Осыдан шамалы уақыт бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясы өткені белгілі. Сессияда Елбасыға Ассамблеяның басты наградасы тапсырылды. Оған алғысын айта тұра, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сайлауда осындай бүкілхалықтық қолдау көрсетуден артық қандай құрмет болуы мүмкін?», деп ризалық білдірді. Иә, 3 сәуірдегі сайлау халқымыздың Елбасыға ерекше құрметін қапысыз танытты. Бұлай болуы заңды да еді. Сенатор Қуаныш Айтаханов өз мақаласында осы жайында ой толғайды.
Еліміз дербестікке ие болған жиырма жыл бедерінде жас мемлекет жетіге келгенше жерден таяқ жейтін бала сияқты талай қиындықты бастан кешті. Мәселен, егемендік алған алғашқы жылдары зарыға күткен жас сәбидің дүниеге келгеніне жүрегі жарыла қуанғандай күйде болсақ, онан кейінгі жылдары баланың былдырлап тілі шыға бастағанына тәубе келтіргендей едік. Енді бір сәтте ай санап, жыл санап емес, ертегілердегідей сағат санап, күн санап ержетіп, бірер жылда елінің қамын жеп атқа қонған, сөйтіп, мемлекеттің іргетасын қалауға кіріскен атпал азаматты көргендей болдық.
Қысқасы, елдің тізгіні қолға тигеннен кейін біткен жұмыс, сүйсініп те, сүйініп те еске алар тірлік баршылық. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жылдарында республикамызда жүз жылға татырлық істердің атқарылғанын атап өтуі тегін емес.
Тәуелсіздігіміз енді қолға тиіп, қиындықтарды бастан кешіп жатқан алғашқы жылдары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шат тірлік орнар». Көреген басшының айтқаны айнымай келді, ауыр кезеңдерден сүрінбей өткен еліміз Елбасының басшылығымен 90-жылдардың соңынан бастап тұрақты даму жолына түсті.
Шынында да, өткен жылдарға оймен жіті көз жүгіртсек, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, іргесін бекіткен, Кеңес өкіметі жылдарында санасы босаңқырап, ұнжырғасы түсіңкіреп қалған жұрттың кеудесін тіктеген, халқымызды қуанышқа кенелткен, шабытына шабыт қосып жігерлендіре түскен, бұрын-соңды түсімізге де кірмеген, досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретін әлі талай ғажайыптардың куәсі боларымыз анық.
Міне, осы ғажайыптардың барлығы тәуелсіздіктің арқасында, Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. Ең алдымен, тәуелсіздіктің өзіне Қазақстан кейбіреулердің ойлағанындай оп-оңай ие бола қалған жоқ. Президент атап көрсеткендей, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң Еуразия құрлығының жүрек тұсындағы ежелден ұлы дала атанған ұлан-ғайыр өлкеде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етті. Санаулы сағаттардан кейін әлемнің әр тарапындағы мемлекеттерден келіп түскен ежелден азаттық аңсаған қаһарман халықтың тәуелсіздігін таныған қуанышты хабарлар әлемдік ақпарат құралдары арқылы дүниенің төрт бұрышына түгел тарап жатты.
Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып, осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз.
Республика халқының бүгінгі таңда қол жеткізген толайым табыстарын сөз еткенде, өткен тарихты еске түсірмей тұра алмайсың. Сол арқылы тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат, баға жетпес ұғым екенін, оның ұдайы жасампаздыққа жетелейтінін бүкіл болмысыңмен ұғына түсесің.
Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Миллиондаған халқы бола тұра тәуелсіздікті армандаумен өткен, бүгінгі күні де тәуелсіздік көзінен бұл-бұл ұшып, сол күнді арман қанатына байлап, күрес жолында жүргендер қаншама. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, біздің елімізге Жаратқан иеміз оң көзімен қарағандай. Ал тәуелсіздік дегеніміз – дұрыс бағыт-бағдар берілсе, тау қопарар күш. Тәуелсіз ел халқының бойында әлде қуаныштан ба, әлде ғасырлар бойы аңсаған арманының орындалуынан туындайтын қуат-күштен бе, әйтеуір орасан зор ерік-жігер, құлшыныс, шабыт, жасампаздық пайда болады. Міне, осынау тау суындай тасқындаған алапат бұлқынысты арнаға салып, ағысын түзетсе, ол жүрер жолдағы жағалау көкорай шалғынға бөленіп, күн өткен сайын құлпыра бермек. Жаратқан иеміз осындай қасиетке ие бағбанды қазақтың, қазақстандықтардың ниетіне қарай күні бұрын дайындаған ба дерсің. Ол бағбан – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзгеге ұқсамайтын ерекше тұлға болуымен қатар, жүрегіне мейірімділік ұялатқан, халқына жаны ашитын жан екені ісінен де, сөзінен де үнемі байқалып тұрады. Саясат майданында әбден ысылған Н.Ә.Назарбаев туған елінің пайдасына шешілер әрбір ұрымтал тұсты сәтімен пайдалана біледі. Мәселен, Желтоқсан оқиғасына байланысты халқына жоғарыдан, яғни Мәскеуден тағылған «ұлтшыл» деген қара күйені қателікпен қабылданған шешім ретінде Мәскеудің өз қолымен алдыртып тастады. Кеңес өкіметінің кенеуі кете қоймаған 1989 жылы қабылданған «Тілдер туралы» Заңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл деп жариялануы кезінде туындаған айтыс-тартыста өз жерінде азшылыққа ұшырап отырған қазақтардың туған тілін мемлекеттік тіл деп жариялауға әбден құқылы екенін жеріне жеткізе дәлелдеп, депутаттардың қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерген заңды қабылдау керектігіне көздерін жеткізді.
Жалпы, еліміздің тәуелсіздікке бағыт алған жылдарынан бастап, күні бүгінге дейінгі шежіресін түзер болсақ, онда Елбасы мен Тәуелсіздіктің ажырамас ұғым екені анық байқалады. Ол шежіре, түптеп келгенде, мәңгі есте қалар небір айтулы оқиғаларға тұнып тұр. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде республика егемендігін бекемдеген талай тарихи шешімдердің куәсі болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын.
Егемендікке қадам басқан алғашқы жылдардан бастап республиканың тәуелсіз елге тән болуға тиіс нышандарына қатысты, Қазақстанның егемендігін бекемдей түсетін және басқа заңдар бірінен кейін бірі қабылданып жатты. Солардың бірегейі президенттік институтты енгізу болды. Бұл арада да Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты болжай білген батыл қадамы шешуші рөл атқарды.
Шынтуайтына келгенде, президенттік институтты енгізу республика үшін көкейкесті мәселелерді айтыс-тартысқа салмай, Президент пәрменімен шешуге төте жол ашар еді. Ал дербестікке бағыт алған елімізде өзекті мәселелер жеткілікті.
Мемлекеттегі жоғары қызметке тағайындалған сәттен бастап Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған батыл да белсенді қадамдар жасады. Соның бірі – қырық жыл бойы халқымызға сор болып жабысқан, атом қаруын сынақтан өткізетін Семей полигонын жабу мәселесі еді. Бұл проблема сол жылдары үнемі қызу пікірталас тудырып, халықтың ашу-ызасын әбден шегіне жеткізген болатын. Н.Ә.Назарбаевтың Президент ретінде алғашқы пәрмендерінің бірі осы полигонға байланысты болды. Сөйтіп, 1991 жылдың 29 тамызында Мемлекет басшысы Семей маңындағы ядролық полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды...
Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда кешкі сағат 18.00-ден өткенде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданған кездегі бәріміздің қуанышымызды айтсаңызшы. Заң қабылданғаннан кейін еліміздің Мемлекеттік әнұраны орындалғанда, сессияға қатысушы депутаттар мен Үкімет мүшелері, шақырылған қонақтар орындарынан тұрып, ду қол шапалақтады. Өз басым шабыттанып, көңілім алабұртып, өн бойымды бұрын-соңды болмаған алапат сезім кернеп кетті. «Тәубе-тәубе, аңсаған арманға да жеттік-ау», деймін іштей. Көзімде жас. Иә, бұл кеудемізді кернеген үлкен шаттық, тебіреністен шыққан қуаныштың көз жасы еді. Бұл көрініс еш уақытта есімнен кетпейді. Осы сәттегі біздің қуанышымызды, көңіл-күйімізді сөзбен жеткізе алмаспыз.
