• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2011

Төрелік тазалықты талап етеді

451 рет
көрсетілді

Халық әділдік пен адал­дық­тың бастау алатын түпқазығы деп сенетін сот жүйесінде соңғы кездері бірқатар өзгерістер болды. Бұл өзгерістердің дені соттар ғана қара қылды қақ жарады, сыбай­лас­тарға ымырасыз соққы береді деген адамдардың үміті үзіле жаз­дағаннан кейін қолға алынғаны да белгілі. Бұдан соң мемлекет аты­нан ең жоғары үкім шығаратын Жоғарғы соттағы «бір құмалақ­тар­дың» зардаптарын жою жаңа­дан келген басшылыққа жүктелді. Міне, осы басшылық ауысымы­нан кейінгі төрелікке тың күшпен кіріскен құрамның аз уақыттың ішінде не тындырып, алға қандай жоспар арнап отырғандығы тура­лы кеше алғашқы баспасөз мәсл­и­хатында айтылды. Қазіргі уақытта жалпы сот бе­делі­нің ойсырап тұрғандығын атал­ған мәслихатты ашқан Жо­ғар­ғы сот жанындағы  Соттардың қызметін қамтамасыз ету депар­та­ментінің басшысы Бауыржан Жұ­мағұлов та жасырмады. Бірақ бұған қарап сот жүйесі міндетін атқара алмай жатыр деу дұрыс емес. Сенімге селкеу түскені анық. Сондықтан да кемшіліктерді жою амалдары дереу қолға алынды. Бұл орайда Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмаларын орындау, сот тө­ре­лігін жүзеге асырудың сапа­сын одан әрі жақсарту, судьялар қата­рын кездейсоқ адамдардан арыл­ту үшін Жоғарғы сот респуб­ли­каның әрбір судьясының сот төре­лігін сапалы және мерзімінде жү­зе­ге асыруы бойынша қыз­метін саралауға байланысты баға­лау жұ­мысын жолға қойды, дейді Жо­ғарғы соттың жаңадан таға­йын­­далған ресми өкілі Оксана Петерс. Сөйтіп, жүргізілген мониторинг барысында осы қалай, кемшілігі бар дейтін жүзге жуық судья­ға қатысты ақпараттар тал­дан­ған. Сот саралануына салын­ған бір­қа­тар судьялар өз еркімен қыз­меті­нен босату туралы өтініш­тері негізінде, сондай-ақ тәртіптік біліктілік комиссиясы мен сот алқа­сы­ның шешімдерімен жұ­мыс­тан босатылған. Мәселен, Жо­ғарғы соттың 6 судьясы судья­ға қойы­ла­тын талаптарды орын­дамағаны үшін қызметінен боса­тыл­ды. Олар­дың ішінде Алмаз Ташенова мен Сайлаубек Жәкішевке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот оларға бұлтартпау шарасын қолдану туралы санкция берді. Ал М.Балтабай, М.Әбілқайыр,  Б.Жа­қыпов, М.Қамназаров сот төре­лігін жүзе­ге асыру кезінде заң бұзушы­лық­қа  жол бергендері үшін қыз­мет­­терінен кетті. Сол сияқты  жергілікті соттардың 35  судьясы да қыз­меттерімен қош айтысты. Ал бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты қаржы полициясы қыл­мыс­тық іс қозғағаны баршаға мә­лім, деді ресми өкіл. Дос­қалиев­ке қатысты қылмыстық істі қарау Астана қаласының қылмыс­тық істер жөніндегі мамандан­ды­рылған сотында 2011 жылғы 19 мамырда басталды. Сот ашық жағдайда өтуде.  Бұл істі қараушы сот қазір жәбірленуші тараптарды тыңдау­ға дайындалуда.  Жалпы іс бо­йын­ша 208 куәгер бар. Жәбір­лену­шілерден соң  сот сотталу­шы­ларды  тыңдау­ға көшеді. Оған қоса бұл күнде «Валют-Транзит Банктің» бұрынғы президенті Андрей Беляевке қа­тысты эко­номикалық қызмет сала­сына бай­ланысты іс қаралып, сот тергеуі барысында көрсетілген  дә­лел­­де­мелер жарияланып,  енді үкім айту таяп қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, шай­­қал­ған сенім мен адалдық пен әділ­дікті қайта қалпына келтіру мақ­сатында Жоғарғы сот Төр­аға­сы көп­теген игі амалдарды қолға алып жатқан көрінеді. Соның бірі уақы­т­тың тығыздығына қарамас­тан аза­маттарды жеке қабылдау. Азамат­тарды қабылдау шарасы әдет­тегі­дей әр айдың бірінші дүйсенбісінде өткізілетіндігін айту қажет.   Мәсе­лен, мамыр айын­да Бектас Бек­назаровтың 7 сағат­қа созылған ал­ғаш азаматтарды жеке қабылдауы болды. Төраға­ның қабылдауына ке­лу­шілердің санының көптігіне байланысты, сол айда тағы да екінші кезектен тыс қабылдау өткізу ту­ралы шешім қабылданды. Жо­ғар­ғы сотта мұндай тәжірибе бұған дейін болған емес. Жалпы алғанда мамыр айында Жоғарғы сот Төр­ағасы 30-дан астам азаматты жеке қабылдағандығын атап өту қажет.   Әр азаматтың сұрағы бойынша Жо­ғарғы сот Төрағасы тиісті тапсыр­малар беріп, сот істерін сараптап, егер заң бұзушылық орын алған бол­са, бұзылған құқықтарды қал­пы­на келтіруге бағытталған шаралар қабылдауға нақты тапсырмалар берген. Сөйтіп Жоғарғы сот әрбір судья әуелі жұртқа төрелік жасай алуы үшін сот абыройының таза­лығын қолға мықтап алыпты. Александр ТАСБОЛАТОВ.