Қызылжар өңірі Ресейдің үш облысымен шектеседі. Араларын шекара бөліп тұр демесең, «ауылы аралас, қойы қоралас» екі елдің жарасымды достығына қылау түскен емес. Қазақстан Кеден одағына мүше болып кіргелі сан-салалы ынтымақтастық тіпті арта түсті.
Облыс әкімі Серік Біләлов бастаған солтүстікқазақстандық делегацияның Түмен облысындағы бұл жолғы сапары іскерлік байланыстарға толы болды. Қазақстандық әріптестерін Түмен облысының губернаторы Владимир Якушев жылы шыраймен қарсы алып, екі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытының дұрыстығын, халқымыздың тарихында ұқсастықтар көп екенін атап өтті. Серік Сұлтанғазыұлы өз сөзінде үш мемлекет арасындағы кедендік келісім жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын, оны сауда айналымындағы ілгерілеу айғақтайтынын жеткізді. Содан кейін делегация облыс өмірімен танысуды «Яровское» ЖШС-нен бастады. Шаруашылық «Француз лимузині» атты асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысады. Оның басшысы Виктор Связиннің айтуынша, Франциядан 119 бас тайынша жеткізілген. Ойнақ салған бұзаулар күніне бір килоға дейін салмақ қосатын көрінеді. Былтырғы құрғақшылық көршілерімізге де ауыр тигенге ұқсайды. Соның салдарынан қоғамдық малды ауқатты шаруашылықтарға таратып беріпті. Енді сапалы жем-шөп қорын дайындауды ойластырып, біржылдық шөпті молынан егуге бет бұрыпты. Күзге дейін мал басын 600-ге жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазан ауданына қарасты «Маяк агрокешені» ЖАҚ – «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» ұлттық жобасына белсене атсалысып жүрген ірі шаруашылықтардың бірі. Сүтті мал өсіруге маманданған қоғамда 1200 сиыр бағылады. Шаруашылық мал бағудың озық технологиясын енді ғана меңгере бастаған секілді. Операторлар сиырдың қашан сауылып, қанша мөлшерде сүт бергенін монитор арқылы бақылап отырады. Делегация мүшелері мұндай озық әдістің Қазақстанға таңсық еместігін жарыса айтып жатты. Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко басқаратын серіктестік әлдеқашан игерген. Соның арқасында Голландиядан алдырылған мама сиырлар жылына 6-8 мың литрге дейін сүт береді. Анатолий Рафальский жетекшілік ететін «Тайынша-Астық» агрофирмасы да осындай өміршең технологияға қол жеткізген.
Делегацияның ендігі бір атбасын тірегені Заводоуковка қаласындағы «Пур-Агроук» ААҚ болды. Ет өңдеу кешенінде мал союдан бастап тұтынушыларға жеткізілетін өнімге дейінгі тізбек кластерлік жүйемен атқарылады. Мұнда жылына 3,5 мың тонна ет, 1,5 мың тонна жартылай фабрикаттар әзірленеді. Солтүстікқазақстандықтарды картоп пен көкөніс өсірумен түбегейлі айналысатын агроөнеркәсіп кешенінің жұмыс тәсілі сүйсіндірді. Оның 30 мың гектар егістік алқабы бар. Тұқымдық картоп сатумен де шұғылданады. Сыйымдылығы 50 мың тонна болатын көкөніс қоймасы түгелдей автоматтандырылған.
– Қызылжар өңірінің картопқа деген сұранысын бір ғана кәсіпорынның өтеуі шынында да үйренетін үрдіс екен. Алдағы уақытта мамандарымызды жіберіп, тәжірибе алмасатын боламыз, – деді аймақ басшысы жақсыда жаттық жоқ екенін аңғартып.
Түмендік дәрігерлер қызылжарлық делегацияны жылы шыраймен қарсы алды. Олай болатын жөні бар. Түмен облыстық клиникалық ауруханасы 2002 жылдан бері туа бітті жүрек ауруына шалдыққан солтүстікқазақстандық балаларға ота жасап келеді. Осы мерзім ішінде 4,5 мың балдырғанды қабылдап, 453 ота жасады. 60 пайызы Петропавлда, қалғаны Түменде іске асырылды. Бөлім меңгерушісі Кирилл Горбатиков бір топ кардиохирургтің 14 балаға ота жасау мақсатымен кезекті іссапарға дайындалып жатқанын жеткізді.
Түмен облысында тұрып жатқан қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесу де, Шығыс-Сібір мұнай-газ орталығындағы шара да, шекаралас ынтымақтастықты нығайтуға арналған Қазақстан – Ресей іскерлік форумы да аса мазмұнды өтті.
Екі күндік сапар барысында солтүстікқазақстандық делегация мен Түмен облысының атқарушы органдарының жетекшілері көршілес облыстар арасында ынтымақтастық орнату туралы бірнеше келісімге қол қойды. Ол сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім, денсаулық салаларын қамтыды.
Түмендіктер Солтүстік Қазақстан облысына жақын күндері келеді деп күтілуде.
Өмір ЕСҚАЛИ, Жасын БІРКЕНОВ, журналист.
Солтүстік Қазақстан облысы.