Қазақстан тарихының жаңа дәуірі нақ осы күннен бастау алды. Бұл дәуірді де, әрине, еліміздің Тұңғыш Президентінің есімімен байланыстырамыз. Өйткені, Тәуелсіздік таңын жақындату жолында, оның алғышарттарын жасау барысында атқарылған қыруар істер қаншама. Аса күрделі саяси түйіндердің қиюын келтіріп, шеше білетін тәжірибелі басшы, сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін бүгінде мақтанышпен айтамыз.
Нұрсұлтан Назарбаевтың халқының, туған елінің өсіп-өркендей беруі үшін көрші мемлекеттерде де, өз мемлекетінде де бейбіт өмірді көздің қарашығындай сақтау керектігін айтып қана қоймай, тыныштықты қамтамасыз ету шараларын алдын ала қарастыруды күні бұрын ойластыра білетін сарабдал саясаткер екені Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдың 16 желтоқсанынан кейін бес күн өткенде, яғни 21 желтоқсан күні бұрынғы Кеңес Одағының он бір республикасының басшыларын Алматыда тоқайластырып, бір-бірімен тату көршілік қатынаста болудың негізін қалағанда-ақ белгілі болды. Бұл жиында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мақсаттары мен қағидаттарын айқындаған Алматы Декларациясы қабылданды.
Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті баянды ететін заңдар қабылдаудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Бұған дейін қандай шешім қабылдаса да, алдымен Мәскеуге жалтақтап, солардың ығына жығылып үйренгендіктен болар, республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болғандай немесе тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары даурықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріптестерін мезі ететін.
Міне, осындай қиын жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болсын, дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов және басқа үлкен ғалым, білікті мамандардың ойларымен астасып, ортақ іске оң әсерін тигізетін. Соның нәтижесінде ел егемендігін баянды ететін көптеген заңдар дер кезінде қабылданып, өмірге жолдама алды.
Өкінішке қарай, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қауырт жұмыс істеп, халқымыздың ертеңі үшін қажетті заңдарды дер кезінде әрі біліктілікпен қабылдай білген Жоғарғы Кеңес депутаттары берекесіз айтыс-тартыстардың кесірінен бірте-бірте қоғам дамуын тежеуші күшке айналып келе жатқанын өздері де байқамай қалды. Бұған олардың Кеңес өкіметі жылдарындағыдай айттым-бітті дейтін кеудемсоқтығы, дамудың нарықтық жолына түсудің талаптарын ескермей, қаржыны өз өңірлеріне тартатындардың жетегіне ілесіп, кірісті өз пайдасына қайта бөлушілерге айналуы қосылып, мәселені одан әрі ушықтырып жіберді.
Бұл елдің тәуелсіздікке ие болғанына бірер жыл ғана өткен, Одақ ыдырап, зауыт, фабрикалар жұмыс істеуін тоқтатқан, жұртшылық жаппай дағдарысқа ұшыраған, айналысқа енгізілген ұлттық валютаның құны күрт түсіп кеткен қиын кезең еді. Мұндай тығырықтан Жоғарғы Кеңестегі бітпейтін айтыс-тартыстар емес, түбегейлі реформа жасау ғана алып шығатынын Н.Ә.Назарбаев жақсы түсінді. Және өзінің осы ойын депутаттарға қашандағыдай ұғынықты тілде жеткізе білді.
Тәуелсіз мемлекетке тән басты институттар құрылып, өзінің соған сәйкес заң шығару міндеттерін орындаған соң және нарықтық экономиканың негізі қаланғаннан кейінгі жаңа тарихи кезеңде Жоғарғы Кеңес өзін өзі тарату туралы шешім қабылдады. Өйткені, реформалардың одан әрі жүргізілуі барысында республикалық билік органдарының, бірінші кезекте, өкілетті органдар жұмысының бұдан былайғы жерде тиімсіз болатыны анықталды. Олар жедел өзгеріп жатқан оқиғаларға шұғыл түрде әсер ете алмады және осыған орай баламалы шешімдер қабылдауда дәрменсіздік танытты.
Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде жұмыс істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби парламент құрудың қажеттігін барған сайын дәлелдей түсті. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетіктерінің жұмыс істемеуі салдарынан Жоғарғы Кеңес Үкіметтің қызметіне араласып, оны ауыстыруға дейінгі мүмкіндікке ие болды. Мұндай тартысты жағдайлардың үнемі қайталана беруі түптің-түбінде жақсылыққа апармайтынын түсінген халық қалаулыларының біраз бөлігі өз өкілеттіктерін тоқтататындықтары туралы мәлімдеме жасап, әріптестерін де осыған шақырды. Жергілікті өкілді органдар да өз өкілеттіктерін тоқтата бастады.
Осындай жағдайда депутаттар ұзақ пікірсайыстардан кейін Сайлау туралы кодексті, «Республика Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттіктер беру туралы» Заңды және «Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Заңды қабылдады. Республиканың жоғары өкілді органының соңғы екі заңнамалық актіні қабылдауының маңызы іс жүзінде Конституцияға түзетулер енгізумен бірдей болды.
Тәуелсіздікті бекемдей түсу жолындағы бұдан кейінгі тарихи оқиғалардың барысы бүгінгі күні қолданыстағы Конституцияны 1995 жылғы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда қабылдауға ұласты. Өйткені, ескі және жаңа саяси құрылыстардың өзіндік тұрғыда ымыраға келуінің, ғасырлар бойы құрылған батыс демократиясының үлгісін кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте енгізуге тырысудың көрінісі болған Қазақстан Республикасының осының алдындағы тұңғыш Конституциясы егемен еліміздің аяғынан қаз тұруына септігін тигізгенімен, қоғамда туындайтын қайшылықтарды заң жүзінде дер кезінде реттеп отыруда әлі де қайшылықтардан толық арылмаған еді.
Жаңа Конституцияда осы кемшілік бірінші кезекте ескеріліп, заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының тұрақтылығын, тиімді жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін билікті бөлу принципі жарияланып қана қоймай, тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесі баянды етілді. Ал ол өз кезегінде елде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпалын тигізді.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім – тәуелсіздікті баянды ету кім-кімге де оңай тиген жоқ. Қиналған кезде тығырықтан шығар жол іздеу барысында әртүрлі келіспеушіліктер орын алды. Ең бастысы, осындай келіспеушіліктерді дағдарысқа ұластырмай, уақтылы шешіп отыру, ел болашағына қатысы бар дұрыс шешімдер қабылдай білу көрегендікті, әбжілдікті талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ұпай жинаудан гөрі, экономиканы жолға қоюды бірінші орынға шығарып, қандай істі қолға алса да осы бағытты ұстана отырып іс-қимыл жасауы жасанды кедергілерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік туғызды.
Президент не істесе де, нені қолға алса да, ең алдымен, оның елге тигізетін пайда-зиянын қатар безбендеп, әбден өлшеп-пішіп, елеп-екшегеннен кейін ғана жұртшылықтың талқысына ұсынады. Астананы Арқаға көшіру, ел дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясы тәрізді алыс болашақты көздеген жобалар Елбасының нағыз көреген саясатының жемісі.
Мәселен, Астана қаласын алайық. Елорданы мұнда көшірудің астарында, менің ойымша, ресми деректерде айтылатын мәліметтерден де басқа, халқының қамын тереңнен ойлаған кемеңгердің шексіз махаббаты мен асыл арманы жатыр. Солтүстік облыстардағы жергілікті халықтың саны астананы көшірер қарсаңда 15-20 пайыздың о жақ бұ жағы ғана болатын. Қазақтың осы бір құйқалы өлкесіне іштен де, сырттан да көз алартушылардың аз болмағанын несіне жасырамыз. Міне, осындай алмағайып кезде Елбасы қабылдаған шұғыл шешім бүгінде өз нәтижесін еселей түсіп отыр.
