• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2011

Толымды табыстар кезеңі

379 рет
көрсетілді

Алматыда «Қазақстан Республикасы: тәуелсіздік жетістіктері және келешекке көзқарас» атты ІХ Алматы конференциясы өз жұмысын аяқтады. Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты және «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ ұйымдастыруымен болған бұл конференция биыл тоғызыншы рет  өткізілді. Күн тәртібінде тұрған ма­ңыз­ды мәселелер жөнінде ІХ дәстүрлі Алматы конферен­ция­сында кеңінен сөз болды. Кон­ференцияға қатысып, өз ой­ларын ортаға салған шетелдік және қазақстандық сарапшы­лар Қазақстан қоғамының әлеу­меттік және саяси жаңаруы, ішкі саяси тұрақтылық, еліміздегі үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму мәселелерін де жан-жақты  баяндады. Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Алматы қала­сы әкімінің орынбасары, әлеу­мет­тану ғылымдарының док­торы, профессор Серік Сейдуманов ел өміріндегі маңызды мерекеге дайындық іс-шара­лары жө­нінде айтып берді.  Шын мәні­сінде де, халқы­ның са­ны 2 мил­лионға жуықтаған елі­міздегі ең ірі шаһар – Алма­тыда бұл ба­ғытта бірқатар ілгерілеушілік бай­қалуда. Оңтүстік астана сәу­летін көркейтетін жа­ңа әлеумет­тік нысандар бой көтеруде. Мемлекет тарихы инс­ти­тутының директоры, тарих ғы­лымдарының докторы Б.Аяған өз кезегінде «Қазақ­стан Рес­публикасының азамат­тық қо­ғамға негізделген құ­қық­тық, әлеуметтік, зайырлы, де­мо­кра­тиялық мемлекет құру­ды мұрат тұтқан ел» екендігін атап айтты. – Бір қарағанда, жиырма жыл онша көп уақыт та емес, дегенмен осы кезеңде саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда бірқатар оңды, маз­мұнды да терең өзгерістер бол­ды. Әрине, Қазақстанда жетпіс жылдан астам үстемдік еткен  ескі тоталитарлық жүйенің ор­нына биліктің жаңа құрылым­дарын орнату жылдам әрі жеңіл түрде жүзеге аса қойған жоқ. Мұның өзі өте күрделі және ұзақ үдеріс екендігі адамзат тарихынан белгілі. Елімізде жиырма жыл бұрын басталған демократиялық қайта құрулар, саяси жаңарулар нәтижесіне ел болашағы тәуелді еді. Сон­дық­тан да, ел болашағына жасал­ған алғашқы қадам 1991 жыл­ғы 24 сәуірде Президент қыз­метін ендіру туралы шешімнің қабылдануы десек қателес­пей­міз. Сөйтіп, жоғарыдан бастал­ған саяси жаңару Қазақ­стан­ның жаңа сапада, яғни тәуел­сіз, егеменді мемлекет ретінде дамуын анықтады, – деді өз сөзінде Бүркіт Аяған. Мемлекет басшысы  Нұр­сұлтан Назарбаев «биыл біздер үшін ерекше қастерлі жыл, біз ел тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына қадам бастық. Бодан жұртты бүгінгідей күнге жеткізген бұл жолда біздер биік белестерді бағындырдық», деп атап айтқанындай, өткен кезең өнімді еңбекпен қоса, қомақты ізденісті, іскерлікті де талап еткендігі жасырын емес. Табыс­тың қайсысы болса да оңай­лық­пен келмейтіндігі түсінікті. Ал, енді жас мемлекеттің қа­лыптасып, іргесінің кеңейіп қана қоймай, әлемдік деңгейде танылуы  Елбасынан мол күш-қуатты, қажыр-қайратты талап еткендігі жасырын емес. Қа­зақ­станның тәуелсіздік жыл­дарын­дағы алғашқы қадам­дары мен бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктері туралы баяндаған шетелдік және қа­зақстандық сарапшылар пікірі­нің негізгі мазмұны, міне, осындай болды. Алматы конференциясы тек аймақ аясында ғана танылған беделді сараптау алаңы ғана емес. Сонымен қатар, бұл конференция қазақстандық ғылы­ми мектептің ең үздік ғылыми-зерттеу дәстүрлерінің жалғасы болып табылатындығына ға­лым­дардың сенімі мол. Сонау тоқсаныншы жылдардың ауырт­палығын, сан алуан күрде­лі­ліктерін, қиындықтарын жеңіп шыққан Тәуелсіз Қазақ­стан­ның келешегінің кемел болуы жас ұрпақ тәрбиесіне тығыз байла­нысты. Жастар бойында отан­сүй­гіштік, адамгершілік қа­сиет­терді қалыптастырудың қажет­ті­лігі зор екендігі айдай ақиқат. Тәуелсіз Қазақстандағы жас­тар саясаты туралы сөз қозғаған Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессоры, саяси ғылымдар докторы Л.Зайниеваның пікірінше, «мемлекеттік жастар саясаты, ең алдымен мемлекеттік институттар арқылы жүр­гізілуде. Сондықтан да, бұл саясаттың қарқыны мен тиімділігі мемлекеттің мүмкіндігіне байланысты». – Менің ойымша, еліміздегі жастар проблемаларын шешу үшін мүдделі қоғамдық институттар арасында өзара ықпал­дас­тықты арттыру қа­жет. Мұ­ның өзі, сондай-ақ жас­тар ұйым­дарына да қатыс­ты. Мә­се­лен, Қазақстанда қа­зір мұндай ұйымдардың саны 700-ге жетті. Сонымен қатар, саяси партияларда жастар қа­наты да пайда болды, олар­дың ара­сын­да «Нұр Отан» ХДП-ның жастар қанаты – «Жас Отан» алғы шепке шы­ғу­да. Тағы бір айта кетерлігі, жастарға мемлекет тарапынан қамқорлық, көмек жүйелі түрде көрсетілуде. Дағ­дарыс­қа қарамастан, алдыңғы жы­лы Елбасы Жолдауына орай, студенттерге қосымша гранттар мен несиелер бөлінді,  – деді Л.Зайниева. Сонымен, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен жетістіктері айтар­лық­тай. Негізгі түйін де осы. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.