– Раушан Нұрханқызы, дәстүрлі сұрақ қояйын. Патриотизм дегеніміз не?
– Патриотизмді сөз емес, нақты іс деп түсінемін. Егемендіктің, Тәуелсіздігіміздің өзін көп айтқанмен, көбіне айқайға салып айтамыз. Ал балаларға оның түпкі мақсат, ішкі мәнін жете түсіндіруіміз керек. Отансүйгіштігіңді де, патриот екендігіңді де нақты іспен көрсет. Құр мен патриотпын дегенді айта салуға болады.
– Сіздің ойыңызша, форум қалай өтті?
– Жақсы өтті. Дегенмен, жастардың өзара араласуын ойластырған жөн еді. Қандай іс болсын алдымен адами қалыпқа, адамгершілікке негізделуі керек. Қазақ елі деген ұғымның өзі осыдан беки түседі. Мейлі, Қазақстанда кім тұрсын, ол біртұтас Қазақ елі болуы керек деп білемін. Астанада «Қазақ елі» монументі тұр. Қазақ елінің баламасы Отан, атамекен ұғымына саяды. Ұлыстардың, ұлттардың сезімін сыйлау керек, бірақ еліміз туралы түсінікті қазақстандық емес, Қазақ елі деп қалыптастырған дұрыс. Өйткені дамыған елдерде солай. Мемлекеттік тілдің барынша қанат жаюы ол мүмкіндікті жақындата түседі. Осындай форум сияқты шаралар жастардың отансүйгіштік сезімін тәрбиелеуге қызмет етеді.
– Сіз патриотизм – нақты іс деген едіңіз жаңа. Осы сұрақты өзіңізге қаратып қойсақ?
– Әбден болады. Патриот екеніңді дәлелде демексіз ғой (күледі). Патриот адам өзінің елі, халқының, ұлтының мүддесі үшін жасаған ісін міндетсінбейді. Ахмет Байтұрсыновтар қалай еңбек етті ұлты үшін? Мен Көкшетау университетіндегі негізгі қызметімнің сыртында Қазақ радиосында «Алқа» деген хабар жүргіземін. Хабар орыс тілінде беріледі. Онда қазақ әдебиетінің, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын орыс тілінде тыңдайтын тыңдармандарға таныстырамын, маман ретінде талдаймын. Екі жыл тегін жүргіздім. Себебі, радионың жағдайы қиын болды да, қаржы жетпеді. Өйткені, мен – өз халқымның патриотымын. «Танымасын сыйламас» дейді қазақ. Біздің талантты ақындарымызды, жазушыларымызды орыс тілді жұрт білсін, танысын, сол арқылы қазақтың тілінің, әдебиетінің қандай бай екенін білсін деген ой болды менде.
«Шоқан жолдары» деген бірлестік құрғанмын. Ондағы мақсатым – жастарды ғылым жолына тарту. Бір уақытта ақша, бизнес бірінші орынға шығып кетіп, ғылымның төмендеп, назарсыз қалып қойғанын жұрт біледі. Мен жастарға нағыз ғылымның не екенін түсіндірсем деймін. Біз Ресейдің Омбы облысымен қарым-қатынастамыз. Онда бір орыстың жас қызы өз қаржысына қазақ тілі орталығын ашыпты. Соны ести сала Омбыға бардым. Сондағы жастарды Көкшетауға алып келіп, Сырымбетті, табиғи, тарихи орындарды көрсеттім. Қазақ тіліне одан бетер қызығушылығы оянсын дедім.
– Жастарды патриоттық, отаншылдық сезімге тәрбиелеуде өзге жұрттан үйренетін тұстар бар ма?
– Бар. Өзге жұрт біреудің ақылын, жоғарыдан нұсқауын күтіп отырмайды. Мысал айтайын, Омбының театры оншақты жылдан бері театр маусымын Ресей халық әртісі Владимир Котовтың Шоқан туралы «Любина роща» спектаклімен ашады. Шоқан генерал-губернатордың әйеліне ғашық болады ғой. Ол өзінің махаббаты Любамен кездесетін тоғайды «Любина роща» деп атаған. Қазір тоғай жоқ, оның орнына орыстар көше салып, «Люба даңғылы» деп атайды. Сол көшеде Любаға ескерткіш қойған. Шоқан атындағы көше мен Люба даңғылы қиылысады. Сол қиылыста Шоқан ескерткіші тұр. Орыс жұрты Шоқандай ұлы ғалымға ғашық болған орыс қызының махаббатын қалай қадірлейді десеңші. Өзін бағалау да патриотизм. Біздер, көкшетаулықтар Омбыға барып, спектакльде Шоқан рөлін ойнаған әртіске шапан жаптық, Любаны ойнаған актрисаға қамзол кигіздік. Ал келесі барғанда «Любаға» кимешек кигізіп: «Сен біздің келінсің», деп сәлем салдырдық. Орыс зиялылары Шоқанға осындай құрмет көрсетіп, бағалап жатқанда, қазақтар жолымыздан жығылып қалмайық деп барып, сондай ізет көрсетіп қайтуды ұйымдастырдым.
– Сөзіңізге ісіңіз сай екен. Рахмет.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.