• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

IT-индустрия: қазақ мүддесі һәм ұлттық стратегия

1300 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақ елі өрелі өр­кениет көшіне ілесіп, ақпарат­тық технологиялар (IT) дәуіріне аяқ басты. Әлқисса, егемен еліміз үшін жаңа жол басталды. Демек, ақпараттық қоғамды қа­лыптастыру үдерісінде кенжелемей, IT-индустрия айдынында еркін жүзе алдық па? Ірі мамандар мен сұңғыла сарапшылар аталмыш индустрияны ұлттық мүддемізге бағындырудың ама­лын таппай, стратегиялық саясат түзе алмадық деп дабыл қағуда. Отандық IT-сала зерт­теу­шілері болса, атойлап, атарға оқ таппай отырған сыңайлы. Мәселен... Жаңа мыңжылдық «жаһан­дану үдерісін» көлденең тартып қана қоймай, ықпалын күшейте берді. ІТ саласы шапшаң қар­қынмен дамығандықтан, көпте­ген елдер осы секторға ерекше ден қойды. Сондықтан Қазақ­стан ақпарат тасқынының ас­тында қалып қойып, көшбасшы елдерге тәуелді болмас үшін ха­лықаралық тәжірибеге сүйенуге тиіс-тін. Себебі Сингапур, Оң­түстік Корея, Израиль, Ирландия, Австралия, Қытай, Ресейді айтпағанның өзінде, КСРО-ның шекпенінен шыққан Эстония, Литва, Латвия, Украина елдері ұлттық мүдделерін бірінші орын­ға қойып, арнайы стратегия мен бірегей бағдарлама қабылдап жатты. IT-секторды дамытуға тиісті агенттіктер мен органдар бекітіліп, ақпараттық техноло­гия­лар инфрақұрылымы қалып­та­са бастады. Яғни дамушы елдер ұлттық сегменттің негізін қалап, отандық ғылымның ая­сын кеңейте берді. Ал Қазақстан осы салада – әлемдік рынокқа шығу, инвестиция тарту, отан­дық өнімдерді өндіру, төл опера­ция­лық жүйені қалыптастыру, білікті мамандарды даярлау, компьютерлік бағдарламаларды шы­ғару, IT арқылы экономи­ка­ның әлеуе­тін арттыру сияқты кезек күттір­мейтін мәселелерге келгенде дәрменсіздік таныт­қаны жасы­рын емес. Қазақстанға ІТ саласын дамытудың ұлттық страте­гия­сы қажет. Алайда дамушы елдер IT-ді ел экономикасын дамытудың тетігі ғана емес, күшті ұлттық қару деп қабылда­ды. Алдымен, технологияның барлық түрлерін өз тілдерінде еркін сөй­летті. Мысалы Түркия, Ұлы­британия, Малайзия, Эс­то­ния елдерінен үлгі алсақ жет­кі­лік­ті. Ал, біздің елде технология қа­зақ тілінде сөй­ле­мек тү­гілі, ең­сесін тіктей алмай жүр. Бір жыл­дары «Microsoft Қа­зақ­стан» ком­пания­сы­ның құлақ етін жеп, «Windows OS-ны қа­зақша сөйле­тің­дер!» деп қоқан-лоқы көрсетіп едік. Міне, Windows опера­циялық жүйесі (OS) де, MS Office редакторы да қазақша сөйледі. Алайда Microsoft Kazakhstan компаниясының ди­рек­торы Гюнтер Дам «қазақ тілді опера­циялық жүйе мен редакторға сұраныс 1%-ды әзер құрап отыр» деп жерден алып, жерге салғаннан кейін тым-тырыс бола қалдық. Үндістан, Германия, Қытай мемлекеттері сияқты компьютерлік бағдарламаларды жасап, IT-бизнестің көшбасшылары бо­лу­­ға ұмтылуымыз керек-ақ. Тек әлі күнге дейін неге бірде-бір компьютерлік бағдарламаны жо­балауға, құруға және бас­қаруға кірісіп, әлемдік экспортқа шы­ғара алмадық? Қашанғы шет елдің IT-менеджерлеріне, бағ­дар­ламашыларына, инженерлеріне қып-қызыл ақша төлеп, тәуел­ді бола береміз? Марк Цукерберг, Чад Херли, Блейк Росс, Дейв Хат сынды компьютер­басты энтузиастар қазақ жігіт­терінің арасында көрінбейтіні өкінішті. Олар небәрі 15-21 жас аралығында қомақты қаражат­сыз-ақ Facebook, YouTube, Mozilla сияқты әлемдік бағдар­ламаларды ойлап тауып, дүние жүзінің жас миллионерлеріне айналды. Әлбетте, біздің ұлттық тех­нология­ны Цу­кер­берг­тей әлемге айдай ететін қазақ пайда болатынына сенім мол. Компьютерлік ойындарды жобалау, шығару және кеңейту де аса маңызды. Мәселен, Абы­лай