейін, қаншалықты биіктегенін танытып тұратын, тұрақты төлқұжатына айналған туындысы болады десек, «әкемтеатр» үшін «Абай», міне, сондай классикалық дүние. Өйткені, мұнда қазақтың бас ақынының тағдыры ғана емес, елдің тарихы, этнографиялық қазынасы, жыры мен сазы, махаббаты мен кіршіксіз сезімі, елдік пен теңдік, тірлік пен бірлік сарыны сарқа баяндалады. Абайдың рухын тірілту, ақынның рухани жан әлеміне барлау жасау сахналық ұжымның кәсіби ізденісін байытып, алғашқы нұсқаларына нұқсан келтірмейтін туынды тынысын кеңейтіп, өрісін аша түскені байқалады. Абай бейнесінің Тәуелсіздік мерекесіне арналып әкелуінде де үлкен мән бар. Спектакльдің тікелей өзіне тоқталатын болсақ, бас ақынның қабырғасын қайыстырып, жанына қатты батқан үш қайғысы төңірегінде оқиға өрбиді. Әуелі Айдар (Е.Дайыров) мен Ажардың (Н.Қарабалина) махаббатына араша түсіп, Оразбай (А.Бектемір) мен Жиреншенің (Б.Тұрыс) қарсы дауынан аман алып шығатын кезі ерекше рухпен жеткізіледі. Кінәсіз қос ғашықтың сезімін аялар тұстағы ақын жүрегінің толғанысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл ерекше толғаныспен орындағаны үшін көрермен ризашылығы шексіз. Тарихи тұлғаны сомдау қай әртіске де оңай соқпасы белгілі, бірақ та мұндай рөлге адамның кездейсоқ келуі әсте мүмкін емес, бұл Абайдың өзінің соқтықпалы, соқпақты тағдыры сияқты көп ізденуден, талмай еңбектенуден, тұлғаның ішкі тылсымы мен түйсігіне терең бойлаудан барып бағынатын шың тәрізді алып бейне. Сол алып тұлғаны сомдауда Е.Біләл өнері толысқан, жан-жақты байыған қалыпта көрініс тауып отырды.
«Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп еңіреген Абайдың қайтсем ағайынның алауыздығын тыямын деген азабынан бүгінгі ұрпағына өнеге өрнегі төгіліп тұрғандай әсер қалдырады. Алауыздықтан, араздықтан қазақ қашан қаз тұрып, қайратына қамшы басып еді. Ел арасы бүлініп, ер санасы ірісе іргесі бүтін ел болмас деген ақын қашанда бұлақ көзін ашуға талпынса, қазіргі жастардың білім мен ілімге ұмтылған талпынысы Абай ғибратының жалғасындай жан марқайтады. Айдар өресі келешегіне дәл сондай әзіз жүрекпен қол созған өрелі өріс еді. Бірақ оның мүлтіксіз жырына өшіккен дұшпан дәл қасында жүр екен. Керім бейнесі (Д.Ақмолда) сол қастандықты ұйымдастырарда шын бояуында танылады. Ел арасын қай кезде де екіжүзді пенделер алшақтатқаны тарихтан белгілі. Тілі шұбарланған Керімді Мағауияның (Қ.Мамытқалиев) тыйып тастауы қазіргі тілін, ділін ұмыта бастаған жастарға құлаққағыс, сын секілді естіледі. Кешегінің үні ескірді деп осыдан кейін қалай айтамыз. Абай дәуірі сахнасынан түспей келе жатқан ауызбірліктің тәуелсіздік тұғырын нықтауда қазіргі атқарар рөлі де орасан екені даусыз. Еркіндік туы желбіреген ен даланың рухы Абай ойларымен өріліп, өмірі оның мұрасымен гүлдене береріне сенеміз.
Спектакльдегі Абай күйзелісі Әбдірахман (Б.Айтжанов) мен Мағауияның қазасымен қалыңдап, өзі де соққыға жығылуымен ой түйінделеді. Абайдың өлеңдері баласының аузымен оқылып, қойылымның мақсаты ақын жырларын ұлықтау, Абай тұлғасын биіктету екенін ұқтырады. Театр әртістерінің осы туындыға түгел қамтылуы да көп жәйтті аңғартса керек. Сахна майталманы Сәбит Оразбаевтан бастап театрдың орта буын, жас буын өкілдеріне дейін спектакльдің тұшымды құрылуына атсалысқаны сүйсінтеді. Кейбір тарихи оқиғаға негізделген шығармаларда жұпыны шапан мен тозған киімдерден көңіл құлазып, қазақтар бұрын дұрыс киінуді білмегендей әсер қалдыратын. Жұрт спектакльден қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінің, сыңғырлаған зергерлік әшекейлерінің небір түрін тамсана тамашалады деуге толық негіз бар.
Қандай да тұлғаны уақыт пен әлеуметтік орта туғызып жататын болса, оның сол ортадан зерек, бөлек дарын иесі болып көрінуіне де төңірегіндегілер солай әсер етеді. Көп қырлы Абай сыры әлі талай туындының тұздығы, тұмары болып өріле береді. «Абай» трагедиясының М.Әуезов театрында үш рет сахналануы сол жалғастықтың, ақын салған сара іздің соңынан әлі талай жас шыбық көктеп, өніп шығатынын аңғартады. Абайдың философиялық бір өлеңінің өзі ақынның сахналық болмысын толтырып, құлпырта ашады. Ұлы деген сөзді біздің қазақ Абайдан басқа ешкімге қимаған. Мұны әсте біз сараңдыққа баламаймыз. Оны халықтың Абайды қалай бағалайтынының белгісі деп ұғамыз. Спектакль оқиғасы бұрынғы уақытқа бағынғанмен, тақырыбы өмірі тозбайтын құндылықты қозғайды. Оның өз шәкірттері ішінен жақсы мен жайсаңды көре білетін, ғашықтық сезімді ғаламат қуатпен жырлайтын, зұлымдықпен, қиянатпен күрескенде алмас қылыштай өткірленетін қасиеті осы қойылымның өн бойынан өшпей көрінеді. Абайдың жаңа заманды аңсап, өркениетті мақсат еткен өнегесін бүгінгі ұрпақ санасына түйіп өссе, деген түйін бар мұнда. Режиссер қисынына салсақ, «арманшыл, елдікті ту еткен жанның жаңа заманды аңсаған тұлғасына тұшынамыз. Абай күткен сол сәттің мән-мағынасын терең ұғына түсеміз».
«Абай» трагедиясын Тәуелсіздік тойына лайықты тарту деп бағалауда жұртшылық. Сахна төріндегі тау сілемінің жоғары шоқысына жасырынған күн реңі түрліше құбылады. Жартысы ашық, қалған бөлігін бұлттар басқан. Осы мезет алып таудың ар жағынан Татьянаның әні еміс-еміс құлаққа шалынады. Жақпар тастың мінберінде Абай халқына қасқайып қарап тұр. Күйінеді. Түңғиық ойға батады. Абай қазаққа қазір керек. Құлықсыз, құрықсыз сана құлдилап қайда құйылып кетерін білмейді. Сол санаға тұздық болу үшін.
Суреттерде: «Қазақтар», «Жүрейік жүрек ауыртпай», «Абай» спектакльдерінен көріністер; театрдың көркемдік жетекшісі Есмұхан ОБАЕВ.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.