Бүгінде Сарыарқа төсіндегі алып құрылыс алаңына айналған Астананың келбетіне қарап, сүйсінетіндер де, таңырқап, бас шайқайтындар да жетерлік. Сүйсінетін себебі, айналдырған 12-13 жыл бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, ондағы бұрынғы жұпыны тіршілік, көз алдыңда құлпырған ғажап көрініске ұласты.
Саясатта болсын, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын Қазақстан бүгінде өзгелерге үлгі болатындай дәрежеде даму үстінде. «Қазақстан-2030» Стратегиясы жөнінде де осыны айтуға болады. Астана Арқаға көшер жылы қабылданған бұл Стратегия да еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етудің Президент өз қолымен сызған ең бір ұтымды жобасы. Осы стратегиялық бағдарлама еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын алдын ала белгілеп берді. Нәтижесінде, Қазақстан экономикалық реформаны жүзеге асыруда кешегі Кеңес Одағы республикаларының ең алдына шығып, біз ұстанған экономикалық модель дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бастады.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Стратегиясының 10 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей, Кеңестер Одағынан бізге қалған мұра – күйзелген шаруашылық, күйреген экономика, тоқтаған өндіріс, тоқыраған ғылым, қысқасы, барлық саладағы дағдарыс... Дағдарыстан шығу қашанда оңай шаруа болған емес. Экономиканы мүлде басқа жүйеге ауыстыру, нарық заңдылығын игеру, кадр мәселелерін шешу, ескі дағды, ескіше ойлаудан арылу біз үшін оңайға түсті деп айта алмаймыз. Көп ойландық, көп іздендік, шетелден консультанттар шақырдық. Қалайда аз уақыттың ішінде тығырықтан шығу қажет болды. Мінеки, осындай ұлы мақсат, қауырт қажеттіліктен барып «Қазақстан-2030» Стратегиясы дүниеге келді.
Қазіргі кезде Қазақстан осы жолмен нық дамып келеді. Елбасының басшылығымен Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама іске асырылған жағдайда еліміздің бәсекеге қабілеттілігі бүгінгіден де қуатты бола түспек. Бұл аса ауқымды міндеттердің берік экономикалық негізі бар, ол нақты және оған қол жеткізуге болады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен біз басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратындай еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Осылайша біз тәуелсіз ел болудың ең ауыр белесінен өттік.
Ал 2010 жылдың желтоқсан айында өткен ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті ел халқының өмірінде есте қалар айтулы оқиға болды. Осыдан тура бір жыл бұрын Орталық Азия республикаларының ішінде, түркі тілдес мемлекеттер мен мұсылман елдері арасында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болған Қазақстан арада бір жыл өткенде өзінің санғасырлық тарихында тағы да тұңғыш рет он бір жылдан бері бас қоса алмай жүрген ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларын Астана қаласында тоқайластырып, он бір жылдан бері өткізілмеген келелі жиынның жоғары дәрежеде өтуіне ұйытқы бола білді. Бұл – үлкен мәртебе. Бұл – Қазақстанның жеңісі. Бұл – Қазақстанды, қазақ деген халықты дүние жүзіне кеңінен таныстырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі әрі халқына тартқан сыйы.
Заман зобалаңы салдарынан бір кездері мемлекеттігінен көз жазып қалған ел едік. Енді, міне, 14,5 мың шақырымдық шекараны шегендеп, Қытай, Ресей сияқты алып мемлекеттермен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан тәрізді бауырлас елдермен тату көршілік қатынасты жолға қойдық.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақстанды жаңа онжылдықта серпінді дамытудың стратегиясын ұсынып отыр. Бұл Елбасымыздың биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да көрініс тапты. Жолдаудағы асқаралы міндеттер мемлекетіміздің тәуелсіздігінің баянды болуына, елімізде саяси тұрақтылықтың нығаюына, экономикамыздың серпінді дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына, ішкі және сыртқы саясаттағы жаңа бағыт-бағдарды қолдауға бағытталған. Еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ететін бұл міндеттерді іске асыруға бізді әлем мойындаған саясаткер, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі бастап бара жатыр.
Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.