ханға стратегиялық ойын, Алпамыс пен Қобыландыға action мен симулятор жасап, бағ­дарламалауға болады ғой. Ал Астана мен Алматы 3D-шутер­лерге сұранып-ақ тұр. Тек осы салада машықтанған мамандар мен әуесқой командаларды ынталандыруға келгенде аянып қалмауымыз керек. IT саласына Израильдей инвестиция құймасақ та, ел экономикасымен ұштастыра келіп, тез арада осы саланы дамы­тудың ұлттық стратегиясын ойластыруымыз қажет. «Мықты механизм – модернизация бас­тауы» деген заманауи қағиданы естен шығармаған ләзім. Қазнет алдымен қазақ мүд­де­сіне қызмет етсе. Интернет (Қазнет) желісі қазақ­стандық сегментінің бі­рың­ғай ақпараттық кеңістігін қалыптас­тырудың және дамы­тудың 2008 – 2012 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Қаз­нет­те мемлекеттік тілді пайдалану өте тө­мен деңгейде қа­лып отыр. Олар бұ­рын қазақ тілін кодтау және тану проб­ле­масы болса, қазір ондай проб­лема жоқ. Қаз­нетте кітапхана жоқ, білім мен ғы­лым жүйесінің ре­сурстары әлсіз дамыған» делінген. Ал, бүгінгі таңда мемлекет құрушы қазақ халқының саны 45%-дан 65%-ға көбейгенін ескерсек, Қазнеттің кімге қызмет етіп отырғаны белгісіз. Ресми ақпарға жүгінсек, 2010 жылдың есебі бойынша қазақ ғаламто­рында 6997 сайт тіркелген. Солардың тек 617-сі ғана қазақ тілінде екен. Қазнетте әлеуметтік желілерді ана тілімізде дамытудың оңтайлы шешімі де табылмай отырған сыңайлы. Биыл өткен қазақ блогшыларының құрыл­тайы аясында Ерлан Қарин  «Қа­зақстанда әлеуметтік желі­лердің 80%-дан жоғары тұтыну­шысы (басым бөлігі) орыс тілінде қарым-қатынас жасайды», деген. Міне, аксиома! Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, алпауыт держава­ларды былай қойғанда, бауыр­лас Түр­кия немесе Солтүстік Афри­кадағы Марокко елінен өнеге алуға болады. Ақпарат­тық тех­но­­логиялардың көсе­ге­сін кө­герту арқылы бұл елдер әдебиет, тарих, мәдениет пен дәстүрдің көрпесін ұзартты. Ту­ризм сала­сын алға жыл­жыт­ты. Бірнеше жылдың ішін­де ресурс­тардың мульти­ме­дия­лық мүм­кін­діктері мен тақы­рып­тық мазмұнын кеңейтіп, ұлттық танымдық деңгейге дейін көтере білді. Демек, қа­зақ технократия дәуіріне дендеп бейімделсе, бү­гінгі мемлекеттік тіл мәселесін лезде шешіп тастайды деген сөз. Ал, еліміздегі ІТ-компания басшыларының уәжіне сенсек, қазақша интернет-ресурстары­ның аз болуы мен өрге баспауы кадр тапшылығы мен жеңіл­дік­тердің қарастырылмауы, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар аз­дығы, отандық ІТ-компания­ларда қазақ тілді бағдарла­машы­лардың жетіспеушілігі, ұлттық ІТ-жобалардың тиісті деңгейде ынталандырылмауы және сала менеджерлерінің мектебі қа­лып­таспауынан туындап отыр екен. Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Мемлекет тарапынан ақпараттық тех­но­логияларды жан-жақты қол­дау байқалады. Қазақстан технократтық мемлекетке айналады. Әлем­нің танымал IT зерттеушісі, академик Ни Гуаннань «Ақпа­раттық технологиялар ұлт тілінде еркін тыныстамаса, бұл – үлкен кедергі. Жеке адамға емес, тұтас бір ұлттың дамуына кедергісі тиеді!», деген-ді. Қысқасы, IT-индустрияны әлем­дік тенденцияларға сай да­мытпасақ – ұлт ұпайы тү­гендел­мейтіні анық. Әлем бір кездері «мал баққан, жай жатқан» елді енді басқа жерден іздесін. Президент Н.Назарбаев белгілеген меже бар. Сондықтан Қазақстан қалайда технократ­тық мемлекетке айналады. Әзірге есеміз кетіп жатқан бұл бағытта еңсе­мізді тіктемесек болмайды. Бұл – салмақты стратегия, жүйелі жоспар, байыпты бағдарламаны талап етеді. Өйткені ақпараттық технологиялар майданында «сөзі жоғалған жұрттың – өзі жоғалады»! Дулат АМАНЖОЛ. Қарағанды.